Жанымның жайсаң жарқылы қайда, Көктемім қайда нұр жүзді?
30.11.2023
552
0

Жомарт ИГІМАН

Табиғатпен тамырласпыз расында
Келе жатқан сонау алыс заманнан,
Секілдімін таумен бірге жаралған.
Сырдария секілдімін шөл кезіп,
Ая тапқан, Сая тапқан Аралдан.

Сырбай МӘУЛЕНОВ

Жылдар, жылдар…
Жастығымды ұрлаған,
Жыл дегенің – су ғой аққан жылғадан.
Өлшеп берген ғұмыры бар Алланың,
Ізсіз өткен күндеріме мұңданам.

Таудан аққан тас бұлақ ем басында,
Асығушы ем барым болса шашуға.
Бірте-бірте ойлы өзенге ұластым,
Табиғатпен тамырласпыз расында.

Толқынымды соқтым тауға, жарға да,
Сусаған шөл тапқаны анық жан дауа.
Лапылдадым, тосылмадым бөгет­тен,
Лепті едім, түстім, міне, арнама.

Жылдар өте байсалданды екпінім,
Ел-жұртыма арналуда есті күн.
Бай далама бау-бақ сыйлап ағатын,
Айналама құнар берген Лепсімін.

Босқа өткізбей мына бес күн жалғанды,
Ұлт­тық мүдде мұратыма айналды.
Аптықпай-ақ аймағына нәр берген,
Өзен сынды елге ұсынам пайдамды.

Лепсі аймалап, ажарланды құла дүз,
Өзен сынды өрекпиміз, тұнамыз.
Ойтамшымыз көп көкейін дөп басып,
Ойлы өлеңмен олжа қостық мына, біз.

Жылдар, жылдар…
Бар жүгіңді артасың,
Туған жерін шарлап ұлың шаршасын.
Заңдылық қой өзен көлге асықса,
Сен аман бол байтақ елім – Балқашым!

Серігім енді қоңыр күз

Ғұмыр кештім мен жыршы-ғаламда,
Зулады жылдар еркелеп.
Сүмбіле туып, су суығанда,
Ойлап па ем, жазым келте деп.

Таразы туып, таң суығанда,
Мойындап қалдым бұл күзді.
Жанымның жайсаң жарқылы қайда,
Көктемім қайда нұр жүзді?

Көңіл-көлім де мұз құрсанғалы,
Жаз айым ұмыт бұрынғы.
Боқырау түсіп, күн бұлданғалы,
Ұшқыны қыстың білінді.

Жастықтың жабық жасыл қақпасы,
Жанымның жүдеп тұрғаны-ай.
Қыраулы қысқа жақындатпашы,
Тураған ет­тей туған ай.

Асқақтыққа баулыған Алатауым

Сырласарға жан тап­пай,
Жалғыз қалып,
Дүн-дүнием жүргенде солғынданып.
Тауға кетем,
Жақпар тас қарсы алады,
Жолбарыстың жонындай тарғылданып.

Тәңіркөгім, қабағың қойды ашылмай,
Жауам десең, жеті күн жау басылмай.
Қарақуыс…
Алдымда Жылағантас,
Жабырқаулы жанымның айнасындай.
Қарлы шың-құз, өзіңнен кім асардай,
Өлең-құсым баурыңа ұя салғай.
… Аяқ асты Алатау күркіреді,
Менің тұнжыр кейпімді ұната алмай.

Ашылды аспан, көкжиек нұр сауардай,
Төңірегім көрінді тұмшаланбай.
Қайсарланып, қияға тіке салдым,
Жақпарға өнген қарағай, шыршалардай.

Бірте-бірте қиялап, биіктедім,
Төбемде тұр мейірбан тиіп көгім.
Туған жердің аң-құсы, аңшы емес,
Ақын балам келді деп, үрікпедің.

Көз тігемін Ақшұнақ кезеңіне,
Марқатау тұр нардайын шөгеріле.
Анау тұстан көрінген егіз белбеу,
Сарқан, Басқан асыққан өз еліне.

Тау емдеді, қиялда шарықтау бар,
Жолбарыс жон қиясы арыстан жал.
Айбат берген, жаныма қайрат берген,
Сарқантау – көкжоталы алып таулар.

Асқақтыққа баулыған сендерсіңдер,
Қуат, жігер бойыма бергенсіңдер.
Ашық күнде су болған мен сияқты,
Талай жанды әлі де емдерсіңдер!..

Аманбөктер айшықтары 

Сапар аз ба көңілімді көтерер,
Аманбөктер – жер биігі деседі ел.
Мылтық емес, қолда қағаз-қаламым,
Тауды өрлеп, тамашалап барамын.

Түстен ауып кеткен екен алтын күн,
Баянбайдың асуына талпындым.
Биіктікке құштарланған баладай,
Көз ұшында қалың шырша, қарағай.

Сырға берік құлаш жетпес жуан дің,
Шырша сынды тік беткейге құмармын.
Тау ауасы… әлі ойымнан кетпейді,
Шалдықпай-ақ шарлап келем беткейді.

Қымызсайдан тұма суы алқынып,
Алға қашты, өзенді іздеп шарқ ұрып.
Маржандарын көкке шашты ақ көбік,
Саумал нәрді қарт жағалау жат­ты еміп.

Кездім тауды сағынышым басылмай,
Әулие тас сыры жатыр ашылмай.
Ізі қалған қос тізе мен маңдайдың,
Бабамыздың діндарлығын болжаймын.

Тәңір шебер құдіретіне таңғалдым,
Алуан гүлдер назарымды аударды.
Қымыздығы, сүт­тігені малға азық,
Балаусаға бөгіп-ақ тұр кең жазық.

Көрген кез­де қызсаумалдық, раңды,
Көз тояды мың сан шөпке құнарлы.
Ақшалғынға буаз бейне тұмса қыр,
Көкемарал, жапырақтеңге, мыңтамыр.

Қой бүлдірген қыз ерніндей тұр арбап,
Еңлік, шайшөп, киізкиік, рауғаш.
Қалдым күннің еңкейгенін байқамай,
Жалқынданып бара жат­ты бар маңай.
Қаусырды да жақпар құздың құшағы,

Күн байыды…таудың жүзі құсалы.
Шыршалар да бірте-бірте сұрланып,
Қабақ түйіп түксиеді бура бұлт.
Жоғалғаны жарқын қабақ манағы,
Көк жүзінен тырс-тырс тамшы тамады.

Бес күн жалған

Жылдар жылға мінгесіп, қыр асуда,
Мәңгілікке бұл уақыт ұласуда.
«Бес күн жалған» дегеннің мәнісіне,
Бойлай алмай келеміз расында.

Жел болса егер уақыт өтіндеміз,
Жар болса егер уақыт шетіндеміз.
Бірінші күн – өткен күн қайрылмайтын,
Салауат деп өткенге өкінбеңіз.

Күн төбеде тұрғанда тасып қаным,
Мақсатыма жеткенше асығамын.
Опындырған өткеннен сабақ алам,
Екінші күн – бүгінім, осы шағым.

Өткен шақ пен осы шақ ұғысыңдар,
Жүрегімді шуақ боп жылытыңдар.
Үшінші күн – ұрпағым, келешегім,
Келешектен күтетін үмітім бар.

Фәниде бұл арнаңнан аспасаң да,
Ажал келмей қоймайды тоспасаң да.
Төртінші күн – маңдайға жазылған күн.
Кешікпейді жазмышың ешқашанда.
Фәни-бақи алмасып жүр егесте,
Мәңгі ғұмыр жоқтығы үнемі есте.
Сауап па, әлде күнә ма еншімізде,
Бесінші күн – қиямет күні емес пе?!

Шаң түсірмей баптаған гүлдеріме,
Үміт артып, қараймын ілгеріге.
Уақыт­ты пір тұтқан ата-бабам,
Өкініпті бос өткен күндеріне.

Бағаламай жас кез­де уақыт­ты онша,
Қонбай ұшқан басыма бақыт қанша?
Бізден де ертең өтеді бес күн жалған,
Байыз тапсам болмас па асыққанша?!

Өтірікке өкпем қара қазандай

Кейінгі үшін көпті көрген көнемін,
Ой бөлісем, сөздің тосып кезегін.
Бұл өмірде өтірікке кептеліп,
Жалғандықты белден кешіп келемін.

Өтірікке өкпем қара қазандай,
Жүрсем-дағы құлашымды жаза алмай.
Жан жарасын көрсетпеймін сырт көзге,
Қоғам сызып берген шектен оза алмай.

Тілді тұсап, үндемеуге үйрендік,
Шекпен кидік, шен де алдық,
сый көрдік.
Қоғам дертін дер кезінде айтуға,
Биліктінің беделінен имендік.

Олқылыққа ортақ жанның бірі – мен,
Үңілем де, өз ішіме түңілем.
Қолдан шығып кет­ті білем тізгінім,
Мейлі, жыла, мейлі, тіпті күңірен.

Дінім, тілім – алауыздық жағалай,
Тілім-тілім… жүректегі жараны-ай.
Келер шағым – кейінгінің еншісі,
Осы шақты оңдырмадық обал-ай.

Ой-санамның тауқыметі бар қалың,
Өтіріктің тақсыретін тартамын.
Бес күн жалған ертең бастан өтеді,
Қыл көпірден өте алам ба? Қорқамын!

Бұл дүниеге
келмесең…

Өкінсең де зая өткен өмірге,
Бағынарсың жазмыш ат­ты әмірге.
Тәнің төмен құлдиласа қабірге,
Жаның көкте қол ұсынар Тәңірге.

Ұмытылар ысынғаның, тоңғаның,
Ұмытылар аңсау, шаршау, арманың.
Бастырған соң топыраққа кеудеңді,
Тапсырған соң аманатын Алланың.

Арпалыстың өліп-өшіп, тынғанша,
Жанталастың көзіңе құм құйғанша.
Өт­ті дәурен нүкте қойып тірлікке,
Көшті жалған жанарды ашып-жұмғанша.

Келдің-кет­тің, алдадың да алдандың,
Мойындадың кесімін бұл жалғанның.
Құлағыңа жетер ме әлде жетпей ме,
Әйбат сөзі, ғайбат сөзі қалғанның.

Ажал – ғайып, көнсең де осы көнбесең,
Тар лақатқа тірі болсаң енбес ең.
Өкінішпен өтпес едің, өлмес ең,
Бұл фәниге келмесең…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір