ӨМІРДІҢ ӨНЕГЕЛІ САБАҚТАРЫ
09.09.2016
1615
0

500433_758835728_9Оразбай БАЙБАҚҰЛЫ

 

Ең бастысы…

Дәметпесем жақсылықтың жазынан,

Айтыла ма ағайынға базынам.

Қайнарындай қарапайым ырыстың,

Қара өлеңім – қасиетті қазынам.

 

Жорықтарың жүріп жатыр жасырын,

Ойлай ма оны марапатқа «мас» інім.

Жақсы өлеңдер жазылғанда

Мен үшін,

Салтанатты сарай сынды лашығым.

 

Ұят шіркін, оңала ма,

Кір бүгін,

Көлбеңдейді көңілдерде түрлі мұң.

Былық деген быламықтай

Білемін,

Мансап қусам мандыр ма еді тірлігім.

 

Көрмегенім көгенің бе, кісен бе,

Қайта шығам тозағыңа түсем де.

Сараңдарың сатып ала беретін,

Атағыңа айран құйып ішем бе.

 

Жанашырлық жақсылыққа тіленген,

Құлыншағы емес пе едім жыр емген.

…Ең бастысы – өкінішпен өтті деп,

Есіркейтін елім барын білем мен.

 

***

Бұл өмірден көп үйрендім, көп біліп,

Ережеге сыймайды екен ептілік.

Титтей ғана қиянатың..,

Ондаған

Жақсылықты жіберетін жоқ қылып.

 

Білінбей ме,

Бақай есеп бай бары,

Сараптау ма,

Саналыда сай бәрі.

Әділдігің – ата жолын қуғаның,

Адалдығың абыройдың қайнары.

 

Сақтығы мен ұштастырған сабырын,

Көрмеп пе едің көкелердің жәбірін.

…Шығармайтын жазалауды жадынан,

Тазалықты талап еткен тәңірім.

 

***

Қалайша қатпарланған епке сенем,

Күндестік көгертпеген көп көсегең.

Сергекке сездірмеуге тырысатын,

Өзгенің қолыменен от көсеген.

 

Қап та жоқ, қалта да жоқ тілінбейтін,

Қулықты құпиялау жылым дейтін.

Аршитын айыбыңды уақыт өзі,

Естіге ештеңе жоқ білінбейтін.

 

Ылдида етек жидым,

Өрде келем,

Қонбады құштарлығың төрге деген.

Кәдімгі кісілігің, пенделігің,

Бәрі де бағаланған зердеменен.

 

Бақыттың бар-жоғына бал ашпағам,

Керек пе кедергілі талас маған.

…Қысастық – қиындықтың қоламтасы,

Табатын аңсағанды адаспаған.

 

***

Жасқаншақтың жайғызбай керегесін,

Айтқызбайды арамдық бөлеге сын.

Пейілі кең, көзі ашық пендеңіздің,

Аңыз еткен ағайын өнегесін.

 

Алғыр ата жоқ па еді, алғыр ана,

Арындылар ауыздық  салдыра ма?

…Қулық қуған пендеңіз…

Өлер шақта

Аярлықты артына қалдыра ма?

 

***

Жақсы мен жаманның арасын,

Зерттеумен күн өтті.

Білгенде сараңның санасын,

Жүрегім дір етті.

 

Қайтесің қақтығыс, ұрысты,

Уақыттың соты бар.

Алдымен дұрыс пен бұрысты,

Зердеңе тоқып ал!

 

Қаймықпаймын

Қалмағандай арлыңызда алыптық,

Қулықты да қоя салдық нарық қып.

– Әке-шешең жынды болса байлап бақ, –

Деуші еді ғой атам менің жарықтық.

 

Қайран өмір қалғыта ма

Қалғиын,

Сабыр керек,

Салқындасын сәл миым.

Ұмытқам жоқ алақанын әкемнің,

Ұмытқам жоқ анашымның әлдиін.

 

Басталғанда бақыт үшін шын жорық,

Өміріңнен өте алам ба күн көріп.

Қаталдық пен қайырымды білмесем,

Кетер едім,

Кетер едім кім болып.

 

Ақиқатты, әділдікті дос көрдім,

Кісілік пе;

Қымбат екен,

Ескердім.

Әкеміздің ақ арманын арқалап,

Шешеміздің үмітімен өскенмін.

 

Талайларда кете берсін…

Кетті есем,

Қажет болса қаймықпаймын, от кешем.

…Тынысы бар тірі өліктің бірімін,

Ата-анамның қадіріне жетпесем.

 

                ***

Арманшыл алды ысылып,

Өсекшіл өтті ұшынып.

Адалдық қажет екен ғой,

Кірлемес үшін кісілік.

 

Тумайды деме сәтті күн,

Болмайды деме тәтті мұң.

Арыңның аппақ айғағы,

Періште сынды пәктігің.

 

Сықасқан ойлар миыңда,

Сылтауларыңа сиынба.

…Құштарлық жасап «тиынға»,

Қарабет болу қиын ба.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір