Ән мектебі сегіз серіден басталады
«Сегіз сері ешкімнің әкесін өлтірген жоқ!» – депті Астанада өткен бір жыйында академік ағамыз Серік Қирабаев. Омбыда орыстың жыйырма әскерін қырып кетті деген жаламен қуғын көрген жас қазақ нағашы жұртын паналамақ болып Сырым батырдың еліне қарай қашады. Содан төрт жыл бойы қашқындық өмірді бастан кешеді.
Алайда әлгі 20 әскерді өлтірген Сегіз сері ме әлде басқа біреулер ме, оны біздің ұрпақ зерделеген емес, қайта Сегіз серінің артынан топырақ шашып, ондай адам өмірде болмағанын құлшына «дәлелдеумен» келеді. Ең өкініштісі: осы өрескел өтірікті
М. Әуезов атындағы Әдебійет және өнер іністітұтының ғалымдары бастады. «Біз Сегіз серінің шындығына нүкте қойдық, ондай адам өмірде болмаған», –дегенді ұйалмай-қызармай баспасөз бетінде жарыйалады. Бұл мәселені қайта қарауды еліміздің үкімет басшысы арнайы тапсырғанда да, бұл мекеме айтқанынан қайтпады.
Өзгелер жоғын бар қылып жатқанда, біздің барымызды барымтаға салып жатқанымыз қандай өкінішті. 20 орыс тұрмақ, бірде-бір орысты өлтірмеген, орыс қызына үйленген, бірақ қазақ тілі орыс емлесімен емес, өзінің табыйғый емлесімен дамыуы керек дегені үшін ғана Ахмет Байтұрсынұлына «халық жауы»деп жала жапқан ағаларымыздан да асып түсіп барамыз-ау, байқаймын.
Сегіз серінің шын аты – Мұхамет-Қанапыйа, әкесі – Баһрам, атасы – Шақшақ, оның әкесі – «Ақтабан шұбырынды» зобалаңының әйгілі сардары Қожаберген жырау, оның әкесі – Толыбай сыншы.
Тұрсынбек Кәкішев ағамыз, бір сөйлескенімде, «Есім хан Тобыл бойында қалмақтарды жеңгенде, Толыбай оған тұлпар мінгізген», –деп еді. Ата тегінен «Елім-айлап» өткен өңкей ардақтыларға біз айтатын сөз басқа еді, амал не? Баласы Мағышқа жазған бір хатында Абай: «Көп білгенге көп надан болады қас;… Бәйтерек те күндейді көлеңкені, Байқап тұрсам, осы жұрт соған ұқсас», –деген екен. Апырмай, содан бері өзгермеген екеміз-ау! Оңымыз да, солымыз да, түстігіміз бен теріскейіміз де – бәрі, бүкіл әлем өзгеріп жатқанда, біз ғана қалайша кенде қалдық екен? «Алтау ала болса, ауыздағы кететінін, төртеу түгел болса, төбедегі келетінін» күні-түні айтып жатсақ та, тіліміздегі сөздің тінімізге сіңбегені ме?
Өткенде «Гауһартас» атты телехабарға қатыстым. Сонда Ерлан Төлеутай деген балаларым қатарлы әнші жігіт: «Гауһартас» әнін әнші Майраға арнап Жарылғапберді шығарған», – деп соқты.«Сегіз сері жайында бірде-бір дерек жоқ, Затаевич жазбаған, сондықтан ондай адам жоқ», – деді. «Мен мұны 20 жыл бойы зерттедім!» – деді айрықша нығарлап. Хабардың соңынан сөйлесіп көріп ем, ол Қожаберген жырауды да жоқ қылды. Мен жағамды ұстадым. Затаевич Жарылғапберді жөнінде де жазбаған ғой, сондықтан ол да неге жоқ болмайды? Сөйтсем, Ерланның өзінен басқаны мойындамайтын әдеті бар екен!
2021 – жылы 26 – мамырда «Егеменге» Ерлан «Жарылғапберді» деген мақала жазыпты. Сол мақалада «Ғайный» әнін Майраға арнап Жарылғапберді шығарған» – депті. Одан бері екі жыл өтті, енді Жарылғапберді Майраға арнап «Гауһартас» әнін де шығарған болып отыр. Қайсысына сенеміз? Жыйырма жыл зерттеген ғалымның мақаласын «Егемен» жарыйалап отырса, теле – арна зерттеуші деп шақырып отырса, әрійне, Ерлан ешкімге дес бермейді. «Ғайный» – Сегіз серінің әні» деген Ерланға қарсы мақаланы Қарақат Шалыбаев деген Қызылжарлық азамат обылыстық гәзетке жарыйалапты, Ғайный қыз – Ыйсатайдың мыңбасы Қалдыбай батырдың қызы екенін, шын аты – Ғайныйжамал болғанын – бәрін дәлелдепті. Содан ба әлде басқа себебі бар ма, енді Ерлан «Ғайный» әнін «Гауһартас» әніне ауыстыра қойыпты. Мұндай зерттеушіге, меніңше, «Атың шықпаса, жер өрте» деп қана баға беріуге болады.
Ерланның бұл қылығы зерттеушілік емес, негізсіз даукестік қана. Өйткені, ол Сегіз сері шығармаларының екі томдығы екі ірет басылып шыққанын, онда Сегіз серіге қатысты құжаттардың жарыйаланғанын оқымаған. Ғылым дәлелге тоқтайды, дәлелді сыйлайды. Дәлелге тоқтамаған сөз ғылымға жатпайды.
Қазақта Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы деген өнертаныушы әрі өнержыйнаушы өткен. Өшіп кетіуге, ұмытылып қалыуға тійіс талай өнер тұуындылары сол әулійенің арқасында аман-есен халқының қазынасына қосылып, өшпестей, өлместей сақталып қалған. Алайда ол кісі Затаевичті де, басқаны да көрмеген, білмеген.
Сегізді 20 жыл бойы зерттеген Ерлан Мәшекеңнің: «Орта жүз Ашамайлы керейдің Көшебе ұрыуының Маузар табынан шыққан Толыбай сыншының ұлы Қожаберген 1663 – жылы тұуған, 1762 – жылы өлген. Бір ғасыр жасаған». «Әрі батыр, әрі қолбасшы, әрі ақын ғой», – дегеніне (Павлодар, 2013 ЭКО баспасы, 16 – том, 238 – бет) қалайша көз жұма қарап отыр? «Қожабергеннің Едігеге айтқаны», «Қожабергеннің Шоңға берген батасы» тағы тұр. Ол жоқ адам болса, мұның бәрін Мәшекең қайдан алған?
Орыс оқымыстысы Н.А. Аристов та Қожабергеннің Абылаймен бірлесіп соғысқанын жазып кетпеді ме?
Мәшекең тағы былай дейді: «Сегіз серінің «Тұуған жер» өлеңі:
Күлтөбе,
Маманайым, – тұуған жерім,
Кіндік кесіп, кірімді жұуған жерім.
Жалаңаш, жалаң айақ жар басында,
Көбелек көйлек шешіп құуған жерім.
Дәл осы Күлтөбе мен Маманайда тұуып-өскенін ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан да жазған еді, бірақ оны бүгінгі Ерландар құлағына да қыстырмады.
Жаңағы өлеңді Мәшекеңнің 20 томдық «Шығармалар жыйнағынан» оқыдым: Павлодар қаласынан 2013 – жылы шығыпты, 18 – том, 153 – бет.
Мәшекеңнің жазып
алғанына тағы үңілейік.
Күлтөбе, сағындым ғой,
салқын желім,
Маманай – жанға жайлы
шалқар көлім.
Көзімнен бір кездерде
бұлбұл ұштың,
Орта жүз,
Ашамайлы керей елім.
Әркімнің тұуған жері
Мысыр шаһар,
Меке мен Мәдійнәдей
болған жерім.
Секілді мен кәрі қыз
төркіндеген,
Мен келем керей досым
серігіммен.
Аударып Еділ – Жайық
дәм мен тұзын,
Төрт жылдай тұуған
елге келтірмеген.
Ел шеті Көк Есілден
көрінсе егер,
Жас келер екі көзге мөлтілдеген.
Көп елге көзбен көрген жалған емес,
Жүйріктің бірі едім ғой серпімдеген.
Айрылып қапыйада Мақпал қыздан,
Күйім көп жас жүректе шертілмеген
(сонда, 154 – бет).
Елден қашқаны, Еділ – Жайыққа барғаны, Мақпал сұлыудан айрылғаны – бәрі айтылып тұрған жоқ па? Әлде бәрімізді Мәшһүр Жүсіп те алдап отыр ма? Әдебійет және өнер іністітұты Сегіз серінің бұл өлеңдерін оқымай-ақ, Мәшһүр Жүсіпті тыңдамай-ақ әдебійет пен өнерді «өркендете» бере ме? Қазақтың барлық әнін «халық әні» деп қарап отыра ма? Жазыуы жоқ, оқыуы жоқ, өнерпаздарын еске сақтай алмайтындай сауаты жоқ халық боп мәңгі жүре береміз бе? Әр әнді жеке бір тұлға шығармаса, бүкіл халық жыйналып қашан ән шығарыушы еді? Әнді шығарған адамымызды ұмыта берсек, бізді сырттан біреулер келіп мәденійетке, өркенійетке зорлап үйрете ме? Біздің ғылым тек ананы, мынаны жоқ қылыумен ғана айналыса ма? Елдік, мемлекеттік, ұлттық мүде деген сол ма? Сегіз сері жай сері емес, өз алдына мектебі бар, ән шығарыу саласында бұрын-соңды болмаған дәстүрді қалыптастырған, ән өнерін заңғар бійікке көтерген саңлақ тұлға! Саңлақ – теңдесі жоқ үздік, ешкімге ұқсамайтын ерекше тұлға деген баға, «феномен» дейді оны еуропалықтар.
Әлде біз одан сол атақты қызғанамыз ба? Қайта халқының өнерін өрге сүйреген таланттарға біз басымызды ійіп тағзым етіуіміз керек. Халықты халық қылатын – солар!
159 – бетте «Ғайный сұлыуға шығарған» атты тағы бір өлеңі тұр. Ол әнді біздің алдыңғы ағаларымыз бен әпкелеріміз сан құбылтып айтып өтті ғой. Тіпті, «Ер жігіт екі айнымас опасызға» деп те соқты. Шын мәнінде, Ғайный – опасыз емес, қазақтың нағыз батыр қызы. Шын аты –Ғайныйжамал, ұрыуы – Он екі ата Байұлының ішінде Ысық. Әкесі – Қалдыбай Ыйсатайдың мыңбасы. Ол жайында «Русско-казахское отношение» кітәбінде жазылған, әркім-ақ оқый алады. Нәбійден Әбіутәліп ағамыз да оны жазып кеткен. Ғайныйға Сегіз сері үйленетін еді, тек оны ақ патшаның әскері атып кетеді. Қыздың кегін алып, Сегіз ол әскерійді найзаға шаншып өлтіреді. Кеңес кезеңінде ондай адамды қандай батыр ғалымдарымыз дәріптей алыушы еді? Еділ бойын, елін қорғап мерт болған Ғайныйдай батыр әпкемізді әр саққа салып жүрген біздерден не үміт күтіуге болады? Өз тарыйхына, өзінің өткеніне дәл біздей өшпенділікпен қарайтын тағы бір халық жер бетінде бар ма екен, жоқ па екен, тәйірі?
Мәшекеңнің кітәбінде «Ғайный сұлыуға шығарғаны» деген атпен Сегіздің мынандай өлеңі беріліпті:
Естелік арнағандай қабағыңа,
Пейіштің лебізі ұқсас шарабына.
