Архив – құндылықтар әлемі
Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві еліміздің ХХ-ХХІ ғасырлардағы саяси тарихына қатысты бірегей құжаттар кешенін тұрақты түрде сақтап отырған ірі архивтік мекеме. Архив өз кезегінде Ұлттық архив қорының құжаттарын қалыптастыру, азаматтардың құжат көздеріне қолжетімділігін қамтамсыз ету, жеке және заңды тұлғалардың сұранымдары бойынша қызметтер көрсету бойынша міндеттерді орындап отырған заманауи технологиялармен жабдықталған кешен. Сонымен қатар Архив жоғарыда аталған құжаттар кешенімен бірге отан тарихы, архивтану, құжаттану саласының өзекті тақырыптарын қамтитын бай кітаптар қорына ие. Біз бүгін осы Архивтің кітапханасы туралы мәліметтермен бөлісуді жөн көрдік. 
Кітапхана қорында 46 мыңнан астам кітап, 4 мыңнан астам газет тігіндісі, 16 мыңнан астам журнал бар. Кітапханадағы жәдігерлік материалдардың тарихының тереңдігі 1887 жылы Санкт-Петербургте Императорлық ғылым академиясының баспаханасында басылып шыққан Патша үкіметінің қазақ даласын зерттегендегі археологиялық комиссияның 1882-1888 жылдардағы есептері жинағынан бастау алады. Жинақта императорлық археологиялық комиссия орыстың жерінен алшақ орналасқан Ежелгі Шығыстың қорғандарын, ескерткіштерін зерттеу мақсатында Орта Азияның өңірлеріне қызығушылық танытқаны жазылады.
Мысалы, 1867 жылы археологиялық комиссия Сырдарияның сағасындағы ежелгі Жанкенттің қирандыларын зерттеу үшін Орта Азияға Лерх атты шығыстанушы археологын алғаш рет аттандырған екен. Оның артынша 16 жылдан кейін Түркістан генерал-губернаторының эксперимент түрінде жүргізген Самарқанд маңындағы Афрасиаб қаласындағы қазба жұмыстарына қызығушылық тудырған археологиялық комиссия Санкт-Петербург университетінің профессоры, шығыстанушы Н.И. Веселовскийді Афрасиаб елді мекенінде, осы аймақтың басқа да ең қызықты жерлерінде және жалпы Түркістан өлкесінде жүйелі түрде қазба жұмыстарын жүргізіп, археологиялық зерттеулер жасау үшін жібергені, сондай-ақ оның жұмыстарының нәтижелері баяндалады. Бұл жинақ бүгінгі таңда қазіргі археологиялық зерттеушілерге көптеген нұсқаулық береді деген сенімдемін.
Бұдан бөлек, кітапхана қорында экономика, саясат, халық шаруашылығы бойынша анықтамалық әдебиеттер бар. Мәселен, «Материалы по обследованию переселенческого хозяйства в Туркестанском крае» (1909), «Атлас Союза Советских Социалистических Республик» (1928), «Средне-Азиатские Республики» (1928), Тұрар Рысқұловтың «Түрксіб» жинағы (1930), «Қазақстанның он жылы» (1930), Борис Полевойдың Мәлік Ғабдуллин туралы «Рождение эпоса» (1943), «Материалы по казахскому обычному праву» (1948), сондай-ақ «Авангард Красного Востока» (1921), «Ауыл кәмөнісі» (1932-1938), «Большевик Қазахстана» (1931-1952), КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы (1965-1991), ҚазКСР Ғылым Академиясының жаршысы (1946-1991), «Вопросы истории» (1945-1979, 2001-2022), РКП(б) Қырғыз (Қазақ) Облыстық Комитетінің «Известия» газеті (1920-1924), «Исторический вестник» (1883-1917), «Исторический журнал» (1937-1945), «История пролетариата СССР» (1930-1935), «Каторга и ссылка» (1933-1935), «Красный архив» (1926-1940), «Народное хозяйство Казахстана» (1926-1989), «Революция и национальность» (1931-1937), «Современный мир» (1888-1917), сияқты басылымдар мен жинақтар оқырмандардың көп қолына тимеген тың ақпараттардан сыр шертеді.
Сондай-ақ әр түрлі жанрдағы әлем классиктерінің шығармашылығы да баршылық. Солардың бірі – жазушы, сатирик Франсуа Рабленің 1938 жылы латын графикасында қазақ тіліне тәржімаланған «Гаргантюа және Пантагрюэль» романының екінші томын айтуға болады.
Архив өзі құжаттық дереккөздер негізіндегі жарияланымдарға ерекше назар аударып, 100-ден астам құжаттық жинақтар мен деректі басылымдар шығарған. Мұндағы негізгі тақырыптар «Алашорда» партиясының тарихы, ұжымдастыру кезеңі, аштық және саяси қуғын-сүргін мен 1930 жылдардағы депортация тарихына арналған.
Мысалы, «Қазақстан Халық Комиссарлары. 1920-1946.» (2004), «Наркомы Казахстана» (2007) атты анықтамалықтары 1920 жылдан бастап 1950 жылдарға дейінгі Қазақстан Үкіметі мен халық комиссариаттарының басшыларының өмірбаяндарымен, сондай-ақ Қазақ КСР басқару органдарының құрылымымен таныстыратын тұңғыш іргелі басылымдар болып табылады. Жинақтар қоғам қайраткерлерінің анықтамалық архивтік материалдары негізінде дайындалып, олардың фотосуреттерімен толықтырылған. Тарих жеке тұлғалардан құралады деген қағиданы ұстансақ, бұл кітаптар тарихшылар мен зерттеуші саясаттанушыларға бағыт берер құнды материалдар деп білеміз.
ҚР Президенті Архивінің басып шығарған 20-жылдардың аяғы мен 30-жылдардың басындағы қазақ даласындағы нәубеттің қасіреті мен тағылымын зерделейтін жинақ кітаптарының айтары бір бөлек. Мәселен, «Насильственная коллективизация и голод в Казахстане в 1931-1933 гг.» (1998) жинағында сол уақыттағы сталиндік күштеп ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың мән-жайлары мен халықтың жаппай қырылуына қатысты құжаттар мұқият пысықталып, жинақталған. «Из истории депортаций. Казахстан» (2012, 2014, 2022), «Трагедия казахского аула» (2013, 2018), «Страницы трагических судеб» (2002) жинақтарында КСРО-дағы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болып, абсурдтық айыптаулардың объектісіне айналған тағдырлар иелерінің «халық жауы» атанып, кеңестік жүйенің тозағының барлық шеңберінен тірідей өткен азаматтардың өмірбаяндық анықтамалары мен отбасы мүшелерінің естеліктері жарияланған. Жинақтарда нақты адам тағдырының объективі арқылы 1920 жылдардың аяғынан бастап Кеңес мемлекетінде болған жаппай террорды жүзеге асыру тетіктері, осы оқиғалардың қайғылы салдарлары айқын көрсетілген. Естеліктер ХХ ғасырдың басы мен бірінші жартысындағы қазақстандықтардың өмірі туралы дереккөздерден тұрады. Бірқатар естеліктерде генеалогиялық сипаттағы ақпараттар бар.
«Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 гг.» атты архивтік құжаттар негізінде жарық көрген жинақ 1997 жылды «Қоғамдық келісім және Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жариялау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығын іске асыру мақсатында тәуелсіз елдің архившілерінің жұмысының өзіндік есебі ретінде жарық көрген басылым. Мұнда 1937-1938 жылдардағы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің қасіреті туралы құжаттар жарияланған. Жинақтағы құжаттар тоталитарлық мемлекеттің қоғамдық санаға әсер ету механизмін дәлелдеп, әкімшілік органдардың азаматтарды жаппай қырып-жою режимінің тапсырысын орындағандарын және сол уақыттағы процестерге қоғамның өзіндік реакциясын айшықтайтын нысандары мен тәсілдері көрсетілген.
Кітапхананың құнды сөрелерінің бірі – энциклопедиялық басылымдар.
ХІХ ғасырдың аяғынан бастап кеңестік дәуір, бүгінгі тәуелсіздік Қазақстанның тұсында жарық көрген энциклопедиялардың бағыты мен мазмұнына сай адамды баурап алып кетеді. Атақты энциклопедиялардың бірі 1890-1907 жылдардағы Ф.А. Брокгауз бен И.А. Ефрон басып шығарған «Энциклопедиялық сөздіктің» (Энциклопедический словарь) 89 томы кітапхана сөресінде тұр. Ең өкініштісі, қазақ тарихына қатысты «К» әрпіне арналған томы ертеректе жоғалған. Сонымен қатар кітапхана қорында «Большая Советская Энциклопедия»: 1926-1947, 1949-1958, 1969-1978 жылдар аралығында шыққан басылымдары, «Великая Отечественная война. 1941-1945 гг.» 1985, «Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық» 2005, «Военная энциклопедия Казахстана» 2005 жылғы 2 томдығы және басқа да салаларға бағытталған энциклопедиялық анықтамалар мен сөздіктер орналасқан.
Қазақстанның мемлекеттік және қоғамдық-саяси көшбасшылары туралы соңғы жылдары жарық көрген әр аулан жинақтарда аз емес. Мәселен, Д. Әшімбаевтың «Кто есть кто в Казахстане» (2001-2013), М. Қасымбековтың «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті туралы очерктері» (2013) және басқа басылымдарды айтуға болады.
ҚР Президенті Архивінің кітапханасындағы екі ғасырдың қою тарихына қаныққан құжаттар мен кітаптар әрқашан уақытқа бағынбай құнды болып қала береді. «Жақсы кітап – жан азығы» демекші, мұндағы тарихи-мәдени құндылықтың әр алуандығы әрбір оқырманның жүрегіне ерекше жол табатыны анық. Ендеше, жоғарыда аталған жинақтармен, әдебиеттермен және архивтік тарихи құжаттармен танысамыз деген барлық оқырманға Архивтің кітапханасы әрдайым ашық.
ҚР Президенті Архивінің
бас сарапшысы Н. Исаева,
аға сарапшысы Н.Тоқсабаев