ТАЛҒАМ мен ТАҒЫЛЫМ
(профессор Қ.Әбдезұлының «Ақиқаттың алдаспаны» атты жинағы төңірегіндегі ойлар)
Әдетте әдебиетші ғалымдардың үнемі айналып соғып отыратын тақырыбы болады. Филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры Қансейіт Әбдезұлының қай кітабын қолыңызға алсаңыз да олардың ен ортасында ұлы суреткер Мұхтар Әуезов және оның шәкірті Тәкен Әлімқұловтың туындылары алдыңыздан шығып отырады. М.Әуезовтің Оңтүстік Қазақстанды аралаған шығармашылық сапарында бірге жүріп, талай сырласқан, тәрбие тағылымын алған жазушы, сыншы, әдебиет пен өнер зерттеушісі, аудармашы Тәкен Әлімқұловтың шығармаларын докторлық диссертация деңгейінде ұзақ жылдар зерттеп, өзінің ғылыми өмірбаянындағы ең мағыналы да іргелі еңбегі «Т.Әлімқұлов және қазақ прозасы» атты көлемді де күрделі монографиясы мен «Әдебиет пен өнер», «Таным көкжиегі», «Семсер», өзге де өндіріп еңбектер жазған Қансейіт Әбдезұлының осы екі қаламгердің туындыларынан тағлым алып, талғамын түзегені танылып отырады.
Биыл «Атамұра» баспасынан жарияланған Қ.Әбдезұлының «Ақиқаттың алдаспаны» атты сын мақалалар мен әдеби портреттер жинағындағы «Тәкен мен Тәттімбет», «Түркі әлемі және Әуезовтің ғылыми мектебі», «Қазақ ұлттық университеті және Әуезов ұлағаты» атты еңбектері сөзіміздің дәлелі болса керек. Осы жинаққа алғысөз жазған жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұрдәулет Ақыштың «Тәкентану тағылымы» деп тақырып қойып, зерттеушіге баға беруі де тегін емес. Ғалымның әріптесі Н.Ақыш: «…Осынау шығармалардың көркемдік бітімін, авторлық ұстанымын терең де сырлы талдаулар барысында айқындай отырып, сыншы жазушы шығармашылығының жалпы бет-пішінін, өз қаламына ғана лайық болып келетін көркемдік ұстанымдарды желкесінен басып, дәл тауып алып, нақтылап көрсетеді. Зерттеушіні қызықтыратын – Әлімқұлов қаламының нәзік шеберлігі ғана емес, тақырып таңдаудағы талғампаздығы, өз табиғатына жақын болып келетін оқиғаларды көркем сөзбен сөйлетуге бейімділігі…» , – деп ғалымның ғылыми стилін айқындап береді (12-бет).
Зерттеушінің таңдаған тақырыбы мен зерттеу нысанындағы Т.Әлімқұлов туындыларының өзі осал олжа емес. Қазақтың қара сөзінің қадірін тереңінен танып, сөз мәйегіне ұстазы М.Әуезовтің шығармаларын орыс тіліне аудару тәжірибесінде молынан малынып, мейлінше мейірленген Тәкеннің талғамын танып, сол дәрежеде сөз айту, танытып, талдауда табандылықты, кәсіби білгірлікті қажет етсе керек. Қазақ әдебиеттану ғылымында тәкентанушы ретінде танылған филология ғылымының докторы, профессор Қ.Әбдезұлы өз кәсібіне адалдығын танытып, үлкен жауапкершілікпен табанды әрі тынымсыз еңбек етіп жүргенінің тағы бір дәлелі де осы – «Ақиқаттың алдаспаны» атты жинағы.
Зерттеуші Қ.Әбдезұлының бұл еңбегіндегі «Тәкен және Тәттімбет» атты мақаласында тағы да өзінің сүйікті суреткері Т.Әлімқұловтың «Сарыжайлау» әңгімесіндегі шертпе күйдің шебері Тәттімбет күйшінің өзгеге бұйыра бермейтін талантты тұлғаның қиын тағдыры, өмірге күй әкелердегі өнерпаздың шығармашылық психологиясы талданады. Тәкен Әлімқұловтың суреткерлік стихиясы болған күйшілік өнер, оның адамның жан дүниесіндегі бүкіл сезімдік эмоциялық құбылыстарды нанымды бейнелеудегі шеберлік құдіреті жайлы зерттеуші кәсіби маман ретінде білгірлікпен ой қозғайды. Кешегі келмеске кеткен жастық шағында көптің көз алдында көркімен де құдіреті күшті күй өнерімен де биік жүрген Тәттімбеттің енді қартайып, дімкәс болып, дәрменсіз күй кешкенін әңгімелеген Әлімқұловтың кешегі мен бүгінгіні, жастық пен кәрілікті, шабытты шақ пен торыққан тұсты қатар бейнелеп, салыстыра ой түюдегі өмірдің эксизтенционалдық мәнін, философиялық ой толғамдарын зерттеушілік зердемен танып, аналитикалық тұрғыдан талдайды.
Өнер адамы болмысынан бөлек екені бесенеден белгілі. Оның өмірі көбіне бейнеттену, азап шегу, ол үнемі өзгеру, құбылу, жаңғыру үстінде ғұмыр кешетіндіктен Т.Әлімқұлов та сол күйді бастан кеше отырып жазғандығын зерттеуші Қ.Әбдезұлы өз еңбектерінде ғылыми теориялық тұрғыдан талдап, танытады. Ғалым «Тәкен және Тәттімбет» деген еңбегінде де күйші Тәттімбеттің бесіктен молаға дейінгі ойларын, түсініктерін, күйзелістерін, қауіптері мен қуаныштарын, бір сөзбен айтқанда өмірдің мәңгілік құндылықтарын суреткердің қалай нанымды түрде бейнелегенін көркем мәтіннен алынған нақты мысалдар арқылы талдап, танытады. Шығармашылық тұлғалар тағдырында үлкен рөл атқаратын жалғыздық категориясының Т.Әлімқұловтың бұл туындысында қаншалықты көркемдік қызмет атқарып тұрғанын да зерттеуші үнемі назарда ұстайды.
Автордың лирикалық шегіністерді, кейіпкердің ішкі жан дүниесіндегі психологиялық құбылыстарды қалт жібермей қадағалай бейнелеудегі болмысы бөлек стилдік ерекшеліктеріне, тілдік қолданыстағы өзгеше өрнектеріне зерттеуші жоғары баға береді. Шығармашылық өмірін «тілінен көкейі ұзын күйге тіл бітірген» күй тағдыры мен күйші бейнесін сомдауға арнаған Т.Әлімқұловтың қазақ прозасына әкелген тың тақырыбының өзегі
«…кемеңгер Мұхтар Әуезовтің күй-аңыздарға байланысты кезінде айтқан құнды ой-пікірлерін Тәкен Әлімқұлов нақты тарихи дәлелдермен, деректермен тарата отырып, тереңдетті. Күй сазынан, үн жүйесінен мән-мағына табу, оған нақты мазмұн дарыту немесе оны белгілі мазмұнмен нақтыландыру, сөйтіп, әдеби шығарманың оқиғалық желісіне, адам образын жасаудың, кейіпкер характерін жасаудың басты құралына айналдыру – Тәкен Әлімқұловтың жазушылық даралығын белгілейтін көркемдік факторлардың бастысы…»,– деп баға береді зерттеуші (30-бет).
Қ.Әбдезұлы бұл еңбегінде «Ақиқаттың алдаспаны» атанған атақты жазушы, көрнекті қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның: «…Нені жазса да тереңіне бойлап, тақырыптың ішкі ағысына үңіле білетін, алдымен форма емес, мазмұнға мән беретін, әрі қысқа, әрі құнарлы, әрі шымыр жазатын, стилі де, көркемдік бояуы да бөлек қолтаңбасы ешкімге ұқсамайтын» дарынының даралық қасиетін дөп басып, әдебиетші, сыншы ретінде шынайы бағалай біледі» (33-бет).
Әдебиетші, сыншы Қ.Әбдезұлы Шерхан Мұртазаның қазақ прозасының алтын қорына қосылған «Қызыл жебе», «Ай мен Айша», драматургиясындағы «Бесеудің хаты», «Сталинге хат» және суреткердің соңғы жылдары жазған «Бір кем дүние…» атты философиялық ой-толғамдарына кеңінен тоқтала келіп, қазақтың ұлт-азаттық көтерілісін алғашқылардың бірі болып бейнелеп, тарихи туындылардың көшін бастаған Мұхтар Әуезовтің «Қараш-Қараш» оқиғасы, «Қилы заман» романдарының Шерхан сынды шерлі жүректі, өз ұлтын сүйген нағыз қазақ қаламгерлеріне үлкен мектеп болғанын, ал Шерағаңның Рысқұлов пен Әуезов қарым-қатынасын, тағдыр белестерін ұзақ әрі терең зерттегенін ерекше атап көрсетеді.
Ал «Түркі әлемі және Әуезовтің ғылыми мектебі» деген мақалада ұлы суреткердің түркі өркениетіне, түркі мәдениетіне, түркі әлеміне өлшеусіз үлес қосқан рухани феномен ретіндегі тұлғасына кеңінен тоқталып, өзінің ғылыми ұстанымдарын ұсынады.
М.Әуезовтің рухани, ғылыми, әдеби мектебінің басы Абайдан басталып, Алашорда зиялыларының еңбектерімен толыққанын, олардың бәрі бүкіл түркі өркениетімен тікелей және тұтас байланыста болғанын, соның нәтижесінде өзі іргесі қалаған абайтану саласының өмірге келуін, КазГУ-де профессор болып жүріп негізін қалаған екінші ғылым саласы-шығыстану (осы тақырыпта арнайы курс жүргізгенін, бірнеше оқу құралдарын жазғанын,т.б) және университеттегі үшінші бағыты – түркітану, манастану (түркі әлемінің ғұламаларының өмірі мен шығармашылықтары туралы оқыған дәрістері шәкірттерінің естеліктерінде баяндалуы) екендігін нақты ғылыми деректермен дәлелдеп дәйектейді. Бұл ой «Қазақ ұлттық университеті және Әуезов ұлағаты» атты еңбекте де егжей-тегжейлі талданады.
Қ.Әбдезұлының «Ақиқаттың алдаспаны» атты жинағындағы ғылыми маңызы мен көркемдік талғамы жоғары әрбір мақалаға жеке-жеке тоқталуды өзімізге міндет саанамадық. Сондықтан жинақтап айтар болсақ, кітаптағы әдебиеттанушы ғалымдар Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов,Тұрсынбек Кәкішев, Алма Қыраубаева, Әбсаттар Дербісәлі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров, т.б туралы ғылыми танымдық туындылары – сөз жоқ атап өтерлік, арнайы талдауға тұрарлық еңбектер. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі талғам мен тағылым, шығармашылық сабақтастық, дәстүр жалғастығы төңірегіндегі мазмұны мен мәні терең, ойлы да көркем туындылар, ғылыми, әдеби, тарихи портреттер оқырмандарға қызықты әрі тартымды болатынына сеніміміз мол. Өйткені ұлттығымызды ұлағаттайтын кітаптан өзге насихат жоқ екендігін жастарымыз жақсы түсініп келеді.
Түрік ғұламасы Жәлаладдин Руми: «Жақсы адамның қабірін жердің бетінен іздемеңдер, ол өзінің туған халқының жүрегіне жерленеді» десе, атам қазақ «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегені мәлім. Осы ұлағаттарға сүйенсек, аталған қазақтың айтулы тұлғаларының еңбектері бүгінгі ұрпағымыздың жүрегінде екендігін әдебиетші, сыншы ғалым Қансейіт Әбдезұлының «Ақиқаттың алдаспаны» атты жинағындағы шығармашылық портреттер дәлелдері сөзсіз.
Гүлзия ПІРӘЛІ
М.Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институты
«Әуезов үйі» ҒМО-ның
бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д.