180 жылдыққа – 180 шара
Абай облысында Абайдың 180 жылдығына 180 шара өткізу қолға алынып, ол басталып та кетті. Кешегі Алаш астанасы Семейдегі Абай атындағы театрда өткен алғашқы концерттік шараға осы өңірден шыққан Азамат Жылтыркөзов, Жұпар Ғабдуллина, Ерлан Рысқали сынды айтулы өнер шеберлері арнайы шақырылды.

Олармен бірге сахнаға жергілікті таланттар шығып, көрермен қауымды әсем ән, сазды әуендерімен тамсандыра білді. Өнер жанашырлары сонымен бірге облыстық филармония құрамындағы Қазақстанның Еңбек Ері, ғажап әнші Бибігүл Төлегенованың құрметіне қойылған «Бибігүл» оркестрінің өнеріне де дән риза болды.
Игілікті шараға аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев келіп қатысты.
Ал осыдан бірер күн бұрын Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында хакім ақынның 180 жылдығына орай, «Абай – әлемдік ойдың алыбы» және «Абай бейнелеу өнерінде» атты мәдени-танымдық көрмелердің тұсауы кесілген болатын. Мұнда да Абай әндері шырқалып, кезінде Абай театрында қойылған ақын өміріне арналған «Жаза-Нала» трагедиясынан үзінді көрсетілді. Сонымен бірге жұртшылық назарына мемлекет басшысы Қ. Ж.Тоқаевтың тапсырмасымен жарық көріп, данышпан ақынның әлем халықтарының тілдеріне аударылған 10 томдығы ұсынылды.
* * *
Осы шара аясында Абай атындағы кітапхана жиналғандар назарына ақынның шығармашылық мұрасынан мол мағлұмат беретін «Абай даналығы – ұлттық рухтың тұғыры» атты кең көлемдегі кітап көрмесін ұсынды.
Ал ертесінде аталған кітапханада Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті соның алдындағы шара жалғасындай «Абай және кәсіпкерлік формуласы» тақырыбында кейс-іскерлік ойынын өткізді. Онда Абайдың шығармаларынан алынған даналық сөздерді заманауи кәсіпкерлік қағидалармен байланыстыра отырып, ойынға қатысушылардың іскерлік дағдыларын дамытуға арналған бағыт-бағдар ұсынылды. Бұл шараның қызғылықты өтуіне кітапхана қызметкерлері де өз үлестерін қосты.
Бір сөзбен айтқанда Абайдың 180 жылдығына арналған шаралар ақынның туған жері – Ертістің Семей өңірінде өз жалғасын таба түсуде.
Дәулет Сейсенұлы,
«Қазақ әдебиеті» газетінің Абай
облысындағы меншікті тілшісі