Ұлытау облысының әкімі баспасөз құралдарына қолдау көрсететінін жеткізді
29.12.2023
76
0

Жуырда Ұлытау өңірінде Қазақстан Жазушылар одағы Ұлытау облыстық филиалының жанынан ашылған «Ұлар» әдеби жас ақындар клубының тұсаукесер салтанаты өтті. Тұсаукесер салтанатына Қазақстан Жазушылар одағы хатшылығының атынан арнайы барған Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының ресми қабылдауында болып, облыс әкіміне Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы, жазушы Мереке Құлкеновтің сәлемін жеткізіп, секретариат атынан өңір басшысына жазған хатын тапсырды.
Ұлытау облысының әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының бірлескен жобасының маңызы мен алдағы атқаратын істері және осы өңірден шыққан, бүгінде ұмытылып бара жатқан ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттау жайы талқыланды. Берік Әбдіғалиұлы өзінің сөзінде алдағы уақытта біріккен жоба бойынша іс-шараларға қолдау көрсетіп, Жазушылар одағының ұсыныстарын қолдайтынын айтты.
Облыс әкімі «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Дәстүр» журналдарына, баспасөзге жазылу туралы ұсынысты қолдап, әкімшіліктің Басқарма басшыларына нақты тапсырмаларын берді.
Сондай-ақ Астана қаласы М.Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназиясында «Мұстафа Шоқай – бүкіл түркі жұртының ұлы перзенті» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Ауқымды жиында ақын Қасымхан Бегманов «Наршоқы – тарихи мекен, Мұстафа Шоқай жолының бастауы немесе «Шерлі Түркістан» дастанының тууы» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар тарих ғылымдарының докторы, Ыстамбұлдағы Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуақап Қара «Мұстафа Шоқайдың француз тілінде жарық көрген мақалаларының мазмұны мен маңызы» тақырыбында, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, саяси ғылымдардың докторы Әбдіжәлел Бәкір «Мұстафа Шоқай тәуелсіз ұлттық мемлекет туралы» тақырыбында баяндама оқыса, Германиядан келген доктор, тәуелсіз журналист Биргит Брауэр конференцияға онлайн түрде қатысты. Конференцияның соңында Әбдіуақап Қараның «Кеңес одағының Түркі әлемі саясаты» атты кітабының тұсаукесер рәсімі жасалып, жинақ оқырман назарына ұсынылды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір