ҮМІТ
03.02.2023
759
1

Үміт айнасы – жастар. Анығын айтқанда, балабақшадағы бүлдіршіндерді келешекте нендей оқиғалар күтуде, менің білетінім – әр ұрпақтың өзіне тиесілі, өздері ғана өтетін сын көпірі бар.
Әр ұрпақ сын көпірінен өтеді. Жас жеткіншекті қиыншылыққа тәрбиелеу – аса қажет­ті міндет. Осы жағдайды қазіргі ата-аналар әбден саналарына салмақтап, түсініп алулары қажет.
Келешек не болашақ деңіз белгісіз, оның айқын сурет­тері жоқ. Келешек – бүгінгі күннің жалғасы десек, жағдай міне, әлемде соғыс жүруде. Бар әңгіме соғыс қару-жарақтары туралы. Қай қару қалайша, мейлінше көп адамдарды қырып-жоюда… сол жайында айтылады. Бұл – милитаристік сана. Сонда ізгілік, игілік, адамшылық, мейірімділік дегендер қайда қалды? Бұларсыз адамзат қалайша кемелденбек? Әдебиет пен өнер алға шықпайынша жағдай мүшкіл. Үмітіміз жел өтінде. Үмітсіздік – шайтандыққа бастайтын жол.
Үміт әлемі – жарық. Адамға мол жарық қажет. Ол – жылылық, ол –ізгілік, ол – мейірімділік әлемі. Адам баласы жарыққа құмар, ол – оның табиғи болмысы.
Соғыс болса, үміт­ті, яғни жарық әлемді қиратушы, ол – адамзатқа жат құбылыс.
* * *
Жағдай ауыр. Көрші елдің басшысын әлемдегі «жетілік» және «жиырмалыққа» енетін елдер, онымен сәлемдесіп, суретке бірге түспейтін халге жет­ті.
Америка бастаған әлемдегі кемелденген демократиялық бағыт­тағы елдер оны «шетке шығарған». Бүгінгі Ресейдің осындай басшысымен біздің аралас-құраласымыз қалай болмақ?! Тағдыр деген – сол, Ресеймен шекарамыз жеті мың шақырым. Кеңес заманындағы саяси басшымыз байлап-матап тастаған «одақтар» бар. Есіме түсіп отыр, 1989 жылдар шамасында болса керек, Алматы мемлекет­тік университетінде Украинаның Президенті болған Кучмамен кездесу болды. Залдан біреу сұрақ қойды:
– Еурзиялық одаққа қалай қарайсыз?
– Жалпы одақ деген түсінікке қарсымын, – деді Кучма. Біз жауапқа разы болып, қол соқтық.
Еліміздің басшысы, сол кезде «Одақ» дегенмен әбден қызу айналысып кеткен кезі еді.
Енді, міне, соның зардабын тартып отырмыз.
* * *
Қазақ қандай қиыншылық болмасын «тәуба» дейтін. Мен де тәуба деймін, жұрт сайлаған Президентіміз бар. Ол – кәсіпқой дипломат.
Сірә, бүгінгі жағдайларға дипломатия қажет шығар. Тарихта қазақ тығырыққа тірелгенде, Абылай хан біршама дипломатия үлгілерін жасап, елді, жерді жаулардан аман сақтап қалып еді. Иә, тәуба! Бүгінгі аласапыран заманда мықты дипломатия керек.
Ресей басшысының суынған бойын ТМД-ның «ескі көрпесімен» жамылмақ ниеті аңғарылады. Анығында ТМД-да Кеңестік империяның бір сәт­те пайда болған көрінісі. Украина ТМД-дан іргесін бірден аулақ салып еді… Мүмкін, сол дұрыс болды ма екен?!
Жаңа заманға жаңа саяси шешім керек. Оны мемлекет басшысынан күтеміз. Не амал бар, бірге ойланайық?!
* * *
Шөберем Назым үш жаста. Кезінде, біз ұрандап айтқан 2050-де ол 31 жасқа келмек. Былайша ұзақ мерзім, ал шындығында қас-қағым, құм уақыт суылдап өте шығады. Өзіммен өлшеймін. 1950 жылы үш жаста едім. Міне, қаншама уақыт жүгін жинап-теріп, жер ортасынан ауып, 75-ке жет­тім. Өмір деген құмдағы – із.
Үміт адамды құшағына алып, оны барар жеріне жеткізеді. Оны тағдыр десекте болады. Иә, шөберемнің межелі 2050-ге дейін 31 жыл ғұмыры бар. Осы уақыт пен кеңістік аралығында нелер болмақ? Бәрін білуші бір Алла Тағала, сезінуші біз. Жеңісті жеңілістен, қуанышты қайғыдан, сергелдеңнен серуенді нақ ажырата алмай бұлқынып, жұлқынып ғұмыр кешудеміз.
Шөберем бүгінде ойын баласы, күні ертең мектеп жасына іліккен соң-ақ оны да заман дөңгелетіп әкете бермек, мәселе заман дөңгелегі кімнің, кімдердің қолында болмақ?.. Бұл жағдайды хакім Абай «Әркімді заман сүйремек» деп түсіндіреді. Заман – тағдыр, бұдан тыс ғұмыр жоқ. Маған шөберем Назымның өзі үміт, соған разымын. Шөбере деген сенің бұ ғұмырда болғаныңның дәлелі, шегесі.
Немере – қолтаңба.
Шөбере – шеге!
* * *
Халқымыз «үмітсіз шайтан» дейді. Мықты сараптама. Шайтан үмітсіз, адамның тіршілігі – үміт. Сондықтан «үміт шамы» сөнбесін деген түйінді сөзді қайталағанды ұнатамын. Оным да амалсыздықтан, басқаша не айтпақпын. Үміт шамы сөнсе, дүниені қараңғылық баспақ. Тірі адам тірі адамға тек жақсылық, жарық тілеуі қажет. Басқаша болса, күнәлі болмақсың.
Үміт, сәуле, жарық дегенде сеніммен саясаткерлерге қараймын. Бірақ оларға қарайсың да мұңаясың, себебі білемін олардың көбі – шикі, дені – өтірікші, тіптен алаяқ. Бір парасының өз сөздеріне өздерінің сенімі жоқ.
Хакім Абайдың «Заманды қай жан билемек?» деп қиналғаны да сондықтан емес пе? Хакімнің «кімге сенсең, сол шикі» деуі де осы мағынада болса керек.
* * *
Жан-жағыма қараймын, қарманып, кемел жанды іздеймін. Пайғамбары, әулиесі жоқ бұ не заман? Өзіме қараймын телегей-теңіз кемелдік шықпады. Заман жүгімен қаншама уақыт нәтижесіз әуре-сарсаңға түстік. Тұрмыс тауқыметін социализм маңдайымызға таңба етіп басты. Күн көру үшін нендей арпалысқа түспедік? Құдай-ау социализм­нің санамда бір жарық, нұрлы күні қалсайшы. Сонда да үмітіміз сөнген жоқ. Сәл нәрседен қуаныш, жұбаныш іздедік.
7-сыныпта оқимын. Анам Бижамал ескі пальтоның өңін айналдырып, тігіп берді. Жаңа киім кигендей қуанғаным-ай!
Бұл амалсыздықтың қуанышы, анамның әрекеті. Шарасыздық. Сұм социализмде біз жап-жалаңаш кедейлікте ғұмыр кештік, бірақ келешектен үмітіміз болды.
Әрине партия, кеңес қызметкер­лерінің, директорлардың тұрмыстары тәуір болды, бірақ кедей жұрт 90%, ал тәуір тұрмыстағылар көп болса 10% шамасында, мүмкін одан да аз болған шығар…
* * *
Не деуге болады. Көрші елдерде қырғын соғыс. Саясат­тан шындық табу қиындап барады, бұдан шығар күн бар ма? Болашақ – көк тұман. Айқындық жоқ, бірақ келешектен үміт бар. Үмітсіз шайтан, біз болсақ Алла Тағаланың пенделеріміз, қазақ елінің азамат­тарымыз. Нық сенім бар. Қазақ елі мәңгілік деп үміт етеміз. Мемлекетіміз де, Мемлекет басшысы да тура жолда деген үміт сөнбесін деп тілейміз.
* * *
Халықтың басына қонар баққа кедергі көп. Оларды сыртқы және ішкі кедергілер деп білеміз. Бізді қинайтыны – ішкі кедергілер. Өз кемшілігімізді білеміз, олардан арылуға қуатымыз жетсе…
Ең бастысы шөберем Назым және оның қатарластары коммунизм, социализм, марксизм деген ұғымдармен уланбаулары керек.
Қазақ қоғамы бұл дерт­терден мүмкіндігінше тез арада арылуы қажет.
Осылайша үміт туралы жан-жақты, байсалды ойлар айтуымыз біздің интелектуалдық қуатымызға сын.
* * *
Шөберем Назым маған қарайды, мен оған қараймын.
Айғайлап, ұрандатқан 2050 жылға 27 жыл қалды. Шөберем Назым 2050 жылы 31-ге келмек. Осы мерзім ішінде нендей өзгерістер болмақ.
Айтайын:
1. Ресей мен Украина соғысы аяқталады. Соғыс тиісті жолдармен рет­теледі деп ойлаймын. Бірақ Ресейдің басбұзарлығы неше түрлі сипат алып, өсіп-өрлеп кетеді. Мұндай жағдай соғыстан кейін болмақ. Соғыстан кейін СССР-де тәртіп орнату үшін іс-шаралар қолға алынған. Бірақ ұйымдасқан партиясы, демократиясы жоқ елдің жағдайы қалай өрбімек.
Украинамен соғысқа дейінгі Ресейдің мәлімет­терінде адамның туу көрсеткішінен өлу көрсеткіші көбірек болатын. Ресейде халық саны жыл сайын 230 мыңға азайып отырған. 30 жылда соғыс шығынын қоса есептегенде 8-10 миллионға қысқармақ.
Анығы – Ресей демографиясы құлды­рауда.
2. Бүгінде өзбек халқының саны – 35 миллион. Демографиялық үрдіс осы қарқынмен сақталса, өзбек халқының саны орыс жұртынан асып кетпек. Бұл – Ресей демографиясына және елдің ішкі ахуалына айтарлықтай күрт өзгеріс жасайтын фактор.
3. 27 жылдан кейін Қазақ халқының демографиясы, егер қырғын соғыс-опат­тардан аман болсақ, былайша болмақ.
Қазақстанда жыл сайын шамамен 400 мың бала дүние есігін ашады.
Әр жас отбасыда 5 баладан болса, жыл сайын бұл көрсеткіш 500 мыңға жетер еді. Олай болса, 10 жыл ішінде 5 млн, 20 жылда 8 млн. Бүгінгі қазақтың санына 13 млн адам қосылып, халық саны 28-30 млн болмақ. Бұл сапалық көрсеткіш.
Демографиялық үрдіс – халықтың интеллектуалды деңгейін көтереді деп сенемін. Қазақтардың IT саласының деңгейі бүгінгі күні шет мемлекет­термен бәсекеде.
Бұл – болашаққа деген үмітке азық.
Сонымен, шөберем Назым 31-ге келгенде, қазақ халқы кемелді ел болады деген үміт­темін.
Үміт – әділін айтқанда, мықты Президентке сену, басқа амал жоқ. Дип­ломатия – ақ жауын секілді саясат, ол түбінде жеңіске жеткізуі әбден ықтимал. Үмітке сеніп ғұмыр кешуіміз керек.

P.S.
Үміт – болашақ туралы сана.
Үміт – жарық сәуле.
Үміт – білім, ғылым,
өнер жолында жүру.
Үміт – ғұмыр мәні, мазмұны.
Үміт – уайымды жеңу.
Үміт – қайғыны меңгеру.
Үміт – қасіретке шыдау.
Үміт – жел өтінде жанған шам.
Үміт – түңілуді жеңу.

 

 

 

Ғарифолла Есім
академик, жазушы

ПІКІРЛЕР1
Аноним 02.05.2024 | 16:38

Ғарифолла Есім — Заманының заңғары!!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір