ЖАҢА ДӘУІРДІҢ ЖИЫРМА БЕСІНШІ ҚАЗАНЫ
Бұл күн – егемендіктің алғашқы декларациясы жарияланған күн! Ақсарбас айтып, «Алаш туы астында күн сөнгенше, сөнбейміз!» деп серттескен күн. Қызыл империяның қытымыр саясатынан жапа шеккен Республикалар бірінен соң бірі еркіндік алып, еңсесін тіктеп, ел қатарына қосылып жатқан шақта, Қазақстан да көш соңында қалған жоқ, егемендік туралы, ұлт пен ұлыстың құқы мен қақы туралы өте маңызды құжатты заң жүзінде бекітті. Еркіндіктің уығын қадап, егемендіктің шаңырағын көтерді.
Тәуелсіздік жайында сөз қозғағанда, ең алдымен, осы декларацияның мәні мен мазмұнын ойымызға алатынымыз сондықтан. Бір жылдары мерекелер тізімінен алынып тасталған тарихи күнді биылдан бастап «Ұлттық мереке» атауымен күнтізбенің арнайы мерекелер датасына қайта енгіздік. Тарихи әділеттілік дегеніміз осы!
Өзінің тарихын жете түсінбеген халықта адасушылық көп болары даусыз. 25 қазанды ұмыт қалдыру – тарихи жадымызды шеңгелдеген немқұрайлықтың белгісі болар еді. Сол олқылықтың орны қайта толды.
Ұлттық мерекенің маңызы мен мәні хақында осыған дейін де талай жазылған, осыдан кейін де жазыла бермек. Өйткені, елдіктің іргетасы қаланған күнді ешқашан ұмытпауға тиіспіз.
Біраз уақыт мерекелер тізімінен алынып тасталған Республика күні қайта тойланатын болды. Биыл елімізде 25 қазан Республика күні ұлттық мереке ретінде аталып өтеді. 29 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР -ның кейбір заңнамалық актілеріне кинематография, мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойды. Сол заңға сәйкес, 25 қазан ұлттық мереке – Республика күні, ал 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып белгіленді. Айта кету керек, Республика күні осыған дейін де мерекелер тізімінде болған. 2001 жылдан бастап ұлттық мереке болған күн кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен 2009 жылы алынып тасталған еді.
Биыл Ұлттық құрылтай отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның 25-і күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек», – деп ұсыныс білдірген болатын.
Осы ұсынысқа қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев тағы да былай деп еді:
«Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек».
Жыл сайын дау тудыратын Тәуелсіздік күні де бастапқы мәніне қайта оралғандай. Бұл күн мереке ретінде қала береді, десе де тәуелсіздік жолында құрбан болған батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтетін болды. Бұл да болса тарихқа дұрыс баға берілетін кез келді дегенді білдірсе керек. Жыл сайын 16 желтоқсанда той тойламай, тағзым етуіміз керек деп халық арасында үлкен пікірталас болып жататын. Оның да нүктесі қойылғандай. Жалпы Республика күні дегеніміз не? Біз оған не үшін қайта оралдық? Ол үшін мереке тарихына үңілсек.
Мемлекеттің егемендік туралы Декларациясы
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданып, еліміз тәуелсіздік алуға алғашқы қадам жасады.
Мемлекеттік егемендік туралы декларация – 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы бойынша қабылданған құжат.
Декларацияда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтыны, қазақ халқының және Қазақстанды басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды. Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлтаралық араздықты қоздыратын жария-ұрандардың заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні жарияланды.
Президент – республиканың басшысы, ең жоғарғы әкімшілік-атқарушылық биліктің иесі ретінде танылды. Жер оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкіл экономикалық, ғылыми-техникалық әлеует республика егемендігінің негізін құрай отырып, оның ерекше меншігінде болатыны көрсетілді.
Декларацияда: «Қазақ КСР-і республика үлесіне сәйкес жалпыодақтық мүліктегі, оның ішінде алмас, валюта қорлары мен алтын қорындағы өз үлесіне құқылы, республика аумағында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге түрлері (хим, бактериолог, биолог, т.б.) үшін сынақ полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады» деп жазылды. «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен Президентке бағынатын, солардың бақылауында болатын өз ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын ұстауға Қазақ КСР-нің құқы бар» делінді.
Декларациядағы бағдарлама негізінде 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемелекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Осы орайда біз құрғақ ақпаратты сапыра бермей, Республика күнінің маңызы туралы ел алдындағы азаматтардың пікірін сұрауды жөн көрдік.
«Бірінші Республика 1990 жылы құрылды»
25 қазан Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылуы туралы Ұлытауда өткен Ұлттық Құрылтайда алғашқылардың бірі болып естідім. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсыныс жасады. Бұл ұсынысы жаппай қолдауға ие болды. Неге десеңіз, 1990 жылы 25 қазанда, яғни, біз әлі Кеңес Одағының құрамында болған кезде декларация қабылданған болатын. Бұл – Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация. Көбісі оған мән бере бермейді. Шындап келгенде осы декларация арқылы Қазақстан тәуелсіздікке алғаш қадам жасады. Бірінші респбулика 1990 жылы құрылған болатын. Қазір Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жаңа Қазақстанды екінші республика деп жүргені сол бірінші республикадан басталады. Декларацияда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Демек, бұл тәуелсіздікке жасалған алғашқы қадам деп айтуға толық негіз бар. Осы декларация қабылданғаннан кейін Кеңес Одағының құрамындағы өзге 14 республика бізге елеңдеп қалды. 25 қазан іс жүзінде «Тәуелсіздік күніне» айналып кетті. Әлі Кеңес Одағының құрамында бола тұра осындай шешім қабылдау тарихи маңызы бар оқиғаға айналды. Кейіннен Кеңес Одағының ыдырауына себеп болған шешімдердің бірі осы десек артық айтқандық болмас. Өйткені басқа республикалар да бізге қарап ойлана бастады. Оның алдында төрт жыл бұрын Желтоқсан оқиғасы болды. Соның бәрін есепке алсақ, қазақ халқы – Кеңес Одағы құрамындағы азаттыққа ұмтылған және азаттықты талап еткен ұлттардың біріншісі әрі бірегейі. Сондықтан бұның астарында үлкен саяси астар, саяси, тарихи мән жатыр. Бірінші Республика дегеніміз осы. Ал Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтып жүрген Екінші Республикасы – Жаңа Қазақстан құру, әділетті Қазақстан құру, олигополиядан құтылып, демократиялық мемлекетке айналу, қоғамның жан-жақты дамуы, «Мықты президент, ықпалды парламент, жауапты үкімет» идеясы орнайтын, Еститін үкімет идеясы жүзеге асатын мемлекет.
Ал енді 25 қазан неге алынып тасталды? Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси әрекеті деп ойлаймын. 1991 жылы тәуелсіздік алған соң Н.Назарбаев бәрін өз тарихынан бастағысы келді. Себебі 1990 жылы оның қолында айтарлықтай саяси күш болмады. Декларацияның қабылдануына сол кездегі Жоғарғы кеңестің, зиялы қауымның, саяси элитаның әсер етті деп есептеймін. Сондықтан Республика күнін мерекелер тізімінен алып тастау жеке мүдденің есебінен болды деп санаймын. Ал енді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күнін қайтаруы және сол күнге барлық ресми шараларды туралауы әділетті Қазақстан құрудың алғашқы нышаны деп қабылдадық. Бұдан былай Қазақстанның елшіліктері мен дипломатиялық өкілдіктері Тәуелсіздік мерекесінде емес, Республика күнінде ресми шаралар өткізеді. Ал 16 желтоқсан сол кезде шейіт болған аға-апаларымызды еске алу күні болып қалмақ. Бұл шешім – өте әділетті шешім деп ойлаймын. Сол үшін де Республика күні мереке ретінде белгіленіп, тойлануы керек.
Неге Тәуелсіздік күні 16 желтоқсанға белгіленді? Бұл сол кездегі саяси әрекет деп айтуға болады. Себебі Желтоқсан оқиғасы әлі халықтың есінен шыға қоймаған, жарасы жазылмаған кез еді. Бұл – көтерілісті болдырмаудың бір амалы болған сияқты. Күн суық, халық көшеге шықпау керек деген саяси әрекет секілді. Ал 25 қазан күн жылып, халық болып мереке тойлап, бір-бірін құттықтап, көшеге қыдырып шығатын кез болатын. Қайта мереке болып белгіленгеніне қуаныштымын.
Ақберен Елгезек,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағы
Басқарма төрағасының бірінші орынбасары
«16 желтоқсан мереке мәнін екіұдай етті»
Жалпы бұрын Республика күні мейрамы белгілі мөлшерде бұқаралық сипат алған мерекеге айналып бара жатқан еді. Яғни, қоңыр күзде, жайма-шуақ күнде, Қазақстанның барлық аумағында қолайлы ауа-райы болған кезде тойланатын. Кейін ол мерекелер тізімінен алынып тасталды. Рас, Қазақстан өз тәуелсіздігін 16 желтоқсан күні жариялады. Қазақ халқы үшін, еліміз үшін ол күннің орны бөлек. Дегенмен сол күні шейіт болған боздақтарымызды, тәуелсіздік жолында құрбан болғандарды еске алу күні ретінде белгілеу өте дұрыс шешім деп есептеймін. Сонымен қатар бірқатар оқиғалар да 16 желтоқсанның мазмұнын екіұдай еткені тағы бар. Уақыты келгенде оған тарихи баға беріле жатар. Демек, 16 желтоқсан халық санасында бір жақты пікір қалыптастырмайды. Елдің санасында бәрібір екіұдай сезім сақталған. Сондай-ақ бұл күні мерекенің бұқаралық сипат алуына қолайсыз екенін де есепке алу керек. Қыстың басы, қара суық, той тойлауға деген көңіл-күйіне әсер ететіні сөзсіз. Одан әрі Жаңа жыл мерекесі келе жатыр. Тәуелсіздік мейрамын осы Жаңа жылдың ырду-дырдуы, жарнамасы басып кетеді. Тіпті 16 желтоқсанға дейін әкімдіктер, бизнес құрылымдары шырша тігіп қоятын еді. Яғни, желтоқсанда Тәуелсіздік күні емес, халықтың Жаңа жылға көбірек дайындалып кететінін де көріп жүрдік.
Ал 25 қазанға белгіленген Республика күнінде ондай екіұдай сезім жоқ, халықтың мереке тойлауына қолайлы, бәрінің басын біріктіретін, бұқаралық сипат алатын ерекше мереке болады деп ойлаймын. Сондықтан бұл мерекенің қайтарылуы дұрыс шешім болды деп білемін. Әрине, бұл шешім тарихты қайта жаңғырту немесе Жаңа Қазақстанды құрудағы қадам деп ойламаймын. Рас, 25 қазанның тарихтағы орны бөлек екені рас. Алайда тарих өткеннен сабақ алу үшін керек. «Егемендік туралы» декларация қабылданған кездегі ұлттың үміті, азаматтардың елшілдігі, күрескерлігі қазір бізге жетпей жатыр. Мерекенің сондай түсінік-пайымды жаңғыртуға септігі тиер деп үміт етемін. Ал Қазақстанның демократиялануы, әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысынан қарасақ, мерекелер соншама маңызды фактор емес. Дегенмен мемлекетшілдік сананы қалыптастыруда өзіндік рөлі бар мереке деп білемін.
Амангелді ҚұрметҰЛЫ, «Айқын» газетінің бас редакторы
Дайындаған Абзал СҮЛЕЙМЕН
ПІКІРЛЕР1