САПАЛЫ БІЛІМ АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Білімді ұлт: сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында білім беру сапасын арттыру, заманауи әрі қауіпсіз мектептер салу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

Мемлекеттік маңызы зор осынау міндеттерді жүзеге асыру, яғни өскелең ұрпаққа сапалы білім, тағылымды тәрбие беру арқылы озық ойлы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру мақсатындағы үлкен іске өзіндік үлес қосуды көздеген Түркістан өңірінде жүйелі жұмыстар жолға қойылған. Жеткіншек ұрпақтың сапалы білім алып, толыққанды дамуы үшін, ең алдымен, білім ошақтары – мектептеріміз оқу ісіне қажетті құрал-жабдық түрлерімен жабдықталып, жылы да жайлы, қауіпсіз болуы тиіс. Осы ретте ұлттық жоба еліміздің барлық аймағында заманауи, жайлы да қолайлы оқу орындарының көптеп салынуын көздейді. Осы тұрғыда облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен өңірде, соның ішінде Түркістан қаласында білім инфрақұрылымының дамуына баса назар аударылып келеді.
Ұлттық жоба аясында мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы Түркістан шаһарындағы 4 мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп, 7 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Келешек мектептері» жобасы аясында 1200 және 2000 орындық екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Білім ошақтарының жетіспеушілігін қысқарту нәтижесінде оқушыларға қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасы қалыптасып, үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешімін тапты. Бүгінде қала мектептерінде апатты жағдайдағы ғимарат қалмаған деп айтуға болады.
Қазіргі күні қаладағы 38 мемлекеттік мектеп 100 пайыз интернет желісіне қосылып, қауіпсіздік шаралары аясында барлық білім беру ұйымдары бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілген. Қала мектептерінде 17 481 оқушы ыстық тамақпен қамтылып отыр.
Ұлттық жобада көзделген білім сапасын арттыру міндеті оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз етуге тікелей байланысты болмақ. Сондықтан мектептерге 124 949 дана оқулық таратылған. Осыған орай білім сапасы көрсеткіштерінің де жақсара түскенін байқауға болады. Мәселен, 2024–2025 оқу жылында 178 оқушы Алтын белгі иегері атанса, 250 түлек жылды Үздік аттестатпен аяқтаған. 9-сынып бітірушілерінің 350-і үздік аттестатқа ие болса, 11-сыныпты тамамдаған 3 063 оқушының 2 468-і ҰБТ-ға қатысып, 53,1 пайызы мемлекеттік грант жеңіп алған.
Түркістандық жеткіншектер пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобаларда да айтарлықтай жетістіктерімен қуантып келеді. 2024–2025 оқу жылында 108 оқушы облыстық, 9 оқушы республикалық олимпиадаларда жүлдегер атанса, 2025–2026 оқу жылының алғашқы жартыжылдығында өткен облыстық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарында 76 оқушы жүлделі орындардан көрінді. Атап айтар бастаманың бірі – биылдан бастап қала мектептерінде жас ұрпақтың рухани-танымдық көкжиегін кеңейтуге бағытталған Яссауитану пәнінің үйірме ретінде енгізілуі болды.
Айта кетейік, жалпы Түркістан қаласында 249 білім беру мекемесі жұмыс істейді. Оның ішінде 86 мектеп, 152 мектепке дейінгі ұйым және 6 мектептен тыс мекеме бар. Бүгінде жалпы білім беретін мектептерде 60 мыңға жуық оқушы білім алса, мектепке дейінгі ұйымдарда 17 776 бала тәрбиеленуде. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру саласындағы білім беру ұйымдарында 5 606 педагог қызмет етеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, білім инфрақұрылымның нығаюы мен соған сай артып отырған білім сапасы – өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың нақты нәтижесі.
«Білімді ұлт: сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында жолға қойылған жүйелі жұмыстың нәтижесінде Түркістан қаласында білім беру саласы уақыт талабына сай жаңарып, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру мақсатында дамып келеді.
Дәрия Бекенқызы