ҒАЛЫМНЫҢ ХАТЫ ӨЛМЕЙДІ
29.11.2022
3092
0

Осы жылдың желтоқсан айында белгілі қазақстандық ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетінің тұңғыш деканы, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Николай Косовтың туғанына 100 жыл толады.

Экономика мен физиканың түрлі салалары үшін көптеген ғылыми-педагогикалық қызметкерлерді, ғалымдар мен мамандарды тәрбиелеген еңсесі биік тұлға, дарынды ұйымдастырушы және физик-ғалым Н. Косов Қазақстанның физика ғылымының тарихында елеулі еңбегімен жарқын ізін қалдырды.

Н.Д.Косов 1922 жылы 2 желтоқсанда Қостанайда дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап майданда болып, 1942 жылы ауыр жарақат алып, елге оралып, дереу Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетінің физика бөліміне түсіп, оны үздік бітірді. Өнеркәсіптік өндіріске енгізілген инженерлік технологиялар жаңа эксперименттік мәліметтер мен жылуфизикалық сипаттамалар бойынша есептеудің теориялық әдістерінің жиынтығын ауадай қажет еткен тұста Н.Д.Косов  газдар мен сұйықтардағы диффузиялық ажырату мөлшерін бағалау тәсілін жасады. Ол ұсынған тұжырымдама сол кездегі «Газдар мен сұйықтардың диффузиясындағы молекулалық және гидродинамикалық тасымал» атты жаңа ғылыми бағытты қалыпастыруға мүмкіндік берді.

Қысқа мерзім ішінде Қазақ мемлекеттік университетінде Қосов эксперименттік база құрды, масса және жылу алмасу саласында зерттеулер жүргізді. Зерттеушінің ерекше таланты, адамдарға деген құрметі мен сүйіспеншілігі, ғалымның принципшілдігі – мұның бәрі Н.Косовқа елдің ғылыми қоғамдастығында кеңінен танылуға мүмкіндік берді.

1959 жылы ҚазМУ-де жаңа физика факультеті ашылды, оның ұжымына Қазақстан үшін физик-мамандарды даярлаудың ғылыми-әдістемелік орталығы болу міндеті қойылды. Николай Косов факультеттің тұңғыш деканы болып тағайындалды. 1962 жылы ғалым жылу алмасу және жану мәселелері зертханасының негізін қалады. Ол газдар диффузиясының кинетикалық теориясы саласында іргелі нәтижелерге қол жеткізді, газдар мен сұйықтардың диффузиялық коэффициенттерін өлшеудің эксперименттік әдістерін әзірледі. 1972 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде «Газдардағы диффузияның молекулалық және гидродинамикалық тасымалы» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.

Үлкен математикалық эрудицияға ие болғандықтан мықты экспериментатор және ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастырушы ретінде танылған Косов Н. диффузиялық масса тасымалы саласындағы зерттеулерді елдің жылуфизикалық қоғамдастығының жоғары сараптамалық деңгейінде қарауға және анықтамалық деректерді қалыптастыру жөніндегі Бүкілодақтық бағдарламаға енгізуге ұсынуға көп күш жұмсады. Николай Косовтың беделінің және қазақстандық жылуфизиктердің зерттеу нәтижелерінің арқасында Қазақ мемлекеттік университеті газдар мен сұйықтардың жылуфизикалық қасиеттері бойынша стандартты анықтамалық деректері мен ұсынылған анықтамалық деректерді әзірлеу құқығымен осы беделді бағдарламаға енген Қазақстан мен Орта Азиядағы жалғыз ғылыми және білім беру ұйымы ретінде танылды.

1984 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен ғылым мен техника саласындағы ерен еңбегі үшін профессор Косовқа «Қазақ КСР ғылымының еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.

Өмірінің соңғы онжылдығында профессор Н.Д. Косов Энскогтың жалпы теңдеуінен гидродинамика теңдеулерін шығару үшін санақ жүйелерінің инварианттылығын зерттеумен айналысты. Осы еңбегінің нәтижиесінде диффузияның аралас масса тасымалына әсерін дұрыс бағалауға мүмкіндік беретін түрлі санақ жүйелеріндегі сақталу теңлеулері үшін іргелі қатынастарды шығарып алды.

Н.Д. Косов  жастардың бойында отансүйгіштікті, ұлттық мәдениетке құрметпен қарауды дамытуға барынша көңіл бөлді, қазақ тіліндегі ғылыми білімді насихаттады, ұлттық кадрларды мансап жолында ілгерілетуге белсенді ықпал етті. Отыз жылдан астам уақыт бойы Н. Косов аспиранттар мен ізденушілердің жұмыстарына жетекшілік етті. Ол 34 ғылым кандидатын даярлап, оның сегіз шәкірті ғылым докторы атанды. Косов газдар мен сұйықтардың жылуфизикалық қасиеттері бойынша қазақстандық ғылыми мектептің негізін қалады. Бүгінде оның шәкірттері мен ізбасарлары әлемнің түкпір-түкпіріндегі ғылыми орталықтарда, университеттерде, еліміздің мемлекеттік және ғылыми ұйымдарында ғалымның ісін жалғастырып, ел болашағы үшін еңбек етіп келеді.

С.Ә.Бөлегенова 

Ш.С.Оспанова,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

жылуфизика және техникалық физика кафедрасы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір