ӘДЕБИ ШЕБЕРЛІК МЕКТЕБІ: тың бастама, жаңа мүмкіндік
10.09.2024
496
0

«Жазушылар одағы жастарға жөнді көңіл бөлмейді, қолдау көрсетпейді»; «Одақ бір жақта, жас ақын-жазушылар екінші жақта қалып қойды» деген пікірлерді соңғы кез­дері жиі болмаса да, арагідік құлағымыз шалып қалатыны жасырын емес. Әсіресе әдебиет пен мәдениет­тің қайнаған ортасы саналатын ару шаһар Алматыдан алыста жүрген жас қаламгерлер үшін қолдау мен қолпаштау­дың маңызы зор екені шындық. Десек те, ке­йінгі жылдары осы қасаң пікірдің көбесі сөгіліп, Қазақ­стан Жазушылар одағы жастарға қатысты ірі-ірі жобаларды жүзеге асырып келеді. Мәселен, жыл сайын Жазушылар одағына мүшелікке қабылдауда жастарға басымдық берілуі, жас ақын-жазушылардың кітабын мемлекет тарапынан шығаруға мұрындық болуы, тіпті «Жазушылар одағына үміткер» жобасының қолға алынуы – осы сөздеріміздің айқын дәлелі.

Осындай ауқымды жұмыстардың бірі – биыл шығармашылық ұйым мен Мәдениет және ақпарат минис­трлігі арасындағы стратегиялық әріптестік аясында қолға алынған «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» ат­ты жаңа жоба.
Тақырыпты «тың бастама, жаңа мүмкіндік» деп, айқайлатып қою­ымыздың себебі де жоқ емес. Біріншіден, шығармашылық ортадан жырақта, шағын қалалар мен шалғайдағы аймақтарда жүрген 20 жастың басын қасиет­ті қара шаңырақ астында қосып қана қоймай, оларға «мүйізі қарағайдай» ақын-жазушылар, әдебиет­танушылардың дәрісін тыңдату, белгілі қаламгерлердің шеберлік сағат­тарын ұйымдастыру, шыныменде тың бастама болғандығы сөзсіз. Ерекше атап өтерлігі – бұл жобаға қатысушыларды іріктеу үшін арнайы сараптама комиссиясы құрылып, талапкерлер қатаң іріктеуден өт­тік. Мұның өзі жобаның маңыздылығы мен айқын мақсатын көрсетеді.
Екіншіден, аталған жоба жас ақын-жазушыларға жаңа мүмкіндіктер ашқаны даусыз. Өйткені Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Әбдіжәмілдей тау тұлғалардың алақанының табы қалған қара шаңырақта 10 күн бойы алаңсыз жүріп, қаламгерлерден қажет­ті нәрселерімізді үйрендік, білмегенімізді сұрадық. Кітабын жата-жастана оқитын сүйікті қаламгеріңмен бір үстел басында бетпе-бет отырып сөйлесу, сұхбат­тасу – әдебиет ауылына енді қадам басып келе жатқан жастың кеудесіне сенім ұялатып, қиялына қанат бітіреді. Бойына «мен де сол кісі секілді атақты шығармалар жаза алуым мүмкін екен ғой» деген жігер дарытады. Бұдан бөлек, Қазақ­станның әр түкпірінен келген жас талант­тар бір-бірімен араласып, өзара пікір алмасу арқылы көкжиегі кеңейеді, жаңа тақырыптарға бой алдырады. Біздің «жаңа мүмкіндіктер ашады» деп отырғанымыз – осы.
Отыз бес жасқа де­йінгі жас қаламгерлерге арналған шеберлік мектебінде проза мен поэзия жанрындағы әдеби үрдіс, кәсіби шеберлік, әдеби сынның дамуы, әдебиет­тегі тәуелсіздік рухы, халықаралық байланыс, аударма, кітап тарату бағыт­тары мен Жазушылар одағының еліміздің әдеби өмірінде алатын орны туралы тағылымды әңгімелер айтылып, күн сайын Қазақ­станның Еңбек Ері Дулат Исабеков, әдебиет сыншысы Жанғара Дәдебаев, ақындар Бақытжан Қанапиянов, Әділғазы Қайырбеков, Бекжан Әшірбаев, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, Одақ басшысы Мереке Құлкенов, драматург Асылбек Ихсан, танымал аудармашы Ләйла Мұсалы дәріс оқып, тәжірибелерімен бөлісті. Осы жобаға шетелден арнайы шақыртылған, атап айт­қанда, түркиялық Екрем Аян, көрші қырғыз елінен келген Абдылдажан Ақматалиев, АҚШ-тағы Колумбия университеті Шығыстану институтының аймақтық директоры Рафис Абазов және ресейлік жазушы, аудармашы Гузель Яхина шеберлік мектебіне өзіндік әр берді.
Әрине, шеберлік мектебінде дәріс берген қаламгерлер мен олардың қаузаған тақырыптары туралы таңды таңға ұрып айтуға болады. Дегенмен белгілі қазақ жазушысы, екі буынның да көзін көрген Жүсіпбек Қорғасбектің дәрістерін ерекше атап өтуге тиіспіз. Өткен ғасыр классиктерінің де, қазіргі буынның да шығармашылығымен жақсы таныс Жүсіпбек ағаның дәрістеріне бөлінген уақыт аздық етіп, жобаға қатысушылардың қосымша уақыт сұрағаны, көп нәрсені аңғартса керек. Сол секілді, танымал ресейлік жазушы, кәсіби аудармашы, атақты «Зулейха открывает глаза», «Дети мои», «Эшелон на Самарканд» романдарының авторы Гузель Яхинаның шығармашылық зертханасы бәрімізді лезде қызықтырып әкет­ті. Бір ғана «Зулейха открывает глаза» романы үшін бір мезгілде бес беделді әлемдік әдеби сыйлықты иеленген жазушының дәрісі ерекше ұнағандығы соншалық, қадірлі қонаққа бірнеше сағат бойы сұрақ қою­мен болдық. Әдебиет­тегі өте өзекті тақырып – аударма мәселесі туралы сөз қозғаған Түркияның Мугла Сыткы Кошман университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Екрем Аян бірнеше күн бойы тәржімаланатын шығармалардың тізімін жасау керегін, ортақ терминология құрастырудың мәні зор екенін айтып, қос елдің әдеби байланысын нығайту тетіктері жайлы ой толғады. Аударма туралы айт­қанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетіндегі «Жас аудармашылар ұйымының» ғылыми жетекшісі, профессор Ләйла Мұсалының дәрістерін айрықша атап өтпеске болмайды. Оның нақты мысалдар келтіре отырып, барлық қатысушыға поэзия мен прозадан аударма жасатып үйретуі, өз бетінше тәржіма жасауға дағдыландыруы, осы саланың қыр-сырымен бөлісуі біз үшін құнды дүние болды. Авторлық құқық, баспа мәселесі, БАҚ-тағы ұлт­тық мүдде мен қайшылықтар, қаламгердің азамат­тық ұстанымы туралы әңгімелеген Бекжан Әшірбаевтың дәрістері – дайын тұрған оқу бағдарламасы десек, қателеспейміз. Тек санаңызға тоқып, есіңізге мықтап сақтап алсаңыз болғаны.
Шығармалары әлемнің 11 тіліне аударылған әдебиет­танушы-ғалым, академик, профессор Абдылдажан Ақматалиевтің Шыңғыс Айтматов туралы естеліктері бәрімізді, ә дегеннен-ақ баурап алды. Кемеңгер жазушының жанында жас кезінен бастап, соңғы күндеріне де­йін бірге болған оның ұлы тұлға Айтматовтың көпшілік біле бермейтін тағдыры мен адами қасиет­тері, Мұхтар Әуезовпен достығы туралы біз естімеген тың деректері – өз алдына мүлде бөлек тақырып.
Шеберлік мектебі барысында, жобаға қатысушылардың сұрауымен Қазақ­станның халық жазушысы Бексұлтан Нұржекеұлы, ақын, драматург Иран-Ғайыптың да дәрістері өткізілді. Қатысушылардың өтініш-тілегін жерге тастамай, күн сайын жанынан табыла білген Бауыржан Жақып ағамыз демалыс күндері бәрімізді Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің музе­йіне, «Кеңсайдағы» Ілияс Есенберлин, Әзілхан Нұршайықов, Мұқағали Мақатаев, Оралхан Бөкей, Қадыр Мырза Әли секілді әдебиет алыптарының басына апарып, зиярат жасат­ты.
Қорыта айт­қанда, Қазақ­стан Жазушылар одағының бұрын-соңды болмаған «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жобасы – біз үшін үлкен тәжірибе, үлкен сабақ, үлкен тағылым алаңы болды. Жас қаламгерлерге осындай мүмкіндік сыйлаған Мәдениет және ақпарат министрлігіне, одақ төрағасы Мереке Құлкенов және жоба үйлестірушісі, қымбат­ты Бауыржан Жақып ағамызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Жобаның алғашқы қатысушысы ретіндегі тілегіміз: тың бастама жыл сайын жалғасын тапса, талай жас дарынға жаңа мүмкіндіктер сыйлайтын, болашақта үлкен әдеби мектепке айналатын үрдіс болатыны сөзсіз.

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,
«Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі»
жобасының қатысушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір