ТАЛҚАНДАЛҒАН ТАЛҒАМ
05.03.2025
655
0

Иә, «талқандалған талғам» деген, бұл жаңа сөз тіркесі, бұрын бұлайша ешкім жазбағанына сенімдімін. Өйткені бұл – өзіме арнап айт­қан сөзім. Өйтетінім…
«Әдеби порталда» жуықта «Таласбек сыйлығы мәреге жет­ті» (24.09.2024) деген жарияланымға көзім түсіп, жақсылап оқи бастадым. Таласбек замандасым әрі жақын дос, әріптес сырласым еді. Ол туралы жазбаларым да бар. (Әдеби портал, «Виктор Гюго мен Таласбек Әсемқұлов», сыни-эссе, 31.05.2021 оқылымы 6097).
Марқұм қаламгердің артында қалдырған рухани мұрасын насихат­тау мақсатындағы мұндай шараға, әрине, қуа­насың. Содан да, осыған сәйкес «Үздік әдеби туынды» саласы бойынша берілген сыйлыққа баса назар аударған едім.
Ол сыйлық «Сен осы қалада жүрген секілдісің» деген өлеңге беріліпті. Өз басым оқырман ретінде сыйлық иесі автордан гөрі оның өлеңіне шұқшидым ғой. Ондай сыйлыққа ие болған өлеңнен өзіме бір рухани азық, жан дүниеме қуанышын іздемеймін бе! Ал, міне, ол өлеңді көз сүзе, толғана, ойлана оқыдым:
«…Бағдарсыз үйден шығам да метроға мініп, кез келген бекет­тен түсемін. Жолаушылар ағынына ілесіп жоқ боламын. Көше толы жарнамаларға жаутаңдай қараймын. Тойханалар мен гипермаркет­тері көп шаһарда, Мен секілді әлдекімнің өмір сүріп жатқанына таңырқаймын. Өзгелер ішінен өзімді әзер тауып түн ортасында үйге ораламын. Сен осы қалада жүрген секілдісің. Іңір түсе сырасы мақтаулы барға бас сұғамын. Мені онда шайыр достарым күтеді. Біз әдебиет жайлы әңгімелесеміз. «Поэзияның дәуірі өт­ті ме?» деген сұрақ қойылады ортаға. Мың рет дауласқанбыз, тағы да дауласамыз. Ғашық болудың қандай нығмет екенін сезбейтін жас ақын, ғашықтық жырларын оқиды. Оған ғышық бола алмаудың қасірет екенін түсіндіре алмайсың. Барқыт сыра балқытып, шалықтағанымызда Газа секторы мен Украинадағы соғыс туралы айтамыз, Ауғанстандағы талибандарды өсектейміз, Нигериядағы балаларды аяймыз, діншілдерді ғайбат­таймыз. Құдайдың бар екеніне шүбә келтіріп, Құдайдың жоқ екеніне налимыз… Соңыра өз жалғыздығымызды қолтықтап, тұрақсыз мекенжайымызға қайтамыз. Сен осы қалада жүрген секілдісің. Демалыс күндері жұмыссыз достарым билльярдқа шақырады. Қызыл шардың лузаға кірген сәтін тамашалаймыз. Бір-бірімізді қолпаштап, арқадан қағамыз. Өмірден қымбат ештеңе жоқ екенін, уақыт­ты текке өткізу қиянат екенін, босқа сенделу денсаулыққа зиян екенін, бүгінгі күннің қайта оралмайтынын, Отанды сүюден басқа мұрат болмауы қажет­тігін сөз етісіп, даурығамыз. Десе де сен есімнен бір сәт көтерілген емессің. Сен осы қалада жүрген секілдісің. Анығы, сен осы қалада жүргендейсің. Мені қазір ұйқысыздық меңдеген. Көрші мешіт­тен таңғы азан шақырылғанда көз ілемін. Ерте тұрып терезені ашып, таза ауаға кеудемді тосамын. Күннің ал қызыл шұғыласы бөлмеге саулайды. Көкірегіме көмескі шақтың сазы құйылады. Он жеті жасымда тыңдаған әлдебір сыбызғы күйін аңсаймын. Сен осы қалада жүрген секілдісің…» (Жарияланымда өлең жолдары іспет­ті жалқы жазылған сөйлемдерді, мұнда шұбырта жаза салғанымды ескертемін).
Әлгі, сыйлық алған өлең осындай екен, таңданып отырмын… Жай ауыз-екі күнделікті әңгімеден айырмасы жоқ сияқты. Бәлки, әркімнің өзі үшін жаза салатын күнделігіне де ұқсайтын секілді. Қайталап оқыдым, тағы да шолып көз салып, жоғары төмен әрбір сөзіне, сөйлеміне… жаңа сөз, бұрын өзім сезбеген сезім бар ма деп, түгелдей, түгендей… тінтіп, астарын аударып дегендей қанша үңілдім, жоқ. Маған анау айт­қанымдай ғана ой келді. Расында, мына өлеңде айтылғандардың бәрі күнде елден естіп жүрген әше­йін кеңес қой деп, ойпыр-ай дейтіндей жылт еткен жаңалық та таппадым-ау деп, тарықтым…
Ең соңында, өлеңнің тақырыбына яки мазмұнына ой жүгірт­тім. «Сен осы қалада жүрген секілдісің» деп әр тармақта қайталанған. Сонда, бұл сөйлеммен Таласбекті меңзеп отыр ма, не ақын өзінің ғашығын тұспалдағаны ма, ұға алмай және торықтым.
Ақыры, «өзімнің талғамым бұзылған шығар», деген тоқтамға келіп, қазылар алқасының пікіріне жүгіндім.
Жазушы, мәдениет­танушы Зира
Наурызбаева:
«Таласбектің бір сөзі бар еді: Қаламгер жетіліп төрт сатыдан өтеді: 1. Нашар және қарапайым (оңай). 2. Нашар және күрделі, 3. Жақсы және күрделі, 4. Жақсы және қарапайым (оңай) Тоқтарәлінің өлеңі осы төртінші сатыға шыққан, бір романның жүгін арқалаған дүние», – депті.
Жазушы, драматург Мадина Омарова:
«Мен Тоқтарәлі Таңжарықтың «Сен осы қалада жүрген секілдісің» деген туындысына дауыс беремін, себебі бұл өлеңге Алматының шығармашыл қауымының өмір салты, жалпы Алматы атмосферасы, суреткер жанның дүниені қабылдау трагедиясы, құпия махаббат оқиғасы және басқа да нәзік дүниелер еркін сыйып, иектесіп, иықтасып, өзінше бір тылсым әлем құрастырып тұр. Бұл өлеңді жоғарғы деңгейдегі поэзия үлгісі деп қабылдауға әбден болады».
Жазушы Сағадат Ордашева:
«… Осы өлеңі де аялдап ойлануға шақырады, кинотуынды ленталарындай жетелеп отырады, әлемдік картиналардың жиынтығы ойшылдың жүрек елегінен өтіп, өлеңге айналған… Ол Құдайына сауал жолдайды әрі күмәнданады. Сонысымен әдемі, биік».
Міне, бұл өлеңге осындай ғаламат баға беріп отырған кәсіби әдебиетші, талғамы биік қаламгерлермен қалай сөз таластырарсың!?
Өзімнің баяғы өлең туралы ойларымды, естеліктерімді еске түсірдім. Өйткені өз басым дәл осы жазбамда қаламгерілік, әдебиетшілігімді қоя тұрып, кәдімгі қарапайым оқырман ретінде сөйлегенім әлдеқайда әділет­ті болар деп түйдім.
Бозбала кезімнен негізі, пәлсапалық өлеңдерді артықтау жақсы көретінімді айтайын, сондай өлеңдер бір оқығанымда сарт етіп санамда жат­талып қалатын. Әлі күнге ұмытылмай көкейімде жүретін, Мұхтар Шаханов ағаның: «Түсінісу теоремасы» дейтін, «Келіп жатыр, кетіп жатыр дарындар, Қара бұлт­тай қайғы жапты бөлмені, Адамзат­тың алғыр ұлы қыраны Лев Толстой жатыр еді өлгелі, Кемпірі кеп қолын сүйіп жылады, тежей алмай мінезімнің тасырын, өзіңменен өт­ті жарты ғасырым, Мен бейбақты кешіре гөр кінәм көп, кешіре гөр, кешіре гөр асылым…» тағы талай осындай өлеңдерін әлі де қайталап оқып, рақат­танып қаламын.
Ал Қадыр Мырза Әлі ағамыздың осындай афоризм үлгідегі қаншама өлеңін жат­тап өстік. «Қайран сұлу, Күн келбет­ті, Ай мүсін! Көзін сүбей қалар оған қай кісі. Бір адамның бір адамның бақыты ол, Мың адамның мың адамның қайғысы… Сосын, жарды мың сүйесің, мың құшып, ең тәт­тісі – ұмытылмайтын тұңғышы…»
Сырбай Мәулен ағамыздың да жан дүние, сезімді сурет­тейтін өлеңін сүйсініп оқып, одан даланың да, қаланың да иісін, дыбысын… айнала дүниенің сөзге айналған тылсымын сезетінбіз. Біздің өлең деген сөз сарасы бойынша талғам осындай қалыпта қалыптасқандықтан, анандай өлең дегенге тосырқап, жаныма жақындық таба аламай дал болдым.
Ақыры, қазіргі қазақ сөз өнері шырқау шыңға кетіп, мен секілділер соның етегінде қалған бір бейбақ болсам, оны да тексеріп көре­йін деп, әріптес қаламгерлерге хабарласып көрдім. Әйгілі әнші Димаш айтатын «Махаббат бер маған тағдыр!» деген әннің сөзін жазған ақын әрі романист: «Бұл өлең емес қой!» депті қысқаша.
Сонсоң, Көкбөрі Мүбәрак деген ақын жас жігіт: «Бұл ортақол ақөлең ғана, егер жақсы ақөлең болса Омарғазы Айтан ақын құсап ырғағымен баурап алуы керек еді, төрешілердікі болса, тек сыйлық үшін айтыла салған бос сөздер, одан асқан талай мықты өлеңдер де ол жүлдеге қатысты емес пе!?» – дейді.
Содан, ойға қалдым, иә, әркімнің өз талғамы бар, оған талас жоқ. Анау өлеңді бағалаған әдебиетші қаламгерлердің де өзіндік ерекше талғамы болса оған да дау жоқ.
Сонымен, өзімнің бұрынғы талғамымды қорғаймын ба, болмаса, баяғы талғамымды «талқандап» өлең тұрғысында су жаңа, осы заманғы осындай модерн талғамға мойынсынып соны үйрене­йін бе? Көңілімді соған көндіре­йін бе? Сөз өнерінің жаңа көшіне ілесе­йін бе? Осындай ойларға қалдым:
Шеберлік құпиясын бір ғұлама «Даналық дегеніміз – қарапайым да кішпейіл нәрсе» депті. Осыны сөз өнеріне бейімдеп «Өнер дегеніміз – көзге іліне бермейтін қарапайымдылық пен еленбей жүретін кішпейілдік қана» деген өлшемді еске алып, мынау сөз болып жатқан «Сен осы қалада жүрген секілдісің» өлеңін осы қатарға жатқызсам ба деп те көрдім. Бәлки, елеусіз кейіптегі керемет шығар, деп! Нағыз өмірдің өзі, поэзия емес пе, деп тұрған болар… Енді елу жыл өткенде келер ұрпақ осы кез­дегі ақынның халін, күйін, өмірін білсін деп, сол бойынша заманның тынысын сезсін деп осылай әдейі жазды ма? Шыншыл мәтін болашаққа жазылған хат екені рас…
Әйтсе де қарапайымдылық (реалдық) пен қарабайырлық (натура), кішпейілдік пен жалпақшешейлік ұқсас болса да, өнерде шеберлік пен қарадүрсіндік (тұрпайы натура) дейтін екі па­йым өзара қылдан жіңішке шекарамен айырылады.
Оны айыратын да әркімге бұйыра бермейтін тума талант, алғыр сезім, ал қалғаны жанкешті еңбек, яки азапты ой еңбегі. Егер ерекше талант болмаса, онда азапты еңбекпен біткен шығарма ортақол ғана дүние, ал оған талант қосылса ғана біртуар туынды. Бұл пікірлер – менің жекебасымның сөз өнеріне деген көзқарасы болса да баяғыда қалыптасқан ұғым. Мұны да жоққа шығара салу маған оңай емес.
Ал өнердегі «модерн», «постмодерн» десек, оны өнертануда заманға сай жаңалану дейді. Жыраулар поэзиясын Абай хакім жаңаша өлеңдерімен модерн жасады. «Дос-Мұқасан» ансамблі дәстүрлі халық әндерін жаңа заманғы музыкалық аспап арқылы құлпыртуы нағыз модерн болды. «Жайдарман, жақын кел! Жан жар етем, қолың бер!» әнінің байырғы әуенін еш бұзбай қазіргі музыкамен әрлеген түрін, бүкіл қазақ, бүтін дүние қол соға қарсы алуы бекер емес қой… Ал қазіргі сахналық жаңа әншілер «қаудырлаған қалауләйлімін» модерн етем деп, қанша тыраштанса да ән өнеріне жаңалық әкеле алмады. Себеп, тума дарын болмаса, өнер дүлділі жалынан да ұстатпайтынын байқат­ты.
Осыларды ойлай келе, сауат­ты оқырмандардың бәрі білетін өлең жөніндегі байырғы канон өлшемдерді де санамнан зорлықпен сүйреп тастайтын ешқандай жол жоқ екенін де пайымдадым да және сауал қойдым: Осы сөз болып жатқан өлеңде құлаққа жылы тиетін қазақы төл сөздер, тосын леп бар ма? Көңіліңді көлбең еткізер ерекше сезім қайда? Бұл өлең мәтініндегі айтылған сөйлемдер ауылдағы, яки қаладағы өз тілін жақсы білетін қазақтың аузынан шыға беретін қойторы сөздер ғана болса, ақындық қайда?
Ал өлең сүйер қазақ қауымы, ақындарды пір тұтады. Олар жай адамдардың көре алмайтын құбылыстарын қағып түсетін қыран көкейлі, көптің біле бермейтін көзтаса нәрселерін қалт жібермей сезіп, оны тілге ілініп, ауызға түсе бермейтін сылқым сөзбен жүрекке жеткізетін тапқыр-шешендер… деп, біледі.
Төрт жол ұйқасты шетінен шығара беретін өлеңқұмар қазақ қауымы, «өлең – сөздің патшасын» құйма ұйқас, сөз буындарының әсем келісімі, ой-сезімдердің ғажайып үйлесімі… дейтін сан жылдық санада сапталған сара өлшемдермен пайымдайтынын айтпасақ, «сөз атасы тағы өледі».
Сонымен, «Талқандалған талғам» аталған ойларымды оқырманға ашық айт­тым, қазақ қауымы «қайта өрлеу» мен «қайыра құлдырау» кезеңінің айырығында тұрған болса, «сөз өнері» сол жолды анықтайтын жалғыз шамшырақ демекпін. Ал халайық ақындардан шамшырақ жырлар күтеді.

Абай МАУҚАРАҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір