ӨМІР МЕКТЕБІ
(«ӨЛГЕНДЕР ҚАЙТЫП КЕЛМЕЙДІ» РОМАНЫНА ПІКІР)
Соншалықты дарынды суреткер, талантты жазушы, ең бастысы – азамат. Иә, «азамат» деген сөз өз астарына талай мән-мағына сыйдырып жатыр. «Өмірде болып жатқан жетістіктерге сүйінбейтін, жамандықтарға күйінбейтін, өз қара басының мұқтаждығынан өзгеге көңілін аудармайтын жандар болады, бірақ олар азамат емес», – дейді Рахманқұл Бердібаев. Мұнда керісінше, өмірдің қатып қалған әділетсіз қағидасын бұзған, отқа түскен көбелектей шыр-пыр болып аласұра шындық іздеген тау тұлға, адами болмыс. Бұл сөздің түп-төркінін Бердібек Соқпақбаевқа бұрамыз.
Мектеп қабырғасында жүргенде балалар жазушысы Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат» атты роман-хикаяттарын сүйіп оқитынмын. Бала әлемін тануда, оның жан дүниесін түсіндіруде Бердібектен асқан жазушы кемде-кем шығар. Соғыс жылдарындағы тұрмыс-тіршілікті, әсіресе, ауыл өмірін, аждаһа соғысқа қарсы кішігірім көмегім болсын деп жанталасқан ауыл тұрғындарының еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейінгі қарекетін – жалпы кейіпкерінің өмірімен астастыра білген тағы бір тарлан туынды бар жазушыда. Ол «Өлгендер қайтып келмейдісі». Шығарманың атының өзі-ақ оқырманын елітіп, ойын сан-саққа жүгіртетіндей-ақ. Өлгендер қайтып келмейді… Рас-ау. Өлгеннің қайта тірілгенін кім көрген? Жазушы төл туындысының тақырыбын «Адам өмірі тесік шелекке құйылған су тәрізді болады екен. Тіршіліктің оны-мұны шаруа қамымен күйбеңдеп, басың қатып жүргенде, бір күні сарқылып бітіп қалғаныңды білмей де, байқамай да қалады екенсің», – деген түйінінің өзі тұнып тұрған философия ғой. Романның басты кейіпкері Еркін Мамырбаевтың қиралаңы мол тағдыр жолы, жазушы болып қалыптасуы, оның бітім-болмысы өзгеше шебер суреттелген. Бұғанасы қатпаған жас баланың тағдыры алапат соғысқа тұспа-тұс келеді. Үйінің тірегі жалғыз ағасы Сәрсебек соғысқа аттанып, жалғыз анасы мен жеңгесіне бас-көз болу Еркінге жүктелген аманат еді. Ауылдағы сасық кеуде, қыз құмар Нұрәлі болыспен бір бітімге келе алмай адамдықты ту еткен жас ақыры өз отбасынан жырақ, Қарағандыдағы ФЗО-ға жол тартады. Әрине, мұны тілеп алған да өзі емес. Мұның бірбеткей, шыншыл мінезінен әрі жасыған, әрі жақтырмаған Нұрәлінің істеткені, сөйтіп үлкен өмір жолына түскен Мамырбаевтың тік даңғыл жолынан қарағанда ұқыр-шұқыры мол бұралаң жолы көсіліп сала береді. Бұған күйінгенде өзі: «Оу, өмірден мен арман еткен жол, тіпті де бұл емес еді ғой! Тасбауыр қатал тағдыр адастырып, қайда әкетіп барады осы мені? Оу, осы мен омақасып неге сүріне берем? Даңғыраған түзу жолға шығатын күнім бола ма менің де, болмай ма?», – деп шарқ ұрады. Бірақ жігері құм болып жасымайды. Оқырманын қуантатыны да осы Еркіннің күрескерлік қасиеті. Ол құлағанда оқырман бірге күйінеді. Түрменің де дәмін татып, қиыры жоқ алыстарда қызмет жасап, сүйген қызы өзгенің бағына айналса да, екі баласын – ет жүрегі перзенттерін, аяулы анасын жер қойнына берсе де, талай әділетсіздіктің, көпе-көрнеу жаланың құрбаны болып қызмет істеген жылы орнынан безініп, асқақ арманын орындаған Алматыға мейірім іздеп келіп, баспада журналист-қаламгер қызметін атқарып, ел-жұртқа жазушы болып танылса да, ол адамдықтан аспады. Сол турашыл, сол шыншыл, сол бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын мінезін ту еткен Еркін өз қалпында қала берді. Кейде «осы ит мінезімнен, турашылдығымнан басыма нелер келіп, не кетпеді?!», – деп күйінеді ол. Әсілі, турашылдық, шыншылдық, ең бастысы, адамдық бұл ит мінез емес, керісінше, асыл қасиет, екінің бірінің бойында жоқ болмыс. Әрине, шындық қай заманда да ешкімге жақпаған? Жылпос адамдар шындықты қабылдай алмайды. Неге? Өйткені, Еркіннің бойындағы өзі үшін «ит мінез», біз үшін «асыл қасиет» оларда жоқ.
Жазушы сонымен қатар, адам тағдырын шебер суреттеп қана қоймай, суреткерлік қабілетімен де танылады. Мәселен, бір кейіпкерін «Бұл адамның киім киісі де болбиған денесіне лайық: үстінде етегін шалбарланбай, сыртқа салып қоя берген, бір жеңіне бір адам сыйып кететіндей дабы жейде. Аяғында басы бұзаудың басындай ауыр жұмысшы етік. Омырау түймелері салынбаған, алпамыстай төсі жүн-жүн», – (Ысқақ) деп берсе, енді бір суреттеуінде: «Шашын тікірейтіп ежик етіп қырыққан, көздері өлген малдың көзіндей жымбысқы су көз», – (тергеуші) деп келтіреді. Адамның бейнесін ашудағы шеберлікті мына жолдардан да байқауға болады: «Семіздігі ме, жоқ екіқабат па, қарны шермиген, үстіне салтақ-салтақ ескі сұр фуфайка кие салған, өңі жап-жас, тіпті сұлуша деуге болатын сары әйел есік ашты»; «Мектеп директоры орта бойлы, шашы мықтап сұйылған, шақша бас тарамыс қара сұр кісі жылан көзіндей кішкене суық көздерімен үңіле қарап қарсы алды»; «Стол иесі қара костюм киген, қара галстук таққан, шашын қисайтып жылтыратып тараған кертпек мұрын жалпақ сары жігіт». Осыдан байқайтынымыз, адам портретін беруде жазушының палитрасы бояуға бай. Құдды сол адам көз алдыңда тұрғандай әсерде боласың. Ал мына кішігірім бөлмені суреттеу де көріністі тірілтіп жіберердей көрініс: «Едені жермен жер, алакөлеңке тапал бөлмеге кіріп келген бетте погребтегі шіріген картоп иісі тәрізді ұнамсыз сыз иіс мұрынға лап ете қалды. Оң жақта бір кісілік арзанқол темір кереует. Сол жақта шағын тақтай стол. Екі ескі ағаш орындық. Есік жақ босағадағы керогаз, ыдыс-аяқты айтпағанда, үйдегі көзге түсер мүлік мүкәмалдар осы».
Жазушының тіл шеберлігі суретшілдіктен өзге афоризмдер, мақал-мәтелдерді байыппен қолдануында. Мысалы, «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен көр», «Өлетін бала молаға қарай қашады», «Человек ищет где лучше, а рыба где глубже», «Үйі жоқтың, күйі жоқ», «Екі кеме құйрығын ұста, жетсе бұйрығың». Романның кейбір эпизодтары тұнып тұрған комедия. Мәселен, түрмеде кешкен күндерінің бірінен мына тұсты қарап көрелік:
«Музыкасы да, сөзі де былапыт адамның ар-ұятын белден басып қорлайтын да ән, өлеңдер бар. «Ансамбльдің» әр мүшесіне Арыстан әр түрлі ат қойып, айдар тағып алған.
– Көкқұтан, сен жөндеп айтпай отырсың!
– Қисықауыз, көңілдірек шырқа! Басың салбырап, немене прокурордың алдында отырмысың?
– Әй, ешкібас, барқырама!
Ол осылай әркімге зекіп, ескерту жасаумен болады. Ескерту алғандар әнін жанын салып айтып бағады. Арыстан биле десе, билемейтін жан жоқ. «Цыганочка», «Лезгинка», «Гоппак» секілді кілең құтырынған жылдам билер биленеді, ілмиген арық денелер көрден тұрған аруақ тәрізденіп селкілдеп бұраң-бұраң етеді».
ҚазПИ-ді бітіріп, қолына табақтай диплом алған Мамырбаевтың оңтүстік өңірдегі бір ауданға ұстаз болып жұмысқа тұрып, мектептегі ұстаздардың білімсіздігіне, өзге түгіл өз бастарын әрең алып жүретіндіктеріне қынжылып, тек бастыққа жағынуды білетін ұжымға ашына жалғыз өзі қарсы тұруы бір бөлек әңгіме. Бұның астарында соғыстың зұлматы, жалпы халық ағарту ісіне келтірген мол зияны баяндалады. Осы тұсы мәселені көтерген проблемалық очерк дерсіз. Жазушы мұны да өзінше қаузай жазады. Бердібек Соқпақбаев бұл романда, әсіресе, адам психологиясына терең енеді, оны өзінше зерттейді. Бас кейіпкер Еркіннің талай зұлматты кешіріп, тірлікке икемделіп, ысылып шығуы өмірде болатын қиындықтар адам баласы үшін қайғы-қасірет емес, керісінше ертеңіне дайындық, ал өзіне тағдыр тарту еткен тәжірибе, мүмкіндік деуге де келеді. Романның бітім-болмысы кәдімгі қарапайым тірлікті, қарабайыр өмір заңдылығынан сыр шерткенмен, ұға білген жанға үлкен сабақ, өмір мектебі.
Жазушы болу, қаламмен сурет салу шығармашылықтың бір түрі дегенмен, шындығында – ұлылық. Ғажап туындылар тарлан тарихтың қойнауына жым-жылас еніп кетпей, елімен, Отанымен, оқырманымен бірге жасайды. Оны жасампаз тарих та өзгертпек емес. Сондай ғажайып жаңа талқыға салынды. Талқыға салу үстіртін сөз ғана, бұл шығарманың кереметі, шыншылдығы, замана келбетін ашуы, жан дүниеңнің бейне бір бұрышында гауһар тастай сәуле шашқан, көлденең сұлбап жатқан өмір дастаны іспеттес. «Өлгендер қайтып келмейді» романы әр оқырман жүрегінен дәл осылай орын алғанына еш күмән жоқ. Тарлан туындыға уақыт та өз бағасын бере алмайды. Себебі, ол халқымен, оның мақсат-мүддесімен бірге жасамақ! Ол – мәңгілік!
Сабина САЙЛАУБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
Ұлттық университетінің
Журналистика және саясаттану
факультетінің ІІ курс студенті.
Астана қаласы.