Қасиетті кітап елге оралды. Қасиетті ердің басы қайда?
Кенесары хан ұстаған Құран
бас мүфтиге табыс етілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құран кітабы табылғанын және оның елге оралғанын мәлімдеп, хан Кене ұстаған қасиетті кітап Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына табысталатынын айтқан болатын. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Мүфтиятқа арнайы барып, Кенесары ханның Құранын бас мүфтиге табыстады. Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, Құранды отандық, шетелдік білікті мамандар мен тәжірибелі ғалымдар толықтай зерттеп, оның шын мәнінде де Кенесары ханға тиесілі екенін анықтаған. Ерлан Қарин мырза ғалымдар Құранның тарихи жәдігер ретіндегі құндылығына ерекше мән беріп отырғанын айта келіп, фейсбук әлеуметтік желісіндегі жазбасында к-ітаптың жан-жақты сипаттамаларына тоқталып өтті.
Мемлекеттік кеңесшінің хабарлауына сүйенсек, Ресейдің Мемлекеттік тарих музейінің сарапшылары Құран қолжазбасына ғылыми түсініктеме берген көрінеді. Ал танымал көне қолжазбалар маманы, тарих ғылымдарының докторы, профессор И.В.Зайцев құнды жәдігерді зерттеп, өз қорытындысын жасаған. Сондай-ақ еліміздің «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының» ғылыми қызметкерлері де Құранның толық сипаттамасын жасап шығыпты.
Құранның түпнұсқа қолжазбасы шығыстық қалың әрі қатты мұқабамен түптелген. Көлемі 16х23 см, кітап ақшыл-сары түсті 744 беттен тұрады, әрбір бетке 12 жолдан түскен.
Көркем безендірілген парақтардың басы, ортасы және соңы қолмен жазылған. Сондай-ақ парақтар алтын, көк, жасыл және қызыл түсті өсімдік суреттерімен әдіптелген. Ал әр жолдың арасы алтын жалатылған сынаппен көмкерілген.
Қағаз бен сия пигменттеріне жүргізілген химиялық-технологиялық зерттеу жұмыстары олардың XVIII ғасырдағы Шығыс қолжазба кітаптарын жасауда қолданылатын материалдармен бірдей екенін көрсетті.
Құран қолжазбасы мен миндаль секілді мөрлер бояуларына хроматографиялық тәсіл арқылы зерттеу жүргізу барысында олардың ХХ ғасырдың ортасына дейін қолданылған бояғыш заттан жасалғаны анықталды.
«Құран қолжазбасының ортасында қазақ тілінде «Қазақ ханы Кенесары. Оған Алланың көмегі болсын. Аллаға үміт артқан (Аллаға қайтатын) кедей құлдың дұғасымен. Мулла Марал ибн Құрбан баба…» деген жазу мен Ишанның мөрі бар. Қасына Хан Кененің де мөрі басылған», – дейді Ерлан Қарин.
Ұзақ уақыт бойы шетелдік жеке адамдардың қолында болған қасиетті кітап меценаттардың жәрдемімен қазақ даласына қайта оралды.
Салтанатты рәсімге қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Ұлттық құрылтайдың мүшелері мен дін қызметкерлері қатысқан.
Сонымен, Хан Кене ұстаған қасиетті кітап – Құран елге оралды. Ал сонда қасиетті ердің басы қайда? Мемлекеттік деңгейде ендігі бір атқарылар игілікті іс – Кенесарының кеудесінен ажырап, «қолды болған» басын қайтарып алу болса керек.