«Ерлік пен еңбек дастаны» жас қаламгерлерге арналған ерекше байқау жарияланды
08.10.2024
127
0

«Еңбек ер атандырады» деген халық нақылы өмірдің өзінен алынған. Ал қазақ қоғамында еңбек адамына деген құрмет ешқашан төмендемеген. Еңбекқорлықтың ел дамуына қосар үлесі де маңызды.
Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та үнемі айтып келеді. «Біз еңбекқор болуымыз қажет. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету» деген еді сөзінде Мемлекет басшысы.
Жалпы, еңбегі жанған ер-азамат­тың ерекше бейнесі ұлт әдебиетінде де жарқын бейнеленіп келеді. Оның жарқын мысалы ретінде көптеген әдеби туындыларды айтуға болады. Енді бұл бағыт­тағы шығармашылық ізденіс жаңа сипат­та қанат жаймақ. Ал еңбек шежіресін түзген қаламгерлерді ынталандыру да арта түсті. Соның бір дәлелі ретінде, Мәдениет және ақпарат министрлігі ерекше байқау жариялап отыр.
Министрліктің ұйымдастыруымен жас қаламгерлерге арналған жаңа байқау басталды. «Ерлік пен еңбек дастаны» байқауы дарынды авторларға қолдау білдіріп, қоғамдағы еңбек мамандықтарының маңызын ашуды мақсат етеді. Бұл байқау кәсіби шеберлігімен қажырлы қызмет етіп, елімізді дамытуға зор үлес қосып жүрген тұлғаларды ұлықтауға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, мұғалімдер, дәрігерлер, кеншілер, фермерлер, құрылысшылар, журналистер, музыкант­тар, кітапханашылар және тағы басқалардың еселі еңбектерін көпке насихат­тайды.
Байқаудың негізгі міндеті – аталған мамандықтардың ерекшелігін көрсету ғана емес, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін, басынан кешкендерін, армандары мен күнде кездесетін қиындықтарын тағылымы мол туындыға айналдыру. Сол арқылы жас қаламгерлерге халықтың ыстық ықыласына бөленген, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатын бірегей образдар жасауға мүмкіндік жасау болмақ.
Аталған байқауға қатысу мүмкіндігінен қапы қалмаңыз және елімізде еңбек пен кәсібилікті насихат­тауға бірге атсалысыңыз. Барша қатысушыларға шалқар шабыт пен сәт­тілік тілеймін! Шығармаларыңыз еңбек адамына деген құрметке, ел мен жерге деген сүйіспеншілікке толы болсын. Ал байқаудың жеңімпазы келесі жылы, яғни 2025 жылы Республика күні қарсаңында анықталады. Өз кезегінде Мәдениет және ақпарат министрлігі еңбеккерлер туралы жазылған ең үздік кітаптың жарық көруін және бүкіл ел бойынша таралуын қамтамасыз етеді, – дейді байқау туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Байқауға қатысуға ниет­ті жас қаламгерлер осы жылдың 1 қазанынан бастап өтінім бере алады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір