БІР ӨЗІ БІР ҒАСЫРДЫҢ ШЕЖІРЕСІНДЕЙ
Егер біреу-міреу мен Әбдіжәміл Нұрпейісовтен интервью алдым десе, өз басым ешқашан сенбес едім. Өйткені ол мүмкін емес нәрсе. Дегенмен егер сіз Нұрпейісовтің үйінде онымен жарты тәулік сұхбаттасып шықсаңыз, оның тұрмыс-тіршілігіне ғана емес, небір естен кетпес естеліктеріне, өткені мен бүгініне, қала берді алға қойған мақсат-мүддесі мен небір асқақ армандарына да қанығып шыққан болар едіңіз. Сондай бір кездесуде мен ол кісіге: «Сізге бүкіл ақпан айында телефон соғып, ала алмадым ғой» дегенімде, ол:«Жұмыстан бас көтерген жоқпын. «Парыздың» соңғы басылымының үш жеріне қосатын нәрселерді белгілеп қойдым. Сол жерлері өзіме бұрын да тым ащылау көрінетін еді. Қазір соны бір жағына шығаруды ойластырып жүрмін. Ал сен Борис Панкинді білесің бе?» деді.
– Ол кісінің сіз туралы «Портрет художника на фоне его страны» деген очеркін интернеттен оқығанмын. Сіздің Беларанға, Қызылордаға, Оралға сапарыңыз жөнінде екен. Маған қатты ұнады.
– Оның толық нұсқасы «Дружба народов» журналында шықты. Панкин Стокгольмде тұрады. Ол – дипломат, тамаша эссеші. «Соңғы парыздың» толықтырылған нұсқасын тезірек шығарыңыз», – деп асықтырып жатыр. Ертең тағы да жұмыс істеуге санаторийге жүрмекпін.
Ол осылай деді де үстелінен қобыраған полиэтилен «файлдарды» алды. Сосын, ол дереу кейінгі біздің елімізде ғана емес, Ресейге де, алыс шетелдерге де мәлім болған романынан өзінің қоңыр да бір қалыпты дауысымен үзінді оқи бастады: «Әлемге әйгілі небір ұлы ғалымдар ашқан ұлы жаңалықтар әр кезеңдердің, әр дәуірлердің небір қандықол қылмыскерлерінің қолына түсіп, сұмдық ажал қаруына айналған, талай- талай тіршілік атаулының жер бетінен жойылып кетуіне себеп болған. Ендеше, бүгінгі адамзаттың білім-біліктілігімен дүниеге келген әлдебір жаңалықтың кесірінен көп ұзамай, біздің ғаламшарымыздың да апатқа ұшырамасына кім кепілдік бере алады?»
Тіпті нағыз атеист Фридрих Энгельстің өзі де «Табиғат диалектикасы» атты еңбегінде шіркеуде айтыла беретін ақырзаман туралы айтқан жоқ па еді?! Иә, бірде диалектик-ғалымға біреу: «Коммунизмнен кейін қандай қоғам болады?» – деп сұрақ қойыпты. Сонда ол: Әрине, коммунизм – адамзат дамуының ең жоғарғы деңгейі, алтын ғасыр ғой. Бірақ табиғат бір орнында тоқтап қалмайды, алға жылжи береді. Міне, сонда сол алтын заман апат заманына, ақырзаманға айналуы әбден ықтимал», – деген екен.
Ол осылай деп, әлгі қағаздардың арасынан романдағы басты кейіпкердің өмірімен қоштасып жатқан сәті – адам баласының небір сұрқиялылығы туралы ақырғы мәрте жан тебіренісіне түсіп жатқан сәтті туралы жазылған жерлерін бөліп-бөліп алды да, әңгімесін кілт үзді: «Сіз қазір ас ішіп отыра тұрыңыз. Ал мен бір шаруалармен кетіп барамын. Көп ұзамай келемін», – деді.
Ендеше, ол кісі жоқ кезде ол туралы әңгімені бастайық. «Курляндиядан» «Соңғы парызға» шейін Әбдіжәміл Нұрпейісовке 35 жасында Жамбыл атындағы сыйлықты әперген «Курляндия» романын ол соғыста жүріп жазып әкелген болатын. Оның Жазушылар одағындағы Ғабиден Мұстафинге әкелген сол романы 12-ақ парақ еді. Жасы үлкен ағасы сол аз ғана жазбадан біраз нәрсе байқаған сияқты. Көп ұзамай ол кітаптың болашағына әуелі Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, сосын, Мұхтар Әуезов жол ашып берді. Бұған шейін роман түгіл әңгіме жазып көрмеген Әбдіжәмілдің айтуынша, ол осы романды жазғанда, Латвияда (Курландияда) жүргенде пәтер иесі әйелдің үйінен Эмиль Золяның соғыс туралы романына көп көңіл бөлгенін айтады. Алайда Золя суреттеген соғыс мүлде басқа дәуірде болған, сипаты да басқа соғыс туралы болыпты
Жұртшылықтың соншалықты ыстық ықыласына бөленген бұл роман Нұрпейісовтің көңілін онша көншіте қойған жоқ. Көңілі толмай, ылғи қоңылтақсып тұратын еді. Енді басқа бір үлкен ой, жаңа еңбек жазу ойынан шықпай қойды. Болашақ үлкен шығарманың желісі алғаш сонау 1947 жылы Арал теңізінің арғы бетіндегі ұшы-қиырсыз созылып, шақырайып оттай жанған Күн астында қайнаған жусанды жалпақ далада арба үстінде Шалқарға бет алып бара жатқан болашақ жас жазушы талай ғасырлар талқысын бастан өткерген осынау қу медиен дала мен осында ғұмыр кешкен ата-бабаларының арғы-бергі қым-қуыт тағдыры туралы кітап жазу туралы алғаш рет ойға кеткен екен. Бұл жерлерде мынау күн қақтап, аңызақ ыссы леп ыстап небір заманалардан бері үнсіз жатқан қаны мен тері төгілмеді дейсің?!
Иә, осы жерде оның туған әкесі Кәрім де өзімен бірге туған бауырларымен бірге дегдарлы да текті ақсүйек әулеттің өкілдері болғаны, Сламбай атасы мен әкесі Нұрпейістен қалған мол дәулетке ие болып, кейін жаңа заманда соның бәрінен тып-тыйпыл айырылып, ақырында даладан аң, теңізден балық аулап күнелтетін күйге түспеп пе еді?! Ал өзін осынау жарық дүниеге әкелген байғұс анасы, бір үйдің әлпештеп өсірген сұлу қызы Балкенже ше? Бұлардың отбасына әкесінің тоқалы боп келген екінші әйелдің көрсеткен қорлық-зорлығына шыдамай, жасы отыздың үшеуіне жетер-жетпесте осы жердің топырағын жамылып мәңгі-бақилыққа кеткен жоқ па?! Қазақ «туған ананың алақаны баланы көкке көтереді, өгей ананың тоқпағы жерге кіргізеді» дейді. Бірақ жетімдік бұның жігерін жанши алмады, жаншымақ түгіл бүкіл жан дүниесіне өжеттік, қайсарлық деген қуатты қасиеттерді мызғымас тірек қылды. Ол ер жетті, енді өзі де біреулерге тірек бола алатын болды. Міне, содан кейін-ақ оның бүкіл ғұмыры мен шығармашылығы Арал мен оның жағалауындағы Беларан маңын жайлаған ауылдармен кіндігі бір жандай біте қайнасты да кетті. Бұл туралы ол жазған «Этой песни не спеть я не мог» деген адамның жан жүрегін түгел шымшылап тұратын лирикалық очерктің кереметтігіне Юрий Казаков қызыға да, қызғана да тебіренген екен. Ал өткен ғасырдың автордың өзі көзімен де көрмеген, куәгері де болмаған он төртінші, он алтыншы жылдардағы Арал, Шалқар маңында болған уақиғалар, революция, патриархалдық құрылымның күйреуі, азамат соғысы, отызыншы жылдардағы бірнеше ашаршылық ше? Осының бәрі «Қан мен тер» трилогиясында көзбен көріп, қолмен ұстап отырғандай айқын да ашық, қуанышы мен шаттығы, қайғысы мен қасіреті қатар өрбіп жататынына қайран қалған Еуропаның атақты әдебиетші, қаламгер атаулысы «Қан мен терді» бүтін қазақ халқының эпопеясы деп атады Ол Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, оның бірінші курсынан кейін Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтына ауысады.
1958 жылы Қазақстан Жазушылар одағы әдебиет пен өнердің Мәскеуде өтетін онкүндігіне даярланып жатты. Оған қатысуға Әбдіжәміл Нұрпейісов те шақырылды. Ал ол бұл үлкен мерекеге қатысудан үзілді- кесілді бас тартты да өзінің Беларанына қарай тартты да кетті. Міне, сол сапарда алғашқы романы «Курляндия» тамамдалып, әйгілі «Қан мен тер» трилогиясының бірінші кітабының алғашқы парақтары жазылыпты. Сол «Қан мен тер» трилогиясының бірінші кітабын оқып шыққан Мұхтар Әуезов:«Егер қазақ тілінде мұндай кітаптар дүниеге келіп жатса, онда біздің әдебиетіміздің болашағы бар екен», – депті. Ал академик Зейнолла Қабдолов «Соңғы парыздың» әбден кемеліне келген тұп-тұтас өрелі роман екенін айта келіп: «Бұл жазушының да, соңғы жылдардағы біздің әдебиетіміздің де нағыз сүбелі жетістігі» деп жазыпты. Қашанда әр сөзге өте шікәлпейілдікпен шұқшия мән бере қарайтын мінезіне қарай Әбдіжәміл Кәрімұлы «Қан мен тер» трилогиясын Юрий Казаковтың ғана орыс тіліне тәржімалауын тұп-тура жеті жыл күтіпті. Кезінде «Нива» журналы роман авторы мен тәржімашының сол жылдары бір-бірімен жазысқан хаттарын Әбенің рұқсатымен жариялаған болатын. Соларға қарап отырғанда, орыс жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің сюжет құраудағы тапқырлығына, оның кейіпкерлерінің характерін беру шеберлігіне қатты қайран қалғаны көрініп тұрады. Ал қазақтың осынау классик жазушысы «Соңғы парыз» романын Анатолий Кимнің тәржімалауын одан да ұзақ он төрт жыл күтіпті. Айтпақшы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің барлық кітаптарының алғашқы тәржімасын Герольд Бельгер жасаған болатын.
Нұрпейісов шығармаларының кинода онша жолы бола қойған жоқ. «Қан мен тердің» Әзірбайжан Мәмбетов түсірген фильмі Бүкілодақтық кинофестивальда жүлде алғанымен, роман авторы оны ешқашан мойындап, разы болған емес. Фильм тіпті Арал жағалауында да түсірілген жоқ деп ренжитін. Қайта құру басталған кезде осы трилогияны француздар киноға түсірмекші болып еді, кейін оның да, «Соңғы парыздың» де сәті түспей-ақ қойды.
Міне, жазушының үйіндегі меймандық мерзім де аяқталып қалды. Ажар апай ас үйде қонақтарға кешкі ас дайындап жүгіріп жүр. Біз естелікке деп фотоға түстік. Мен сол жерде Әбдіжәміл Кәрімұлы әшейінде ПЕН-клубтың мәжілістеріне жиі баратын Стокгольмдағы Борис Панкин оны неге асықтырып жатқанын, дилогияны неліктен тездетіп ағылшын тілінде шығарыңыз деп қапылтатынын сұрауға батылым бармады. Оған кейінірек Қазақ әдебиеті патриархының Нобель сыйлығына ұсынылғандар тізімінде екенін көргенде барып түсінгендей болдым.
Любовь Шашкова,
Қазақстанның халық жазушысы