Секілді аспанда ұшқан сіз бір аққұу,
Тоғайдың келіп қонған тарауына,
– деп, шолпысы мен алқасы да, сырғасы да алтын екенін айта келіп, тіпті былай дейді:
Жігіттің ылайықсыз ғажабына,
Болғанда сіз – ақ марал,
біз – сұр мерген,
Атыуға жебе салған садағына.
Одан кейін Мәшекең: «Баһрамұлы Шақшақып 1835 – жылы жазда шығарған өлең «Құуғынға ұшырап жүргенде», – депті.
Аспанда еш жұлдыз жоқ
күннен жарық,
Айрылған ел жұртынан болар ғәріп.
Қасыма елден жалғыз Ныйаз еріп,
Жігіт ем жау қоршауын шыққан жарып.
Баспадым жар қабақты құлай ма деп,
Байқадым көлдің сұуы ылай ма деп,
Бұзықпен достасыуға келгенім жоқ,
Тар жерде қолда жоқты сұрай ма деп.
Ылайық ән-күй, өлең өнерпазға,
Өлең түгіл, сөз қыйын өнері азға… (сонда, 160 – бет).
Қазақтың қара өлеңіне араласып кеткен шұумақтар мен тіркестер көзіңе оттай басылады.
«Тірлікте адамға адам екен қонақ», – дегені де қара өлеңге айналып жүр. (сонда, 162 – бет).
163 – бетте «Мақпал сұлыуға» деген өлеңі тұр.
Ат қайда Бозшұбардай
шаппай желген?
Мақпалдай сұлыу қайда қадір білген?
Бойынан Ақбұлақтың келген шақта,
Шақыртпай еш пендеге өзі келген.
Мұны да біз ары-бері өзгертіп айтып жүрміз. Мәшһүрдің бүкіл жазғанын түгел оқып шыққан бірде-бір ғалымның әлі күнге болмағаны ма? Болса, бәрімізді айтыстырмай, байағыда-ақ жөнге салмас па еді?
Мәшекең тағы: «Сегіз серінің Мақпал қызды алмақшы боп Ақбұлақ өзені бойынан аттанып, жолда кетіп бара жатып шығарған «Қалқаш» әні», –депті, – (1838 – жыл). Ол былай:
Мақпал-ау, сіз қалайсыз мен дегенде,
Құрыйды ынтызарым сен дегенде!
Аршын төс, аққұу мойын,
беу, Гауһартас,
Балшекер сілкейің шөлдегенде.
Мақпалжан, ырыйзамын
сертке жетсең,
Құтылып жау қолынан
аман кетсең.
Достасқан үш жыл бойы,
ей, Гауһартас,
Өзің біл жау тілекке
еріп кетсең.
Гауһартас, сізден басқа
сүйерім жоқ,
Күйдіріп жүрегіме
түсірдің шоқ.
«Кетті, –деп, –
Мақпал жауда»
естігенде,
Жүрекке қадалғандай болды бір оқ. (сонда, 164 – бет).
Міне, Гауһартастың да кім екені бұл өлеңнен белгілі болып тұр. Өнбес дауды, өтірік пен жаланы жалаулата өршітіп жүрген өңкей білместі Сегіздің арыуағы тек кешірсе екен!
Бірер жыл бұрын Өмірзақ Ақжігіт деген жұрналшы ініміз Қызылжар жаққа барған екен, бір кейуана: «Құдай-ау, Сегіс сері деген адам жоқ депті, сонда біз – оның ұрпақтары – қайдан шықтық?» – деп налыпты, соны «Парасат» жұрналынан оқып, жаным күйзелді.
«Қайсы ән Сегіздікі, қайсы ән онікі емес» деген мәселе де аз мәселе емес. Меніңше, үш адамның айтқаны даусыз: біріншісі – Жайау Мұса. Өйткені, оның үш жыл бойы Сегіздің қасында шәкірт болғаны ырас. Өзін көрген, «Ер Сегіз» атты дастан жазған адамға дау айтыуымыз – надандық. Оның Омбыда болғаны өз әнінде де айтылады. Екінші адам – Нұржан Наушабаев. Ол өзін көрмесе де, көзін көрген, өтірік айтпайтын, қазақтың адал ұлдарының бірі. Үшіншісі – Ғабең, Мүсірепов. Сегіз тұуған өңірде ол да тұуған. Халықтың сөзіне құлақ қойып өскен адам. Өзінің «Күнделік» атты кітәбінде «Сегіз сері ақын» деген тарауында: «Сері, ақын, әнші, балыуан…», «Гауһартас», «Жылой», «Ғайный», «Әйкен-ай», «Топ қараған», «Қарғаш», «Мақпал» әндерін шығарған», – деп жазады (Алматы, 1997, «Ана тілі», 177 – бет).
Ал Жайау Мұса «Ер Сегіз» дастанында ол шығарған жырлар мен күйлерінің және әндерінің бәрін дерлік атап береді. Соның ішінде тек әндерінің өзі ұшан-теңіз: алғашқы әні «Назқоңыр», «Жылой» («Жылы ой»), «Ғайный», «Қарагөз» («Қыз Жібек» операсында Төлегеннің арыйасы. «Жете алмай жолда шаршап тұрған кезде»деп басталады), «Гауһартас», «Кісем сұлыу», «Тік шырқау», «Әйкен-ай», «Қарғаш», «Шолпан қыз», «Дайдыйдау», «Топ қараған», «Алқоңыр», «Бір келіншек», «Қара жорға», «Мұхыйт жамал»,«Ақбұлақ», «Дүнійе-ай» (терме), «Мақпал», «Қалқаш», «Бес қарагер». «Ұстазым Сегіз бенен Ныйаз болды», – дейді Жайау Мұса. Ол көрмеген, білмеген адам айта алмайтын жағдайларды нақтылап айтады. Мәселен, «Ғайныйдың Ғайныйжамал нағыз аты», «Аулына шәкіртім деп ертіп келген, Ер Сегіз үміт күтіп Дайрабайдан», – дегені, қай әнді қай адамға, қандай жағдайда арнағаны, шығарған дастандары мен күйлерінінң атын, тағы басқаларын тәптіштеп айтыуы – соның бәрі оның Сегізбен бірге, қасында болғанын дәлелдейді.
Сегізге өзі де шәкірт болған Жайау Мұса оның ән мектебінде бас қосқан өзге өнерпаздарды да нақты айтады. Мәселен, жасы сексенге келген, «Әудемжер» әнін шығарған Қобылан жырау, «Қанат талды» әнін шығарған Сейітжан сал, күйші Дайрабайдан басқа Қазыйхан, әншілер Көрпе, Тоғыжан, Шәрке сал мен Біржан сал, Нұркей, Құшан сері, Қалқа, Құлтұума, Кемпірбай, Төртұуыл найман Мырзаш, өзімен бірге қашқын болған Ныйаз сері, тағы-тағылар. Жайау Мұсаның жазғанын Мәшекең де жазыпты. «Ақбұура Қобылан Бөрілбайұлының «Әудемжер» әні 17 – томының 166 – бетінде «Әудемжер жүре алмаймын белім ұйып» деп тұр. Бұдан қандай қорытынды шығарыуға болады? Сегіз сері – шын мәнінде тұңғыш ән мектебін ашқан қазақ. Халықтың арасына нөкерімен, серіктерімен келіп өнер таратқан адам. Арқадағы Біржан, Ақан, Үкілі Ыбырай, Жайау Мұса, Балыуан Шолақ – бәрі де Сегіз серіден өнеге алған, өзіне үлгі қылған өнерпаздар. «Шәкірті Ер Сегіздің болған кезде, Өзім де Қобыланнан алдым тәлім», – дейді Жайау Мұса. Сонда қалай бұлардың бәрі өтірікші ме?
Нұржан Наушабаевтың шығармасы «Сегіз сері баһадүр» деп аталады. Ол Сегіздің аулына арнайы барып, оның әйелі Ырысбійкені, балалары Мұсайын, Мұсахандарды көріп, сөйлесіп, ұзақ уақыт қонақ болып, «Көргендей Ер Сегіздің болдым өзін», – деп жазған адам.
«Ер Сегіз Гүлтөбеде тұуған екен», – дейді ол да. «Сол шақта бір топ солдат қаза тауып, Жаласы жандаралдың Сегізге ауған», – дейді. «Қасына елден жалғыз Ныйазды ертіп, Кетіуге басқа өлкеге шешім қылған», – дейді. Бұл сөз Мәшекең жазып алған өлеңді түгелдей тірілтіп тұрған жоқ па? «Сол жолы «Шолпан» атты ән шығарған», – деп, ол әннің кімге арналғанын, неге арнағанын да атап өтеді. Қысқасы, Нұржанның дерегі – Сегіздің өзі жазып кеткен өлеңдерінен, әйелі мен ұлдарынан алынған анық деректер. Сегіздің ол жазып алған «Қашқын келбеті» атты дастаны біздің заманға аман-есен жеткен. Аты атап тұрғандай, Сегіз сері ол дастанында өзінің қашқын атаныу тарыйхын толық жазған.
Нұржанның дастанында Сегіз серінің өз аузына:
«Шырқа, –деп, Қожаберген «Елім-айын», Өтінді сонда келген барлық кісі, – деген сөздерді салады. Соның өзі – ұрпақ үшін құнды дерек.
Бәрін айтпаса да, Нұржан Сегіздің бірер әнін өміріне қатысты жырлап береді, олардың ішінде «Әйкен», «Ғайный», «Мақпал», «Қарғаш», «Жылой», «Топ қараған», «Қыз келбеті», «Алқоңыр», «Боз шұбар», «Хан күрең», «Назқоңыр» әндеріне тоқтап өтеді.
Бұл әндердің біразы бізге жеткен, біразы жетпеген. Бәлкім, аттары басқаша аталып та кеткен шығар, кім біледі. Бұлардың ішінде аталмай қалған бір ән – «Маңмаңгер». Біз оны Ақандікі деп жүрміз. Бірақ әннің қайырмасына қараңызшы:
Ахау, тұуған елім,
Балаң едім.
Өзіңе осынау әнді сала келдім.
Бұл сөз елінен кетіп, қайта оралған адамның аузынан шығатын сөз екенін, меніңше, бала да біледі. Ақан – елден кетпеген, ешқайда қашпаған адам. Бұл ән де, сөз жоқ, Сегіз серінікі. «Мақпал» әні де бүкіл болмысымен «Мен Ақаңның әні емеспін деп тұрғандай. Өлеңнің бірінші жолы «Үйірі қысырақтың мақпал қара», – деп жылқыға арналады да, екінші жолы «Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара!», – деп, қызға арналады. Өлеңнің екі жолы екі жаққа қыйсайып тұрғанына қарап-ақ өлеңнің бұрмаланғанын біліуге болады.
Ал енді 1955 – жылы қытайдан оралмандармен бірге елге оралған «Сары быйдай» әнін «Ақ быйдай» деген атпен Сегізге теліу – ол да әріден ойламаудың бір түрі.
Мен Сегіз серінің бүкіл шығармасын, өмірбайанын зерттеп шығыуды мақсат етіп отырғам жоқ. Тек дауға салыуға болмайтын шындықты соншама шырғалаңға салып, өз тарыйхымызға өзіміздің өшіге қарағанымызға, басымызға көтеріп мақтан ететін өнерпазымызды «ондай адам, өмірде болмаған» деп көзімізді жұмғанымызға ашынып қана отырмын. Ата-бабасы бар, әндері, әнін арнаған адамдары, қатын-баласы бар, бірақ өзі өмірде болмаған адам ешбір елдің ертегілерінде де кездеспейді. Сегіз серісіз де еліміз өсіп, өркендеп жатыр, әрійне. 2019 – жылы Түркістан өлкесіне алғаш барған сапарында пірезійдент Қ.К. Тоқаев: «Әділет жоқ жерде мемлекет дамымайды», – деген болатын. Абай жарықтық та: «Халқым надан болған соң, Қайда барып оңайын», – депті.
Шындықты жабыла қорғайтын зыйалысы, өтірікке қарсы өре түрегелетін білімдісі, оларды қолдайтын, қорғайтын ғылымы мен ғалымы, мемлекеттік мекемесі жоқ халықтың қалай дамыйтынын айта қойыу өте қыйын. Тек «Біз, осы, көпірме сөздердің көлеңкесінде кері кетіп бара жатқаннан саумыз ба?», – деген күдік жүрегімізге шаншыудай қадалады. Үміт шіркін өзімізден бұрын өлейін деп дір-дір етеді. «Әй, өз өнерпаздарыңды өздерің жоқ қылатындай не күн тұуды бастарыңа?», – деп, не орыс, не қытай, не өзбек келіп айтыуын күтіп жүрміз бе әлде?
«Кешегі Сегіз сері заманында, немесе «Кешегі Сегіз сері дәуірінде», –деп сөйлейді екен серінің әйгілі досы Ныйаз сері Бекдәулетұлы. Оның да біраз өлеңін Мәшекең жазып алыпты. Сірә, оның да әні дауға түсерін болжаса керек. Көп сөзі Сегізге қатысты болғандықтан, Мәшекеңнің «Ныйаз әні» дегенінен үзінді келтіре кетейін.
Атандым Ныйаз сері бала жастан,
Әнші жоқ Қызылжарда менен асқан.
Жорға мініп, жүйрікті жетеледім,
Көңілім қалмаған соң қыйғаш қастан.
Алашқа мағлұм болған Ныйаз атым,
Керейден Ашамайлы арғы затым.
Кешегі Сегіз сері заманында,
Үш жүздің сал-сері еттім азаматын.
Ақбоз ат, айағыңды баспайсың ба?
Бекдәулет – әкем аты, Ныйаз атым,
Жайылды өлеңменен жазған хатым.
Кешегі Ер Сегізге ерген шақта,
Қол бастап сардар болып шыққан даңқым.
Сегізбен бірге өстім бала жастан,
Арқашан үміт еттік қыйғаш қастан,
Сегіз бен Патшайымды әнге қосып,
Шығардым без жүз аңыз ұзақ дастан.
(18 – том, 165 – бет).
Мұны оқығанда, Файзолда баласы Ғазіз ақынның өлеңі мен әні еріксіз есіңе түседі. Шынында, бұл ән, бұл өлең қайсысінікі? Әрійне, Мәшекеңе сенеміз.
«Сардар болып шыққан даңқым», – дегені қалай?
Сегіздің өзін ұмытқан ел оның серігін қалай ұмытпасын? Қалдыбай ауылына ат басын тіреген Сегіз сері мен Ныйаз сол арадағы Ақбұлақ деген жерге тұрақтайды. Ол кез – Ыйсатай мен Махамбеттің көтерілісі қызып жатқан кез. Әнші, жыршы, өзі батыр, өзі балыуан Сегіздің ауылына өр мінезді жігіттер аз келмеген. Солардың біразы тұу ұстап қасына ерген. Олар өз тобымен көтеріліске қатысып, ерлік те жасаған. «ХVII – XIX – ғасырдағы қазақ-орыс қатынастары» атты орыс тілінде шыққан тарыйхый жыйнақта Ыйсатайдың мыңбасы, Ғайный қыздың әкесі Қалдыбай жайында қысқаша мағлұмат бар. Әуелгіде орыстар Қалдыбай ұрыста өлді деген дерек алады. Бірақ артынан оның ауыр жараланғаны белгілі болады. Қолға түскен Қалдыбай Ійтжеккенге айдалады.Тарыйх ғылымының докторы марқұм Алдамжаров деген бауырымыз (Қостанайдағы А. Байтұрсынұлы атындағы ұныйверсійтеттің ректоры болған) Қалдыбайды айдалып бара жатқан жерінен Сегіз серінің қолы құтқарып алғанын жазады. Дәл осы кезде Ныйаз сері сардар болған.
Сегіздің көп шәкірттерінің ішінде ең зерделі болған Жайау Мұса ұстазының «Алмас қылыш», «Жорық», «Тұлпар», «Көк найза», «Дабыл», «Садақ» деген күйлері, «Едіге», «Алпамыс», «Қобыланды», «Қозы Көрпеш», «Айман – Шолпан», «Қыз Жібек», «Ер Сайын», «Орақ – Мамай», «Ер Көкше», «Ер Қосай», тағы басқа да жыры мен дастаны болғанын айтады. Өкінішке қарай, оның бірде-бірі біздің заманға жетпеген секілді, өз басым «Қозы Көрпеш» пен «Қыз Жібекті» жырлағанын ғана ағаларымнан естіппін. Сірә, бас қосқан кезде қолма-қол біреуін жырлап тастап, келесіде тағы басқасын өлеңмен байандап тастап, Сегіздің өзі де олардың есте қалыуына аса мән бермеген болыу керек. Және айақ асты сұуырып салып айтқандықтан, олардың көркемдігіне емес, көбіне оқыйғасына, қызықтығына мән берген де болыуы мүмкін.
Жайау Мұсаның «Ер Сегіз» дастанында «Сегізбен заманында жолдас бопты, Кіші жүз Ыйсатай мен Махамбет ер», –дегеніне қарағанда, ол мәліметтің бәрін Сегіздің өз айтыуынан естіген. Қысқасы, Сегіздің жан-жақты өнері бар адам екеніне шәк келтіре алмаймыз. Алайда оның ең басты өнері ән шығармашылығы мен әншілігі екеніне де дау айта алмаймыз. Оған тек сүйсініу қәжет!
Мінекій, осындай Сегіз серінің заманында оның ең сенімді серігі Ныйаз сері сардар болған. Зерттеусіз, ескеріусіз қалған соң, ерлік те, елдік те бірте-бірте ұмытыла береді, өкінішке қарай.
Сегіз де, Ныйаз да не сері емес, не ер емес адамдар болса, олардың өлеңін, өмірін Мәшекең хатқа түсіріп, халқына сақтар ма еді?
Алақанымызды жүрегімізге басып тұрып шынымызды айтсақ, Сегіз серінің тек әндері шалқыған теңіз бен шеті мен шегі көрінбейтін мұхыйтты елестетпей ме? Және ән болғанда, қандай әндер!? Шетінен жауһар, құлағыңа емес, өңшең жүрегіңе барып шым-шым сіңіп жататын сезімдер ғой! Бар-жоғы 37-ақ жыл жасаған адам үшін бұл – ақылға сыйа қоймайтын қазына. Ол – сондықтан сійрек тұлға, айрықша саңлақ! Мақтаншақ қазақ мақтанатын жерімізді өзіміз бағаламай жүрміз. Күй атасы Құрманғазы деп қалай мақтансақ, ән атасы Сегіз сері деп солай мақтаныуымыз керек! «Ештен кеш жақсы».
Тұжырым пікірді әркім-әркім емес, меніңше, Кенжехан Матыжанов ініміз басшы болып отырған М. Әуезов атындағы Әдебійет және өнер іністітұты, йағный ғылымый мекеме айтыйуы орынды. Әйтпесе, біз пікір білдіріу өнерін тағы бір Сегіз сері тұуғанша жалғастыра беріуіміз мүмкін.
(Мақалада автордың емлесі сақталды)
Бексұлтан
Нұржеке – ұлы,
ҚР Мемлекеттік
сыйлығының лауреаты