Алтай мен Алатау арасын ән мен жырға бөлеген…
19.11.2024
366
1

7 қараша күні ақын, әнші, аудармашы, журналист Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» жастар мемлекеттік сыйлығының иегері, «Жыл адамы — Алтын Адам» атағының иегері, көптеген жыр мүшәйраларының жүлдегері Ақсұңқар Ақынбабаның атажұртына оралуына 30 жыл толуына орай, Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығы қарсаңында «Алтай — Алатау арасы» шығармашылық кеші өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінінің қолдауымен Құрманғазы атындағы Ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерт залында өткен кеш шымылдығын әйгілі Құрманғазы атындағы оркестр ашып, аталған министрліктен және Жазушылар одағынан арнайы келген өкілдердің құттықтау хаттары табыс етілді. Ақынның Алматының төрінде дүркіреп өткен кешіне Қазақстан Жазушылар одағы мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы да қолдау көрсетіп, атсалысты. Біраз үзілістен кейін көпшіліктің алдына қайтадан шыққан ақын шығармашылық кешін «Рух мәңгі» деген өлеңі мен «Мен оралдым» (әні Бейбіт Оралұлы) деген өз орындауындағы әнмен бастады.
«Алтай – Алатау арасы» шығармашылық кеші аты айтып тұрғандай ақынның осы отыз жылда жинақталған шығармашылығын поэзия мен ән әлемінде шебер үйлестіре жеткізген жырларымен де, әуелете салған тамаша әндерімен де екі сағатқа жуық көрерменге керемет бір рухани сыйлық жасаған жоғарғы деңгейде өтті.
Кеште Ақсұңқардың поэзиясынан «Азаттық рухы», «Алтай жыры», «Романс» атты поэтикалық қойылымдар Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық жасөспірімдер мен балалар театры актерларының, Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжі студенттерінің қатысуымен қойылып, танымал жас әншілердің орындауында «Мәңгілік ел»(әні Б.Оралұлы), «Түркістаным – Тұраным» (әні А.Сәндібайұлы) әндерінің тұсауы кесілді.
Шығармашылық кеш туралы «Хабар»,»Қазақстан», «Алматы» телеарналары мен «Шалқар» радиосынан тікелей эфирде ақпараттар таратылды. Кешті ақынның арнайы тапсырысымен жазылған Ясира Зақанқызының «Бәрі жақсы болады» атты жаңа әнін әуелете шырқап қорытындылаған Ақсұңқар Ақынбаба кештің сәтті өтуіне қолдау көрсетіп, атсалысқан барша жанашырға, ел-жұртына шын жүрегімен алғысын жеткізді. Ақынның алыстан арнайы келген ағайындары Ақсұңқардың иығына шапан жауып, медаль тағып, ат мінгізді.

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 21.11.2024 | 15:27

Керемет!!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір