Салалық журналистика сабақтары

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің Ғылыми кеңесі және «Қазақ университеті» баспасының редакциялық шешімі негізінде белгілі журналист Серік Жұмабекұлының салалық журналистикаға қатысты төрт томдық хрестоматиясы жарық көрді.

«Журналистік шеберлік» сериясы бойынша топтастырылған бұл жеке авторлық туындылар «Құқықтық журналистика», «Әскери-экономикалық журналистика», «Білім, ғылым, әдебиет саласы» және «Саяси-әлеуметтік журналистка» деп аталады.

М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі, «Егемен Қазақстан», «Халық Кеңесі», «Президент және Халық», «На страже-Сақшы», «Қазақстан» ұлттық телеарнасы сияқты республикалық ақпарат құралдарында ұзақ жыл жауапты қызметтер атқарған С.Жұмабекұлының шығармашылығы күрделі тақырыптарды талдап-таразылауымен, шындық үшін күрестегі журналистік ұстанымымен, зерттеп-зерделеудегі біліктілігімен ерекшеленеді.
Он бес жылдан бері ҚазҰУ журналистика факультетінде ұстаздық қызметі барысында ол тәжірибеден теория түзудің, оларды ғылыми айналысқа түсірудің тәсілдерін де дүниеге әкелді.
ҚазҰУ-дің 90 жылдық мерейтойына орай жарық көрген бұл хрестоматиялар жоғары оқу орындарындағы журналистика факультеті студенттері мен магистранттарына, жас журналистерге көмекші құрал болып табылады.
Римма Жақсылықбаева,
филолгия ғылымының кандидаты,
қауымдастырылған професор