Ғани МАЙЛЫБАЕВ, Алматы қалалық Мәдениет басқармасының басшысы: Алматы – өнер мен мәдениеттің алтын бесігі
19.12.2023
414
0

– Ғани Айдарұлы, Алматы қаласының мәдени өмірі, рухани келбеті биыл қандай жаңалықтармен толықты? Жылды қалай қорытындылап жатсыздар?
– Әрине, 11 ай ішінде ауқымды жұмыс жүргізілді. Дегенмен ең негізгі көрсеткіштерге тоқталып өтейін.
Биыл мәдениет саласы қызмет­керлерінің айлығы 30 пайызға өсті. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының халыққа жолдауы аясында міндеттеген тап­сырмаларының бірі болатын. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Қала басшылығы мәдениет саласының дамуына, мәдени нысандардағы қордаланған проблемаларды шешуге, сала өкіл­дері­нің шығармашылық жұмыстары­на қолдау көрсетуге және олардың біліктілігін арттыруға үлкен мән беретінін ерекше атап өткім келеді.
2023 жылы 150-ден астам мә­де­ниет саласының қызметкері, яғни Алматы әкімдігіне қарасты мекемелерде жұмыс жасайтын мамандар Франция, Оңтүстік Корея, АҚШ, Австрия, Түркия, Қытай сынды алпауыт елдерде біліктілігін арттырып, әлемнің жетекші мәдени ошақтарында арнайы курстардан өтті.
Бұл – үлкен жетістік әрі қуанышты жаңалық. Қала әкімі Ерболат Асқарбекұлы үлкен қолдау көрсетіп, әріптестеріміздің жан-жақты дамуына жағдай жасалып жатыр. Сала мамандарының кәсіби деңгейі өссе, олар жаңашылдыққа ұмтылып, елімізге ең мықты тәжірибені алып келсе, оны біздің музей, кітапхана, архив, театр, цирк, зообақ сынды мекемелерімізге енгізсек, біздің мақсатымыз жүзеге асты деп толық айта аламыз.
Кеше ғана кітапханашылармен кездесу өткіздік. Олар Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласын­дағы Namsan Public Library, Starfield Library, Chung Ang University Library, Seoul Children Library, Seoul Women’s University Library кітапханаларына барып, тәжірибе алмасып, Gachon University жоғары оқу орнының профессорларынан білім алып қайтты. Алматыға оралған кітапханашы әріптестеріміз өз әсерлерімен бөлісті. Оңтүстік Кореядағы трендтер мен жұмысты ұйымдастырудағы әдістерді меңгеріп қайтқаны қуантады. Book therapy дейтін әдісті енді біздің кітапханаларда енгіземіз дейді. Кейін «Достық плаза», «Мега» сынды үлкен сауда орталықтарында кітапханалар болуы қажет дейді. Біз барлығын қарастырып, қолдау көрсетуге әзірміз.
Айтпақшы, қаламызда әкімдікке қарасты 28 кітапхана бар, оның екеуі тәулік бойы, 24/7 режимінде жұмыс жасайды, олар: Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы, ALATAU CREATIVE HUB. Барып тұрыңыздар. Балаларыңызды да кітап оқуға баулыңыздар. Жалпы биыл он бір ай ішінде қалалық кітапханаларға қала азаматтары шамамен екі мил­лион жеті жүз мың рет келген. Алдағы жылы Наурызбай, Алатау, Жетісу, Түркісіб аудандарында 5 кітапхана ашамыз.
Биыл тек әкімдіктің бастамасымен бір мың үш жүз қырық төрт (1 344) мәдени бұқаралық іс-шара өтті. Оған көрермен ретінде екі миллион үш жүз алпыс бір мың (2 361 130) адам қатысқан. Бұл – негізі­нен, халыққа жақсы көңіл күй сыйлайтын «Наурыз мейрамы», «Қала күні» сынды ауқымды мерекелік шара­лар. Одан бөлек, әкімдікке қарасты ұйымдар 1 338 сахналық қойылым, концерт, шоу және көрме ұйымдастырды.
Көрме демекші, Алматы музейлері 2023 жылы 60 миллион теңгеден астам табыс тауып, ағымдағы жылға арналған жоспарды 200%-ға асыра орындады. Яғни мұражайға келушілер құны 250-1500 теңге болатын билет­терді сатып алып, рухани демалуға үлкен көңіл бөлген. Өткен жылмен салыстырсақ, музейлерге келушілер саны екі есеге артқан, 125 мың адамды қабылдадық. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін 73 көрме ұйым­дастыр­дық. Жалпы биыл музей қызметкерлері белсенді, жемісті жұмыс жүргізіп, түрлі бағытта үздік нәтижелер көрсетті. Халықаралық ұйымдармен 15 меморандум жасаған, олардың барлығы саланы дамытуға бағытталған. Біздің көрмелер тек қала шегінде ғана емес, Оңтүстік Кореяда, Италияда және Австрияда да ұйымдастырылды.
Мәдениет саласындағы тағы бір маңызды бағыт – архив саласы. Алматыдағы мұрағаттарда 1269158 іс-қағаз бар. Оның шамамен 24 мыңы сақтауға биыл берілді. Қазір мамандар цифрландыру бойынша үлкен жұмыс атқарып жатыр. Қала басшылығы қаржы бөліп, архивтегі мамандар қажет техника, жабдықтарды сатып алды. Соның нәтижесінде жыл басынан бері 7 миллионнан астам бетті құрайтын 53 мың іс-қағаз цифрландырылды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда үш есе ұлғайған. Жыл соңына дейін Құжаттарды реставрациядан өткізетін (қалпына келтіру) жаңа лаборатория ашылады.
– Қала тұрғындарының мәдени-рухани өмірінде театр мен цирктің алар орны ерекше. Бұл саладағы жетістіктеріңіз қандай?
– Шаһарымыз – өнер мен мәдениет­тің алтын бесігі. Сондықтан Алматы сахналарында өнер көрсететін шығар­машылық ұйымдар да жетер­лік. Барлығының репертуары жаңа­рып, әртістер халықтың ерекше қошеметіне бөлініп жүр. Мәселен, Қуыршақ театры биыл 754 спектакль көрсеткен, оны 42 мың көрермен келіп тамашалаған.
Биыл Қуыршақ театрында дыбыс пен жарық беру жүйесін жаңарту, сахнаға қажет техникалық жабдықтарды модернизациялау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта жыл соңына дейін аяқталатын құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Ал Цирк он бір ай ішінде халыққа 70 қойылым ұсынды, оны 94 839 адам тамашалаған. Бұл да жақсы көрсеткіш. Биыл Циркте құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық құжаттарды дайындап жатырмыз. Алдағы уақытта мәдениет қызметкерлеріне арналған қонақ үй күрделі жөндеуден өтетін болады.
Сондай-ақ «Алатау» дәстүрлі өнер театрында биыл 96 концерттік шара өтті. Түрлі қойылымдарды 57 600 көрермен тамашалаған. Театр қоржынында 13 қойылым бар. Оның екеуі жаңа спектакль.
– Ғани Айдарұлы, уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге көп рахмет! Алдағы жылы да Алматы халқын ақжолтай жаңалықтарыңызбен қуанта беріңіздер.

Сұхбаттасқан
Айдана МЕЙРАМБАЙҚЫЗЫ 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір