Көркемши мен көркемкиіз әлемі
11.04.2023
714
0

Бірінші тыныс

     Баяғы жылдары, көктемнің соңын ала, біздің анамыз балаларын қырқаның бөктерінде қадау-қадау өсетін шиді орып келуге жұмсайтын. Олардың бас-аяғын бірдей қылып қиып, аршып-тегіс­теп алғаннан соң бойы бір метрдей екі қазық қағып, оған адал бақанды көлденең бекітіп байлайтын. Сосын өзен сағасынан жинатып әкелген, сопақтау, көлемі жұдырықтай тастарды жұп қылып, әрқайсына үзілмейтін, ширатылған жіп орайтын. Әлгі қосақтаулы тастарды адал бақанның бойына қоржын етіп, арасын бір кездей қылып тізіп шығатын. Сөйтетін де манағы дайындалған шиді адалбақан үстіне бір-бірлеп қойып, тастарды оның үстінен кезек-кезегімен ерсілі-қарсылы аударып, бекіте беретін (жіп ақырындап қисайып, бір жағына тартып кетпес үшін адалбақанға сәл кертіп белгі соғатын, жіптер қысқарған са­йын орамасын әнтек босатып, ұзартып та алатын). Тастарды тегіс аударып біткен соң келесі тал шиді қояды. Үрдіс қайта жалғасады. Сөйте-сөйте бір құлаш, одан қос құлаш, одан да ұзын, біркелкі әсем тоқылған, ақшағи ши дүниеге келуші еді. Біз анамызға болыса көмектесіп, бақылап, жасағанына сәп-салып тұрып, артынша үйреніп, өзіміз де тоқып кететінбіз.
Киіз үй тіккенде тоқылған шимен кереге сыртын орайтын. Туырлық пен керегенің арасын жарастырып тұратын ши шіркін әрі көрік, әрі қорған болушы еді. Артылғанынан сықырлауықтың сыртынан шаңырақтан төмен қарай төгіліп тұратын қосымша есік жасайтын. Шидің сыртын киізбен көмкеретін. Күндіз сықырлауықтың маңдайшасына ішіне қаратып бүктеп бекітіп қоямыз да, кешке бүктеуін жазып, төмен түсіретінбіз. Анамыз тоқылған шиден өренің астына құрт пен ірімшік кептіретін төсеме де жасайтын. Шиге орап киіз де басатын.

* * *

Ғасырлар бойы қазақтың тұрмыс-тіршілігімен бірге ғұмыр кешкен ши тоқыма – заман өзгеріп, дәстүр-салт басқа сатыға көтерілгенінде, Райгүлдей суретшілердің болмысына көшіп, ілгері дамып, көркем де сырлы қалыпқа еніп, қазір рухани сұраныстың үддесінен шығып отыр. Һәм кәсіби қолөнердің ажырамас бір тармағына айналып, жасағанды да, көргенді де риза-қош сезімге бөлейтін қасиетке де ие. Ол экологиялық таза, уақыт тезіне төтеп беретін, бүлінбейтін, ықшамды, тасымалға ыңғайлы екенімен де ерекше.
Райгүл Ахметжанова қазақтың ши тоқу өнерін алғаш өзінің апа-әжелерінен сіңірсе, кейін музейлерден оюлап жасалғандарын көріп, өзі секілді әріптестеріне көмектесе, тәжірибе алмаса жүріп осы өнер түрін дамыта көтеріп әкеткен болатын. Оны сұрыптап, жуан-жіңішкесіне қарай жұмысқа ыңғайлап, жіп орап, сыртына қылшығы шығып тұратын шөптер пайдаланып, жалтырақ таспаларды, түрлі-түсті қағаздарды да қолданды. Сондай-ақ бұл өнерге керамика, сымтемір, киіз араластырып, тосын сипат жаңалықтар енгізіп, уақытпен бірге дамып, заманымен үзеңгі қағыстырып тең жүретін қасиет, алуан түр дарыт­ты. Тігістерінің өзіне қалың да жіңішке, әрқилы жіптерді мейлінше пайдаланып, әрі тігіп, әрі фактура етіп қолдана да білді. Шиді қисайтып, майыстыра отырып, оған киіз моншақтар тағып, ағашпен әдіптеп, саңылау қалдырып кету секілді бұрын-соңды болмаған амалдарды еркін қолданысқа енгізген де – өзі. Тұйықтап, желімдеп, процесс барысын мейлінше байытып, әбден шегіне жеткізе шеберлігін де шыңдады. Шиден небір геометриялық фигуралар құрастырып, жан-жануар, боталы түйелер жасап, таңсық дүниелерге «өмір сыйлады».
Райгүл шебер алдымен сурет жобасын қағазда жасап, оның үстіне сол эскизбен сәйкес келетін жіптер оралған шилерді қойып, әр тұсынан уақытша бекітіп, мейлінше композициясын пісіріп, түр-түсін тауып алған соң, қауырт тігіп, бітіріп шығатын. Сатылымға шыққан, шиден жасалған кәдесыйларға галереялардан, банктер мен сақтандыру компанияларынан молынан сұраныс түскенінің арқасында ши өнерінің дәурені жүрді. Көркемшиге қызығушылар шебердің қолынан шыққан бұйымдарды толайым әкетіп, Абай, Құрманғазы бабалардың, Жамбыл Жабаев, Мұхтар Әуезовтің портрет­терін жасатып, бірінен-бірі бағасын асырып сұрап, таласа жұмысқа шақырып, абыройы аспандады да. Соның арқасында арнайы цех ашып, бай тәжірибе жинақтады да.
Туабіт­ті өнерді қиялда қорытып, ілгеріден көре біліп, алдын-ала сезіну қасиеті де Райгүл суретшіні өзгеден ерекшелей түскен. Ши тоқу өнерінің дәстүріне еш залал келтірмей, оны дамыта, кемерлете кемелдендіріп, көркемшидің адамның жан толқынысын, астарлы ойды беруге қабілет­ті екенін дәлелдеп шыққан да – осы кісі. Ілінген тұсындағы қабырға түсімен үйлесе кететін, үш өлшемде (ЗD) көрініс тауып, интерьердің кеңістігімен қосыла «дем алатын», ғимарат, бөлме түстерімен сәйкесінше жараса қалатын икемді мүмкіндігін және ашты.
Шиден жасалған көне де жаңа бұйым­дарды әлем аралат­ты, болашаққа самғат­ты. Көркемшидің ішінде жатқан мол мүмкіндікті ашқанының нәтижесінен шығармалары Еуропа, Америка, Жапония секілді құрлықтарды асып, айтулы деген, атақты деген адамдардың, саяси тұлғалар мен өнер тарландарының, офистердің төрінен орын алғаны – осы сөзіміздің дәлелі. Райгүл ісмер әрбір тал шиге жіп орап, тігу бейнетінен рахат тапты. Шығармашылық қуанышымен жанына қорек тарады.

Екінші тыныс

Жаз ортасы болғанда анамыз бағып отырған малымыздың ішінен әбден семіріп тоқтыдай болып қалған, қоңды, ақ марқа қозыларды іріктетіп, қырықтырып алатын. Қырқылған жүнді түтіп, тазалап шиге орап, ыстық сумен суарып, таптап-жаншып, білектеп киіз басатын. Ап­пақ киізден, неше түрлі бұйымдар жасайтын. Анамыздың қолынан шыққан ақ киіз бас киімге, шапанға айналушы еді, төсеніш, тоқым да болатын. Ақшаңқан киізі ылғи жанымызда болушы еді. Көркімен жанымызды, жылуымен тәнімізді әмсе жылытып жататын.

* * *

Халқымыздың өмір сүру қадетімен бірге жасасып, оны өркениет есігіне әкеліп кіргізген киіз шіркін бұл күнде өнер туындысына әсем бір үйлесіммен келіп, Райгүл Әбдірахымқызының шығармашыл әлеміне құт болып кірді. Ойсыл-Қара малындай құт­ты да берекелі өнерге айналды. Райгүл суретші таза киізге жан-жақты қуат бітірді. Көне дәстүрді бүгінгі сұраныспен ұштастырып, қолынан қазіргі ғимарат­тар қабырғаларына ілетін заманауи шығармалар шығарды. Батыл шешімде, ойға келе бермейтін туындылар жасады.
Суретші қолданған киіздер – бірде ақ, бірде сұр, бірде тап көнедегідей құрым, енді бірде боялған, көз тартар түрлі-түсті… Сапалы… Олар бірде «Таңбалы тасқа» сапарлайды, бірде «Жібек жолына» түседі. Енді бірде «Жыл мезгілдеріне» айналып, ән-әуенмен туысып, қазақ кеңістігінен шығып, әлем саздарымен де барып табысады.
Райгүл суретшінің «Күзі» – әп-сәт­те дүниеге келгенімен ерекше шығарма. Биіктігі енінен үш есе ұзын, жүйкелері көлденең ақ матаны жайып жіберіп, оған ақ жіптерді шашып, оның үстіне қызыл, көк, қоңыр, сия көк жапырақтар кейпіндегі қиындыларды тастап, одан соң ашық жасыл, аспан көк, сары, ақ түсті таспа-ленталарды оңды-солды, иірім-иірім етіп, жоғары-төмен шиырлатып, жіп-жіңішке, нәзік реңді жіптерді бірде уыстай, бірде селдіретіп және қосып, ыстық үтікпен үстінен басып-басып жібергенде киіз бен матаның, жіптердің екі ортасындағы көзге көрінбейтін түссіз желім оларды киізден сілкілесе түспейтін етіп бір-біріне туыстырып, жабыстырып тастайды.
Шығарма – соншалық табиғи. Күз екеніне шүбәсіз сендіретін, ретсіз шашылып жатқан, әйтсе де сол ретсіз «ырғағымен», күздің мол бояуымен өзіне тартып, көрушіні жібермей тұрғаны. Екі қапталын боз киіз көмкерген, көлденең сызықты ақ мата үстіне түскен жіп шоғыр – шаршының үштен бірін ғана иемденіп тұр. Оң мен солындағы боз киіз беті иен. Егер, жапырақты жіптер шоғыры шаршы кеңістігін тұстас алып жатса, шығарма осынша тартымды болмас па еді? Суретші-шебер шығарма әлемін біресе бос тастап, бірде алақандай бос жер қалдырмай, тұтас қолдану арқылы көрушінің қабылдау түйсігін ерекше күйге бөлейді.
(Райгүл суретші сөзге жоқ, өзі айтып-түсіндіріп бере алмайтын, санаға сарт ете қалған тылсымнан келген найзағай мінезді, информ цияны шапшаң қабыл алып, оны шығармасына апаш-құпаш түсіре салатындардың қатарынан. Онысына өзі де риза, өзге де барақат тауып тұрғаны. Һәм әдет­тегі қарапайым қалпынан сәт­ті шығып, өткізгіш рөлін атқарып тұрғаны. Халқымыз «арқасы бар» деп әспет­теп айтатын жандар осындай болса керек).
Шебердің «Қараша» ат­ты туындысы – ап­пликация әдісімен шешілген шығарма. Ақ киіз үстіндегі сұр, боз, алқоңыр, көк, күлгін түсті киіз қиындылары тік төртбұрыш үстінде композициялық «ойын» ойнайды. Түзу сызықтар мен ирек сызықтар қарама-қайшылық арқылы үйлес табады. Ахромат­ты киіздер үстіндегі жіңішке сызықтар түсінің алуандығы көріністі күшейтіп, шығармаға жан дарытады. Әр-әр жерде ілінген оншақты жапырақ дақ міндетін атқарып, орын-орындарына дәл қойылыпты. Бұл киіздердің терезе сынды әр жерінен тік төртбұрыш пішінде, ұзынша, тік етіп қиып, алып тастаған саңылауынан ақ киіз көрінеді. Оны шимай лента, түрлі-түсті сызықтар басып өтеді. Тағы да бей-берекет хаос ішінен бір-бірімен соншалық үндестік тапқан суретшінің шеберлігіне тәнті боласыз. Қарасаңыз, «жол жөнекей өскен шыбық-тал, бірде бояулы, бірде сұр қабырғалы қала үйлері, аспан шеті» дейтін құт­тай бір пейзаж осылай, сурет тілімен «әңгіме» айтады (иллюстрация емес, нағыз сурет әңгімесін шертеді).
«Көктем» туындысы да шаршы ақ киіз үстіне «жазылған». Мұнда түрлі-түсті, ені бір сәнтімдей, біркелкі жібек бауларды жоғарыдан төмен жапсырып шыққан екен. Араларындағы мөлдір, түссіз таспаның өзі де көктемнің нәзік табиғатына меңзеп, дауыстамай, дабыстамай, жұмсақ қана әуендетіп, баяу ырғалады. Штрих пен бос кеңістік арасы таразы басы тең түсіп, әткеншек тепкендей үйлеседі. Бәлкім, сәмбі тал, мүмкін құбатал… Тал діңдерінде бірде бір бұтақ не бір түйір бүршік, не бір жапырақ жоқ. Әйтсе де шыбықтардың өздерінен ғана көктем екеніне бірден нанасыз. Әсем үйлесті жібек баулардың өзі ғана киізбен соншалық жарастық тауып, суретшінің жұмсақ та биязы болмысынан әлсін-әлсін хабар беріп, биік талғамы мен мәдениетін оқтын-оқтын ескертіп тұрғаны… Шығармада мін жоқ. Картина да – өзі, паспарту да – өзі, керексе рама-багет те – өзі.
«Жібек жолында» – балдақ оюы қайталанып, жібек баулар мен киіз құрақты молынан пайдаланған «картина». Бұл – түйелер мен тау-ешкілер таңбаланған, ирек сызықтар мен тік те көлденең сызықтардың қисыны, үшбұрыш, дөңгелек, төртбұрыш секілді геометриялық кескіндер үйлесі… (Біз шығарманың композициясы мен түр-түс, үйлесімін ғана айтып отырмыз. Оның мәнін суретшіден сұрар болсақ, «Жібек жолы» бізді талай жерге апарары және сөзсіз).
Суретші өз шығармаларында ақ, боз, сұр түстердің жалпы колорит­ті ұстап, хроматикалық түстерді көрнекілеп тұратын қасиетін молынан пайдаланады. Мұнда да көркемши әдісіндей, болашақ «картинасын» алдын-ала болжап алып, жаймалап, үстіне түр-түсті, қиындыларды қойып көріп, ысырып, орындарын ауыстырып, мейлінше індете-іздеп тауып, сонан соң ғана қауырт, тездетіп жапсырып, бекіте тігіп, жапсыра бітіріп шығады. Шығармаға балғын сипат береді. Қай кезде де, осы қазір ғана қолдан шыққандай әсерлі, жап-жаңа болып қабылданады.
«Кездесу» дейді? Мұнда қарақұрым киіз ақ киізбен ұшыраса ма? Олар бірі-бірімен ала жіп арқылы жиектеле ме? Кизідердің үстінде қызыл түс пен сұр түсті жіптер кездесе ме? «Екі түрлі теректің бұтақтары. Қоңыр төбе, ашық аспан» дейтін қып-қысқа сөйлем бейнеге айналғанда, соншалық тартымды көрініс болып кететіні қалай?

* * *

Біз «Таңбалы тас» көрмемізді жасар кезде, петроглифтерді зерт­теу барысында жартас сурет­терінің дені – таутеке, арқарлар екеніне көзіміз жеткен болатын. Райгүл ісмердің «Таңбалы тас» тақырыбындағы Шек-шек ата түліктерінің мол сұлбасы да сол пайымымызды қуат­тай түседі. Бірде сұр түсті киіз бетінде аралас «жайылады», бірде қан-қызыл түстің үстінде бәрі бірдей бір бағыт­та «желдеп кетеді». Текесі бар, серкесі бар, тушасы, шыбышы, лақтары бар, (тоқалы жоқ) бір өңкей ай мүйізділер шерулетеді. Мұнда да жеке-жеке соншалық бейнетпен бір-бірлеп қиып алып жапсырған ешкі малының ақ, сұр, боз түсті мол селеуеті күрең фонмен бек жарасып, сары көкшіл, көк, қызыл түстерді «алға итеріп» көрушінің назарына бағыт­талады.
Жануарлар эпостық жырлардан созыла шерлене жеткен «шөре-ай жануар, шөре-ай» дейтін, ғасырлар қойнауында ұмыт қалған кейіпкерлердің сарынына елти ме? Сол дабысқа ере түсе ме? Әлде, бізге, адамдарға ишаралап, «бірге болайық» дей ме? Әлде, «бір бағыт­та қозғалыңыздар» дей ме? Бәлкім, «әлем – біртұтас» деп тұрған болар?..

* * *

Суретші Райгүл Ахметжанованың шығармашылығын сөз еткенде біз ол кісінің талғамын, түс танығыш екенін айрықша айтқымыз келеді. Сезімтал қабілетіне, шығармаларының бояу үйлесімі бай да биязы екеніне баса назар аударғымыз да келеді. Палитрасынан түсті жақсы алатынын, түстер үйлесіміне аса ден қоятынын, уақытының көбін түс іздеумен өткізетінін, басқа тілде «колорист» дейтін терминінің осы суретшіге тән екенін де айтуымыз керек шығар? Әрбір тал бояулы жіпті тарқатып, селдірете тарақпен тарап, ол жіпке келесі бір бояуы бәсең жіпті де, тарқата, екеуін бірге тарап (тап біздер, суретшілердің палитрада шикі бояуларды бір-бірімен мейлінше араластыра «тірілтіп» рең іздегеніміз секілді), араларына боялған жүннің түстік өңін жұмсақ үйлестіріп, бір түстен бірнеше рең тауып, оларды мейлінше қанықтырып, ойындағы композиция түр-түсімен сәйкес келетіндей етіп, діт­тегенін тап­пай қоймайтын жанкештілігін, сәнді, «айғайшыл» бояулы жіптерді бәсеңдетіп, мейлінше жұмсартып, ашық-айшық бояуды реңге-колоритке айналдыратын, сөйтіп көркемшидің әлеуетін кескіндемемен бой таластыратын дәрежесіне де тоқталуымыз керек болар?
Райгүл шебердің шығармалары музыка мамандарының «есту қабілетінің шарықтау шегі» дейтін сөзінің бейнелеу әлеміндегі нұсқасындай. Ол – халықтық дәстүрді оқыған-тоқығанымен қорытып жаңа, заманауи һәм ұлт­тық сипат берген адам.
Суретші қыздың қанында келгенін, ауылда көргенін, жүре бойына сіңіргендерін, оны шет елдің ірі қалаларында алған жоғары кәсіби мамандығымен тұтастыра байытып келгенінің өзі – суретшінің тәлейіне жазылған айрықша бақ қана емес, халқымыздың үлкен олжасы деп қарауымыз керек.
Райгүл Ахметжанова – өзінің туабіт­ті бай қабілетін барынша дамытып, түс тануды ғылыми негізбен астастыра білген өнер адамы. Қазіргі замандастарымыз бәсін төмендетіп алған түстану әлемін биік деңгейден еш түсірмей жұмыс істейтін, сирек талғам иесі. Ұлт­тық сипатпен, ұлт­тық көркемдік шешіммен жалғыз рет жасалатын, әсте қайталанбайтын аса қат дүниелер жасап жүрген кісі.
Кім біледі, бұл кісіден жақсы кес­кіндемеші де шығатын ба еді? Бірақ қазақтың кәсіби қолданбалы өнеріне біржола түскені ең ұтқыр шешім екенін уақыт дәлелдеп отыр. Суретшінің алған-тапқан, игерген бояулар гаммасы кәсіби жоғары деңгейде шешілетінінің арқасында осы күні түстер үйлесімінің айтулы да танымал шеберіне, бірегей тұлғаға айналып отыр.
Аға буын, Райгүл мен Қалиолла Ахметжановтардың өзімен бірге алып бара жатқан ұлы құндылықтарының бірі, осы – түс танығыштығы. Ұлтымыздың ғасырлар бойы сіңірген бояулар үндестігін дамытып, оны шығармашылық жолына шамшырақ етіп алғаны – үлкен құрметке лайық.
Ендігі алабажақ көрмелер көңіл көншіте ме? Райгүл суретшінің шашудай шат шығармалары жалғасын таба ма? Сабақтаса ма?

Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ,
суретші

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір