ҚҰМДАҒЫ ҚҰМБЫЛ ТАҒДЫР Алатау театрында «Теміртас» реквиемі
04.02.2025
204
0

Мақсат Нұралиев, Алатау дәстүрлі өнер театрының директоры:
– Театрымызда сахналанған «Теміртас» Біржан сал (реквием) қойылымы көрермендерімізді ерекше әсерге бөлеген туынды болғанын байқадық. Дәстүрлі өнер театры ұлттық өнеріміздің алып тұлғаларын дәріптеп, дәстүрлі өнерімізді ғасырдан-ғасырға жеткізетін алтын көпір іспетті қызметін абыроймен алып жүру – біздің басты міндетіміз, болашақ алдындағы парызымыз. Қойылымдарымыз заманға қарай жаңа формада, ерекше форматта қойылып жатуы да үлкен жауапкершілікті, тынымсыз ізденісті талап етеді. Сондай туындылардың бірі көрермендерімізге жол тартты.

Алдағы уақытта да үлкен жоспарлары­мыз бар. Алматы қаласы Мәдениет басқармасының, қала әкімдігінің қолдауымен жаңа туындылар сахналанбақ. Атап айтсақ, «Дирижер» спектаклі (Нұрғиса
Тілендиев) ұлы композитор Нұрғиса Тілендиев­тің музыкалық шығармаларына негізделген. Музыкалық сүйемелдеу арқылы әр шығарманың рухы мен көңіл-күйін жеткізетін, қайталанбас атмосфераны тудыратын хореографиялық нөмірлермен толықтырылды.
«Естайдың Қорланы» музыкалық драма. Қорлан сұлу туралы жырдың авторы атанған ақын Естайды білмейтін қазақ жоқ шығар. Естай есімі айтылғанда Қорлан сұлу мен оның әйгілі «Құсни Қорлан» әні еске түседі. Естай мен Қорлан – ұлы махаббат символындай. Сахналық қойылым бірге бола алмаған қос ғашықтың кіршіксіз махаббат хикаясы жайында.
«Атымды адам қойған соң» музыкалық театр шығармасы – поэзия мен хореография элементтерін біріктіретін Абай шығармаларының заманауи интерпретациясы. Спектакль Абайдың таңдамалы шығармалары – оның жырлары, қарасөздері мен терең мағыналы, тәрбиелік ойға толы өлеңдеріне негізделген. Қойылымда көрерменге Абай шығармаларының рухын және олардың қазіргі замандағы өзектілігін жақсырақ түсінуге көмектесетін символдық, музыкалық және би элементтері пайдаланылады. Мәскеуде (Ресей Федерациясы) осы жылы шілде айында өтетін А.П.Чехов атындағы Халықаралық театр фестивалінде Алатау дәстүрлі өнер театрының «Mamluk.Сұлтан Бейбарыс» саундрамасы қатысады.
«Базарың құтты болсын, ардақты елім,
Қоянды ту көтерген думан жерім.
Қарқаралы, сұлу Көкше – жер шоқтығы
Сарыарқа – алтын асу, асқар белім» – деп төрткүл дүниеге әгілі болған «Қоянды жәрмеңкесін» Біржан сал арнайы келіп, ашып беретін болған. Қоянды жәрмеңкесі тек сауда-саттық жасап қоймай, қазақ жұртының мәдениеті мен өнерінің салтанаты жарасқан орталығына айналды.
Біржан сал қазақтың дәстүрлі әншілік және орындаушылық өнерін дамытып, халық музыкасын өз шығармаларымен биік белеске көтеріп, аса дарынды халық композиторы ретінде ел руханиятына мол үлес қосқан. Біржанның алғашқы әндерінің бірі – «Біржан сал» әні болатын. Мұнда жастық шақтың от жалыны да, салдық, серілік салты да, сұлулыққа сүйсіне білуі де көрініс береді. «Айтбай», «Ақтентек», «Алтын балдақ», «Бірлән», «Ғашығым», «Жонып алды», «Көкек» сияқты әндері шоқтығы биік, сыршыл шығармалары. Оның айналасына халықтың таңдаулы ақын, әншілері, өнерпаздары жиналып, тәлім алып, топталып, ақынды ұстаз тұтқан. Бұлардың бір тобы Біржанның әншілік, ақындық, композиторлық өнерін өздерінің шығармашылығы арқылы дамытса, енді бірқатары оның әншілік, орындаушылық өнерін халық арасына кеңінен таратушы, насихаттаушысы болды.
Біржан салдың Шыңғыстауға келіп, Абай Құнанбайұлының ауылында салдық құрып, айлап жатып өнер көрсеткені ғажа­йып тарихи оқиға десе де болады. Біржанның өнеріне тәнті болған данышпан Абай:
Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй, – деген мәң­гілікке жетерлік өлеңін қайталаумен болған.
Аты аңызға айналған салдың әкесі Қожағұл жастайынан Біржанға серілік құруға тыйым салмаған. Соған үйреніп қалған Біржан сал жасы елуге келсе де серілігін қоймай, ел аралап кетуді тоқтатпайды. Бұл ісіне қарсы ағалары неше рет айтып көндіре алмайды.
Ләйліден айырылған Біржанның үйдегі әйелі Әпіш те дерттен көз жұмады. Ол аздай, Қояндыдағы дуанда басына Азынабайдың поштабайының қамшысы тиеді. Ел басына түскен өзгеге кіріптарлықпен жекебасындағы қайғының қосылуы сезімтал салға өте ауыр тиді. Ақыры амалы таусылған ағалары есіл ерді «жынданды» деп жариялап, байлап тынады. Байлауда жатқанда, шерін шығаруға мүмкіндігі жоқ әрі қолын арқан қиған жері асқынып, сал сол жерде дерт пен ішқұсалықтан көз жұмады.
Байлауда жатқан кезінде Біржанның домбыра тартуға қолы байлаулы, шарасыз күйде баласы Теміртасқа қарап жатып, соңғы демінің жақындап қалғанын сезіп, солардың тілеуін тілеп, адам болуын ойлап, Теміртас, Асыл, Ақық деп балаларының атын атап, әнмен қоштасады. Кейіннен бұл ән ел аузында «Теміртас» аталып кеткен.
Бұл қойылымда Біржан әндерінің характеріне қарай әр әнге өзіндік би қозғалыстары арқылы әннің әуенімен астасып өзегі пластикалық қимыл-қозғалыстардан құрылған. Бұл қойылымның мән-мағынасын ашып, көрерменге шығу тарихы мен шырқау шегіне дейін әр қырынан ашып беретін «Теміртас» реквиеміндегі келелі ой – әлі де болса актуалды екені ащы шындық!.. Ал шындықтан сөз де мұқалмайды, саз да бұзылмайды.
Рамазан Стамғазиев, ҚР Халық артисі:
– Біржанның тағдыры – жалғыз бір елі ардақтаған өнерпаздың ғана тағдыры емес, бүкіл бір қазақтың тағдыры. Ұлттық өнердің алтын діңгегі болған Біржанның өмір сүрген заманының қайшылықтары оның шығармаларынан, өмір жолынан көрініп тұр. Сол қилы уақытта елім деген қаншама боздақтар дүниеден өтті, елге ауырпалықтар әкелді. Халық қиын заманның қыспағына тап болды. Бұл қойылымда бір әннің өзі қаншама тармақ-тармақтарымен көп дүниелерді қамтыған. Біздер енді стандартты әдеби-музыкалық, драмалы дүниелерді көріп үйреніп қалғанбыз. Осы қойылымның ерекшелігі қазақ ұлтының жанына айналған домбыра арқылы домбыраны жерге ұрып сындырса да, оның көкке көтеріліп абстрактілі түрде сонау галактикаға кетіп қалған ол ұлтты, ұлттық өнерді ешкім, ешқашан құрта алмайды деген терең ойды дөп қойған ең шұрайлы тұсы дер едім. Жалпы, қойылым әсерлі шықты. Авторы Бақыт Беделханның, қоюшы режиссер Фархат Молдағалидың зор еңбегі жатыр. Өткен уақыт пен бүгінгі күннің арасындағы екі тілде сөйлей алатындай, екі жақты ұғым беретіндей ерекше қойылым деп ойлаймын.

Тілеулес Құрманғалиев, дәстүрлі әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Өте жақсы әсердемін. Қойылымның айтпақ ойы өте терең. Біржанды темірқазық етіп ала отырып, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын жұтып бара жатқан бүгінгі даңғазасы көп заманда батыстық түрлі музыкалық ағымдарға жұтылып, аяққа тапталып, біреудің қаңсығы қазаққа таңсық болған мына заманда, өнердің, театрдың тілімен, сөзбен емес өнер арқылы түсіндіргені – сценарий жазушының, қоюшы режиссердің және басқаларының үлкен еңбегі деп білемін. Әрине, мұны түсінер көрерменде терең талғам болса… Аз болса да, өнердің тілімен сөйлеткен туынды.
Өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленетін қойылым режиссеры Фархат Молдағали бұған дейін де «Құлагер» музыкалық драмасы арқылы бұл тақырыпты етене жеткізгенін патша көңілді көрермен жақсы біледі. Ақан серінің өмірі де сол заманғы халықтың басына түскен кепті өзінің жеке- бас тағдырынан көрінетін тұлға еді.
Фархат Молдағали, қойылым режиссері:
– «Теміртас» реквиемі – қазақтың дәстүрлі өнері мен Біржан салдың әндеріне арналған философиялық туынды. Мұнда халқымыздың рухани дүниесінің тұмарына айналған домбыраның құдіреті мен алты алашқа аты шыққан тұлғаның өлмес мұрасын жаңаша өрнектеуге тырыстық. Әуен, домбыра, ән – мұнда басты кейіпкер.
Біржанның әрбір әнінде жүрек үні бар: ол күледі, сөйлейді, ал кейде мұңға батып, жылайды. Теміртас реквиемі: Ән мен әуен мұнда жай ғана дыбыс емес, ол – рух, болмыс, халықтың жүрегі. Сондықтан қойылымда әндердің болмысын ашып көрсетуге тырыстық.
Қойылым көрерменді ойға жетелеп, мұңға батырып, санасын сілкіп, қайта жігерлендіріп отыратын құмбыл формасымен ерекше болды! Қазақ өнерінің абызы Асанәлі Әшімов: «Бұл қойылым халық-­­ ­а­ралық фестивальдарға апартын туынды, ерекше формасымен көрерменді әлі талай таңғалдырады» – деп жоғары бағасын берді. Премьераны тамашалауға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев, ҚР Еңбек Ері Сәт Тоқпақбаев, Тұңғышбай әл-Тарази, Досхан Жолжақсынов, Жүрсін Ерман, Мұрат Жұрынов, Мереке Құлкенов сынды зиялы қауым өкілдері келді.
Бақыт Беделхан, ақын, драматург, қойылым авторы:
– «Теміртас» реквиемі – үлкен жүк арқалаған, мұң арқалаған, бүкіл ұлт тағдырын тәпсірлеп беретін қойылым. Ханның соңы – Кенесары. Салдың басы – Біржан. Біржанның әндер шеруі ұлтымыздың бір ғасырлық қасірет-наласын қалбырлап, шерлі күндерінен сыр шертеді. Біржанның ақтық әні ғана емес бүкіл халықтың айта алмай қалған зары осы Теміртас әнінің бүкіл иірім, болмысында жатыр. Бұл қойылымда дәстүрлі әншілер, актерлер, бишілер, ансамбль қосылған синкретті дүние тудырды. Үлкен еңбек жасаған қойылым режиссеры Фархат Молдағали, пластикалық режиссер Әділет Таменов, композиторы Серікжан Айтқали, қоюшы суретші Нұрлан Түлешов сынды кәсіби мамандарға ерекше алғысымды айтамын.
Біржан сал Қожағұлұлының өмір жолы мен шығармалары үлкен туындылар тудырды. Барша жұртқа әйгілі Біржан мен Сара айтысы негізінде КСРО халық артисі, композитор М. Төлебаев қазақ опера өнерінің классикалық туындысы болған «Біржан-Сара» операсын жазды. Біржан өмірінің негізінде 2009 жылы «Біржан сал» атты тарихи драма түсірілді. Ендігі Алатау дәстүрлі өнер театрында сахналанған «Теміртас» (реквием) қойылымы да сондай айшықты туындылардың қатарында болатынына сенеміз.

Ардақ Беркімбай,
Алатау дәстүрлі өнер театры
Әдебиет бөлімінің маманы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір