ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ГИМАЛАЙЫ
30.09.2016
1657
0

510f916d6058celeukenov-sh-rШериаздан ЕЛЕУКЕНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Кеңес кезінде бір ақын: «Бұл ел берді Абайды, бұл ел берді Әуезовтей Гималайды. Енді елден Құдайды сұрамасаң, басқаның бәрін берді», – деген екен.

Гималай – жер шарының ең биік шыңдары орналасқан асқан тау жүйесі. Мұхтар Әуезов – қазақ әдебиетінің осы Гималайдай заңғар суреткері. Қазақтың жыр алыбы Жамбыл: «Мынау тұрған Абайдың суреті ме, өлең сөздің ұқсаған құдіретіне» деп төгілтсе, сол Абай құ­ді­ре­­тін, ұлттық биік рухымызды Мұхтар Омарханұлы Әуезов күллі әлемге танытты…

Әлі есімде. Қазіргі 28 гвардияшы паркінің қарсы алдындағы төрт бағана­лы ақ үйдің екінші қабатындағы кітап­хана­ның оқу залында оншақты студент сабақ оқып отырғанбыз. Бір уақытта есік ашылып, кітапхана директоры кір­ді. Қасында өз көзімізге өзіміз сенбедік – Мұхтар Әуезов! Орнымыздан атып тұрып, сарт-сұрт қол шапалақтадық. Директор: «Қазір сіздерге Сталиндік және Лениндік сыйлықтардың лауреаты Мұхтар Омарханұлы Әуезов өзінің «Абай жолы» роман-эпопеясын қалай жазғанын әңгімелеп береді», – деді.

Тыңдаушылар аудиториясы тым шағын, оншақты минут сөйлесе де – мың алғыс! – деген ой жалт етті. Бірақ Мұхтар аға аудиторияны қорашсынған жоқ. Аузына сөз түспегендей біраз жөткірініп тұрды да, ал кеп ағылтсын. Аузымызды ашып, көзімізді жұмып дегендей, екі сағаттық дәріс екі минуттай болмай зыр ете түсті.

Кейін бұл дәріс кеңейтілген түрде «Как я работал над романами «Абай» и «Путь Абая» деген атпен үлкен мақала боп жарияланды ғой. Менің есімде қалғаны – жазушы дүниежүзі әдебие­тінің ең көрнекті тарихи романдарын атай келе, өз романының олардан елеулі айырмашылығын айтып түсіндіргені. Абай – алдымен ақын, сондықтан оның творчестволық психологиясын ашу, кемеңгер поэзиясының өз заманының нақтылы тарихи жағдайларымен, әсіресе халқымен байланысын бейнелеу керек­ті­гін дәлелдегені. Андре Моруаның Бай­рон туралы өмірбаяндық романы­ның кейбір ағаттықтары, өсек-аяңдық кездейсоқ фактілерге жол бергені, Юрий Тыняновтың «Уәзір Мұқтардың өлімі» атты романында А.С. Грибоедов­тың образы халқынан жырақ суреттелген кемшіліктері өзіне сабақ болғанын атап көрсетті. Жазушы тарихи шындық­қа а­дал болуға керек. «Историю нельзя ни ухудшить, ни улучшить» деп сөзінің ара-арасында орысшалап та кетеді…

Мен өз басым, Мұхтар Әуезовті ұлт­тық драматургиямыздың да, қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынының да Гималайы деп есептер едім. Ол – бас абайтанушымыз да.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір