ЖИЫРМА БЕС ЖЫЛДЫҚҚА – 25 ТОМ
Биыл Қазақ елінің өз Тәуелсіздігін жариялағанына 25 жыл. Қараша айында Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси қуғын-сүргін музейінің де ашылғанына 15 жыл толады.
Тарихтың ақтаңдақ қатпарларына бет бұрып, оның ащы дәмін сезініп, тағылым ала білудің өзі де тәуелсіздіктің жемісі. Жазықсыз жапа шегіп, сталиндік репрессия мен голощекиндік геноцидтің құрбаны болған халқымыз-дың аяулы перзенттері ешуақытта ұмытылмауы тиіс. Сондықтан да Шымкент қаласының шетіндегі Қайтпас елді мекенінен «Қасірет» мемориалдық кешені бой көтерді. Қала орталығынан облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған дизайндық үлгідегі музей үйі салынды.
Музейді ашылған уақыттан бері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лаураеты Ханбибі Есенқарақызы басқарып келеді. Музей ұжымы осы мерзім ішінде көп жұмыстар атқарды. Репрессия құрбандарының ұрпақтарымен тығыз байланыс орнатты. Олардың естелік жазбаларынан құралған «Қан жүректі қайғылым» атты кітап жарыққа шықты. Түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, деректі фильмдер түсірілді. Елімізде ашаршылық құрбандарына арналған тұңғыш деректі фильмнің (режисері Е.Рақышев) жарық көруіне ықпал етті.
Музейдің айрықша мақтан тұтар бір ісі – архивтерден алынған материалдар негізінде «Ақ жол» газетінің кітапқа айналуы. Бұл газет өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары әуелі Ташкентте, кейін Шымкентте жарық көрді. Қазақ тағдырының алмағайып кезеңінде дүниеге келіп, өз ұлтының өзгелерден кем болмауы үшін күрескен алашшыл азаматтардың үн байрағына айналды. Халықтың сауатын ашу, оны жаңа өмірге бейімдеу жолында аянбай қызмет етті. Газеттің көбіне советтік «рамкаға» сыя бермейтін ұлттық-демократиялық бағытын тоталитарлық үкімет қолдай қойған жоқ. Ақыры алты жылдан кейін жабылуға мәжбүр болды.
Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов осы музейдің директоры Ханбибі Есенқарақызын қабылдады. Қабылдау кезінде ол әдебиет және өнер жәйлі әңгімелеп, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында «Ақ жолдың» баспаға толық дайын екендігін айтты.
Бұдан бұрын кітаптың 10 томдығы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауы арқылы 22 мың дана таралыммен басылып шыққан болатын. Біздің облыстық «Отырар» кітапханасына 2 миллион 300 мың теңгенің кітабы тегін берілді. Енді кейінгі 15 том оқырмандар қолына тиюі үшін қаржы көздері қарастырылуда. Осылайша шағын музей Тәуелсіздіктің 25 жылдығына 25 томдық «Ақ жол» газетін дайындап, қалың оқырманға рухани азық етіп ұсынғалы отыр.
Облыс әкімі өз тарапынан «Қасірет» мемориалдық кешеніне қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу, саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі үшін үлкен ғимарат салу жоспарын, оңтүстік өңірінде жазықсыз атылған 2,5 мың адамның есімін гранит тасқа қашап жазу керектігін айтты.
Қазіргі уақытта бұл шаралар қолға алынуда.
Суханберді ОРАЗАЛЫҰЛЫ,
журналист.