XXI ҒАСЫРДЫҢ БАСЫ: ТАЛҒАМ ҚАЙДА БАРА ЖАТЫР?
Замана жалына жармасқысы келгендер жаңа – XXI ғасыр дайындаған жаңалықтан құр қалғанды ұят деп санаса керек. Бір күн ғаламтор ақтарма, бір күн теледидар көрме, бір күн қала аралама, бір күн ешкіммен тілдеспесең, Әлемдік өркениеттен қозыкөш жер қалып қойғандай сезімде жүресің. Жұрттан жырақта өмір сүретін диуанаң бекер қалсын. Құмсағатқа тәу ететін Тәулік есінде шапақтың атқаны мен күннің батқаны қалса, тіптен жақсы. Мойнына қамкөңіл тірліктің қамытын мықтап артқан ағайын үшін басты нәрсе – бас амандығы. Адамды физикалық һәм рухани әлсіретуге бейім қаланың қарбалас тіршілігі басылса, қалғаны сәтімен бола жатар. Әзірге ұлттық ұстаным – осындай. Ақпарат тасқынына төтеп бере алмай жүргеніміз жанды ауыртады. Ал саралап, әр нәрсеге биік Талғам тұрғысынан қарауға шама жетіңкіремейтіні өкінішті-ақ! Осы жөнінде аз-кем толғанған ек.
Әлібек БАЙБОЛ
– Оу, гений! Қалайсың?
– Шүкір, жақсы…
– Кеше «постыңды» оқыдым. Керемет екен!
– Тағы мақташы… Мақтай түс.
– Мақтайын десем сөз жоқ, сол. Сенесің бе?!
– Сенбей қайтейін.
– Бұнымен тоқтама. Енді осы деңгейден түспе.
– «Лайк» бас!
– Жақсы…
– Кеше не туралы жазып едің?
– Не туралы жазып едім, расында. А! Қояндардың көбеюі туралы…
– Иә, иә, сондай бір нәрсе. Күшті.
– Рас па?
– Рас. Тіл-көз тасқа, тфә-тфә!
– Қорқып жүрмін.
– Неге?
– Көре алмайтындар көп қой.
– Тұмар тағып ал. Арамыздағы жалғыз вундеркинд сенсің, абай болшы!
– Аха.
Жобамен осындай, енді. Әлеуметтік желідегі жазбаға көзім түсуі мұң екен, көз алдыма аждаһаның аңқау қозыны жұтқан көрінісі келгені бар емес пе… Ары қарай оқудың ешбір мәні қалмады. Қос мықтының бірін-бірі жер-көкке сыйдырмай, жөнді-жөнсіз мақтап жатқаны адамға біртүрлі әсер етеді екен. Сан сауал Сана атты «бақылау пунктінде» кезекке тұрып, жауап қана күтетіндей. «Айта салдымның» маңайындағы жалтарма жауаптың иесі Жаратушы алдында қаншалықты күнәға бататынын пақырыңыз дөп айта алмас, алайда жауапсыздығы мен өрмекшінің торындай әдемі өрілген өтірігі үшін сол жақ иықта отырған Періште-екеңіз қара сиямен ақ қағазды аямай шимайлайтыны анық. Қоғамдағы адам шошырлық құбыжық-құбылыстарды санауға уақыт жоқ. Біріншісі шықса екіншісі, екіншісі дайын тұрса үшіншісі, ал үшіншісі «дүние есігін ашса», ары қарай арифметикалық прогрессиямен кете береді, кете береді. Бір нәрсе анық емес – ұлт қашан ес жияды?.. Бәзбір білгіштерім: «Бәленің бәрі жаңа технологиялардың келуімен байланысты. Сол себепті, ешкімнің оқуға құлқы жоқ», – деп ой түйген еді. Дұрыс делік! Бірақ Элвин Тоффлер айтқан «футурошок» зардабы тек жаңа заман жаңалығымен ғана шектелмейтінін, оның басты мәнақасы – адам еркінде, адами қалпында, индивидтың өзін-өзі жоғалтпауында жатқанын ерекше ескергеніміз жөн-ақ. Уағында: «Кино келді, енді театрдың күні қараң!..» – деген талайлаған көріпкелдің аты-жөнін қанша жады ғаламат болса да мәрт Тарихыңыз ұмытып қалды. Сондықтан деймін да, әу баста, өткен ғасырдың орта шенінде басталған талғам төңірегіндегі талас-тартыс, көркем-эстетика үшін күрес бүгіндері арзан-құрзан, жеңіл-желпі, ұсақ-түйекке ауып, «онсыз да ауырып отырған баланы одан ары ауырттың ғой» дегендей, дерт үстіне дерт, кесел үстіне кесел қосылып, қойыртпақтың нақ өзі болды. Өзегін өкініш өрті шалған ағаларым жай ғана іштен тынып, сыртқа сыр шашпауға барынша дағдыланып алған-ды. Бәрін біледі, естиді, қорытады да, болжай да алады, бірақ, бірақ, бірақ… Үнсіз! Мүлгіген тыныштықты тарс еткен мылтық, үстелін жұдырығымен қойып қалған басшы, я біреудің қолшоқпарлары немесе көше бұзықтары бұзатыны бар. Олардың жөні тым бөлек, кемшіліктері – Сөзінде салмақ жоқ. Мақта сияқты, үрлесең ұшады, шырпы тұтатсаң жанады. Еліміздегі қазіргі бір тұрақсыздықты көз алдыңа елестетеді. Мен мына жақтамын бауырлар дегендей: «Аш-жалаңаш, бір күннен екінші күнге аман жетудің қамымен ғана тіршілік кешіп жүрген адамға талғамның қаншалықты қажеті бар?» атты данышпани Сұрақ та ара-тұра төбе көрсетіп қояды. Фудзиямаға шығып, жан баласына айтпаған сырын таумен бөлісетін жапондар солайша депрессиядан арылып, параноядан шығады екен. Самурайлар елінде бір жылдары суицид көбейгені соншалық, мәйітханада орын болмаған-ды. Жапония ол рухани дертті қалай азайтты дейсіз ғой? Жанға рахат, жүрекке тыныштық сыйлайтын ұлы ақындардың жинақтарын көптеп шығарған баспалар халық алғысына бөленіпті. Аноним-хаттар бірінен соң бірі редакцияға ағылды дейсің ғой. Қызметкерлер оқып үлгермеген-ді. Адамның іштей тұйықталып, тоңторыс күйге түскен ұлт әдебиеттің арқасында қайтадан ес жиып, етек жауып, бір серпілгені бар… Қайбір елде, Иранда ғой деймін, суицидке ойы бар адамды Тозақ туралы толғанысқа толы бейне-таспалармен қорқытады. Егер одан нәтиже шықса, ол да жаман тәжірибе емес. Бәрі дұрыс-ақ, бірақ уақытыңыз болса, Шортанбайдың мына бір термесіне құлақ түріңізші.
Атамыз Адам пайғамбар,
Топырақтан жаралды.
Мұсылман, кәпір халайық,
Сол адамнан таралды.
Мұсылманға бұйырған,
Көкірегіне қадалды.
Ұрлық пен қарлықтан,
Бойыңды тартып тек жүрсең,
Көрмесін деген залалды.
Белгі деген бейістің,
Жазғы салқын самалды
Тарихы деген тамұқтың
Қысқы суық амалды.
Ауыл малы бұралқы,
Ақылы жоқ жаманға.
Атасын алдар баласы,
Үшбу ақын заманға.
Неге екені белгісіз, бірақ осынау бір ұзақ жолдар кісі бойынан қорқыныш емес, керісінше махаббат сезімін оятады екен. Бұндай жырлар бөспелердің бос әңгімесінен мың артық дер ем. «Бөспе» деген сөзді бекер қолданған жоқпын. «Көксандықты» қосыңыз… көшеге шығып, жан-жағыңызға қараңыз… той-томалақ, жиын-шараға барыңыз… мерейтойларды түгендеңіз… не көрдіңіз, не байқадыңыз, не түйдіңіз? Үндемеңіз, т-с-с-с-с… аузыңыздан оқша атылғалы тұрған жауабыңыз жаныңыздың бір түпкірінде, сонау бір шыңырауында жата берсін. Елдің көңіл-күйі қандай екенін білгіңіз келсе, соңғы жарты жылдықта оқылған кітаптарға мән беріңіз. Тематикасы – романтика, лирика, поэзия, ән, күй. Бас-аяғы – осы, шоп-шолақ. Ал оқушыға ой салатын, таным-түсінігін молайтып, көркемдік көкжиегін кеңейтетін дүниелерге құлықсызбыз ба, әлде тісіміз батыңқырамай ма, бұ жағы бұлыңғырлау. Қалай болғанда да, талғамсыздықтың кесірінен ұлы дүниелер ұмыт қалып, назарымыз нарыққа ауғалы бері күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылдық. «Қара алтын» – мұнайға тәуелді доллар бағанындағы көрсеткіш көрнекті жазарман шығармасынан бағалы боп тұрғаны ненің кесірі, айтыңызшы ағайын?! Үнсіз қала көрмеңіз. Премьераны өткеріп, Үндемес, Дымбілмес, Иіссезбес, Таскереңдердің рөлін керемет сомдап шықтық қой, Қаллеки – Қалибек, Серке, Нұрмұхан, Әнуар, Асанәлі, Сәбиттер бекер қалсын, жетер түге. Германия канцлері Ангела Меркель ханым Италияға барған сапарында кезінде Мұқағали тәржіма жасаған Алигеридың «Тамұқ» бөлімінен жыр оқып еді, «Мәңгілік қала» – Рим сілтідей тынды. Он минуттан соң жиылған жұртшылықтың айқайынан құлақ тұнды. Ел білетін туындыны қазекем білмейді деуге келмес. Данте ақынның «Құдіретті комедиясын» қазақша да, орысша да, шамасы жеткендер италиянша да оқып жатыр емес пе?! «Көшке ілеспедік, ғылым-білім жағынан артта қалдық» деген далбаса негізсіз боп шықты. Солай ғой?!
«Өтпелі кезеңде өмір сүрме…» деген қытайдың қарғыс-сөзі кімге қарата айтылса да, астарында ащы шындық жасырынғаны көңілге үрей ұялататыны несі екен-ей?! Бір қызық жайт. Тауарих лекциясынан… Осындай бір аумалы-төкпелі, түсініксіздеу, кей сәтте абстракциялық сипатқа толы уақытта талай жастар өзін-өзі жоғалтып алған-ды. Құрып кеткен. Ел бір жақта, кітап, білім-ғылым екінші жақта, ұрпақ бөріше ұлып айдалада қалғанын мәдениеттанушылар жарыса жазды десем, асылық болар, бірнеше рет айтты. Көмейден шыққан сөзді жұлып алып кететін Батыстың қаламы жүйрік жорналшылары бұ тақырыпта жан-жақты қаузап, әзілдеп те, астарлап та, жылатып та, күлдіріп те айтты. Сол арқылы бабадан қалған бар байлықты ұмытпау керектігін ұлт санасына сіңірумен болды. Нәтиже бар. Өскелең ұрпақ жаман мен жақсыны, алтын мен жезді айыра алатындай деңгейге дейін өсті. Талғау мен талдаудың арқасында классикадан бастап этникалық сыпаттағы
дүниелерге дейін бара алды. АҚШ-тың 1960-70 жылдар аралығында дүниеге келген буын қазір билік басында отыр. «Не шоқ боласың, не жоқ боласың» деп Алтынбек Қоразбаевтың әнінде айтылғандай, бір сәтте құрып кету қаупі төнген және шынында да әлем картасынан толықтай сызылып кеткен қаншама ұлт пен ұлыс болған-ды. Бастабында оларды да бей-жайлық басып, немкеттіліктің кульминациясы әлгіндей тұйықталды. Қорқынышты…
Жаңалыққа жаны құмар жандар күн сайынғы ақпаратты біліп жүрмесе ішкен асы бойына тарамайды екен. Біреуді өлтіріп кетіпті, біреуді зорлапты, біреудің алдымен шашын, кейін басын кесіп алыпты деген сыңайдағы нәрселерге тәуелді болғанымыз соңшалық, елікше елеңдеп отырамыз. Біл, есті, ізде бопты, бірақ оны өмірдің өзегіне, тіршіліктің мәніне айналдырудың қаншалықты қажеті бар?.. Түсініксіз! Елдегі бір маңызды делінген дүниелер, не жағымсыз жағдаяттар білінбей өте шығады. Онымен қатарласа тағы бір уақиға килігеді де тұрады. Бәрін білеміз, бірақ үнсізбіз…
Ислам әкә Каримов та өмірден өтті. Елі оны туған жері – Самарқандқа жерледі. Кім не десе о десін, бірақ еліне барынша еңбек еткенін мойындауымыз керек. Бір кісі айтпақшы: «Жоқтан бар жасады. Ұлтын экономикадағы экспорт деген ұғыммен таныстырды. Халқына қолдан келгенше көмектесті». Айтайын дегенім, Президент Әлішер Науаидың ғазалдарын сүйіп оқыған екен. Ел арасында сөз жатсын ба, Каримов өлер алдында төмендегі өлеңнің ең соңғы қатарындағы сөйлемді қайталай берген екен-мыс… Жанында болған жоқпыз, алайда, ел құлағы елу ғой…
Дидарың мен наз беліңе,
құмар гүл мен жас құрма ағаш.
Біреуінің жүрегінде оқ,
біреуінің көзі қан-жас.
Сенің аяң бір пейіш қой,
жетпес оған Иран-бағы.
Сен желпінсең тәжім етер,
райхан гүлдер ұжмақтағы.
Райхан гүлдер ұжмақтағы… (Қалижан Бекхожин аудармасында).
Бізде Абай бар:
Адамның кейбір кездері,
Көңілде алаң басылса,
Тәңірінің берген өнері,
Көк бұлттан ашылса.
Бірақ хакімнің қадір-қасиет біліп, үлкен деңгейде, мемлекеттік дәрежеде көтермелеп, Билік аузынан Абай өлеңдерін естігің келіп тұрады. Одан өзге классиктерді айтпағанда… Сол себепті, талғамды түземей ұлт ретінде оңбайтын шығармыз, осы. Сөзімізде салмақ, ісімізде береке, адам арасында ауызбіршіліктің жоқтығын арыдан іздеген жөн болар. Талғамның екінші
аты – ар! Ал ар – әдебиеттің алтын діңгегі. Сол шірімесе болғаны…