ЕРЛІК ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАСЫН
Кезінде құрлық әскерлері институтының оқытушысы болып істеп, бүгінде құрметті демалысқа шыққан Қайрат Қарамаңдаев – еңбегі еленбей келе жатқан тарих зерттеушісі. Саналы ғұмырын Екінші Дүниежүзілік соғыс тарихын зерттеп, зерделеуге арнап, есімі ескерусіз қалған батырларымызды тапқан зерттеуші, белгілі бауыржантанушы, Б.Момышұлы медалінің иегері.
Бүгін бізге тарихи ақтаңдақтардың ақиқатын ашқан осы азаматты сөзге тартудың сәті келіп отыр. Қайрекеңмен әңгіме осы тақырыпта өрбімек.

ӘЛҚИССА:
Ол соғыс адамзат тарихына «екінші дүниежүзілік соғыс» атауымен енді. Кешегі КСРО халықтарының санасына ол «Ұлы Отан соғысы» деп енгізілді. Иә, ол кезде КСРО – біздің отанымыз еді. Ал қазіргі отанымыз – сол қызыл империяның шекпені мен шеңгелінен шыққан Қазақстан Республикасы. Мейлі, Ұлы Отан соғысы ма, екінші дүниежүзілік соғыс па, азамат соғысы ма, партизан соғысы ма, әділетті, ұлт-азаттық соғыс па, әділетсіз, басқыншылық соғыс па… бәрібір қандай соғыс болсын, қанша боздақ қыршынынан қиылады, қанша бала анасы мен әкесінен, қанша ана баласынан, қанша үй тірегінен айырылды.
Бұл соғысқа әлем халықтарының 80 пайызы қатысты, 61 мемлекет тартылды. Сондай-ақ 40 елдің жерін соғыс өрті шарпыды, 110 млн адам әскерге алынды, соның тең жартысы, яғни 55 млн адам қазаға ұшырады. Соның ішінде Кеңес Армиясының жауынгерлік туының астына 1 млн 366 мың қазақстандық сапқа тұрды, соның 850 900-і қазақ баласы еді, оның 602928-і майданнан оралмады, 700 мыңы еңбек армиясында қызмет атқарды.
Тарихшы Ж.Доспановтың айтуынша 200-ден астам қазақ жауынгері Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ іштарлық пен шовинистік пиғылдан аса алмаған соң, оларға заңды атағы берілмей қалған.
Бұған дейінгі деректерде қазақ офицерлерінің саны 500-ге толар-толмас делініп келсе, тарихшы Жұмабай Доспановтың алты жыл еш тынбастан айналысқан қомақты зерттеуінің нәтижесінде екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақ офицерлерінің саны 13000-ға жетті.
Шығыс тарихында тұңғыш рет қазақ қыздары автомат пен пулемет ұстап, жауды жапырды. КСРО бойынша соғысқа 600 мыңнан астам әйел-жауынгер қатысты. Олардың 80 мыңы офицер еді. Бұрынғы мәлімет бойынша, Қазақстаннан майданға 5183 әйел адам аттанған деп келсек, тарихшы ағамыз Ж.Доспановтың мәліметінше, бұл сан 8000-ға жетті.
Әңгіме өзегі – ерлік
Ө.М: Қайреке, соғыс туралы әңгіме болғанда «посткеңестік дүниеде жеңіске Одақтың қай ұлты көбірек үлес қосты» деген сауал жиі қойылады. Ресми деректер бұл орайда кеңес халқының арасынан батырлар саны бойынша біздің ұлт бесінші орында деп жазады.
Алайда ішінде этноидеология да бір түрлі себептермен Батыр атағына ұсынылып, ала алмағандар да көп. Бұл орайда не айтар едіңіз?
Қ.Қ: Мәселе өте күрделі, әрі жауапкершілікті. Жалпы, КСРО бойынша Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, түрлі себеппен ала алмағандар саны – 8097 адам. Оның 421-і қазақстандық. Осы 421-дің 140-ы қазақстандық қазақ. 11-і Ресейден, Өзбекстаннан – 7 қазақ, Тәжікстаннан – 2, Әзербайжаннан – 1 қазақ.
Ө.М: Оһо! Бұл үлкен көрсеткіш қой! Ал екі мәрте батыр атағын алған жалғыз қазақ Талғат Бигелдиновті білеміз. Ал батырлыққа екі рет ұсынылып, алмаған басқа да қазақтар бар ма?
Қ.Қ: Бұл орайда да қазақы мәртебе тым асқақ. Батырлыққа екі мәрте ұсынылған Талғат ағамыздан басқа тағы 6 қазақты таптым. Олар: генерал Сағадат Нұрмағанбетов тек біреуін ғана, қостанайлық сарбаз Сейтхан Темірбеков тек біреуін алған.
Ал батырлыққа екі рет ұсынылып, соның біреуін де алмаған 4 жауынгер бар. Олар: снайпер павлодарлық Зейнел Байжанов, оның тағы бір жерлесі аға лейтенант Қабыш Көктаев және Мінайқұл Сағындықов пен Құдайберген Жансеріков. Жалпы, Қазақстан бойынша екі мәрте батырлыққа ұсынылып, алмаған 15 адам бар.
Ө.М: Біздің білуімізше, «Даңқ» орденінің үшеуін алған сарбаз мәртебесі жөнінен Кеңес Одағының Батырына теңестіріледі. Ондай қазақ жауынгерлер бар ма?
Қ.Қ: Алдымен әскери даңқ пен абыройдың белгісі осы орден туралы айтайық. «Даңқ» орденінің толық иегерлері КСРО тарихында Кеңес Одағының батырларына теңестірілген. «Даңқ» ордені – КСРО әскери ордені, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылы 8 қарашадағы «1, 2 және 3-дәрежелі «Даңқ» ордендерін белгілеу туралы Жарлығымен белгіленген. Бұл орденмен кіші құрам марапатталған: Қызыл Армияның қатардағы жауынгерлері, сержанттар және старшиналар, ал авиацияда – кіші лейтенант атағына дейін. Жеке ерлік көрсеткендерге ғана берілген, әскери бөлімдер және құрылымдар онымен марапатталмаған. «Даңқ» ордені үш дәрежесі: олардың жоғарысы 1-дәрежелі ордені – алтын, ал 2 және 3-дәрежелі – күміс (2-дәрежелі де алтын жалатылған). Бұл белгілер шайқаста көрсеткен жеке ерлігі үшін берілуі мүмкін, қатаң ретпен – төмен дәрежеден жоғарыға қарай. 3-дәрежелі «Даңқ» ордені тек дивизия және корпус командирі бұйрығымен берілді. 2-дәрежелі «Даңқ» ордені майдан, не армия командашысы бұйрығымен және Әскери кеңестің келісімімен берілді. 1-дәрежелі «Даңқ» ордені КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының жарлығымен берілді. Жалпы 3-дәрежелі «Даңқ» орденімен КСРО көлемі бойынша соғыста 980 мың жауынгер марапатталған. Ал 2-дәрежелі «Даңқ» орденімен 46 мың жауынгер, 1-дәрежелі «Даңқ» орденімен 2642 (соның 32-сі қазақ) жауынгер марапатталған. Тіпті «Даңқ» орденін төрт мәрте алған қазақ та бар. Ол – талдықорғандық Темірғали Исабаев деген кісі.
Ө.М: Соғыста өзгелер үшін өз өмірін қиып, амбразураны кеудесімен жауып, Матросов ерлігін қайталағандар ерлігі ерекше бағаланды. Ондай қазақтар туралы не айтасыз?
Қ.Қ: Ондай батырлардың саны – 400 адам. Қостанайлық Сұлтан Баймағанбетовты бәріміз білеміз. Амбразураны өз денесімен жауып, тірі қалғандар да бар. Олар – жетеу. Соның бірі – біздің Сабалақ Оразалинов. Осы жетеудің алтауына батыр атағы берілді. Ал Оразалиновке белгісіз себеппен берілмей қалды.
Ө.М: Өкінішті жағдай. Қарапайым халық біле бермейтін деректер екен.
Қ.Қ: Иә. Ерлік ескерусіз қалмақ емес. Біздің негізгі мақсат та сол.
Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Өмірзақ Мұқай