Шекарадағы ерлік
09.08.2024
186
0

Манарбек ҚАРЕКЕНОВ

әскери журналист, майор

Атырау атырабындағы шекара бойлай аққан
Қиғаш өзенінің жағасында шекара бұзушымен болған
жанжалда ауыр жарақат алған шекарашы офицер
Ғибрат Мүслімнің ерлігіне арнадым.

Автор.

І
Отан деп туған анадан,
Отан деп өсер тегінде…
Түсіне кіріп туған жер,
Батырлық жасар өңінде.
Азамат ердің парызы –
Шекара шебін күзету.
Еліңе қызмет етпесең,
Ғұмырың өткен өмір ме?!

Ант қабылдар ақ-адал
Жауынгерлер жүректі,
Белді бекем буып ап,
Сыбанған жұмыр білекті.
Қырандай асқан сақтықпен
Атқарады қызметін,
Қасқыр да адым баса алмас,
Көрген соң берік тіректі.

Жігіт­тің бегі жаңылмас
Іс қылудан ерлеген,
Жау ішінде қалса да –
Айнала толған кеулеген…
Атадан алған сабағы,
Бабадан қалған аманат,
Бесіктен алған тәрбие
Шығады жанмен кеудеден.

Ұлтыма біткен ардақты,
Тәуелсіз байтақ ел деген,
Тарихта алтын шекара
Қыспағы жоқ-ау көрмеген.
Батырлар үшін сөз боп па
Жауының қанын ағызу?!
Бабамның кезі болмаған
Намысты қолдан жерлеген.

Шекара деген – дербестік!
Қыпшақтар күткен, Сақ күткен,
Алақан жайған адамға
Оңайдан келер бақ деп пе ең?!
Жат аяқ басып, бөлмесін
Атадан қалған жеріңді…
Бұзылса егер шекара –
Сүйекке түскен дақпен тең!

Қаншама адам, бозбала
Жастығын қиған құр босқа…
Жат пиғылдың әр ісін
Теңер ем ауыр қылмысқа.
Байыппен қарап өмірін,
Назарға алмас біздердің,
Илеуін сәндеп бекітер,
Қоршаумен жәндік – құмырсқа.

Көк тудың сүйіп желегін
Мойнына міндет алады,
Ел шетін тәулік күзетіп
Бақытын содан табады.
Елім деген ерлердің
Жүрегі ғана дауалап,
Шекарашы болу ісіне
Мәрт жігіт­тер барады.

Зар заман, жете толғағың
Ұрпақты талай түлет­тің,
Шекара сыза басынған
Жаулардың жанын күл ет­тің.
Темірдей қат­ты жігермен
Қасқайып қарсы алу мен
Талқандап әрі өткізбеу –
Арлы ісі қайрат жүректің.
Жүйрік желмен жарысқан,
Жылқы мінез жұртымыз,
Тағдырдан талай қанменен,
Толыққан екі ұртымыз.
Еркіндік – мәңгі салтымыз,
Қыранын қимау түгілі,
Қаңбағы қаңғып барса да,
Қимаған қазақ ұлтымыз.

Білсеңдер, бізге жерімнің
Әр тасы қымбат, әр талы,
Жусанның тұтам бойында
Халықтың мұңы жатады.
Самал жел тисе кәрі емен
Күңірене алып ішке дем,
Махамбет пенен Сырымның
Батырлық жырын айтады.
Ақтаңдақ болған тарихтың
Дара жолын күзеткен,
Өткен сол тарих парағы –
Батырлық жолы біз өткен.
Намысты отқа қайраған,
Бейбіт күннің ұландары бар,
Ғашық боп ерлік ісіне
Жырымды қайта түлетем.

ІІ
Шекара дедім әу бастан,
Бақытым біткен маңдайға.
Өлеңді жазам түлете,
Бал болып тамған таңдайға.
Қара бұлт төнсе түнерген…
Шекара шебін қаусарып,
Жастығы болған шекара,
Жастарым от боп жанбай ма?!

Қиғаштың бойы бұрыннан
Сулы да нулы, жар қабақ,
Белгісіз жанның жүргені
Туралы түсті ақпарат.
Қараша айы – ызғарлы,
Қарамай жауын, дауылға,
Бұзушы жүрген жеріне
Лейтенант шұғыл ат­танад(ы).

Батырлар атын суарып,
Қандырған шөлін аялдап,
Шекарада рұқсатсыз,
Жүрмеуі керек адамзат.
Асынған сөмке арқаға,
Сақалды қойған иекке,
Белгісіз жанның қасына
Келеді наряд таяулап.

Лейтенант жігіт байыппен
Сұрайды оның құжатын.
«Ойың жоқ па, – деп, – шекара
Талаптарын бұзатын?»
Дейді ол: «Алған бетімнен
Адасып кет­тім, шыным сол,
Сөмкемде жатыр зат­тармен,
Алайын қазір, құжатым».

Офицерге тән мінезі
Болса да тіке, күйретпе,
Сенімді айтқан сөзіне
Сенеді сақшы бір ретке.
Бұрыла берген сарбаздың
Оңтайлы сәтін күтіп ап,
Артынан келген жателдік
Сұғады пышақ бүйрекке.

Пышақ пен жанжал түгілі
Жоқ еді ойда белдесу!
Офицер қаны ағады,
Қызылға боялып жерде су.
Балшықтың үсті – арпалыс…
Құлату, ұру тоқтамай…
Қоян-қолтық күреске
Жалғасты солай кездесу.

Бүйрегі болған жаралы
Офицерді жау сынайды.
Ұрса да, қат­ты тепсе де…
Соққысына шыдайды.
Әлсірет­ті аққан қан
Денесінен сауғалап,
Сардар шаршап, соңында
Жер бауырлап құлайды.
Көрдің бе сен мұндайды,
Тірлігіңде көзбенен?!
Батырлығын өреннің
Жеткіземін сөзбенен.
Талып бара жатса да
Тапаншасын суырып…
Қашқан жауды офицер
Жаралы күйде көздеген.

Атып қалды бар күшін
жиып алып бойының,
Дәл тигізді… Жау бірден
ұстап қалды мойынын.
Шүріппені тағы да,
Басқан кезде құлады,
Қызыл қанға толтырып
Жат­ты жауы қойнын.
ІІІ
Жараланған офицер
Бөктерілген қанына.
Жаратқаннан сұрайды
Тілектерін жалына –
Амандығын елінің,
Бүтіндігін жерінің.
«Құрбан болып кетсем, – деп, –
Мәңгілік ел бағына».

Елін сүйген жанындай,
Ерен ердің бірі еді.
Бұзушыны ұстаған
Қуанышты реңі.
Дыбысы шықпай біресе,
Бірде күбірлей сөйледі.
Отаным деп тұрғандай,
Кеудедегі жүрегі:

– Бала кезден өзіңді,
Ардақтаймын, туған жер.
Кіндігімді кестіріп,
Белді бекем буған жер.
Қаным ағып мен бүгін
Хал үстінде жатырмын,
Өліп кетсем егер де
Еңбегімді біледі ел.

Шекара үшін жан қиған,
Аңызың боп қалайын,
Өскен елдің ішінен
Өз орнымды табайын.
Жас өмірді қисам да,
Мен Тәуелсіз жерімнің,
Байтақ елдің төсінде
Бір төбешік болайын.

Қабыл еткін, Жаратқан,
Менде тілек осындай.
Кете қалсам өмірден –
Жарқ еткен бір жасындай.
Арманы көп жастықтың…
Өше қалсам егер де
Кеткен дерсің сен мені
Арыны да басылмай.

ІV
Көзді ашса, айнала –
Жап-жарық шам нұрланған.
Ақ киімді адамдар…
Бұған қарап мұңданған.
Тірі екен, қуанды,
Бүйрегі тек мазалы…
Амандығын тілеумен,
Шын жүректен тұр ғалам.

Есін жиды осылай,
Ауыр дене… Күй неткен?!
Ауру меңдеп барады,
Батырды жауын күйреткен.
Түсіндірді медбике,
Жасалған ота зардабын.
Сонда ғана білді ол,
Айрылғанын бүйректен.

Қайғырмады бұған ол,
Ажал оғы төнсе де.
Бекем еді бәріне,
Бүгін ажал келсе де.
Алысқанда жанжалмен…
Дұшпанымен өлсе де.
Көптік етпес еді оған,
Жанын қиып берсе де.

Бала кезден есіне
Ерлік істер жат­талған.
Өзін батыр сезінді,
Бұзушы жолдан тоқталған!
Бүйрегі де бар болсын,
Өтеміндей ақталған,
Ең бастысы, шекара
Сызат түспей сақталған.

V
Бейбіт күннің батыры
Арамызда жүр әлі.
Даналар мен ақындар,
Әлі талай шығады.
Қажет кезде ойланбай,
Жаудың құтын қашырар,
Ұрпағынан қазақтың
Жауынгерлер туады.

Жауын менен нөсердің
Қызығын қара жер көрсін.
Ақын менен батырдың
Қайырымын ел көрсін.
Ел шетіне жау тисе –
Шаппай қалған ерге сын.
Жүрек жұтқан батырын
Мақтамаса – елге сын.

Ерлік түгіл әскерден
Қашатын қазір бала бар.
Мәрт­тік күтер өреннен
Қала, ауыл, далалар.
Естіп, көріп жүрген соң
Жағдайым бар алаңдар.
Паш етер ерлік ісіне
Үлгі қылып қараңдар.

Еріккеннен қиған жоқ
Денсаулығын, асылың…
Қырандарды ұлықтап,
Жазу керек басылым.
Шекараны бүтіндеп,
Жастықтың қиған жасылын…
Ерлікке ол барған жоқ –
Қамын ойлап басының.

Ұмытпайық осыны,
Ұлықтайық осыны!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір