ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ – МӘДЕНИЕТ­ТІҢ АЛҒАШҚЫ МЕКТЕБІ
13.05.2024
151
0

Алматы қаласының Мемлекет­тік қуыршақ театры республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры болып есептеледі. 1935 жылы ашылған театр ордасы таяқ қуыршақтан бастап, бүгінгі заман ағымына сай күрделі марионеткалармен, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған. Ғасырға жуық тарихы бар театр әр елдің шығармаларын ұлт­тық тілде сахналаумен бірге талант­ты артистердің, қуыршақ шеберлерінің, режиссерлердің, суретшілердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеп шығарды.

     Ғасыр қойнауымен тоғысқан тамырлы тарихқа ие маржан мекен – Алматы Мемлекет­тік қуыршақ театры бүгінгі күні жан-жақтылығымен өзгешеленген, жаңаша формат­тар мен батыл қадамдардың, тың жаңалықтардың ордасы. Бүгінде кішкентай көрермендермен қатар, ересектер де танымдық, тәрбиелік бағыт­тағы рухани қойылымдарға ғана емес, заманауи үрдістегі театр келбетіне де куә бола алады. Театр ұжымы соңғы жылдары көрермен талғамы мен сұранысына сай, қоғамда көтеріліп жүрген маңызды мәселелерді қуыршақтардың түрлі мүмкіндіктерімен қамти отырып, жас жеткіншектер санасын жандандыратын адамгершілік-рухани құндылықтарды дәріптейтін тәлімді туындылар таңдауда аса үлкен жауапкершілік міндетін саралай келе, жыл өткен сайын арнасын сапалы да пайдалы жобалармен, қойылымдармен толықтыруды басты мақсат санайды.
Театр – тарих, театр – өмір, театр – шындық! Тағылымды театр өнері – ғасырлар бойы шексіз де тұңғиық адам жанының сан қатпарлы сырларына сарқылмас сахна өмірі арқылы сапар шегіп, әр дәуірде тарих қойнауында ерек есімдерімен сақталған дара тұлғалар бейнесін бүгінгі күн көрерменіне жеткізетін ерекше күш.
Сан қатпарлы тұңғиық тарихқа үңілетін болсақ, әлемде 1935 жыл көптеген ірі оқиғалармен ерекшеленіп, болашаққа зор мұра қалдырғанына куә боламыз. Ал Қазақ­стандағы 1935 жыл тұңғыш қуыршақ театрының ашылуымен өнер өлкесі тарихында ерекше жыл болып есте сақталмақ.
Сол заманнан бері өзгеріссіз сақталған Гоголь мен Пушкин көшелерінің қиылысындағы 88 жылдық тарихы бар Алматы Мемлекет­тік қуыршақ театры өзінің даму жолында әлемдік драматургияны қамтыған үздік спектакльдерді қазақ және орыс тілдерінде көрерменіне үздіксіз ұсынып келеді.
Тарихы сонау «Ортеке» күйінен бастау алған қуыршақ өнері түрленіп, қазіргі заман ағымына сай сан алуан бейнелермен көрермен назарына ұсынылуда. Театр репертуарындағы түрлі жанрларға байланысты қуыршақ түрлері де өзгешеленіп отырады. Жалпы қазіргі таңда сахна төрінде марионетка (жіпті), тросты, саусақ, бойлы, планшет­ті қуыршақ түрлерімен артистер түрлі бейнелерді сомдайды.
Қуыршақ театры тек балалардың қажет­тіліктерін қамтиды деген стереотипті жою мақсатында әлемдік театр тәжірибелерін қолдана отырып, тиімді тұстарын қуыршақ театрының жұмыс жоспарына енгізу және қуыршақ қойылымдарының жанрлық түрленуін заманауи үлгіге сәйкестендіре отырып, әр түрлі жастағы көрермендерге лайықталған спектакльдерді сахналауды жүзеге асыруда. Өзгеше өнер бесігі, адам жанына ізгілік нұрын себетін, асыл құндылықтарды насихат­таушы, көрермен көңілін шартарапқа самғатып, ертегілер еліне еріксіз жетелейтін Алматы Мемлекет­тік қуыршақ театры ұжымы танымы бөлек, табиғаты өзге, маңызы зор, мағынасы терең, мәдениет пен қоғам үшін берері мол, жаңа формат­тағы, тың идеяларға толы іс-шараларды өткізуді кеңінен қолға алып, бірқатар игі жұмыстарды абыроймен атқарып жүр.
Өнер жолы – расында қызығы мен қиындығы, күйініші мен сүйініші қатар қабысқан күрделі жол. Сахна – өзің үшін ғана емес, сен арқылы өнер туралы ой өрбітетін көрермен үшін де жауапкершілік артатын қасиет­ті орын. Ал қуыршақ театрының артисі болу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі періште жүректі бүлдіршін жасандылықты қабылдамайды. «Театр өнерді сүйетіндерге ғана емес, өмірді сүйетіндер үшін арналған» деген қанат­ты сөз бар. Қуыршақ театрының артистері – баладай аңғал, көңілшең де көпшіл.
Қуыршақ өнеріне сарқылмас күш пен қажымас жігер ауадай қажет. Әрбір рөлге деген сүйіспеншілік, оны жоғары деңгейде шығаруға деген талап пен еселі еңбек – ең маңызды алғышарт­тар. Өйткені қуыршақ театрының артистері өзін көрсетуге емес, қуыршаққа жан бітіруге, кейіпкерін ашуға барын салады, ғажайып­қа, ертегіге үндейді. Олар осы қасиетімен өзгеше болып қалмақ.
Қойылым соңында сахна төрінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп тағзым етпегенмен, есімдері спектакль афишалары мен бағдарламаларында жазылмағанмен, қасиет­ті театр өнерін көпшілікке паш ету жолында аянбай тер төгіп, Мемлекет­тік қуыршақ театрының «көрінбейтін», бірақ көрерменіне азық болар спектакльдерін «көрсетуге» асығатын еселі еңбек иелері турасында бірде айтылса, енді бірде айтыла бермейді.
Көрерменнің көпшілігі ғажайып та тылсым сырға толы қуыршақ театрындағы ой салар оқиғалар тізбегін жеткізуші артист, сиқырлы қылқаламымен әлем көріністерін көркемдеп көрсететін суретші, әсем әуен құшағында тербейтін композитор немесе қойылым құпиясымен таныстыратын режиссер қызметі мен міндет­терін білгенімен, театрдың өмір сүріп, патша көңілді көрермені үшін үздіксіз сапалы жұмыс атқаруы үшін сүбелі үлес қосатын бутафорлар, гримдеушілер, жарықтандырушылар, реквизиторлар, сахна машинистері, қуыршақ жасаушылар мен тігіншілердің қызығы мен қиыншылығы мол қызметін бірі білсе, бірі біле бермейді. Бұл саладағы қызмет иелерін – киелі сахнаның «сиқыршылары» деп те атауға болады. Өйткені балдырғандарымыздың кіршіксіз күлкісі мен таңдай қағар таңданыстарын туғызатын сахна декорациялары мен реквизит­тері секілді жансыз зат­тардан бүкіл бір шексіз әлемді жасап шығарып, жан сарайыңа сәуле себеді. Спектакльдердің айтар ойын су тұңғиығындағы гауһардай жалтыратып кішкентай көрермендерімізге сыйлау үшін, әрбір минут­та сағат­тай сартылдаған жұмыс ырғағына ілесіп, қызмет жасау аталған сала иелеріне тән.
Қазақ қуыршақ театры өнерін өркендетуді, кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсете білуді мұрат еткен театр ұжымы, елімізде және шет елдерде өтетін халықаралық, республикалық театр фестивалдерінде биік белестерді бағындырып жүр. Театр фестивальдеріне қатысу арқылы театр Алматы қаласының халықаралық деңгейде иммиджінің қалыптасуына үлес қосып, шетелдік өнер ордалары мен мәдени қатынастарды дамытатыны ақиқат. Сондай-ақ театрдың шығармашылық-техникалық құрамының кәсіби деңгейінің артуына, өзара тәжірибе алмасуына тигізетін септігі орасан зор.
Көркем өнердің эстетикалық ізденістерін күшейтіп, ұжымның кәсіби және орындаушылық шеберліктерін арт­тыру, ең бастысы, халықаралық шығармашылық байланыстарды нығайтып, тәжірибе алмасу мақсатындағы сапарлар алдағы жылдарда да жалғасын табады. Әрбір театр ұжымы үшін фестиваль өнер мерекесі іспет­ті. .Әлемдік аренада қазақ қуыршақ өнерінің бүгінгі келбетін таныту, даму тенденцияларын, жаңашыл бағыт­тары мен заманауи ерекшеліктерін айқындау, көркемдік-эстетикалық ізденісі арқылы театр жанрының көкжиегін кеңейту, отандық және шетелдік танымал театр қайраткерлері мен халықаралық кәсіби театр сыншыларымен өзара ынтымақтастықты арт­тыру үшін тұңғыш рет 2023 жылдың 20-25 қазан аралығында І Халықаралық «Almaty puppet festival» ат­ты ауқымды қуыршақ театрларының фестивалін өткізді. Фестивальге Болгария, Түркия, Өзбекстан, Польша, Грузия және Қазақ­станның үздік сегіз театр ұжымы қатысқан болатын.
Бүгінде ұлт­тың рухани қажет­тілігін өтеп отырған театрдың репертуарлық саясатының ауқымы кең. Репертуарда 40-тан астам көркемдік деңгейі жоғары әралуан қойылымдар бар. Бірқатар қойылымдар қазақ халық ертегілеріне негізделіп, ұлт­тық нақышта сахналанса, бірқатары әлемдік деңгейдегі әралуан елдердің белгілі туындыларына жаңаша көзқарас танытқан. Театр репертуарында ән мен биге негізделген, көрерменге рухани азық сыйлауға бағыт­талған балаларға арналған қойылымдар да, терең философиялық ой-толғауларға апаратын ересектерге арналған қойылымдар да кездеседі. Мәселен, «Қуыршақ думан», «Мен деп ойла…», «Өмір – өзен» сынды қойылымдар әуезді ән мен көңілді биге негізделіп, концерт­тік форматқа тураланып сахналанған. Ал «Буратиноның шым-шытырық оқиғасы», «Аладдиннің сиқырлы шамы», «Қызыл телпек», «Етік киген мысық» сынды қойылымдар белгілі әлемдік ертегілерге жаңаша қырынан қарауға мүмкіндік береді. «Үйшік», «Қасқыр мен жеті лақ», «Арыстанның үрейін қалай емдейміз?» қойылымдарында артистер балалармен интерактивті байланыс орнатып, олардың қуанышына себепкер болады. Ал «Мен – бір жұмбақ адаммын», «Абай», «Макбет. Иллюзия», «Ромео мен Джульет­та», «Медея», «Шекпен», «Қуыршақ», «Ана жер ана», «Ана жүрегі» сынды ересектерге арналған қойылымдар көрерменді таңдандырып, маңызды әрі өзекті мәселелер төңірегінде толғануға түрткі болады.
Аталмыш өнер ордасында әлеумет­тік жағдайы төмен, аз қамтылған, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі ерекше балаларға, балалар үйлері мен арнайы әлеумет­тік мекемелер, қоғамдық қор тәрбиеленушілеріне қайырымдылық қойылымдар үздіксіз ұсынылып тұрады. Мәселен, 2023 жылы 70 қайырымдылық іс-шара өткізіліп, 7600 көрермен қамтылған. Қала көрермендерін ғана емес, сонымен қатар еліміздің басқа да өңірлеріне де қуыршақ өнерін дәріптеу жолында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Өткен жылы қуыршақ театрының ұжымы Талдықорған қаласы, Кеген, Нарынқол аудандарына гастроль­дік сапарлар өткізді. 
100-ден астам маман иесі жұмыс жасайтын өнер ордасында 50-ден астам шығармашылық мамандарының 30-ға жуығы – театр артистері. Өмірін өнерге арнаған сахна саңлақтары «Қазақ­станның еңбек сіңірген артисі», «Еңбек ері», «ҚР Мәдениет қайраткері», «Мәдениет саласының үздігі», «Серпер», «Үміт», «Сахнагер» сынды мемлекет­тік атақтарға ие.
Айта кетсек, сала мамандарының заманауи үдеріске сай жаңашыл жұмыс бағытын меңгеру, шеберліктерін шыңдау мақсатында өткен жылы қала әкімдігінің қолдауымен театрдың 12 қызметкері Германия, Түркия, Ресей елдерінде халықаралық кәсіби біліктіліктерін арт­тыру курстарынан өт­ті. Айта кететін жайт, Алматы Мемлекет­тік қуыршақ театры араға 10 жыл салып, қайта күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Әлемдік театр дамуы мен өзгеруін, заманауи бағыт­тардың кеңінен етек алуын ескерсек, қуыршақ театрына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу – уақыт талабы. Қазіргі таңда көрермен залдары мамандардың қолайлы жұмыс жасауына ыңғайлы соңғы үлгідегі заманауи дауыс, жарық, сахна жабдықтарымен жаңарып, театр фойесі жайлы атмосфера сыйлайтын жаңашыл дизайн­мен көркемделіп, түрлі үлгідегі қуыршақ түрлерімен, қойылым эскиздерімен безендірілсе, ғимарат­тың ішкі интерьері, сыртқы фасады көрермен сұранысына сай жасақталды. Бұл жаңару қойылымдардың да сапасын арт­тыратыны сөзсіз.
Жуырда қуыршақ театры ғасырдан ғасырға жеткен халық қазынасы – тілі мен салт-дәстүрін, әдебиеті мен өнерін, ұлт­тық рухани байлықты негізге алатын «Алдар көсе», «Тазша бала», «Қорқыт», «Менің атым – Қожа» сынды ұлт­тық болмысымызды танытатын тағылымды қойылымдар сахналауды жоспарлауда.
Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театры­ның билет­терін алуға асығады. Мұнда адамның жасына шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі – ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Мәдина ТӨЛЕ,
Алматы Мемлекет­тік
қуыршақ театрының
көрерменмен жұмыс жасау
бөлімінің меңгерушісі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір