Асқақтай бер, «Алатау»
28.12.2024
87
0

Дәстүрді дәріптеген театр

   Алып Алатаудың алқабындағы ару қала Алматыдағы ұлт қазынасын ұлықтап отырған «Алатау» дәстүрлі өнер театры үшін 2024 жыл ерекше жетістіктер мен шығармашылық табыстар жылы болды. Театр ұжымы өзінің көптеген ауқымды шараларымен, жаңа премьералары, халықаралық шараларға қатысуларымен және кәсіби дамуымен еліміздегі және халықаралық мәдени байланыстарға, ұлт­тық өнер саласына елеулі үлес қосты. Қазақтың рухани құндылықтарының бірі – ұлттық өнер. Ал дәстүрлі өнер – халықтың рухани өмірлік қажеттіліктерінің ерекше формасы.
Театр директоры Мақсат Нуралиев: «Еліміздегі бірден-бір дәстүрлі өнер театры ретінде ұлттық дәстүрлі ән-жырлары мен фальклорымыздың бай мұрасын бүгінгі күнге лайықтап, мемлекетіміздің идеологиялық бағытына сәйкес іс-шараларына үн қосып отырамыз», – деді өз сөзінде. Осы жылы көрерменге жол тартқан «QULAN» феериясы – мемлекеттік тарихымыздың бастауындағы Жошы хан құрған Алтын Орда ұлысының 800 жылдығына орай қойылды. Бұл спектакль 12-13 шілде күндері көрерменге ұсынылды. Аңызға негізделген феерия жанрындағы қойылымның режиссері – Арухан Заханова. Авторы – өзім (Ардақ Беркімбай).
Көпшілікке аян, «Ақсақ құлан» – даналықтың, күштің және қайтпас рухтың символы іспеттес. Осындай халық аңызынан шабыт алған пластика мен сазды әуен қойылымда біртұтас ағымға тоғысып, оқиға көркемдік шешімдермен баяндалады. Халқымыздың түпкі тамырына айналған «Ақсақ құлан» аңызының желісіндегі ерекше жанрдағы қойылым көрерменнің ықыласына бөленген, театр жұмысындағы бір үлкен белес болды.
Театрымызда басқа да қойылым жанрларына эксперимент жасап, көрермен аудиториясын кеңейту мақсатында «Alatau Fm радиосы» музыкалық комедиясын қойдық. Бұл қойылым театр репертуарындағы тағы бір жаңалық болды.
«Alatau FM radiosy» жаңа музыкалық комедиясында көрермендерді әзіл-қалжыңы жарасқан бүгінгі күннің кейіпкерлері мен жанды дауыстағы ерекше әндер орындалады. Көрерменнің жасына қарамастан, бұл қойылым барлығына нағыз мереке сезімін сыйлайды.
Спектакль өз арманыңа сеніп, ісіңе адал болуды және  жақындарыңа көңіл  бөлу  секілді  ізгі қарым-қатынасты насихаттайды. Қойылым режиссері – Есләм Нұртазин, композиторы – Ермек Меденов.
Театрымызда Мұхаммед Хайдар Дулатидің туғанына 525 жыл толуына орай «Ұлы дала мұрасы» атты дөңгелек үстел өткен болатын. М.Х.Дулати ғұмыр кешкен замандағы ұлттың сазды әуендері халқымыздың бітім-болмысы мен дүниетанымынан хабар береді. Сол дәуірде жыраулық өнер мен күйшілік өнер ерекше дәуірлеп тұрған заман еді. «Алатау» дәстүрлі өнер театры – аталған дәстүрлі өнер жанрларының бәрінің басын қосқан ұлттық өнердің қарашаңырағы.
Келелі басқосуға «Алатау» дәстүрлі өнер театрының директоры М.Нуралиев, ақын, драматург, «Алатау» дәстүрлі өнер театры директорының кеңесшісі Б.Беделхан, ҚазҰУ филология факультетінің докторанты Н.Үсенова, өнертанушы, дәстүрлі әнші Д.Өміралиевтер және Алматы қаласының жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Дөңгелек үстелде М.Х. Дулатидің ұлт руханиятына қатысты еңбектері, сол дәуірдегі мәдени құндылықтар (жырау­лық, күйшілік, сал-серілік дәстүр) мен музыкалық мұрасы сынды тақырыптар талқыланды. Театрымыздың белгілі жыраулары Аманқос Садықов, Ерсейіт Әлиев, Шаттық Уатқан жиналған көпшіліктің алдында көне жырларды орындаса, күйші Ерасыл Есбердинов пен «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ансамблі «Ақсақ құлан» сынды көне күйлерді шертті. Ғалым Н.Үсенова М.Х. Дулати еңбектеріне тоқталып, зерттеу жұмыстарының барысын айтып өтті.
Халқымыздың біртуар өнерпазы, арындаған ақын, бұлбұл әнші, жыраулық, сал-серілік өнердің жаңғырығындай болған Кенен Әзірбаев атамыздың туғанына биыл 140 жыл толуын театр ұжымы арнайы атап өтті. Ұрпағына телегей теңіз, мол мұра қалдырған Кенен атамызға: «Сіз күміс көмей әншілігіңіздің үстіне әрі ғұлама жырау, әрі әбжіл шешен, байтақ шежіре екенсіз», – деген екен ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов. К.Әзірбаевтың шығармашылығына негізделген «Екі Кенен тумайды» атты қойылым-концертте атамыздан қалған өнердің мол мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, ел алдында тағы да бір жаңғыртқан театр өнерпаздары Дүйсенбек Өмірәлиев, Алма Аманжолова, Қайрат Бектұрсын, Ербол Қуанбек, Айсәуле Қайырғазина, Нариман Абдрахманов, Зарина Рахманбердиева, Ерғали Ағайдаров, Ұлжан Ағлақова, Диас Мұратхан, Ерасыл Есбердинов, Нұрболат Ұзақбай және «Алатау» фольклорлық ансамблі Кенен атамыздың қайталанбас туындыларын орындады. Халық өмірінде Кенен Әзірбаев үн қоспаған, өзінің жарқын талантымен шуағын төкпеген бір де бір айтулы оқиға болған жоқ. Оның тамаша, өшпес туындылары бүгін де осы жауапты, құрметті сапта тұр. Кенен өзінің болмыс-бітімін мәңгі өлмес, өшпес ән-жырымен сомдап кетті. Сан өнерді жарастырып тең ұстаған ұлы өнерпаз, жырау әрі ақын, жыршы әрі күйші, әнші әрі композитор, шежіреші, әрі ел мұрасын сақтаушы үлкен қайраткер. Жетісу дүлдүлі, ақын, сазгер, әнші Кенен Әзірбаев шығармашылығы қазақ халқының ұлттық қазынасының қомақты бөлігі, оның сөздері – кейінгі ұрпаққа тәрбие, ұлағатты нақылдары – өнеге.
2024 жылы театр ұжымы халықаралық деңгейде де маңызды жетістіктерге жетті. Мәселен, 11–16 мамыр аралығында Тюмень қаласында өткен Ресей ашық Чемпио­натында Сауыт Жандос жетекшілік еткен этно-фольклорлық ансамбль
II орын алды. Бұл жетістік театрдың кәсіби деңгейін және өнерпаздардың жоғары біліктілігін тағы бір мәрте көрсетті.
ТМД елдерінің V жастар театр форумында театр ұжымы өз өнерін көрсетіп, жастар театр қайраткерлерінің шығармашылық байланыстарын нығайтуға арналған «Мамлүк. Сұлтан Бейбарыс» саундрамасы сахналады. Дәл осы спек­такль Мәскеуде өтетін А.П.Чехов атындағы халықаралық театр фестиваліне шақырту алды. Фестиваль 2025 жылдың шілде айында өтеді. Фархат Молдағалидың режиссерлігімен қойылған «Мамлүк. Сұлтан Бейбарыс» саундрамасы – өзінің премьерасынан кейін де табысты қойылып жатқан туынды.
Жаңа бағыттар мен жанрларды игерген, батыл қадамдар жасалған осы жыл өзінің жемісін берді. Көрерменге жол тартқаннан бері әртүрлі пікір тудырып, қызу талқыға түскен қойылымдар театр саласының мамандарымен қоса, жалпы, тарихи оқиғалар мен аты әлемге мәшһүр тұлғалардың сахнадағы сомдалуы кімді де болса қызықтырары анық.
19 маусымда театр әртістері Құдыс Қожамияров атындағы Республикалық академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының 90 жылдығына арналған музыкалық қойылымдар фестиваліне қатысып, айшықты өнер көрсеткен болатын. 23-24 қазанда «Екі жұлдыз» I Халықаралық ән фестивалінде Республика күні мен композитор Теміржан Базарбаевтың 90 жылдығына орай, еліміздің әр өңірінен және шетелдерден келген зағип әншілердің қатысуымен ерекше шара өтті.
«Алатау» театры өнерпаздары жаңа марапаттар мен наградалардан да шет қалмады. 2024 жылы театрдың шығармашылық ұжымы түрлі марапаттармен қуантты. Театр актрисасы Лаура Мырзахметова «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталса, Шаттық Уатқан «Халық шығармашылығы» номинациясы бойынша, ал Әсет Есжан «Театр және кино» номинациясы бойынша Дарын мемлекеттік жастар сыйлығын иеленді. Бұл — жас таланттардың үлкен жетістігі.
Сонымен қатар театр әртістері өз кәсіби біліктілігін арттыруға күш салып, 2024 жылы шетелдерде оқу курсынан өтті. Мысалы, мамыр айында театрдың 4 қызметкері Стамбұлда (Түркия) «Foto Life Akademi» киноакадемиясында видеооқыту және монтаждау бойынша біліктіліктерін арттырды. Қараша мен желтоқсан айларында «Istanbul Medipol University» оқу ордасында тағы 15 қызметкер актерлік шеберлік пен театралды менеджмент бойынша оқу курсына қатысты. Бүгінде дәстүрлі театр ҚХР бас консульствосымен мәдени серіктестік орнатып, екі жақты актерлік білім мен кәсібилікті арттыру мақсатында біздің тарап Қытайдың ЖОО орындарымен, халық ансамбльдерімен келіссөз жүргізіп жатыр.
2024 жыл «Алатау» дәстүрлі өнер театры үшін шығармашылық өсім мен табыстарға толы болды. Жыл бойы театр сахнасында 84 іс-шара ұйымдастырылған болса, театр көрермендерінің жалпы саны 92 мыңнан асып жығылды. Театр жаңа туындылар мен халықаралық аренада алған жетістіктері арқылы тек Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде мәдениетке қосқан үлесін айқын көрсетті. Алдағы уақытта да театр өзінің өнер жолында биік шыңдарға ұмтылып, дәстүрлі өнерімізді дәріптеп, бас байлығымыз – ұлт мәдениетін жоғары деңгейде ұсынатын болады.

Ардақ БЕРКІМБАЙ
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының
Әдебиет бөлімі маманы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір