КӨҢІЛДЕГІ ЕРЛІК, БАСТАҒЫ БИЛІК НЕМЕСЕ БАСПАСӨЗ ОҚЫЛЫМЫ
Бүгінгі қазақ баспасөзінің болашағы туралы ойлағанда, бала күнгі естіген «біздің аудандық газеттен гөрі «Правда» жақсы екен, қол сүртсең, майы жұқпайды» дейтін әңгіме ойыңа оралады. Иә, Алаш арыстары «халықтың көзі мен құлағына һәм тіліне» балаған газеттің бір кезеңдері қонақасыда ет орап беретін, туған күнде сыйлық қаптап ұсынатын, қызға гүл орап сыйлайтын құрал қызметін атқарып кеткеніне де көне көздер куә! Біздің айтпағымыз бұл емес, ағайын! «Сабыр етсең азырақ…» демей ме. «Қараңғы түнде тау қалғыпта» Гете мен Абай. Бүгін күн тәртібіне «Қазақ баспасөзінің қоғамдағы ролі қандай? Белгілі бір мүдделер қақтығысының ашық алаңына айналып бара жатқан жоқ па? Қазақ газеттерінің оқылу, таралу мәселесін шешудің жолы қандай? Ақпаратты игеру мен объективті жеткізе білу, дұрыс сараптау жағынан қазақ басылымдары бір пәс кейін келе жатыр деген сылтаумен ресейлік БАҚ-қа жүгінуді жөн көретіндерге қандай уәж айта аласыз? Осы біз ақпарат қауіпсіздігіне қаншалықты мән беріп жүрміз? Бізде шындық айтылмайды. Сөз бостандығы жоқ дейтіндермен келісесіз бе?» деп қойған сауалдарымызға алған жауабымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз. Сіз не айтасыз, құрметті оқушы?
Гүлмира ИЛЕУОВА,
«Стратегия» әлеуметтік және
саяси зерттеулер орталығының директоры
МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМДАР ҮШІНШІ ОРЫНДА
Бүгінде ақпарат көзі ретінде мерзімді баспасөздің ролі біртіндеп төмендеп бара жатқаны белгілі. Көпшілік әуелі телевидениеге, кейін ғаламторға көбірек бет бұрып кетті. Ал мерзімді басылымдар үшінші орында қалып қойды. Осы шындықты мойындап, онымен санаспасқа, себебі мен салдарын ескеріп жұмыс істемеске болмайды. Ақпарат таратудағы осындай үлкен бәсекелестікті баспасөз құралдары дұрыс түсініп, мәселені оңтайлы шешуге белсене кірісетін уақыт жетті. Бұл құбылыстың тағы бір себебі – баспасөз құралдарының сатылатыны. Бұл да маңызды мәселелердің бірі. Қазақ тілді газет-журнал оқитындардың көбі негізінен байлар емес, қарапайым адамдар. Яғни үнемі басылымдарды сатып алуға ақша жұмсай берген олар үшін де тиімсіз. Бұл да газет-журналдың дұрыс өтпеуінің бір себебі. Қазір тек қазақ газеттері ғана емес, орыс тілді басылымдар да дұрыс өтпейтіні жасырын емес.
Қазақ тілді баспасөз құралдарының назардан тыс қалуының төтенше бір себебі – олардың тақырыптық мазмұндық ауқымының тарлығы мен көбінің біртекті болып келуі. Қазір көпшілік ақпаратты әлеуметтік желілер, уатсап секілді чаттар арқылы алғанды жөн көреді. Бұл өз кезегінде қоғамда ақпарат құралдарына деген сенімсіздік бар екенін білдіреді. Сол себепті, қазақ баспасөзі заман ағымына сай, оқиғаға дер кезінде объективті баға беретін сапалы ақпарат дайындауды қолға алуы қажет секілді. Әсіресе, қазақ тілді басылым өкілдеріндерінде мәдени, әдеби мәселелерді қозғау, идеологиялық тақырыптарды сөз ету басылымның рейтингін көтереді деген қате түсінік бар.
Негізінде кез келген ақпарат құралы өзінің қандай аудиторияға жұмыс жасап жатқанын жақсы білуі шарт. Ал бізде қарап отырсаң, әр басылым өздерін толғандырған мәселелерді ғана тілге тиек ететін секілді көрінеді. Осыдан кейін оқылымдылық туралы не айтуға болады? Оқылымды болу үшін оқырманды не тербейтінін, қандай мәселелермен ұшырасып жүргенін, жалпы бүгінгі қоғамның тынысын біліп, тамырын баса білуі шарт емес пе. Оқырман сұранысымен санаспаудың салдарынан қазір жастардың көбі дерлік газет оқымайды. Яғни мерзімді баспасөзді сәннен қалған ақпарат құралы деп санайды. Демек, бізге басылым контенттерін жастарды қызықтыра алатындай етіп, заманға сай өзгерту қажет шығар.
Ал ақпараттық қауіпсіздікке келсек, ақпарат кеңістігін орыс тілді басылымдар жаулап алды деген пікірге өз басым келіспеймін. Алайда, кез келген маңызды оқиғаларға байланысты сөз қозғағанда, қазақ БАҚ-ы ресейлік немесе шетелдік ақпарат көздеріне сүйенетіндері өтірік емес. Осыдан кейін оқырмандар мен көрермендерді қалай кінәлаймыз? Егер отандастарымыз қазақ тілді БАҚ-ты оқымаса, телеарналарымызды көрмесе бұған кінәліні сырттан іздеудің қажеті жоқ. Бізде ақпаратты объективті түрде жеткізе білу, дұрыс түсіндіру, сараптау әлі жетік қалыптаспаған, нашар. Яғни қазақ журналистеріне кәсіби біліктіліктерін арттыру ауадай қажет.
Шынын айтқанда, анық сөз бостандығы ешбір елде жоқ деп ойлаймын. Әр нәрсенің өз шегі бар. Ал біздің елімізде сөз бостандығы мүлдем жоқ деп айта алмаймын. Себебі, билікке сын айтылатын, әр оқиғаға өз ойын білдіретін көптеген материалдар жарық көріп жатады. Әрбір басылымның өз ішінде ішкі тәртібіне байланысты сүзгісі болады. Олар өздері не айтулары керегін және нені айтуға болмайтынын жақсы біледі. Бұл мемлекет саясатына немесе басылымға қарасты басшылықтың ұстанымына байланысты болуы мүмкін. Бізде тәуелсіз БАҚ құралдары тек шындықты айтады деген қате түсінік бар. Бұл дұрыс емес. Біз бүгін түрлі ақпараттық соғыстардың куәсі болып жүрміз. Мәселен, бір газетте белгілі бір адамның пендешілік қателіктері туралы жазылады. Бұл сол басылымның ақиқат іздеп, әділеттілік орнату үшін атқарып отырған шаруасы деп ойламаймын. Жай ғана белгілі бір топтардың өзара мүдделік қақтығысуынан туған ақпараттық соғыс. Елімізде сөз бостандығы дұрыс қалыптаспай жатса, бұл биліктің ұстанып отырған саясатының салдары дей алмаймын. Бұның түрлі себептері бар. Тіпті, журналистер кәсібилігінің төмендігі де бұған бірден-бір себеп дер едім. Белгілі бір тақырыпты жетік білмегендіктен журналистер терең зерттеп, жан-жақты жаза алмайды. Сөйтеді де әр нәрсенің басын бір шалып, жеңіл-желпі тақырыптарды сөз етіп жүре береді. Ал көпшілікте мына мәселе неге қозғалмайды, оған тыйым салынған ба деген ойда болады.
Рамазан САЛЫҚЖАНОВ,
әлеуметтану ғылымдарының кандидаты, доцент
ҰЛТТЫҢ ЕСЕСІН ЖІБЕРІП ОТЫРМЫЗ
Кез келген қоғамда баспасөз өте тиімді ақпарат тарату құралы. Оның маңызы, стратегиялық шешуші әлеуеті – қоғамдық пікірді қалыптастыруда, өзгертуде, жалпы басқаруда көрінеді.
Бүгінгі күнде қазақ басылымдары, оның ішінде жеке меншік пен мемлекеттік газет, журналдар, өздерінің мақсат-мүддесіне сай ақпараттық кеңестікте өзіндік ерекшеліктерімен орын алған.
Демек, әр редакцияның саясаты белгілі бір жағдайға немесе тұлға, топқа байланысты әртүрлі болары сөзсіз. Жалпы айтсақ, ұлттық мүддеге байланысты тұстарда қазақ басылымдары ел мұратына сай қызмет етіп келе жатыр. Бірақ нарық заңына сәйкес – ақысын төлесең бәрін басуға болады және демократия болғаннан соң – бәрін айтуға, жазуға болады деп, кей кезде нақтылы бір тұлғаға байланысты тым дәріптеу, асыра мақтау сияқты көңілің толмайтын мақалаларды кездестіресің. Текетірес, топтардың бір-бірімен ерегес кезеңінде баспасөз майдан құралына айналып жататыны да жалған емес. Кейбір журналистер, «мен мұны газетке жазам» деп, қорқытып жатқанын да естиміз.
Жалпы, нақтылы қазақ басылымдары, әзірше, ұлттық мүдде мен өздерінің «бас қамының» тепе-теңдігін сақтап келеді деп ойлаймын.
Кез келген қазақ басылымы интернет желісі арқылы қолжетімді болу керек. Осы кезге дейін мемлекеттің қаржысына шығатын орталық басылымдар өз тиражымен мақтанса, ендігі кезекте шынайы сұраныс интернет парақшасын оқу, пікір беру және бағалау арқылы анықталуы керек деп ойлаймын.
Өз кезегінде редакция саясаты оқырмандарға күре жолдың жаңа сүрлеуін таба білу керек.
Ал дәстүрлі газет пішінін сақтап қалам десеңіз, балабақша мен мектептегі жаңа буынды ертерек оқырмандар қатарына тартып әрекет жасаған дұрыс. Бұл сияқты белсенділік тек хат танитын балалар мен жасөспірімдерге арналған басылымдарға тән болмай, саяси-экономикалық, қоғамдық басылымдардың балалар мен жастарға арналған қосымшалары арқылы атқарылуы керек.
Ақпараттық қауіпсіздік мәселесін бақылап отырған құзырлы мемлекеттік органдар ұлттық қауіпсіздік саясатын сәтті іске асырып отырған жоқ. Ашық айтсақ, осы кезге дейін қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесіне дәрежесі жетпегені соңғы 20-25 жылда ақпараттық кеңістікте саяси ерік-жігеріміздің жоқтығынан және сан алуан стратегиялық, тактикалық кемшіліктерге байланысты.
Нәтижесінде ұлттың есесін жіберіп отырмыз, оның салдары жақын арада қазақ тілі сапалық және сандық тұрғыдан әлсіз болып қала береді. Екі тілді, үш тілді, төрт тілді боламыз деп, керексіз далбаса әрекет қылып қазақтығымыздан айырыламыз.
Шетелдіктер ұлттың менталитетін жете түсінбейді. Қазақта адам көңіліне қарау, ағайынды ренжітіп алмау сияқты жалпы психологиялық позитивті ұстаным басым. Көпшілікке даулы жайтты жаймай «өз қотырын өзі қасып» жүре береді. Қазақ өзі ренжіп тұрса да, конфликті асқындыру, ушықтырудан бас тартып, теріс айналып кетеді. Сондықтан баспасөз беттерінде дау-дамай, кері пікір айту бар болса да сирек кездеседі.
Шындықты қабылдау, мойындау ол адам мәдениетіне байланысты. Өмірлік тәжірибеңіз, азаматтық ұстанымыңыз шындықты қабылдауыңызға әсер ететіні сөзсіз және бұл жерде ол шындықты жеткізу мәдениетімен, әсіресе, сын айту дәстүрімен тығыз ұштасады. Өз басым бұндайда «біткен іске сыншы көп» деген даналықты басшылыққа алған абзал деп ойлаймын.
Жанар ЖАНСЕЙІТ,
журналист
МЫҚТЫ БАҚ ЕШКІМГЕ КЕРЕК ЕМЕС
Қазақ басылымдары, жалпы қазақстандық БАҚ, дәл қазіргі уақытта ешқандай роль атқарып отырған жоқ. Өкінішке орай, мүлдем БАҚ-сыз қалсақ та, ештеңеміз кетпейді де, кемімейді де. Соңғы уақытта қазақ басылымдарының біразы жабылды, қазір санаулы ғана газет-журнал қалды. Шынын айтқанда, анда-санда онлайн-нұсқаларын ашқаным болмаса, зер салып оқымаймын. Кез келген БАҚ қазір құрылтайшысының мүддесінен ғана шығуға, былайша айтқанда, «не тапсырады, соны жазуға» тырысады. Дегенмен, осылай бола тұра, тағы бір жақсы үрдісті байқамау мүмкін емес. Қазақ БАҚ-тары ақпаратты объективті, бұрмалаусыз беруге тырысады. Украинадағы оқиғалар туралы хабарлар соған куә. Батыл-батыл материалдар да оқтын-оқтын жарық көріп тұрады. Қазаққа қазақ басылымдарының ғана жаны ашитыны анық, ұлт мүддесі үшін жанашырлықпен жазылатын материалдарды көп басатын да осылар.
Бір айта кетерлігі, қазақ тілді басылымдарда тақырыпты игеру мен дұрыс жеткізе білу мәселесі сәл-пәл ақсап тұр. Электронды БАҚ көздері болмаса, басқа басылымдар әлі заманға ілесе алмай, ескі сарыннан шыға алмай жүрген жайы бар. Уақыт шектеулі, санаулы кезде ешкімнің ұзақ-сонар, шұбатылған материалдарды оқып отыруға мұршасы жоқ. Ал қазақ авторлары алыстан бастап, тұспалдап, тоқетерге жеткенше жалықтырып жібереді. Материалдың тақырыбын қоюда да орыстілді БАҚ-тарға жете алмай жүрген секілдіміз. Материалды оқылымды етерліктей, оқырманды елең еткізер тақырып қоя білу – өнер. Осы өнерді міндетті түрде игеру керек. Бүгінгі нарық заманында кез келген БАҚ толығымен болмаса да, өзін-өзі ақтайтын жағдайға жетуі тиіс. Әйтпесе жабылып қалу қаупі бар. Ал оқырманның сұранысы, талғамымен санаспайтын БАҚ-тың ғұмыры қалайша ұзақ болады? Тек электрондық БАҚ-тағы кейбір материалдарға ғана көңілің тояды. Ендігі бір мәселе, қазақтілді журналистерде іздену аз. Ой-өрісін кеңейтуге тырыспайды. Жуырда ғана аяқталған Рио олимпиадасы соған дәлел. Отандық спорт комментаторлары әп-әдемі әлемдік сайыстың шұрайлы тілдерімен ажарын аша алмай, не болса соны сөз қылып сиқын қашырды десем өтірік емес. Мықты комментатор спорт жарысынан кейін көрерменнің рухын байып, білімін кеңейте түсуі шарт. Біздің спорт журналистері осы үдеден шыға алмады. Мұның бірден-бір себебі, қазір тіпті көркем әдебиет оқитын журналист аз сияқты.
Қазір еліміздегі қоғамдағы ақпараттық кеңістікті кім бақылап отырғанын білмеймін. БАҚ саласына жауапты ведомствоны бір жабады, бір ашады, басқасын қосады, әйтеуір өздерімен-өздері әлек. Жуырда жауапты министрмен кездескен Елбасымыз ақпараттық қауіпсіздік ерекше бақылауда болуы тиіс екенін және оны өзі де қоса қадағалайтынын атап өтті. Өкінішке орай, қауіпсіздік мәселесі көтерілгені қашан, бірақ өзгеріс әлі жоқ. Бұл мәселені тездетіп қолға алмаса ресейлік БАҚ пен еліміздегі орыстілді БАҚ-тың еркін жайлауының салдары қиын болмақ. Бұл орысша айтқанда «бомба замедленного действия». Біздің орыстілді БАҚ-тар ресейлік мүддеден аса алмай отырғанын байқау қиын емес. Украиналық оқиғаларға қатысты материалдар, Саакашвилиді айызы қанып жамандауы, украиналық қаһарман қыз Надежда Савченконы келеке етуі, Путинді құдды өз президентіміздей мақтауы, АҚШ пен батыс елдерін жексұрын ретінде көрсетуі де бәріне дәлел. Ресейлік және орыстілді БАҚ халық ішінде бөлек отау тігіп, «бесінші колоннаны» қалыптастырып отыр. Кез келген сайттағы оқырман комментарийлері жаға ұстатады. Демек, біздің өз ортамызда шовинистер көбейіп кеткен. Құдай сақтасын, егер Украинадағыдай жағдай бола қалса, халықтың жартысына жуығы елден теріс айналады. Тағы бір мәселе: еліміздегі БАҚ-тың басым бөлігін өзге ұлт өкілдері басқарып отыр. БАҚ сияқты стратегиялық қаруды ұлттық мүддені көздемейтін, керісінше, ыңғайы келсе, қазақты мазақ қылатын адамдардың қолына ұстату сорақылықтың нағыз өзі деп білемін.
Бізде толыққанды сөз бостандығы бар дей алмаймын. Демек, билік барлық БАҚ көздерін қадағалап отыр деуге негіз бар. Маңызды оқиғалар кезінде қалай ақпарат тарату керектігі жөнінде «кеңестерін» айтып отырады. Тіпті болмай жатса, құзырлы органдар «нүктелі» бұғаттауды үйренген. Алайда, бүгін халықтың саяси сауаты ақырындап оянып келе жатыр. Бірақ шындықты қабылдау мәдениеті әлі де болса төмен. Үкіметтегі өте маңызды тұлғаның сәнқой қызы мен 2000-3000 доллардан асатын сөмке, киім-кешегі туралы жазып, тұспалдап оқырман назарына ұсынсақ, «Айдаладағы біреудің киімінен басқа жазатын шаруаларың қалмады ма?!» деп ренжиді.
Жақсы қалыптасқан БАҚ пен сөз бостандығы – мықты мемлекеттің көрінісі. Мұны билік басындағылар жақсы түсінеді. Бірақ дәл қазір мықты БАҚ ешкімге керек емес. Керісінше, халықты анау жұлдыздың жігітімен, мынау жұлдыздың аяқ киімімен, көп әйелділік, тіл мәселесімен алдаусыратқан тиімді. Мықты БАҚ-тың құдіреті билікті бақылап отыруға жетеді. Бірақ дәл қазір біздің БАҚ-тардың құдіреті тек әрі кетсе, үйсіз-күйсіз жүргендерге баспана салып беруге, ортаңқол шенеуніктердің дөрекілігін әшкере қылуға, соғыс ардагерінің үстіне қолшатыр ұстамағандарды кешірім сұратуға ғана жарап отыр. Тіпті, басылымдарға еркін ойлайтын, сөз бостандығын құрметтейтін, принципшіл адамдар керек емес. Өйткені, олар тек қосымша «проблема» тудырады.
«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дегенді ұстанған қазақ жасқаншақ, момын болып кеткен. Шындық үшін шырылдаған адамның артына май шам алып түсетін заманда өмір сүріп жатырмыз.
Дайындаған Айнара Ашанова.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.