Алшысынан түспейді-ау арман-асық…
13.05.2024
119
0

Еркежан БЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Алматы облысы, Қарасай ауданы

ҚАЛА ҚАСІРЕТІ
Алшысынан түспейді-ау арман-асық,
Сәби көңіл ауылда қалды адасып.
Тұяғына бүлдірген нілі жұғып,
Тұлпар-күн бара жат­ты таудан асып…

Мен сонда жетпес сапар бастағанмын,
Бұлтқа бетін төсеген аспан арым.
Талықсып толқын жырым үздігеді
Таңдайын жібіте алмай тас қаланың.

Тыныштықты тыңдаймын, армандаймын,
Сыйдыра алмас бақытын тар маңдаймын.
Мұнар тұнып жататын бұл қалада
Мен өзімді жоғалтып алғандаймын.

Қала… Қала – қасірет тұнбасындай,
Қабағың қойды-ау маған мүлде ашылмай.
Қалың нөпір ішінде ағып барам
Сұлудың суға түскен сырғасындай.

Бекер басып алдым-ау құс қаланы,
Шырқалмайды шындықшыл құстар әні.
Қалжырап біткен қалың кірпіктерді
Жанардың ақ жаңбыры құтқарады.

Тас қала басын сүйер дана тауға,
Қағылмайды қиялдың қанаты алға.
Тынымсыз бұл әлемді ұйықтатар ма ем,
Бесік жырмен әлдилеп алақанда.

АРМАН ҒАНА…
Бас көтертпес жүректегі мұң пақыр,
Жұбатуға ақыл біт­ті бір батыл.
Ымырт қыздың ерініндей үлбіреп,
Ықыласым сізге ауып тынды ақыр.

Жасың кіші болғанменен «сіз» дедім,
Елесіңді есім шыға іздедім.
Құлазыған махаббат­ты құшақтап,
Сағынышпен сарғайт­ты ғой күз лебің.

Қаламыма сия емес, шер жұққан,
Сарай салып сыйға тарт­тым
сөз – құстан.
Құдірет­тің құлға қимас сыйындай,
Құрақ ұшып құрмет­теуім сондықтан.

Асу бермес сапар болып басталдың,
Енді келсең, деме мені тасбауыр.
Сіз кететін есіктердің барлығын
Ашылмастай шегелеп-ақ тастармын.

Ондай батыр шақтар тумас, қой, менен,
Теңіздерге батып тынар ой кемем.
Тағдырыңды тым тәкаппар еске алып,
Өзіме-өзім қимай қалам кейде мен.

Сіз биіктеп кеткен жақты бетке алып,
Аңтарыла қарап қалса көп халық,
Жүрегімді өртеп сонда отырам,
Қаламымнан сия емес, шоқ тамып.

Аман болсаң барлығына көнем деп,
Есіміңіз шыққан жаққа елеңдеп…
Сіздің кітап сөреңіздің шетінде
Қыстырылып тұра берем өлең боп.

ЖОҒАЛҒАН ӨЛЕҢГЕ ЖОҚТАУ
Өлең толы бір дәптерім жоғалды,
Жоғалғаны обал-ды…
Парағына жасырып ем тым аппақ
Түнек түрген қоғамды.

Жоғалды өлең, мен отырмын у ұрт­тап,
Балалығым бірге кет­ті қызық, пәк.
Қарқ-қарқ күлген шығар мүмкін ол адам,
Қасіретімді қызықтап.

Бірге кет­ті сағым тектес сан жылдар,
Талықсыған таң нұрындай тағдырлар.
Құйт­тай менің жүрегім боп ұшты әлде,
Құйын жылдар құшағынан бал жырлар.

Бәріміз де жоғалармыз пәниден,
Ана тілім паналады қай үйге?..
Өгейліктің ортасында жаутаңдап,
Сорасы ағып жылап жүрген сәбидей.

Қош, қош, менің жанға батқан
мұң таңым,
Ораларсың, жан отыммен жылытармын.
Сан ғасырдың шауып өтіп тұсынан,
Күлдір-күлдір кісінеген тұлпарым.

СЕНІ КӨРДІМ
Сені көрдім, тау суындай тасындым,
Дариғасы – мен болармын Қасымның.
Жазықсыздау сәулесі бар жалғанның,
Жанарыңды жанарыма жасырдым.

Еңкіш тартқан кейде ойымның иығы,
Көлдің суы баспас көңіл күйігін.
Қиып түсті, мен білмеймін қаншама
Гүлдерді әсем осы көздің қиығы.
Сен бар десем, өмір мынау тым ғажап,
Тереземнен қабақ түйді түн қарап.
Көңіліңнің том-том болған жырларын,
Көздеріңнен оқып алдым бір қарап.

Көңіліме алдамшы үміт түстепті,
Жылы жаққа тым асығыс құс кет­ті,
Қоңыр көзде шашыраған сәуле бар
Қоңыр күздің көкжиегі іспет­ті.

МҰҢАЮ
Сені көріп қуанып ем көктемде,
Гүлді көріп мұңаямын бұл күні.
Хат байлаған ұшып өтпес кептерде,
Қасіретке қамал болған кірпігім.

Аспанды аңсап көз салам да мұңаям,
Басып жатқан ақ бұлт­тарды бауырға.
Мен қаланы жек көргенмін, құдая,
Сен ат­танып кеткен күні ауылдан.

Биік тауға мұңайып ем шықсам деп,
Биіктердің биігінде сен барсың.
Құлшынбадым тірлігіңді ұқсам деп,
Бір арудың көз тұтқыны болғансың.

Қара жерді басып тұрып мұңайдым,
Құлар басым құшағына бағы ұшып.
Тозағынан құтқарады құдайдың,
Періште жыр бейіш жаққа ап ұшып.

Мұңаям да мырс етемін сайрандау,
Керек деймін, жазылсын деп жарасып.
Айқаспалы көпірлерде айғайлау,
Өмір деген бір-бірінен адасып.

СЕРТ
Қайғыдан қара жердің ұйып белі,
Күлегейлеп тастады күйік мені.
Жалғыз тал қабырғамнан жаралдың деп,
Қат­тырақ жібердің ғой иіп мені.

Жұлдыздай тамшы жасым көкте ағады,
Сертім – семсер, болайын оқ қағарың.
Арыңның іргесінен ат­тамаймын,
Аяғым дірілдейтін боп қалады.

Қылқылдатып қымыз жұт қылығымнан,
Секунд ойламаудың өзі – күнә.
Жарығым, саған мәңгі қол созамын,
Жазмыштың ауытқып сызығынан.

Нұр күткен таң нұрынан мұң жұтамын,
Назары түскен ақын жыры – тәңір.
Бір минут алыстасаң құлазимын,
Бір өмір қалай енді ұмытамын?

Жарқыраймын шырақтар сөнсе түнгі,
Сыңар аққу тербелген көл секілді.
Арасына қасыңның кеп түнеймін,
Адасып біткен қара мең секілді.

ҚАЛА ТҮНІ
Қасіретпен атырдым қала түнін,
Жетпей жүр бала алдауға бар ақылым.
Қызық-ақ, сіз жайлы бір жыр жазбасам,
Өзімді де ұмытып қалатыным.

Ақ көрпе қара жерді жауып тұрды,
Жүгі нардан бақыт­тың ауып тынды.
Ақ қар емес, аспаннан жұлдыз жауып,
Жанарыма сәулесі тамып тұрды.

Іші мұздап көп жанның сырты күле,
Қарайды, сенсіз күнім… күлкі міне…
Тәт­ті сөзің, тағдырың ақ қар болып,
Қонып жатқан секілді кірпігіме.

Салынбайды екен-ау баққа ноқта,
Өзімді ұмтылмаймын ақтамаққа.
Бір тамшы жасым менің быт-шыт болып,
Шашылып жат­ты солай ақ парақта.

Бүбішхан ТІКЕБАЕВА

Көктем

Анашымның күлкісіндей – шуақты,
Көктем келді, сылдырлатып бұлақты.
Құстар ән сап,шағалалар шарықтап,
Бәйшешектер басып кет­ті қырат­ты.

Ой-хой көктем, неткен сұлу, көрікті ең.
Мыңғыраған малды көрдім өрістен.
Жатқан мына кең даланың төсінде.
Жан-жануар тіршілікпен келіскен.

Күн жылынды, мақпал жерге гүл өсті,
Сандуғаштар сайрап әнге ілесті,
Келді көктем ән салып тұр бұлақтар.
Табиғатпен бөліскендей үлесті.

Теңіз жатсын буырқанып, бұлқынып,
Жасыл көктем тұршы осылай құлпырып.
Нөсерлетіп жаңбырыңды жауып өт,
Қалсын менің көңілімде жыр тұнып!

Өмірдің иран бағында

Өмірдің иран бағында,
Ән салды қыздар тағы да.
Домбыра үнін тыңдадым,
Ақ қайың тұрды жанымда.

Тыңдадым әнді тағы да,
Бұлбұл құс қонды бағыма,
Табиғат тылсым тып- тыныш,
Отырдым үнсіз тағы да.

Өмірдің иран бағында,
Ақ қайың маған сыр ашты,
Есіме алдым Күләшты,
Қозы мен Баян секілді,
Ғашықтар талай сыр ашты.
Өмірдің иран бағында.

Ән бар жерде тылсым бар
Үндемей тыңдап тұрсыңдар,
Құдірет­ті өнер болмаса
Кездесер ме едік құрбылар
Өмірдің иран бағында.

Уақыт мәнін білейік,
Кештерде бірге жүрейік
Күнде той болсын ауылда,
Қатардан қалмай барайық
Өмірдің иран бағына.

Аналық сезім

Аналық сезім – ақ сезім
Сәбилік бала шақ па едің
Үнемі алда жүретін,
Мәңгілік бола шақ па едің.

Аналық сезім – ақ сезім,
Сендегі қайда шат сезім?
Көктемді гүлге ораған,
Маужырап тұрған бақ па едің?

Аналық сезім – ақ сезім,
Алыстап кеті-ау пәк кезің.
Балалық көзбен қараған
Қай жақта бүгін шат кезің?

Аналық сезім – ақ сезім,
Басыма менің бақ па едің?
Сені сүю арқылы,
Өмірге сәби ап келдім!

Қазақ елі

Ақ көгершін қалықтап,
Көкте күлім қағады.
Асқақтаған ән ұран,
Жаңғыртады даланы.

Қазақ елім менің –
Көрікті әсем жерім,
Асқар Алтай белім,
Бұлт баспасын көгін.

Біз – бақыт­ты баламыз,
Ән мен күйдің бәрі – аңыз,
Қазақ­стан – мекенім
Отан – туған анамыз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір