АЛАТАУ – АЛМАТЫ
Қазақта «Мәскеу көрген» деген өлшем бар. Мәскеу көрген қазақ – Тәңірдің таңдауы түскен, ерекше жан. Мәскеуге жету – әлемнің төбесінен қараумен тең. Басқа-басқа, қатардағы жалбатымақ қойшыға дейін озат шопан атануға барын салғанда, Мәскеу туралы ойламай қалды деймісіз. Мәскеуге жету… «Мәскеу көрген» дәрежесіне жету… Әжіге барып келгеннен артық болмаса, кем емес еді.
Ал біздің санамызда қала деген түсінік – Алматы болып таңбаланыпты. «Өскенде Алматыға кетем», – дейтін қай бала да. Әлі көрмеген, қиялдағы Алматы – әр күні шуақтан, ғажайыптан ғана тұратын құт мекен. Өмір жайлы таным-түсінігі қалыптасып болмаған жас өскіннің санасы өмір сүруді Алматымен ғана байланыстыратын. Біздің ұғымымызда, мектеп бітіріп, ауылда қалып қоюдан асқан қорлық жоқ. Тіпті, қала барып, оқу бітіріп (оқуға түсе алмай), ауылға қайта оралған аға-әпкелерімізге деген белгісіз бір реніш көкіректі тепкілейтін. Алматыға аяғы жете тұрып, тұрақтап қалмай қайтып келу – Алматы туралы асқақ қиялымызға қиянат сияқты көрінер-ді.
Алматылық болдық. Өзгерген ештеңе жоқ. Ақындар да әу баста ару қала деп құшып, көп ұзамай тас қала деп тәрк етіп жатпаушы ма еді, бізді де жалықтырған кезі аз болмапты. Рас, барып, демалып қайтқанға ауыл жақсы. Бірақ соның өзі уақытша ғана екен. Алыстан Алматы қол бұлғайды. Жаңа көргендей алып-ұшып қайта жетесің… Бір қызығы, алыстаған сайын ынтық қылып, қол бұлғап тұрғандай көрінетін Алматы қасына келгенде салқын тартқандай әсер етеді. Алдыңда асқақ кейпімен немқұрайлы қарап, өз бағасын білетін кербез қала тұрады. «Менен асып қайда барам деп едің» дейтіндей жұмсақ қана.
Жастығы осында өткен аға-әпкелер қыдыра келген әр сапарында көлденеңге көз қылып айтып жатады: «Алматының кептелісі-ақ жарты ғұмырыңды түгескендей». Көктөбе мен Медеудің биігінен мұнартып тұрған Алматыға көз салып тұрып та: «Алматы ойда орналасқан ғой, ауа алмасу қиын. Адамдардың осы ауада тұншығып өмір сүріп жатқанын ойласам, жүрегім ауырады», – дейді қарап тұрмай. Бірақ соның бәрінікі-ақ әшейін сөз. Көмейін түрткілей түссең, ақтарылып түскелі тұр. Бір әріптесім айтып еді: «Шіркін, Алматы – Алматы ғой. Қадірін біліңдер. Кейде түннің бір уағында оянып кетем. Алматыда жатқан сияқты бір күй кешем. Атып тұрып, алқынып балконға шығам. Сонда ғана мен тұратын қала – Алматы емес екенін көрем де, ұзақты түнге бірдеңемді жоғалтқандай сенделем де жүрем».
Бірнеше жыл Лондонда оқып келген бір жігіт айтыпты: «Самолеттен түсіп, таксиге отырған сәттен-ақ өзімнің Алматымды жазбай танимын: Жүйкесі жұқарған, не нәрсеге де кіжініңкіреп тұратын асығыс адамдар, боқтық араласқан сөздер…». Алматының жүрек-қолқасын еркін аралап, етене болған жан болсаңыз, сүйікті қалаңыздың мұндай кейпін де кешіріммен, тіпті, әлдебір махаббатпен қабыл аларыңыз күмәнсіз. Жүйкесі жұқарған адамдарың не, одан зорғыны көрген талайғы Алматы да онша-мұншаға айылын жия қояр деген…
Сырға берік байырғы досы Алатауға арқасын сүйеп ап, көсіле түседі. Мәңгіліктің шежіресін шертіп…
Алмас НҮСІП.