ҚУЫРШАҚТАР ӘЛЕМІ
Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің Орталық көрме залында суретші Гүлфарида Жаниярованың «Бұл мейірімді қуыршақ әлемі» атты жеке көрмесі өтті. Көрме автордың 40-тан астам жұмысымен таныстырады.
Суретшінің көрмеге қойылған жұмыстары – бояуының қанықтығымен және түстік палитрасының полихромдығымен ерекше кескіндемелік картиналар, натюрморттар, портреттер, тұрмыстық композициялар, сәндік паннолар, әрі сонымен қатар, тұтас авторлық қуыршақтар галереясы.
Бала кезінен сурет салуға әуес болған Гүлфарида кейін Алматы көркемсурет училищесінің кескіндеме бөлімін бітірді. Оның жаны сүйетін жанрлары – өмірдің қуанышы мен өршіл көңіл күйін беретін пейзаж бен натюрморт.
«Жұпаргүл», «Таушымылдық пен ыстықгүл», «Шұғынық», «Айылқияқ», «Көбелекгүл», «Аққанат гүлді пейзаж», «Көкшіл кеш», «Қысқы пейзаж» картиналарында табиғаттың толыққанды әрі бояуы қанық бейнесі сезіледі. Образдардың шешімін табуда, қанық бояуларда және детальдарды шұқшия жасағанда автордың сәнді, кейде аңғырт стилі көрініс беріп қалады.
1971 жылдан XVIII-XIX ғасырлардағы киім тарихын зерттеумен айналысып, киім суретшісі болуды армандады. 1994 жылдан концерттік киімдерге, үйлену тойлары мен кеш киімдеріне баса көңіл бөліп, жеке тапсырыстармен жұмыс істей бастады. Суретші Қазақстанның елордасы – Астана қаласының тұсаукесеріне арнап бірқатар киімдер жасады. «Әнші балапан» республикалық балалар музыкалық конкурсының кішкентай орындаушыларына киімдер тікті. Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығын мерекелеуге өз қолынан шыққан жұмыстарымен келді. Осы бүкіл киімдердің авторлық үлгілері ерекше дизайнерлік және декоративтік шешімімен көзге түсті.
Театрлармен жұмыс істеуі оның шығармашылық бағыт-бағдарын таңдауында зор роль атқарды. М. Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Абылай ханның соңғы күндері» спектакліндегі хан киімінің эскизін жасады. Киім нанымдырақ болып шығу үшін оған тарихи дәуірмен танысып, қазақ көшпелі дегдарларының ескілікті киімдерінің суреттемелері мен фотосуреттерін іздестіруге тура келді. Әрбір жаңа көркем образды жасау уақыт пен табандылықты талап етті. Келесі Светлана Ступакованың «Ұлттар театрымен» бірлесіп істеген жұмысын оның шығармашылығындағы қызықты да жемісті кезеңі деуге болады. Мұнда ол «Орындықтағы екеу» спектакліне киім жасады.
Қуыршақ жасау суретшінің шығармашылығында ерекше орын алады. Дәл қазір оның коллекциясындағы қуыршақтардың саны 200-ден асып жығылады. Бұлар – қазақтың ұлттық киіміндегі үлкен интерьерлік қуыршақтар, қазақ халқы ертегілерінің кейіпкерлері, бүркіт ұстаған аңшы, мифтердің қаһармандары, сән-салтанатты киім киген арулар, клоундар, әлемдегі түрлі халықтардың қуыршақ өкілдері, сонымен қатар, тарихи тұлғаларға жасалған портрет-қуыршақтар.
Г. Жаниярованың қуыршақтарын көп жанрға бөлуге болады. Мысалы, интерьер қуыршақтары – «Моңғол аруы», «Бүркітші», «Қуыршақ испан қызы», «Гейша» және т.б. портрет-қуыршақтар – «Конфуций», «Махмұд Қашқари», фантастикалық қуыршағы – «Шахмат королевасы», «Вишенка» және т.б. Тентек клоундар мен клоунессалар және Күлбикеш пен асқан сұлу ханшайымдар туралы ертегілердің кейіпкерлері түрінде күшейе түсетін қанық бояулы жұмыстар қуаныш пен мерекелік көңіл күй атмосферасын тудырады.
Г.Жаниярованың шығармашылық туындыларының ерекше қасиеті – киімдерінің асыл маталардан тігіліп, нағыз аң терісімен, зерлі жіппен, жартылай асыл тастармен, жылтырақ тастармен әрленуінде. Суретші қуыршақ үлгілерін жасауға заманауи DAS, Fimo, паперклей материалдары өте ыңғайлы деп есептейді.
Көрме суретшінің кезекті шығармашылық есеп беруі ғана емес, оның ұзақ жылғы шабытты еңбегінің жемісі.