Қадекеңнің ашық сабақтары
18.07.2025
288
0

Заманында Асқар Сүлейменов, Сабырхан Асанов, Есенжол Домбаев, Сәкен Жүнісов, Ескен Елубаев, Ахат Жақсыбаев, Үмбетбай Уайдин, Жарылқасын Нұсқабаев, Бексұлтан Нұржекеұлы, Иген Қасенұлы, Кәдірбек Сегізбаевтармен шынайы араласып, әдебиетке келген Қадірбек Уәлиев кәсіби театр сыншысы ретінде тарихта қалды. Өнер саласында көптеген монографиялық еңбектер жазған тұлғаның дүниеден озғанына бес жыл толып отыр.
Осыған орай замандасы Мұрат Ерғалиевтің естелігін ұсынамыз.
Редакциядан

Демей өт­тің,«үлкен едім»,
«кіші едім»,
Қарағым-ай, кісі едің-ау, кісі едің!
Соның үшін қартайғанша қолыма
Салып кет­тің
сыйластықтың кісенін!
Хамит Ерғали

  Осы өлеңді әкем, Қазақстанның халық жазушысы, ардақты ақын Хамит Ерғали кімге арнап жазғанын мен білмеймін, бірақ оқығанда «қарағым» деген сөзден мен бірден Қадірбек ағаны көргендей болдым. Басқасын айтпағанда, мені осы теңеуге жетелеген екі «әпендінің» (шешем Гүләнуардың қойған аты) ешкімге ұқсамайтын қарым-қатынасы, әзіл-шыны аралас қиялдары, соның ішінде бір-бірін түрткілеуі (кейде ап-ащы) немесе достығы десем, ол имандай шындығым. Сондықтан бұл естелікте Қадекеңнің кәсіби жұмысына, жазған кітаптарына үңілмей, азамат­тық, адами қасиетін көрсетумен шектелмекпін. Ал ағаның театр өнері туралы жазылған мақалалары, жеке тұлғаларға арналған зерт­теулері баршылық, мамандар оларды бөлек талдап, дұрыс баға беретіне кәміл сенемін.
Алғаш рет біз 1984 жылдың күзінде кездестік. Бір күні министрлікте, театр бөлімінде жұмыс істейтін әріптестерім: «Бізге Қадірбек Уәлиев деген тамаша ағамыз орналасты. Ертең келеді. Сен ол кісіні танисың ба?» – деп сұрады. Мен репертуар бөлімінің төрт жыл редакторы болып, пьесаларды театрға ұсынып жүрсем, қалай танымаймын? Қазақ теледидарында, республикалық газет-баспаларында жақсы көрініп қалған Қадекең министрліктің қазылар алқасының мүшесі болған. Оған беймәлім актер, режиссер, театр суретшісі, директор жоқ. Қысқасы, өнер саласында және әдебиет­те өзіндік орны бар қайраткер министрлікке алынып жатса, қалай қуанбаймын? Ал осы кісінің ең жақсы қасиеті, ерекшелігі деуге де болады, ол тілді керемет білетін театртанушы-жазушы! Көрген спектаклін керемет талдап, мақала жазып тұрды.
Осындай құбылысқа ұқсас театр саласындағы ірі қозғалыстарды тізбектеп қайтемін? Көп сөйлемей, бір-ақ нәрсеге оқушы көңілін бұрсам деп едім. Театр өнерінің құбылмалы қадамы қоғамдық үрдістермен қатар жүріп, араласып, дамиды, актерлік ұжымы немесе көрермен қауымы спектакльді көріп, оны басынан бақайшығына дейін талдап беруді күтеді. Осы кезде театртанушы немесе ресми комиссияның мүшесі салмақты жұмыс атқарады. Қадекең талай жиналыста баяндама жасап, неше түрлі сахна шеберлерінің алдында абыройын өсіріп, өзекжарды сөз тапқан, оларды өзіне қаратқан сыншы. Оның нәтижесі қандай? Нәтижесі сол – келесі күні ұжым жұмысқа кірісіп, айтылған кемшіліктер бойынша көптеген өзгерістер енгізеді. Міне, осылай бірнеше қайнауы жетпеген өнімнен жарқыраған сахналық туынды шығаруға болады. Қадекең тек жер жаратын дауысы, батырға лайықты дене, бет-келбеті ғана емес, терең ой, ақыл, идеяны бұлжытпай жеткізетін, дәлелді мысалдарды келтіріп, шығарманың түпкі мақсатын ашып беретін талдаумен жеңетін.
Маған да анда-санда кеңесін беріп отырушы еді, жарықтық. «Сен, Мұрат, аудармаға көп уақытыңды бөлесің. Оның дұрыс. Менің де сол салада тындырған жұмыстарым бар. Ал кейбір, нашар аударғандарымның ішінде тек өз маманына бағынатындар аз емес! Мысалы, микробиология немесе медицинада біз не түсінеміз? Оларды аудару үшін бүкіл терминдердің мағынасын білу керек… Е-е, бір нәрсені айтайын, ұмытпай тұрғанда! Жұмысқа кірісіп кеткен соң әр сөзіне көп үңілмей, мәтінді аяғына дейін тездетіп жаза бер. Содан кейін үстінен қарап, жазғаныңды түзету оңай болады, алдында тіреліп қалған сөздер де тез табылады. Солай істеп көрші, жұмысты едәуір жеңілдетесің». Содан кейін мен ағаның ақылымен тез жазатын болдым.
Жалпы Қадекең іс-әрекет­тің адамы, үйдегі қара жұмысқа құштар еді. Тоқсаныншы жылдардың басында аппарат­тың қызметкерлеріне Боралдайдың қасында (Алматыдан 30 шақырым) жер бөлінді. Қадекең екеуміз жетіп барсақ – ашық кең дала, басқа ештеңе жоқ. Сонда Қадекеңнің тыпыршып қуанғанын көрсеңіз! Жер телімін оншақты рет айналып шығып: «Мына жерде жол саламыз, мына жерде электр желісін тартамыз, мына жерде үй тұрғызамыз! Оның бәрі – оңай пүштубай нәрсе! Әт­тең, бір нәрсе жетпей тұр – көлігім жоқ! Енді қайтеміз – сенде жоқ па?! Е-е, есектің миын…қаланың ақымағы, мәшинең болмаса, бәрі де адыра қалады, соны да түсінбейсің бе?» – деп бәрімізді күлкіге бір батырып алды. Жол ұзақ, шалға тағы бір сұрақ қойдым: «Қадеке, жаңа айтылған жұмысты бітірсек, қандай жеміс-жидекті отырғызар едіңіз?» Ол кісі тағы да бетін тыржитып, былай деді: «Қайдағы жеміс-жидек, мен бүкіл жеріме терек ағашын егіп, қолыма мылтық алып қасында отырар едім». Біз тағы да аң-таңбыз. Аға қысылғанымды сезе қалды ма, маған бұрылып, күлімсіреп: «Е-е, баласыңдар ғой, сол терек бес жылда үлкен бәйтерек болып өспей ме? Мен одан дұрыстап кесіп, жақсы тақтай жасамаймын ба? Оны базарға шығарып, Сібір жақтан сол ағашты өліп-талып бізге жеткізетін Ресейдің іскер бизнесменін көзіме де ілмей, сатып жіберсем, демде бай болып кетпеймін бе, а?.. Әрине, оған күтім керек, күнде суару керек, менің балаларым ондай жұмысқа икемді. Несі бар?» – деді. Біз тағы да үнсіз күлкіге батып отырмыз… Осылай әлі алынбаған саяжайдың қызығына батып, бір демалып қалғанымыз есімде… Сонымен қатар осы жерге келіп, анау-мынауды айтып, қалжыңдап отырғанда, маған бір ой сап ете қалды: егер Қадекеңді көлденең жұмыстардан түгелімен босатып алсақ, сонымен бірге қолына өлтіретін емес, өсіретін кредит­терді тапсырып, көмек көрсетсек (кеңес билігі осыны жаңадан жер алған адамдарға ешқашан жасап көрген жоқ), сонда осы кісі кәдімгідей жанданып, үздік қазақ бизнесмендерінің алғы қатарына шығар ма еді?! Осыған қат­ты сенетін едім, өйткені ол шаршауды, жаңылуды білмейтін адам еді. Жаңағы сөздерді бізді күлдіру үшін айтқан шығар, әйтпесе саяжай шаруашалығына кірісіп кетуіне білімі де, тәжрибесі де, икемі де бар еді.

Әйгілі суретші Әбілхан Қастеевпен бірге

Енді келесі бір үлкен тақырып – адамның мінезі. Көне грек данышпаны Аристотель адам мінезіне керемет баға беруші. Тіпті адамның тағдырын шешетін, жазмыш деп атағанымыз мінезден өрбиді екен. Ал кейбір бастықсымақтар Қадекеңе ұрыну үшін оның мінезінен қауіпті себептер жасап, сол тоқсаныншы жылдары жолын бекіткен сияқты. Бір күні сондай басшысымақтың біреуі, қасында министрі және басқасы бар, мәдениет ошағын тексеру мақсатымен жұмыс бөлмелерін аралады. Көп қызметкерлер сый-құрмет танытып, орындарынан тұрып, сәлемдескендей болды, ал Қадекең қағаздан бас көтермей отыра берді. Келген дөкей көзін алартып, жұлқынып өтіп бара жатыр еді, шал саусағымен оны өзіне шақырды. Анау қасына келіп тұра қалады. Сонда Қадекең бәрі естісін деп, дауыстап: «Мен тек Құдайдан қорқамын, тек құдайдан қорқамын, түсіндің бе?!» – деді. Дөкей ағаны танитын адамдай, бір жымиды да жоқ болды. Кешке таман әкеме жаңағы кездесуді сурет­теп беріп едім, ол да мырс етіп күлді, сонан соң былай деді: «Ол жерде осы сөзден күшті басқа сөз табылмайды. Басқа сөзді олар түсіну тұрмақ, құлағына да қыстырмайды. Қадірбек жараған екен!»
Көзім көрген екінші кездесудің мән-мағынасы тіптен бөлек. Министр И.Поповтың орнына орынбасары болып В.И. Кутовой деген келді. Министр бұл бастыққа (менің құрдасым) бәрімізді таныстырып жатқан кезде, Қадекең бірден қасына барып, басындағы фуражкасын саусағымен нұсқап, көрсет­ті. Ол түсініп қалып, шешті. Қадекең оның жалтыр басын сүйіп жіберді. Содан бері көріскен жерде олар осылай амандасады, бәрі мәз болып қарқылдап күлді. Сол В.И.Кутовойдың кетерде бір топ қазақтардың көзінше айтқан сөзі: «Сендер неменеге Қадірбек Уәлиевтың мінезін, тентектігін сөз қыласыңдар?! Мен де бір адамдай оны зерт­тедім. Тура айтатын мінезі бар, бірақ бұзақылық жоқ! Сөз осымен біт­ті!» Осындай сөзді ешкімге айтпаған В.Кутовойдың бұл кісіге құлағаны, сірә, тегін емес шығар.
Бір кездерде Қадекеңнің жақпай қалған мінезі енді дұрыс бағасын табады деп сенемін! Иә, Қадірбек Уәлиевтың өмірде көрген қызығынан гөрі азабы, тұрмыстық бейнеті едәуір басым болған. Мұндай тұжырым жасауымыз ағаның көптеген әңгімелері мен әр жерде айта салынатын екі ауыз сөздерінен туындамаса керек. Басынан кешкен тарихи жағдайлар (соғыс, ашаршылық, коммунистердің асыра сілтеу саясаты, іс-әрекеті, ауыл-қаладағы тіршіліктің ауыртпалығы) көресіні көрсет­ті. Бірақ сол қиыншылықтарға берілмей, үнемі күресіп, елемей өткен Қадекеңнен сөз қалған ба?

Қаламгер достарымен

Мысалы, 1985 жылы 9 мамыр күні Жазушылар одағының кіреберісінде әкем екеуміз бір топ жазушылармен көшеде өткен шеруді қызықтап тұрғанбыз. Алдымен Қадекең амандасқысы келіп, жақындады. Әкем қолын созып: «Сау-сәлеметсіз бе, ата? Мына шеруді тамашалауға келдіңіз ғой, шамасы?» – деп сұрады. Ата деудің мәнісі – жиырма жылдан көп үлкендігі болса да, әкемнің сақал қоймаған кезі еді, ал Қадекеңнің сақалы бар. Сонда аға: «Шүкіршілік, балам, сізге ашығын айтайын – бұл шеруге мен қызықпаймын әрі көрмеймін!» – деп байсалды түрін өзгертпей, маған тіл қат­ты: «Иә, байдың баласы, сен болмасаң, біз әкең екеуміз баяғыдан қу жетімбіз, екеумізден не қайыр, не үміт. Саған қамдану керек, өйткені сен – байдың баласысың!» – деп тағы қайталады. Мен әкейге қарадым. «Жә, бұл күн менің екінші туған күнім ғой, жүріңдер, «Қаламгерге» барайық! – деді әкем кетуге ыңғайланған Қадекеңе бұрылып. – Тұра тұр, ата, кетпе! Соғыстан қан кешіп өт­тік-ау, не көрмеді біздің бас, сенің күйінішің де маған мәлім! Қайтесің, біреу қуанып ішеді, біреу күйініп ішеді, бүгін бірге болайық!» Не керек, отырысымыз берекелі өт­ті, папамды көптеген ақын-жазушылар құт­тықтап, шал көңілі марқайып, үйге қайт­тық. Біз үйдің қасындағы шаршы алаңға жайғасып отырдық. Сонда Қадекеңнен сұрадым: «Аға, бұл шеруге мен қызықпаймын әрі көрмеймін» деген сөзіңізді тұсінбедім. Бұл қалай? Ұлы Жеңістің қырық жылдығын бүкіл Кеңес Одағы шат­танып атап жатқанда, сіз неліктен қарсы боласыз?! Әкем жібермей қоймаса, тіпті кетуден де тайынбадыңыз. Бұл не сонда?!» Қадеке бетіме ұзақ қарады да, орнынан тұрып: «Иә, кетер едім. Е-е, сен шалдың емес, байдың баласысың ғой. Ал, шал – нағыз көкжал! Менің күйініп, қобалжып тұрғанымды бірден байқап, ұстап жібермеді. Жақсы, өзім-ақ түсінік берейін. Мереке, мейрам деген не? Қуаныш, шат­тық, көңілдену. Ал 9 мамыр – Жеңістің күні, сол күнге жеткендер шексіз қуанады, олар соған жету үшін миллиондаған адам құрбан болғанын тіпті ұмытып кететін сияқты. Менің де әкем құрбан болды!» Оған «қап, аға, кешіріңіз» демек болып едім. Ол қолын көтеріп: «Тоқта! Тағы айтарым бар. Әкеммен бірге сол соғыста төрт туған бауырым кет­ті емес пе?!» дегенде, менім тілім байланды. Ол қайтадан отырып: «9 мамыр мерекесі халқымызды біріктіру үшін, сұм соғысты енді болдырмау үшін керек» деген коммунистердің саяси қағидасына сеніп, бар туысқанымды жинап, еске алуды өткізіп жүруші едім, шыдамадым, үнемі бір ой түрткілеп тұратын сияқты – «сол ағаларым аман-есен майданнан оралса, қанша жанға көбейіп кетер едік» деген ой қорытындысын шығара алмай, түн бойы дөңбекшіп жатамын, шаршаймын. Бір кезде басымды көтеріп, құдайға жалбарынып, сыбырлаймын: «О, құдірет­ті жаратқан ием! Төрт ағайымның ең болмағанда біреуін, екі қолы, екі аяғынан айырылған болса да, тірі денесін ауылға жеткізсейші!» деп жылаймын. Соңғы жылдары мұндай еске алу тойды қойдым. Неменеге мен қуанамын, тойлаймын?! Жоқ!» Тағы ойланып тұрды да: «Менде артық айту көп болды, соның біреуі тиіп кетсе, көңілге алма. Балалар үйінің берген сабағы – әділ бол, біреудің ала жібін ат­тама, еліңді, жеріңді қорға. Қорғадық, соғыстық, мақтау-марапат­тауға да ие болдык, не таптық? Ал қазір ойлап қарасам, бізге, жетім балаларға, өткен-кеткен қақтығыстар, әсіресе, жас кезде көрген қорлық – сол қате жолға түсіре жаздаған балалар үйі тәрбиесінің салдары деп есептеймін. Бірақ өкінбейтінім, ол Поповпен 1986 жылы айтысқаным. Міне, сол үшін тартып жіберсем де болады, Жасасын, Қазақстан!» – деді. Осыны айтып (шамасы, көзіне іркілген жасты маған көрсетпеу үшін), екі алақанымен бетін сүртіп жіберді. «Ал, тезірек үйге қайтайын, Қымбат жеңгеңнің көңілін бұзып алмайық, сау бол», – деп үйіне қарай аяңдады.
Жалпы Қадірбек аға көрген жерде інілеріне ағалық кеңес, тіпті көмек беруден аянбайтын адам. Сонымен қатар ол бір сәтке де өзінің мәртебесін де естен шығарған емес.. Мысалы, інісіндей жақсы көретін ақын Есенғали Раушановты көргенде, ұстамды қалпын сақтап қасына барып, хал-жағдайын сұрап, көңілін көтеруші еді. Ал көптен бері араласып жүрген достары: Асқар Сүлейменов, Сабырхан Асанов, Есенжол Домбаев, Сәкен Жүнісов, Ескен Елубаев, Толымбектер келе қалса, Қадекең орнынан ұшып тұрып, қуанып құшақтасқан сәт­те өзінің де, өзгенің де көңіл-күйін мүлдем өзгертіп жіберетін. Тіпті біз білмейтін жаңа қыры ашылғандай болатын.
Жаңағы шаршы алаңдағы әңгімеден кейін мен ойға батып, біраз отырып қалдым. Неге ағам жылдар бойы ішінде сақтап жүрген сырын маған сеніп, толғанып жайып салды? Ежелгі сырлас достарының біреуі болсам жарар еді. Оның үстіне, «байдың баласы» деп мені еркелетіп емес, кәдімгідей ширатып алғысы келді ме немесе өзі өскен балалар үйінің ахуалымен таныстырғысы келді ме, білмеймін. Мені тебіренткені, ойландырғаны басқа нәрсе, ол – Қадекеңнің алдымен Жеңіс мерекесінен қалай теріс айналғаны, балалар үйінде қалай қате жолға түсіп кете жаздағанын еске алып, шындығын айтқаны.
Қадекеңді, ақын Махамбет айтқандай, «шабуын таппай кетілген қара балта» десек болар. Әт­тең, беймаза ағам-ай! Қазақтың жаны қыспаққа түскенде, толғағы жеткен проблемалардан арылу жолында сен де бір көсілер ме едің?!
Осы болжамым тек қиялдың көрінісі емес деуге хақым бар, соны растайтын тарихи, өмірлік дәлелім де жоқ емес, ол – есімде мәңгі қалған 1986 жылғы 17–18-ші желтоқсан күндері. Сол оқиғаны ұзақтау болса да, Қадекеңе тікелей қатысы болғандықтан айтайын.
Краснодар қаласында өткен Бүкілодақтық театрдың гастрольдік жоспарына арналған жиынға қатысып, ұшақпен Алматыға жетіп, таңертең министрлікке келсем, бәрі тым-тырыс, дегенмен үлкен залда жиналып отырған ұжымда қобалжу бар. Сұрастырып көрсем, кадр бөлімінің бастығы Ғ.Қапаров сауысқаннан сақ сұрақтарымен менің жайымды біліп, сыртқа шығарып, сонан соң «сұмдық-ай, жастар алаңға шығып, кетпей қойды, оларды қиратып жатыр, қан төгілді деседі, соншама ұрып-соғып, қандай бұзақылық жасапты олар, обал емес пе?!» деген сөздерді құлағыма сыбырлады. Сол кезде жарқ етіп көз алдыма Краснодар қаласындағы мен жатқан қонақ үй келді, оның фойесінде басына папаха, аяғына етік киген Кавказдың жиырма шақты театр қызметкерлері тұр, солардың
біреуі: «Слышали, что вы из министерства Казахстана. Тогда у нас убедительная просьба – передайте, пожалуйста, всем, что Кавказские горы на все сто солидарны с казахскими героями, вышедшими на площадь, от души желаем удачи и новых свершений!» – деді. Мен түк түсінбей тұрып қалдым (елден кеткеніме төрт-бес күндей болды, Алматыдағы қан төгіс туралы хабарсыз едім), бірақ оны делегация мүшелеріне білдіртпей, алғыс айтып, аэропорт жаққа жөнелдім. Енді, міне, ұжыммен бірге жиналысты күтіп отырмын.
Күтуіміз неге екені белгісіз созылып кет­ті. Біраздан соң басшылар да келді. Түрлері сұсты, қобалжулы. Министрдің бірінші орынбасары И.Попов соңғы болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат берді.Тіпті сүйінші сұрағандай Ресейдің ішкі істер училищелерінен бірталай курсант­тардың келгендігін, олардың шеруге шыққан студент­терге қарсы қойылғанын жасырмай айт­ты. Ол аз дегендей, сол курсант­тардың біразы жараланып, ауруханаға түскендігін де жасырмады. Сөзін былай аяқтады: «Вот какие зверства учинили распоясавшиеся хулиганы и наркоманы на площади».
Тым-тырыс отырған залдың тыныштығын тек Қадекеңнің гүжілдеген дауысы бұзды: «Прошу пояснить мне! Исаак Иванович, можно ли приведенные вами сведения считать достоверными?»
Попов жұлып алғандай: «Эти официальные сведения только что получены из ЦК! Можете не сомневаться, я подтверждаю достоверность этой информации!» – деді.
Бұл жауапқа Қадекең тіпті шүйліккен сыңай таныт­ты. «Почему же тогда вы ни слова не сказали, что сотворили с беззащитной молодежью доставленные из России курсанты? Ваша информация, уважаемый Исаак Иванович, тенденциозно-однобокая, а стало быть не достоверная! Я знаю, как на самом деле там было…»
Осы кезде залдағы айқай-шуды пайдаланып Попов алға шықты да, қолын көтеріп: «Тише, товарищи, – деді. – Тогда расскажите нам, как было на самом деле, а мы послушаем. Вы можете это сказать?»
Қадекең сәл ойланып тұрды да: «После того, как они бросились на безоружную демонстрацию, в ход пустили поливочные машины. Сначала все подумали – для заграждения. Оказывается, для усмирения молодых людей ледяной водой. А на улице 18-градусный мороз. Потом стали хватать, избивать дубинками так называемых зачинщиков беспорядков. Какое там зачинщиков… всех, кто попадет под горячую руку, джигитов, а еще больше девушек, их легче за волосы таскать, конвоировать к милицейским воронкам. Для пущей острастки на молодежь натравили караульных собак. Затем дубинки, видно, вышли из строя, в ход были пущены саперные лопатки… ими легко убивать. Много крови там было, много стона и криков о помощи. Этих раненых тоже погрузили в грузовики, тоже увезли куда-то ясно, что не в больницу, не туда, где окажут медицинскую помощь», – деді. Попов ашуға булығып, қат­ты зекіріп жіберді: «Это ложь! Надуманная чушь, кем-то со стороны рассказанная вам, у вас что, сообщники есть?!» – деп қадалып тұрып алды. Сонда Қадекең сөзін бітіруге асықпай: «Какие-такие сообщники?! Вы спросили – я рассказал все, что видел своими глазами. Так как я… я был там, на площади! И не раз!» – деді нықтап. Залда өлі тыныштық орнады, тек Поповтың асығыс кетіп бара жатқаны естілді.
Келесі күні Қадекең, мені дәлізге шақырып алып: «Енді екеуміз сөйлесуді, кездесуді доғарайық. Кешегі айтысты Попов жолдас органға өзі-ақ жеткізеді. Олар енді, сөзсіз, бұл жанжалды бос қалдырмайды. Саған кесірім тиіп кетпесін, менен алшақ жүр», – деді.
Сол ескертуі айтқандай келді. Үш-төрт жыл өткеннен кейін екеуміз бір оңаша жерде кездесіп қалып едік, Қадекең маған чекистердің қалай шақырып алып, ресми тіркеуге алғанын, қалай ай сайын осы кеңсеге келіп, есеп беруге міндет­тегенін айт­ты. Бір жылдай ағамыз бұл қатаң тәртіпті бұлжытпай орындап жүрді, тіс жармай!
Сол жылдары қайтпас қайсарлық таныту екінің бірінде жоқ қасиет еді. Осындай батырлыққа Отанына, еліне деген махаббаты тасып тұрған азамат қана бара алады!

Мұрат ЕРҒАЛИЕВ,
Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір