Қазақ боксының мәнері қара үзіп алға шықты
03.07.2023
147
0

Соңғы жылдары бокс киесінің Куба мен Еуропадан Орталық Азияға ауғанын көріп отырмыз. Оған биыл 30 сәуір мен 14 мамыр арасында Ташкент­те өткен әлем біріншілігінің нәтижелері де айғақ. 107 елден 538 спортшы қатысқан аламан айқаста спортшылар 13 салмақ категориясы бойынша бәсекеге түсті.

 Осы 13 категорияның 9-ында Орталық Азия спортшыларының бағы жанғаны белгілі. Оның 5-еуі алаң иелерінің, 4-еуі біздің үлесте. Сонда басқаларға қалғаны – 4 алтын.
Бұл да бокс киесінің Азияға ауғанының бір айғағы. Әрі бұл тенденция соңғы 10-шақты жылдың ішінде барынша айқынырақ байқалып отыр. Бұған дейін алқалы бәсекелердің алдын бермейтін Кубадан бақ тайған да сияқты. Өткен біріншілікте бұл ел өзбек, қазақ спортшыларының екпініне төтеп бере алмады.
Еуропалықтардың жетістігі де анау айтқандай емес. Кейбір сарапшылар соңғы кезде АИБА басына төнген қара бұлт­ты осы тенденциямен де салыстырып жүр. Соңғы кезде Бүкіләлемдік олимпиада комитеті халықаралық әуесқой бокс ұйымына байланысты сенімсіздіктерін ресми түрде жариялады. Кейбір сарапшылар бұл жайт­ты ұйымның басында ресейлік маманның отыруымен түсіндіреді.
Біздіңше, мәселе онда ғана емес сияқты. Негізгі гәп, әлемнің жетекші бокс державалары ортаазиялықтардан ойсырай ұтыла бастауында болса керек. Тіпті Бүкіләлемдік Олимиада комитетіндегілер боксты олимпиадалық спорт түрлері санатынан шығарып тастау туралы да ұсыныс білдіруде. Бір қуанарлығы, осынау қарсылықтарға қарамастан, келесі жылы өтетін Париж олимпиадасында бокс сайысы болады. Қазір жетекші бокс державаларының спортшылары осы бәсекеге қызу дайындық үстінде.
Ташкент­те өткен әлем біріншілігі олимпиада ойындарына іріктеудің басы болды. Бұған дейін халықаралық жарыстардың алдын бермей келе жатқан өзбектер бұл жолы қазақ боксының қаһарын сезінгені айдан анық. Финалдық бәсекеде екі елден шыққан үш жұптың екеуінде қазақ жағының бағы жанды. Әсіресе жанкүйерлер Махмұт Сабырхан мен Ойбек Джураев арасындағы бәсекеге қанағат­тана қол соқты. «Қазақ Ломаченкосы» атанған біздің Махмұт өзбек спортшысын үш раунд бойы қуып жүріп сабап, нокдаунға да түсірді.
Жалпы Ташкент­те өткен бокс сайыстарының тарихына көз жүгіртсек, бұл қалада қазақ боксының бағы жанғанын байқау қиын емес. Кеңестік дәуірде осы қалада өткен КСРО біріншілігінде де қазақ спортшылары басқалардың бәрін жолда қалдырып, 4 алтын иемденген болатын.
Биылғы өткен жарыста боксшыларымыз жарады. Сол жолғы 4 алтындық межені биыл да қайталады. Бұл қазақ боксының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
Әсіресе көрермендер команда капитаны Асыланбек Шымбергенов пен өзбекстандық Саиджамшид Джафаров арасындағы бәсекені тағатсыздана күткен. Бұл аталған чемпионат­тағы қазақ-өзбек дуэлінің соңғы кездесуі болатын.
Бұл жолы да қазақтың мәртебесі асқақ болды.
Қазақы мәртебе дегеннен шығады, жалпы есепте қазақстандық 4 боксшыдан басқа тағы да бір қазақ батырының алтын медаль алғанын айта кетуіміз керек. Ол – өзбекстандық Руслан Абдуллаев.
Сондай-ақ Қытай командасында өнер көрсеткен екі қазақтың бірі Тоқтарбек Таңатқанның финалда біздің Нұрбек Оралбаймен кездесуі теңдессіз оқиға болғанын айта кетуге тиістіміз.
Бұған дейін Тоқтарбек рингкке шыққанда, Ташкент төріндегі қазақ жанкүйерлерінің бәрі «қазақ! қазақ!» деп айғайлағанын естіп отырдық. Ал финалдық бәсекеде Нұрбек пен Тоқтарбекке екеуі шыққанда қазақ жанкүйерлерінің біраз уақыт үнсіз қалғаны да керемет еді…
Бұл бәсекеде де Қазақстанның абыройы үстем болды.
Ташкент­те өткен біріншілік бокс өнерінің түр-сипатын өзгерткенін айқын көрсет­ті. Бұрынғы даңқты кубалық, ресейлік мәнерлер ескіре бастапты. Оның есесіне Жәнібек Әлімханұлы ту қылып көтерген «қазақ стилінің» қара үзіп шыққаны белгілі болды.
Оның үстіне жалпы командалық есепте екінші орын алса да, халықаралық рейтингте біздің спортшылар өзбектерді артқа тастап, бірінші орынға шықты.
Демек, әлемдік бокс түрленді деген сөз. Бұл өзгерістен біздің күтеріміз – «қазақша бокс стилінің» мәртебелі салтанаты.

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір