«ҮМІТ ӨЛМЕЙДІ. ӨЛМЕУГЕ ТИІС!»
Ұзын, кең, күңгірттеу дәліз. Театрдың үлкен және кіші залына апаратын жол. Кіші залдың есігін еппен ашып қарасам, сахнада төрт орындық тұр. Бір жас актер тізерлеп, залға қарап, қарсыда сөйлеген актерді ұйып тыңдап отыр екен. Сыбдырсыз кірсем, сөйлеп жатқан – Дулыға Ақмолда екен. Биылғы театр маусымының премьерасы «Ақтастағы Ахико-сан» спектакліне дайындық сәтінің үстінен түсіппін. «Ақтастағы Ахико-сан» пьесасын оқыған едім. Бірақ Дулығаның жас актерге бас кейіпкерді жан-жақты толық ашу үшін айтқандарын естіп, көрсеткен қимылдарын бақылап отырып, оқыған материалдағы бас кейіпкер сахнада одан да терең психологиялық бейнеге айналатынына көзім жетті. Әрі Дулыға Ақмолданың бір-біріне ұқсамайтын театр мен кинодағы рөлдері көз алдымнан тізіліп өтті. Өнер әлеміндегі Дулығаға іштей қол соқтым. Ал сахнадан сырт өмір, қоғам жайлы, өнердің қалтарыс-бұлтарыстары жайлы актер Дулыға Досмұхамбетұлы не ойлайды? Осы ойдың жүлгесімен әңгіме де басталып кете берді.
– Тіршілік өнер атаулыны қашан да өкшелеп қуып отырады. Өнер мен тұрмыстың қатынасындағы актердің бүгінгі халі қандай?
– «Өнер адамдарына жағдай жасалып, оның үй-күйі болуы керек» дегенді жиі айтып жатамыз. «Күйі» деген сөздің астарында көп нәрсе жатыр ғой, білген адамға. Үй бір бөлек те, күй бір бөлек. Жалпы, өнердегі тұрмыстың ахуалын айту, адам ретінде қарасаңыз, құптарлық нәрсе. Десе де, өнер адамы «маған жайлы жағдай жасамады» деп, өнерді ысырып қою – өнер адамының өзіне жасаған қиянаты. Мұғалім, дәрігер, шахтер, спортшы сияқты көптеген қарапайым мамандықтар қатарлы актерлік те мамандық. Актерлік менің мамандығым, жұмысым. Өнер адамы өз өнеріне мамандығым деп қарауы керек.
– Қанша мамандық десек те, өнер – өнер болуы керек қой…
– Өнердің төрешісі – көрермен. Әлбетте, адам тұрмысын ойламай, оны түзеуге талпынбай тұрмайды. Бірақ өнерге, яғни берілген рөлге жүрдім-бардым жауапсыз қарау, сахнадан тыс тірлікті қуу, сахнадағы ізденіссіз өткен күндеріңіз көрерменнің алдында кейіпкеріңізді жерге қаратады. Осыдан кейін «режиссер маған рөл бермейді» деген әңгімеге жауап дайын. Режиссер де еңбектеніп, кейіпкерін көрерменге сенімді етіп жеткізетін, мамандығын мамандық ретінде сезінетін актерлермен жұмыс істегісі келеді. «Мен – өнер адамымын» деп төс қаққаннан не пайда! Егер өз кәсібіңе адал болмасаң. Яғни тұрмыстың қиыншылығына, отбасындағы түрлі кикілжіңдерге қарамастан адал еңбек еткенде ғана өнер – шынайы өнер болады. Адамға тұрмыстың ықпалы болады. Ол рас. Тіпті, кейде илеуінде кетесің. Бірақ тіршіліктегі проблемаларыңды сахнаға алып шығуға болмайды! Бұл – заңдылық! Өнер ордасында шығармашылық атмосфера болуы шарт. Мәселен, репетицияда актер бәрін жинап қойып, тек қана қойылымдағы кейіпкерін көрерменге қалай жеткізудің амалын ойлап, сонымен ғана «ауруы» керек. Сырттағы тіршілігіңді ойлап тұрып, кейіпкерге жан бітіру мүмкін емес! Ондай жерде актердің бойынан өнері қашады, өнердің қадір-қасиеті кетеді.
– Тіршілік театрдың табалдырығында қалуы керек дейсіз ғой.
– Иә, табалдырықта қалуы керек. Әркім өз кәсібінің асқан шебері болуы тиіс. Қазіргі кезде актерлерді былай қойып, менің ойымша,қоғамға профессионализм жетіспейді.
– Табалдырық бөліп тұрған екі өмірдің арасында жүру қиын шығар?
– Әр мамандық иесі жұмысына келгенде тұрмыстық мәселелерін сыртқа тастап кіреді ғой. Актер да сондай. Әрине, табалдырықтың ар жағындағы өмірді спектакль дей алмаймын.Екеуі де өмір. Бірақ сол екі өмірдің аражігін ажырата білу шарт.
– Тура сол жерде талант тұратын шығар?
– Дұрыс айтасың. Тұрмыс пен театр мәселесіне бір мысал айтайын. Сәбит Оразбаев ағамыздың бір естелігінде айтқаны бар. «Әбілқайыр ханды ойнап, көрермендердің ықыласына бөленіп, ерекше күйде үйге келіп, есіктің қоңырауын бастым. Есікті ашқан әйелім: «Сәбит, қоқысты тастай келші» дегенде, қоқыс шелегін алып, сыртқа апарып тастаған сәттегі күйімді көрсең…» дейді. Міне, өнер мен тіршіліктің арасындағы күй…
– Сіздің жаныңызға ерекше әсер етіп, біраз уақыт бойы шыға алмай жүрген қандай рөлдеріңіз болды?
– Актер әр ойнаған рөлінен кейін өзі сомдаған кейіпкердің болмысында жүреді. Өйткені, актер сомдайтын кейіпкерін әбден зерттеп, оның әр ойын, жүріс-тұрысын, мінез-құлқын шынайы алып шығу жолында ұзақ еңбектенеді. Сахнада сол адам болып өмір сүресің. Түрлі болмыстағы, қалыптағы, психологиялық параллельдері әрқилы қаншама кейіпкердің болмысына еніп, сахнада соның әлемінде өмір сүру, актердің жанында, санасында із қалдырады.Сөзсіз, әр актер өзінің туабітті өзіне ғана тән жеке адамдық болмысын сақтап қалары хақ! Бірақ әр ойнаған рөлі оны актер ретінде, адам ретінде өсіріп, толықтырып, жетілдіріп отырады. Осындай актерлік жолдан өте келіп, әр рөлге үлкен жауапкершілікпен қарауды үйрендік. Үйренуге себеп көп болды. Алдыңғы толқын корифейлердан бастап, қанаттас қатарластарымызға қарап бой түзеп келеміз. Асылы, «образ» деген сөзді абайлап айту керек. Одан гөрі «Кейіпкер» дегеніміз дұрыс шығар. Мәселен, мен ойнаған спектакльдерімнің бәрін де образ жасадым десем, артық айтқандық болады. Образ – актердің ұзақ жылдар бойына төккен терінің, жинаған мол тәжірибесінің, қалыптасқан шеберлігінің нәтижесінде қол жеткізген профессионалдық деңгейі. Образ жасау – әрбір актерге бұйыра бермейтін биіктік!
Маған кейде: «Сіз трагедия, комедия, драмасында түрлі жанрда ойнайсыз. Қайсы жанр жаныңызға жақын?» деп сұрайды. Актер бар жанрды бірдей меңгеруі керек. Ол сонысымен де актер. Құдай Тағала адам бойына мыңдаған қасиет берген. Актердің шеберлігі сол, бойындағы қасиетін оята білуінде. Өйткені, актердің сахнадағы құралы өзі.
– Биылғы театр маусымының премьерасы «Ақтастағы Ахико-сан» спектаклінің репетициясында жас актерларға кеңес беріп жатқаныңызға куә болдым. Ахико совет өкіметінің қанды шеңгеліне түсіп, азап көріп, аман қалған жапон. Осындай күрделі образдарды сомдауда актер сол заманның қоғамдық-саяси жүйесін, тұрмысын, психологиясын бастан кешіргендей жүрегінен өткізеді ғой. Ауыр емес пе?
– Бұл – адам тағдыры. Ол жерде оның ұлты, шыққан тегі маңызды емес. «Ақтастағы Ахико-сан» -15 жастағы баланың советтің қанқұйлы уысына түскен халі әрі көрген азабының оны дереу есейтіп жіберуі. Жалпы, адамның табиғатына қарама-қайшы нәрсенің бірі, ол – жүйе. Яғни «көппен көрген ұлы той». Сол сияқты, 15 жастағы баланы да жүйе жұтып жібереді. Ахиконың жүйеге жұтылмауына болатын еді. Ал ол үшін өлуі керек болды. Ахико «тажал машинасы» – жүйеге қарсы күрескен құмырсқа іспеттес. Бірақ түптің түбінде күрескер құмырсқалар көбейіп, ақыры «машина жүйені» жеңеді. Мысалы, совет өкіметін құлатты ғой. Міне, соның басында Ахико сияқты рухы күшті, жігері жасымаған қайсар адамдар тұр.
– Өзіңіз өмір сүріп жатқан жүйенің алдында өзіңізді қандай күйде сезінесіз?
– Мұның енді күрделі сұрақ… (Күлді). Қай заман болсын, жалпы жүйе деген ұғым адам болмысына қайшы нәрсе. Адам санасы, әу баста жаратылғаннан, кез келген жүйе деген формаға қарсы. Ол жүйе дұрыс болса да, бұрыс болса да бағынғысы келмейді. Өйткені, адамның жаратылысы сондай. Қоғам дегеніңіз, жоғарыдай айтқандай, «көппен көрген ұлы той». Жүйе мен адам қатынасынан алсақ, біздің халықтың көшпелі өмірі, дала заңы, дала демократиясы, ондағы ұстанымдар мен ережелер, салт-дәстүрлер, адами құндылықтар осының бәрі біз жүйе деп отырған формалардың ішіндегі адам табиғатына ең жақыны деп айтар едім. Себебі, көшпенділердің өмірлік философиясы – адам табиғатпен біртұтас. Табиғаттың төлі.
– Кез келген жүйедегі адам үнемі әлдебір бостандықты аңсайтын сықылды…
– Әлбетте.
– Бірақ адамның аңсайтыны қандай бостандық?
– Өздері де білмейді. Өйткені, ол бостандық адамның жаратылысында, санасының түкпірінде жатады…Біз табиғатпен етене өмір сүргенде оның қандай бостандық екенін сезетінбіз. Табиғаттан алыстаған сайын оны жоғалтып алдық. Әр түрлі жүйенің торына тұтылдық. Тұтылдық та өзіміздің ең басты рухани қаруымыз әрі ұлттық қорғанымыз болған тіліміздің тұнық бастауынан жырақтап кеттік. Ұлт сөзінің қайнар бұлағынан рухымызды суармаған соң, сөз қасиетін әлсіретіп алдық. Сөз – қазақтың тоқтамы еді. Сөз – ұлттың ұятын, болмысын ұстап тұрған еді. Біз сол сөзге тоқтайтын рухани күйімізге оралмасақ, бүгінгі біздің қоғамның рухани аянышты күйі оңайшылықпен оңалмайды…
– Сіз туған ұлтыңыздың бойындағы қазіргі кездегі кейбір мінез-құлықтармен келіспейтін сияқтысыз.
– Келіспеймін! Менің жеке пікірімше, біз, қазақтар, өзіміздің ұлттық болмысымызды жоғалтып алғандаймыз. Жоғалтып алғанда, ол рухымызда бар. Ұлттық санамыз сол болмысты автоматты түрде іздеп жатыр деп ойлаймын. Мәселен, сен неге әлдебіреу қазақ намысына тиетін сөз айтса, әрекет жасаса, қызылкеңірдек болып, өліп қала жаздайсың?
Бұл – санаң сенің еркіңнен тыс әлгі кодты іздеп жатыр деген сөз. Ал көбіміз ұлттық болмысымызды іздемек түгілі, өзіміздің қайда кетіп бара жатқанымызға есеп бере алмайтын күйде жүрміз.Өткенде бір санаторийде ерлі-зайыпты, жасы ұлғайған қарттарды көрдім. Екеуара қазақша таза сөйлеп, әңгіменің майын тамызып отыр. Сырттарынан «қартайғанда біз де осындай болсақ» деп ойлап, сүйсініп отырғанмын. Бір кезде ақсақалдың телефоны шыр ете қалды. Телефонын көтерген ақсақал немересімен орысшалап шүлдірлей жөнелді. Осы көріністі көргенде бағанадан сүйсініп, қызығып отырған сезімдерімнің тас-талқаны шықты. Немересіне жаным ашыды…Қоғамдағы осындай жаныңды ауыртатын жағдайларға қарамастан, ұлттық болмысты ұлттың рухынан іздеп жатқан сана қозғалысы тоқтамайды деп ойлаймын.
– Ұлттық болмыс дегенде, ұлттық тарихты білу, сезіну мәселесі шығады. Қазір тарихпен, әсіресе, түрлі тарихи тұлғалармен мақтанады.
– Бізде мақтану бар да, ұмытылыс жоқ. Ұмтылудың орнына біз кейін кетіп барамыз ғой. Қоғамның бойына жүре жабысқан жаман әдеттер көбейді. Бір министр келеді де, білім саласына реформа жасайды. Оны екінші министр келіп, жоққа шығарып, жаңа реформа бастайды. Біз қай министр не десе, соның артынан үнсіз ере береміз. Қарсылық қайда? «Оу, оны қоя тұрып, мына оқулықты түзеп алайық» деп айтатын бір адам жоқ. Ал ата-бабаларымыз батыр, бай-бағлан, сұңғыла, білімдар, күрескер, жаужүрек болды дегенде алдымызға жан салмаймыз. Сөйте тұра, шендіге жағынуға, байдың қолына су құюға, қарақан басымызға жақсылық жасай алмай жүріп, құр мақтанға лепіруге, қонағымызға төрімізді беріп, өз қадірлі-құрметтілерімізді босаға телміртіп, қудалаудан ары аса алмай келеміз…
– Әр адамның кез келген жүйеге ішкі қарсылығы болады. Сіздің жағдайыңызда сол қарсылықты шкаламен өлшесек, қандай деңгейде деп ойлайсыз?
– Әр адамның өзінің қоғамға деген көзқарасы, қарсылығы, ризашылығы болады.Бүкіл болмысыңмен қоғамға, жүйеге қарсы болсаң, онда сен оппозицияға біржол кетіп, сол жақта жүруің керек. Соған қарағанда, менде үміт көп. Өйткені, біз үмітпен өскен ұрпақпыз. «Үмітсіз – шайтан» принципін ұстанам. Яғни менің болашаққа сенімім мол. Мағжанның өзі түрмеде тепкінің астында жатып, «Мен жастарға сенемін!» деп кетті ғой. Үміт өлмейді. Өлмеуге тиіс!
– Үмітіміз өлмесін! Рахмет, әңгімеңізге!
Әңгімелескен
Өміржан ӘБДІХАЛЫҚ.