АЛАШТЫҚ СЫР, АРМАН ЖЫР
Ана шеті мен мына шетіне көз жетпейтін Ақ теңіздің – асау толқынын аспанға атқан ақжайқын алапат судың айдынында жүзіп жүріп, кенезеңді кептірмес жарты тостаған тұщы, тәтті су тауып тата алмай, ернің кезеріп, шөлден қаталауға бола ма? Әбден болады. Өйткені, осынау мол, ақжайқын алапат судың бәрі – таза су емес, ащы-тұзды су. Арамшөптерді өсіруге болмаса, адам тәнінің қажетін өтей алмас су. Мұндай жағдайда тоқсан тамшы тұщы, таза су тауып, қаталағаныңды сәл басудың өзі – арман. Олай болса, көл-көсір сөз теңізінің ортасында мелдектей жүріп, шын ақын жүрегінен туған, жарық-жылуы халық жүрегіне шым-шым ұрған жалқы жыр – жалын сырмен жүздесуіңіз жоғарыда айтылған жағдаймен барабар десек, мұнымыз шындыққа кереғар түйін-тұжырым бола қояр ма екен?!
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ
Мұның өзі Ақтау қаласындағы Каспий суын тұщытатын атом реакторындағы айрықша химиялық процеспен тең, әйтпесе мың тонна кенді домнада қорытып, мысқал асыл алтын түйіршігін алумен бірдей емес пе?! Оқырманды терең ойға түсірер, жамағатты жаппай жақсылыққа жұмылдырар ұлттық-рухани, әдеби-әлеуметтік жыр иелену үшін автор тарапынан жасалар орасан еңбек, ақын тарапынан жұмсалар күш-қуат – ғаламат энергия мөлшерін ұғынуға – аталған бедерлеу, салыстыру жетсе жетіп-ақ жатыр; алайда автор-ақын жүрегіндегі мың бір градустық жарқ етер, жанып өтер найзағайдай шабытты сәтті, жарық дүниеге жаңа жұмыр жыр келтірген рауандық құбылысты тіпті де түсіндіріп бере алмайды. Себебі, бұл сәттің, осынау құбылыстың шын көрінісі, айқын айғағы – адам болып жойқын жұмыс жасау емес, бәлкім Алла тағаладай болып жыр-жаңалық жарату. Яғни Ана болып дүниеге сәби әкелу, хана болып жерде от жарқырату, өсімдікке гүл жарғызу сияқты. Адам баласы жер бетінде Жаратқанның жазмышына сәйкес жеті жыл, жетпіс жыл өмір сүрер, бәлкім жүз жыл ғұмыр кешер, шындығына көшсек, соның бәрі – аяқталған соң жалған: өтті-кетті, өшпес із шамалы, өлмес іс жоқтың қасы. Сонда қалары не? Мәңгі от болып жанары не? Қалары, жанары – ән, дән, мән ғана. Ал оның екінші заты, ақиқат аты – Арман. Өмірден мың жыл бұрын өтіп кеткен бабалардың өлмес мұрат-арманы, екі ғасыр бұрын арамызда жүрген Махамбеттің әні, күллі түрік тұлғасы Тұрар Рысқұлов күресінің мәні, диқан ата Ыбырай Жақаевтың жинаған ақмаржан дәні. Және бұл – біз бірінші рет ашып отырған жаңалық емес, Ақындық – Алла тағалаға жақындық – Арман ғана мәңгі.
Ендеше қай-қайсымыз да Арманды өлтірмеуіміз керек. Біз көкейімізде өшірмеген бабалар арманын балаларымызға аман-есен жеткізуіміз қажет. Күні кеше ғана өмірден өткен алаштың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың:
Айдын көлден ажырар сағатында,
Арман кетер аққудың қанатында.
Арман кетсін, алайда жыр қалмасын
Жердің мынау жеті қат қабатында, – дегені, дейтіні сондықтан шығар. Ақын кетсін дегенмен де, осы аққудың қанатында кеткен арман да тірі. Аққу уақытша қол үзгенмен айдын көлінен ажырамауға тиіс. Нақ солайша адам да арманынан – адамдық қырынан, қазақты алсақ – алаштық сырынан, алаш ақынын алсақ – арманды жырынан, жердің жеті қат қабатында жасырынып жатса да, айрылмауға тиіс. Ақын соны тауып жазып, жалпақ жамағатын – жалған өмірдің жалқы мәні – жалын жырымен, асыл арманымен жүздестіріп отыруға міндетті.
Міндетті дегенімізбен, бұлай ету арамызда ақынжандылар миллион, ақындар да аз емес болғанымен, екінің бірі – қаймана қазақ түгіл, ақын атанып жүрген жүздердің бірінің қолынан келе бермейді. Өйткені, арзан арман бар да, асыл арман, пендешілік тыныс-тіршілік – жалған бар да, алаштық-адамзаттық ғажап ғашықтық – Арман бар.
Біздің өз басымыздың осыған орай қанағаттанып, қуанғанымыз – үстіміздегі жылғы еліміздің Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған үміткерлердің ішіндегі ақын Маралтай Райымбекұлының «Қаратау ғазалдары» атты кітабының осындай Алаштық асыл арманмен басталып, шынайы ақындық-адамдық – талайы жердің жеті қат қабатынан алынған, талайы бүгінгі тәуелсіз қазақтың жанып тұрған жүрек отына малынған – Арманмен аяқталатыны.
Міне, жинақтың «Арман» атты беташар метадастанынан үзінді. Бұл туындысын Маралтай туған өлкесінде он тоғызыншы ғасырда ғұмыр кешкен, қазағы үшін Қоқан, Хиуа басқыншыларына қарсы күресіп, халқының қамы үшін қасық қанын да аямаған, үзеңгіге жағылған жау уынан қапияда қаза тапқан «Ыстының Тілігінен шыққан тұғыры биік тұлға» Шоқай датқаға арнап қана қоймай, оның мазасыз өмірін, тасып-тартылған көңілін, сенім-үмітінің сембей-сөнбей қалғанын, аласармас, алашынан адаспас асыл арманын мөлдіретіп мына бізге жеткізген.
Саптамасы сарғайып саны сыздап келеді,
У жайылып бойына қаны мұздап келеді.
Өкініші – кеудеде, өкініштің түбі – Арман,
Шығара алмай барады мұңлық елін мұнардан.
Біріктірсем деп еді бірлігі жоқ бектерді,
Заман қандай, заң қандай?!
Өмір қысқа, шектеулі.
Көрсем деп ед Алаштың көк байрағын көктен бір,
Айы туып оңынан қайта оянса шөккен Діл…
Заман қашан тосып ед ер алдына тәттісін,
Уақыт жүгі датқаның арқасына батты шын.
Запырандай ащы жас алқымына төгіліп,
Заманына бір Зауал сұрап келед егіліп.
Жанарының ұшында жалған кетіп барады,
Жүрегінің тұсында Арман кетіп барады.
Күллі дүние қызығы артта қалды, қиналып
Ат үстінде келеді қайтпас жолға жиналып…
Еңіреген ер де өз заманынан оза алмайды. Төл уақыты бітім-болмысына бағып қимыл-қарекет жасайды. Қоқандықтар қорықпаса, халқы соңына ерген датқаның үзеңгісіне у жағар ма? Қазақтың елін қорлап, қызын зорлап, әділеттілікті аяққа таптап, емін-еркін билеп-төстеп отыр; бірақ Шоқай датқадан айылын жияды, аяғын тартады; алдарын ойлағандықтан да оны айғақсыз ажалға байлап беріп отыр. Осы ысты Шоқайлар болмаса, оның жолын ыстық Мұстафа Шоқайлар жалғастырмаса, қазіргі тәуелсіздігіміз көк байрағы ХХ ғасыр соңында көкте желбіремес те еді. Ендеше кешегі тарихты танып, қастерлей білуіміз керек. Күнгейін де, көлеңкесін де.
Сіз біздің Сарысуға келіп пе еңіз,
Сарғайған сағана там көріп пе еңіз?!
Меңдей боп Саудакенттің миығында,
Мүлгіген Күлтөбенің иығында.
Қазақтың қанын шашқан ғұрыптардан,
Уақыттың тасасында тұрып қалған.
Бойында Шабақтының төрт құлақты
Сол күмбез жүрегіме өрт құлатты.
Мына жыр – осы өрттің бір жалыны. Қайран елдің қайтпас ері Шоқай жүрегінің бізге Маралтай ақын жасытпай жеткізген бір жарығы.
Асылы, қадым заман, орта ғасырлар, кешелі-бүгінгі тарих дегеніміз де – жай ғана шарттылық. Ол – біздің адамзаттың жалғыз да біртұтас өмірін: өткен шақ, осы шақ, келер шақ дегендей уақыттық тұрғыдан кезең-кезеңдерге бөлуіміз ғана. Әйтпесе өткен замандар өтіп кетті, келешек әлі келген жоқ, оны күтуіміз керек; сонда еншімізде бары, Өмірдің есіміздегі Нары – тек Бүгінгі күн ғана емес пе?! Ақиқат осындай болса, өлі арыстаннан тірі тышқан артық деп күпінбей, сонау Адам-Ата – Хауа-Анадан басталған, Еділ (Аттылы), Тұмар ханым, Білге, Қорқыт, Шыңғыс хандармен жалғасқан, кешегі Әлихан Бөкейханұлы, Мұхтар Әуезов, Фариза Оңғарсыновалармен алға асқан бір-ақ өміріміз – БҮГІНГІ ӨМІРІМІЗ бар. Ол күндей жарық, түндей қараңғы болса, жау шапса, халқымызды бәтуасыз дау тапса, бүгінгі қағанатымыз орта ғасырлардағы Алтын Ордадай астам болмай, әлі әлсіз болса, ол бар-бар заманда жалғанның қызығына кетіп, еншіде қалғанының қадіріне жетіп, армандай алмауымыздан. Дұрысы – бабалар арманын саялап жақтап, аталар арманын аялап сақтап, бүгінгі өзіміздің арманымызды ақтай білмеуімізден.
Мен өз басым осы себептен де Маралтайдың «Баба түкті Шашты Әзіз бен Бабата», «Қарабура әулие мен Қожа Ахмет Иасауи», «Бозінген», «Көне Тараз», «Күзгі палитра», «Жез қоңырау», «Қарлығаш», «Кентавр», «Алатау», «Махамбеттің мүсіні», «Сүйінбай», «Қарлығаш», «Кенесары», т.б. жырларын да тек тарих толғаулары деп білмей, бес күн жалғанның бедерлі сырларын шеріткен, жүректегі мұзды еріткен алаштық сырлар, адамдық қырлар, ақындық нұрлар – арман жырлар деп түсінемін. Діл, дін, тіл – халықтың біртұтас әлемі, ұрпақтары арқылы жалғасып-жанған жалған ғұмыры, айықпас арман тұғыры. Жетпіс түйе отынмен өртесе де, шалқыған-шарпыған от ішінен киімінің бір жұлығы жанбай аман-сау шыққан Баба түкті Шашты Әзіз құдіретті аңыз ба, ақиқат па?! Біздіңше, ол – тағдырын илеген, Алла тағала қолдауымен отқа күймеген Арман.
Ел қорғаған ерлердің пірлерінің пірі боп,
Сәбиі жоқ анаға әулиенің дүрі боп.
Біз сияқты ақынның жүректегі жыры боп
Қалды солай тарихта Баба түкті Шашты Әзіз
Мәңгібақи тірі боп.
Дана бабамыз, дара атамыз Қожа Ахмет Иассауидің алашын алқаған, шәкірттерін жарылқаған барлық қам-қарекеті – осындай ойлы, бойлы, сойлы жалған, қазағы тірі болса өлмей, қашанда болашаққа қадам баса беретін Арман.
Бұлбұлдар қалар жырламай жамалы жасып,
Махаббатына бас ұрса саналы ғашық.
Қылует жасап Иасауи – Әзірет сұлтан
Түнекке түсті пәниден амалы асып.
Біржола баурап өн бойын далалық мұрат,
Қылуеттегі майшамнан жанары тұтап.
Түнекте бітіп, содан соң ғаламды жаулап
Өмірге келді осылай «Даналық кітап…».
Жинақтың осы жеріне жеткенде менің кенеттен бүгінгі күнге, нұрлы түндерге ауысқым келді. Бұл да жүздескен жырларымның әсерінен. Оның себебі кітаптың есте жоқ ескі күндерді, көне-көне үндерді тірілткен туындыларынан да бүгінгі күннің лебі есіп қоя беруінен ғана емес. Оның себебі, Маралтайдың бағзы замандардан бүгінгі армандарды іздеп тауып, қазіргі күндеріміз қоясын қозғаған, бозінгенше боздаған аңсар-мұраттарды жандырып-жағып, осы күні де сарқылмай-таусылмай атқылап жатқан бұлақтарды ағыза білуінде. Ал бұған керісінше оның қазіргі күндерді өрнектеген жырлары да – алдағы күндерге де ортақтық танытатын жарық сияқты, бойында кеше, бүгін, ертең бірдей етене тоғысқан тарих сияқты. Біз мұның өзі ақын өлеңдерінің сирек те сыңарсыз, сырбаз, сұлу жаратылуынан ғана емес, күтпеген жерден тұла бойға тап келген үлкен өзгерістен, кенет төгілген ыстық көз жасындай, жентек-жентек көміртек-граниттен күрт түзілген бармақтай гауһар тасындай күрделі болмысынан ба деп те пайымдаймыз. Ақын арманы басбілмес құрықты, асқақ рухты, жалын ұрықты.
Маңдайымды сүйеп құлпы тасына,
Ата-анам мен баурымның кеп басында
Жазылмаған жырымды оқып тұрамын,
Қазылмаған қабірімнің қасында.
(«Қызыл өлең», 35-бет).
Шексіздіктен сыр жеткізіп тұнық түн,
Тұнық түннің ләззатына құнықтым.
Мен сіз жайлы
және бүкіл қыз жайлы.
Ғайбат ойдың жетегінде жүріппін.
Жаттың солай бауырымда шашылып,
Періштемнің алапасын қашырып.
…Ай боп жылап қарап тұрды әйнектен
Махаббатым!..
Аяғы – сор, басы – үміт. («Жезөкше», 36-бет).
Судан да сұйық би сөзі назы жоқ болса,
Кіреді шырай айдынға қазы кеп қонса.
«Төле би өлген күн емес – бүгінгі күнің,
Әділет өлген күн», – депті Қазыбек сонда.
Жаныңды сенің жаралы сеземін, елім,
Заманның мынау тарылған кезеңін көрдің.
Басына еркін бара алмай бабамның бүгін,
Өртеніп ішім, өксиді өзегім менің.
Сөзімді менің неғылсын тобасы төмен,
Тарихын жазған түркілер обасыменен.
Өлсе де біздің бабалар болашақ үшін,
Белгілеп кеткен мекенін моласыменен.
(«Қарлығаш», 37-бет).
Шынайы жыр деген – бейнелі (жұмбақ) ой, перделі (құпия) сезім, жүректі шымырлатар сергек сөз. Тек осы ақын айтқан, айта алған алаштық айшықты лебіз, әдемі, әділетті, әлеуметтік сұлу бедер. Ақ қанатты арман, шындық. «Қызыл өлеңнен» тараған қан толқыны, «Жезөкше» қыздың құша-ғынан өрген қымбат, қимас сезім осыны аңдатады. Қазіргі Орта Азия кіндігі Ташкент – қазақтың кешегі қаласы. Одан қазақ әлсіздігінен айрылды ма, қамсыздығынан қанаты қайрылды ма? Жоқ әлде кеңестік қызыл көсемдер өзбекке сыйлап жіберді ме? Не десек те, бүгінгі шындық осындай. Ал кейінгі саясаттан кеудесі іскен кейбір көкезулер «Ташкент – о бастан өзбектікі» десе, онда өз кезінде осы қаланың әмірі болған, билік сөзінің тәңірі болған Төле би неге Ташкентте жатыр?! Демек, тарих ортақ қана емес, тағдырымыз да тамырлас. Сондықтан бұл қаладан бізге өкініш – әуре ғана емес, сүйініш – сәуле де себезгілеп тұруы керек қой.
Жақсы кітаптың осылайша біраз баурай-белдерін барлап, шатқал-шыңдарына сәл-пәл көз салсақ та, қазына көп, құт жеткілікті екенін байқаймыз. Тарлан тарих – өмірдің, бүгінгі жалған – көңілдің тек Маралтай тапқан алаштық сырлары, Маралтай жаққан жалын-қырлары, арман-жырлары үш өлшемді (биіктік, жазықтық, тереңдік), төрт құбылалы (түстік – терістік, шығыс – батыс), тоқсан шұғылалы: өткенің – жалған, қазіргің –«Қаратау ғазалдарын» оқу, көңілге тоқу арқылы бүгінгі бастан кешіп жатқаның – арман, арман, арман. Өкінішті-өксікті арман, көңіліңді қанағаттандырар, қанаттандырар арман, келешектен күткен, күтер ақ, асыл Арман.
Жақсы кітаптағы аттап өтуге, айтпай кетуге болмайтын арманның талайымен танысып-табыссақ та, осындағы өкінішті-өксікті арманның тағы бірін алға тартудың реті келіп-ақ тұр. Ол – «Кенесары» тағдырына тән арман. Таяуда ғана үкіметіміздің көрші, дос ел Ресей өкіметінен өздерінің қоймасында жатқан қос хан-батырымыз: Кенесары мен Кейкінің басын қайтаруды өтінгені белгілі. Кешегі отаршыл патшалық орыс билігінің шектен шыққан зорлығы мен қорлығына бүгінгі Ресей құныкер болмаса да, қазақтың дәурені туып, бір кезде өздеріне көкжалдай қарысып қарсыласқан хан-батыры бас сүйегін қайтаруын сұрар деп ойлап па?! Қазірше Кейкінің басын таптық, ал Кененің басы жоқ екен деп жақауратып жатыр олар. Шамасы, «алаш түгіл, адамзатта ер жетпейтін» Кенеміздің басын қайтаруды қаламайды олар. Қазаққа құт қоса қайтады деп қауіптенеді олар.
Мейлі, бұған дейін де бізді теңсініп көрмеген орыс білгенін істей берсін. Ақын Маралтай Райымбекұлы не дейді?! Тарихтан мәлім – Дулаттың батыры Сыпатайдың сатқындығына қатысты оқиғадан ой өрбіткен ол біз алар сабақ-тағылымды былай түйеді:
Қырғызбен құдандалы, өрісі кең,
Итімен иті туыс, бөрісімен…
– Таққұмар ханға бола қайдағы жоқ,
Көршімнің қанын шашам не үшін мен?!
Жапалақ жалп етті бір жар басынан,
Осы деп «өгіз өліп, арба сынған».
Алла деп атқа мінді, беті – Алатау…
Бұл істің хабарсызбын арғысынан.
Аңыздың ақыры осы, сенесің бе, ей,
(Бұл аңыз – бар аңыздың төресіндей).
Бүгін ғой басымды іздеп қаңғып жүрмін,
Кененің көрден шыққан денесіндей.
Біз Сыпатайды нақ бүгінгі күні де ақтайтындар да, жақтайтындар да бар екенін білеміз. Мейлі, олар қанша ақтаса да, жақтаса да, Сыпатайды тарих отынан, әділеттілік сотынан құтқара алмайды. Сыпатай қырғызға қарсы Кенесары сапында соғыспай-ақ қойсын; тек ағайынаралық бұл соғысқа қолы қосыла алмайтынын айтып, Кенесарының шағын жасағымен жалғыз-дара қалғанын қырғызға хабарламағанда ғой. Рас, қырғыз – қазаққа ең жақын халық, ойы аралас, қойы қоралас, құдандалы ел. Бірақ солар қазақты жоңғар жағадан алып жатқанда етектен тартып, Жетісуға қол салып, жаумен қоса шапқан жоқ па еді?! Олай болса Сыпатайдың Кенесарыны таққұмар деп айыптауы қайран қазақтың болашағын байыптауы деп айта алмасақ керек. Сыпатайдың салғырттығы бүгінімізге әлі әсер етіп жатыр демей-ақ қоялық; алаштың ахуалы қазір де Маралтай ақын айтса айтқандай ғой:
Бүгін ғой басымды іздеп қаңғып жүрмін,
Кененің көрден шыққан денесіндей.
Қазақтың Кенесарының басын табуы – Алаштың «ақырып теңдік сұраған» арман отын жағуы.
Менің ақын Маралтайдың алып асқарымыз Алатаумен тілдесуіне де айызым қанады. Қарт Қаратаулар түгіл, асқақ Алатаудың да бір мұңды арманы бар екен.
Алатау, сен де ғаріп, мен де ғаріп,
Келеміз жүрекке мұң теңдеп алып.
Мен саған жыр оқиын, қасыма кел,
Қайтеміз түсінбейтін елге налып.
Алатау, сен де биік, мен де биік,
Қосылсақ – қосылғандай шерге күйік.
Сені күн, мені күншіл менсінбейді,
Тұрған соң табанымыз жерге тиіп…
Алатау, айналайын, барым – нарым,
Алладан соңғы сенсің – табынғаным.
Бұл қазақ сен болмасаң қайтер еді,
Өзіңсіз менің дағы мәлім халім.
Ақын жоқ жер бетінде мен сияқты,
Тау да жоқ бұ ғаламда сен сияқты.
Жадырап тұрайықшы, беу, Алатау,
Қазасы, қайғысы жоқ ел сияқты.
Қанағаттандырып қоймай, қанаттандыратын арманды жыр осы емес пе?!
Әрине, Маралтайдың аталмыш жыр кітабына қатысты айрықша айтылар алаштық сыр, арнайы тоқталар арман жыр әлі де көп. Асанәлі аға Әшімов айтқандай, ақынның «бір өлеңі – бір спектакль». Базбір жырлары тиянақты талдар болсақ – бір мақала аясына сыймай жатары да бар; өйткені, қашанда армандық суат, жалғандық шуақ, көркемдік қуат – көлемде емес, келелілікте, кемелдікте. Бұл тұрғыдан келсек, жұмыр жер бетінде тау Алатауға қандай тең жоқ болса, ақын Маралтай Райымбекұлына да сондай тең жоқ екені ақиқат. Бұл Маралтайдың өлеңінде өзі айтқандықтан ғана емес. Алаштық арманы – сыры, ақындық арманы – жыры: сөзі айтқандықтан. Рас, айта білу де – үлкен шеберлік, Алла тағала сыйлаған өнер. Алайда Ақын болып айта білу, өз айтқанына жеке басы сеніп қана қоймай, халықты да сендіріп айта білу – бұл айрықша таланттылық. Асылы, «жер бетіндегі ең мықты жалғыз ақын – менмін» деп сеніп, жер бетінде жасаған жүз бір ақынды қайталамай, Уолт Уитменге де, Есдәулет Ұлықбекке де ұқсамай, жырдағы жан баласы баспаған жаңа әлемге қадам басып, Гийом Аполлинер, Пушкин Александр, Құнанбайұлы Абайдан да «асып», жүрек шуағыңды жомарт шашып, жыр жазу – автордың бақыты ғана емес, әдебиеттің де бақыты, әлеуметтің жақұты. Ал Маралтай солай айта, жаза алады:
А, дариға, батар күнге бататын,
Ант етейін атар таңға ататын.
Күллі әлемді тізерлетер алдыңа –
Мына Менмін, айналайын, Отаным!
Қатер төнсе қазақ дейтін ұлысқа,
Қаламымды айырбастап қылышқа,
Сенің қаның менің қаным болған соң,
Ең бірінші мен кірермін ұрысқа.
Мен туғанмын –
Ер Мұхаммед өлген күн,
Мен болмасам, жүрегіңді емдер кім?!
Хақ Мұхаммед айтып кеткен кешегі
Келеді деп…
Келген ақын – сол Менмін!
Туған сөз өнерімізге келіп, кең құлаштаған, «Мына өмірге бір Мықты ақын келеді» деп айтқан ер Мұхаммед, хақ пайғамбар Мұхаммед сөзін растаған ақын Маралтайдың жалған өмірде жүрген жолы жарық болуына қолдау көрсетіп қана қоймай, асқар биікте қанат қағып, туған халқы жүрегін жырымен емдеп, жұмыр жердің жеті қат қабатында жаңа жыр қалдырмай, Арман Өмір әлемін қалыптастыра беруіне тілектестігімізді білдіремін.
Ал менің осы мақаланы жазуымның өзі – оның Мемлекеттік сыйлықты алуға лайықтығының қарапайым бір дәлелі ғана. Егер біз автор-азамат жүрегін жарып шығып халық жүрегіне жетіп жатқан шын мәніндегі алаштық сырды лайықты бағалап, қазақ поэзиясындағы құйылып тұрған жаңа ақындық нұрды көре білсек, Маралтайдың алуан сырлы, нұрлы, қырлы Арман Жырлармен жүздестіргеніне бек риза болып, бәйге беруге тиістілігіміз көп дәлел тілемесе керек.