Үміт қой жетелейтін адамды алға
03.08.2024
55
0

Ақылбек ШАЯХМЕТ

Айя-София

Айя-София! Әлем саған тұр қарап,
Азан дауысы естіліп тұр мешіт­тен.
Жанарлардан мөлдір тамшы сырғанап,
Жүректері нұрға толды есіткен.

Айя-София – Ыстамбұлдың алқасы,
Түріктердің мойнындағы тұмары.
Қымбат бізге әр кірпіші, әр тасы,
Болғаннан соң мұсылманның тұрағы.

Шешім тапты жалпақ жұртқа мәлім дау,
Дұшпан жасып, достар түгел сүйінді.
Фатих сұлтан аманатын орындау
Ердоғанның еншісіне бұйырды.

Айя-София – айдай сұлу деген сөз,
Білдіреді дана деген ұғымды.
Ұмытпастай есте сақтар көрген көз,
Келешекке жайсын қанат бұл үлгі.

Аман қалған жер сілкініс, өрт­тен де,
Қазір оны төрт мұнара қорып тұр.
Жер бетінде қыбырлаған көп пенде,
Қай жерде де имандыға жолықтыр!

* * *
Анам мені ана тілде сөйлет­ті,
Одан ке­йін ұстаздарым үйрет­ті.
Мұра болған қазақы арбам бар еді,
Оны орыстың жылқылары сүйрет­ті.
Аялаған арманымды әдемі,
Қаскүнем мен маскүнемдер күйрет­ті.
Енді көрсем ел басшысы бүй депті,
Қайрат берер қайраткерлер сүй депті.
Бақшамызға өсіріпті тікенек,
Қырқып тастап жаңа шыққан түйнекті.
Атқамінер болып жүрсе сүйреткі,
Атақ алар, оған берер сый көп-ті.
Аш-арықтар берген асқа тойынса,
Байтақ елді келімсектер билепті.
Тауықтарға шашқан тары бұйырса,
Тоқал ешкі тоқ текеге күйлепті.
Тіске жұмсақ, жігері жоқ кісіні,
Былжыраған саз балшықтай илепті.
Кеуде керіп жүрген озбыр ісініп,
Ел ішінде аталыпты құрмет­ті.
Ешқашан да танытпаған кісілік,
Даңғазалар қыздырыпты дүрмекті.
Аққан суды пайдаланған күрмектің,
Пайдасын да күріш еккен көрмепті.
Қусырылып жайып қойған тері де,
Күн көзінде тұрып қалған ми кепті.
Дәл сол шақта асыл ерлер еліме:
«Ақылға кел, етегіңді жи!» – депті.
«Қуларды қу көзін тіккен жеріме,
Қанағат қыл, нәпсіңді де тый!» – депті.
Алды-артыңды аңғаратын болдың ғой,
Бұл ғасырда кімдер келіп, кім кет­ті?!

Телефон

Тарап жатқан хабары көп,
Опыр-топыр қоғамда.
Телефонсыз адамы жоқ,
Тап болдық қой заманға.

Әрине, оның пайдасы көп,
Жүрген кез­де жырақта.
Апарарын қайда сүйреп,
Білу қиын, бірақ-та.

Көп кісінің бітпейді ісі,
Қоймаса бір тілдесіп.
Бұған де­йін үлкен, кіші
Қалай жүрген күн кешіп?!

Көңіл сұрап, амандасқан,
Өсек айту құралы,
Жиі-жиі хабарласқан,
Көпшілікке ұнады.

Жылдам шешкен мәселеңді,
Телефонды сүйкімді.
Өте қажет десең де енді,
Бұзар кейде ұйқыңды.

Сол пәледен айырылмай,
Тізгін ұстап көлікте,
Болғаннан соң жайы мұндай,
Кеткендер бар өліп те.

Бабын тапқан ең жақыны,
Миын жаулап баланың.
Жетпей жатыр ата ақылы,
Тәрбиесі ананың.

Айырылмас болған жолдас,
Сол телефон шап-шағын.
Қанша жесе қарны толмас,
Жұты болды ақшаның.
Келбетіне қарай-қарай,
Көзі талған талайдың.
Телефонды мен де солай,
Қажетім деп санаймын.

Қазір бәрі емес таңсық,
Өнер-білім бар елде.
Телефоның қалса қаңсып,
Не істер едің? Дәлелде!

Қайратсыз, қамсыз…

(Абайдың сегізаяғының ізімен)

Қайратсыз, қамсыз,
Нысапсыз, арсыз,
Көбейіп кет­ті бұл күні.
Көздері тоймай,
Жегенін қоймай,
Бітелер емес құлқыны.
Мақтаншақ және қомағай,
Істері болар шалағай.

Жақсыдан жеріп,
Кеудесін керіп,
Түкіріп жерге, шіренер.
Ниеті басқа,
Қарамас досқа,
Байлыққа бөксе бұл егер.
Ұйқышыл мен күлкішіл
Не тындырды жұрт үшін?
Салғанға сайран,
Қылғанға ойран,
Айтатын болсақ төтесін,
Жалаңбұт келіп,
Жалаңаш жүріп,
Дүниеден бір күн өтесің.
Қиналмас едің сен де онша,
Жылайтын жоқтап жан болса.

Бабаңды атып,
Жеріңді сатып,
Дос болып жүрген жауымен.
Алладан емес,
Адамнан да емес,
Қорқады бастық кәрінен.
Білмейтін обал, сауапты.
Жалғанда мынау не тапты?!

Ласты бойдан,
Нәпсіні ойдан,
Кісілер көп пе қуатын?!
Абайдың мұңын,
Іштегі сырын,
Адамдар аз ғой ұғатын.
Ашса деп көзін қазағым,
Қағазға тағы жазамын.

Не жаман?

Қос өкпені қусырған,
Сумаңдаған жел жаман.
Өсек айт­қан сыртыңнан,
Сыпсыңдаған сөз жаман.
Екі көзін ойнатып,
Қылмыңдаған қыз жаман.
Ашуыңды қайнатып,
Жылмаңдаған ұл жаман.
Сыңарынан айырылып
Сұңқылдаған құс жаман.
Бетіменен жайылып,
Қайырмаған мал жаман.
Барып жетер жеріне,
Бұрылмаған жол жаман.
Айтар сөзін айта алмай,
Сыбырлаған ел жаман.
Аяқ асты тайғанақ,
Жалтылдаған мұз жаман.
Тұра-тұғын барды аяп,
Жылтылдаған түр жаман.
Қайда бізді апарар,
Ебіл-себіл бұл заман?!

Кедейді көрдім

Кедейді көрдім аяған барын жақыннан,
Кедейді көрдім көлікке қымбат отырған.
Кедейді көрдім байлықтың бөккен буына,
Кетпеген асып саңырау менен соқырдан.
Кедейді көрдім үлде мен бүлде оранған,
Кедейді көрдім айнаға қарап таранған.
Кедейді көрдім қалтасы толған ақшаға,
Жалғыз-ақ міні – санадан сәуле жоғалған.

Алдында елдің жүруге дәйім саймын деп,
Ойламас әсте жолынан тура тайдым деп,
Кедейді көрдім жүректе жылу қалмаған,
Кедейді көрдім ойлаған өзін баймын деп.

Елімде менің көбейіп кет­ті кедейлер,
Соларды көрген, сөзіне сенген не дейді ел?
Жаратқан ием! Ақылы бүтін, дені сау,
Еңбегі жанған ерлерді өзің жебей көр!

* * *
Шындық ащы. Дәмін татсаң, нанбай көр,
Сол шындықты жаны күйген таңдайды ел.
Өлгендерді қазып алып қабірден,
Марқұмдарды сот­тап жатқан қандай ел?!

Бостандықта оларды атқан жендет­тер,
Соларды да жатқандар бар құрмет­теп.
Ұрда-жықтар жатса жұмсақ төсекте,
Ұл-қызың жүр қыс айында дірдектеп.

Жетім үні жиі естіліп жатады.
Ескірді ме көне қазақ мақалы?!
Артық үйін жалға беріп кедейге,
Есіріп жүр сараң байдың тоқалы.

Бақ ішінде қайың, терек аралас,
Жастар да жүр буға бөккен, шала мас.
Мына түрмен қайтыс болса әкесі,
Жаназасын шығаруға жарамас.

Ақшасы көп, ас та төкпен желіккен,
Көрсеқызар жігіт жүрсе көлікпен,
Сол көліктен ойыншық болған еркекке,
Жас қыздарды қалам кейде көріп мен.

Ұлт рухын алмайтындар қаперге,
Сайран салып, тайраңдап жүр шет елде.
Өз елім деп өртенбесе өзегі,
Налып тұрған жоқ шығармын бекерге.

Бәлкім, мені аз да шығар түсінген,
Дәрменім жоқ, қуатым аз, күшім кем.
Келер ұрпақ кемтігімді толтырар,
Айт­тым. Жаздым. Шер босады ішімнен.

* * *
Шапса да шартарапқа көңіл-дөнен,
Кім екен бұл өмірді жеңіл деген?
Тірліктің басы – сайран, аяғы – ойран,
Алды – ыстық, арты – суық өмір деген.

Қойса да жасап бәрін төңірегі,
Ауырса табылса да не бір емі.
Ішер ас, киер киім болғанымен,
Өмірді жеңіл деген жеңіледі.

Болса да кең сарайдай баспанасы,
Болса да әлпештеген жас баласы.
Тосыннан хабар бермей ажал келсе,
Желінбей қалады оның асқан асы.

Қалады жеген жал да, құйған бал да,
Қалады сүйген жар да, жиған мал да.
Артында дұға оқитын ұрпақ болса,
Өмірмен қоштасарда арман бар ма?!

Тұрғанда көз алдыңнан кетпей жалған,
Қалады жұмысың да бітпей қалған.
Өз үйің, өз туысың, өз балаңдай,
Ол жақта ешкім сені күтпейді алдан.

Үміт қой жетелейтін адамды алға,
Шүкір қыл өткеніңе, шараң бар ма?
Қағазға мен де соны қойдым жазып,
Қолыма ұстап тұрған қалам барда.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір