Алтайда туған aқ арман
Шілде туған шақ. Маңғаз Алтайдың мамырда киген көк көйлегі шілдеде тіптен түрлі-түске еніп, құбылып кеткен. Жұпар әтірін себінген сұлудай Алтайдың алуан гүлдердің хош иісіне мастанған кезі. Батыр Алтайдың осындай аруға тән сұлулығы да бір бойына жетеді. Тек оны көрер көз бен тұшына сезінер жүрек болса болғаны.
Қаракемер аңғарында жалғыз үй отырған қорықшы отбасы үйреншікті тірліктерінің әуенімен әуре. Бөренеден қиып салған үйдің кіреберісінде жасамыс әйел сүт тартып отыр. Қою кілегей ыдысқа сыздықтай тамады. Қара көлеңке үй ішінде қызы дастархан қамдап жүр.
– Апа, – деді ол сәлден соң дәлізге шығып, – апа, дастарханға тәтті салайын ба?
– Қалалықтарға тәтті таңсық дейсің бе? Одан да құрт-ірімшік, май-кілегей қой молдап.
– Қазір ешкімге ештеңе таңсық болудан қалды ғой, апа. – Қаладан үшінші курсын тәмамдап келген қызы Көркем анасының сөзін қостай қоймады.
– Ұмытшақсың-ау. Қалада жүріп, менімен телефон арқылы әр сөйлескеніңде, «ауылдың дәмін сағындым» деп бастайтынсың. Сол сағынышың бекер-ау, – деп Айман қызын қағытты.
Ана сөзіне ренжи қойған қызы көрінбеді. Қайта қара торы жүзі алаулап, ырғып басып, үйге еніп кетті. «Ауыл дәмі» деген сөз қыз жүрегіндегі туған өлкесіне деген қатпарлы сағыныштың құпия сөзі еді. Бар сағынышын осы бір-ақ сөзге байлап, анасы етектегі ауылға телефон байланысы тартатын тұсқа шығып, амандық-саулық сұрасқанда айтар аяулы сөзі еді. «Түтін иісін сағындым» десе келіспей қалатындай, сөзінің біссімілләсін «ауылдың дәмін аңсадымнан» бастайтын. Алып шаһарда жүрсе де, Жер шары картасына бір ноқат болып та түспеген аядай ауылын ойлап сарғаятын. Мұндағы ұйыған тыныштық ырыс-құттың қамалындай сезіледі. Көркем қалада уақытқа бағынатын, ал аулына келгелі бері уақыт бұның ырқына көніп, дегеніне мойынсұнғандай баяу жылжиды.
Айманның «қалалықтар» дей салғаны – бүгін қорықшы үйіне қаладан келген қонақтар аялдамақ. Жаз шыға жер дегдіп, кісі аяғы бір басылмайтыны бұларға жаңалық емес. Қонақжай дәстүрлері бойынша меймандарын түстеп, түгендемей, құрақ ұшып, бәйек болып жатқандары. Әрі алыстан Алтайдың сұлулығына аңсары ауып, ат арытып, ер-тоқым жастана жететіндерді бұлар тіптен қошеметтейтін. Шет ел асып кетпей, Алтайды көруге құмартқандардың саны кейінгі жылдары артып келеді. Одан табыс тауып қарық болмаса да, жергілікті халықтың көңілі тоқ. «Алтай ұмытылмасын, Алтай аңыз болып, алыстағыларды сиқырымен тарта берсін» десіп қуанысып қалады. Алтайды мекендеген жұрттың шүкіршілдігі бір бөтен. Ауылдары бұрынғыдай бай-қуатты көрінбесе де, қасиетті топырақтан табан аудармай отырған тәкаппарлықтары тағы бар.
Көркемнің ой ағынын кілт үзген кенеттен басталған тау нөсерінің сартылы еді. Жаңа ғана ашық тұрған кешкі аспан тұтқиылдан түйіліп, ызғары сүйектен өтер жауынын төкті-ай келіп. Оқыстан бұзылатын тау күніне әбден сыралғы болып алған қорықшы үйі әбігерге түсе қоймады. Шаруаларын дер кезінде тиянақтап, үйлеріне еніп үлгерді.
– Қаланың түзу жолына ғана лайықталған қонақтардың мәшинелері бір жерде батып қалмасын мына нөсерде. Кешікті ғой, – деді әкесі Нұрлыбек сырт киімін шешіп жатып.
– Техникалық көмек шақыратын телефондарында байланыс та жоқ, бір қарағайдың түбін паналап түнеп қалмасын, – деп інісі Төрегелді әзілдей жөнелді.
– Техникалық көмек дегеннің өзі жоқ болса, кімін шақырар? – деп Көркем бауырының қалжыңын қостай күлді.
Осы сәт жер-дүниені жаңғыртып, күн күркіреді. Көктен жерге хабаршы жібергендей күркіреу үн жаңғырып барып тыйылды. Тосыннан сап басылған жауын тамшылары шөп басына шықтай мөлдірей қонып, көк шалғынды айдындай жарқыратып жіберді. Айнала жаңа бір түске боялып, жұтына қалған. Даладан мотор даусы естілді.
– Жол азабын тартпай-ақ жетті ғой, – деп Айман қуанып кетті. Осы апасы Көркемге періште көрінеді. Өзгелер үшін шын қуанып, басқаның мұңын өз мұңынан бетер жоқтайтыны, әсіресе тамсандырады. Бәрі андыздай үйден шықты. Шынында да, Алматыдан Өскеменге бір тоқтап, одан төмендегі ауылға ақсақ киіктей және аялдап, нөсерлете жеткен қонақтар екен. Көліктен алғаш болып атып түскен әйел жан-жағына таңдай қаға қарады да, көкке қолын созды.
– Кемпірқосақ! Қандай әдемі! – Мойнындағы фотоаппаратын кемпірқосақ нұрына малынған атырапқа бағыттады. «Қалалық тікбақай!» деп ойлады Көркем әйелдің тұрысына қарап. Өзгелері амандасып, үйге беттеді. Келгендердің дені бір мекемеде істейтін әріптестер екен. Алтайдың нөсерінен соң ауада денені қалтыратар сыз пайда болған. Күн көрмеген, желдің өтінде тотықпаған қалалықтарға бұл сыз қаңтардың аязындай әсер етті. Үйге кіруге асыққандары да содан. Кешкі күн ауадағы сызды сейілткісі келіп, болмашы сәулесін шашып, шілдеде тоңдырған айыбын жуғысы келгендей.
Қазаны жерошақтан бір түспейтін Айман қонақасын әлдеқашан әзірлеп қойған. Бабымен піскен марқаның еті буы бұрқырап, дастарханға келе қалды. Көркем апасына қолғабыс жасаумен қазан-ошақ жанынан шығар емес. Қонақтардың керегін тауып беріп, лып-лып етеді. Үстел басына жайғасқандар қаздай тізіліп, етке қол созды. Қалалық қыз Бағлан алдындағы мәзірдің қойдың еті екенін білген соң, жеуден тартынып отыр. Оның ұғымында қойдың еті қонақ келгенде тартуға болмайтын жаман-жәутік ас еді. Ал мұндағылар марқаның етін мақтап, сорпасын «бал татиды» деп мәз.
– Сол баяғы аңқылдақ қалыптарың бір өзгермепті, – деді меймандардың басы Жәнібек.
– Алтай жарықтық өзгермесе, бізден не өзгеріс күтесің? – деді Нұрлыбек сорпасын сораптай ішіп.
– Әлі күнге қазақылыққа салынып, жамбасақы сұрамайсыңдар, ас-су да тегін. Дархан көңілдерің тіпті тарылмапты, – деп Жәнібектің келте шашты сәнқой бәйбішесі Райгүл де сөзге араласты.
– Бізге қоңқайшылдық жараспайды, – деді Айман Көркем ауыстырып әкелген шәугімнен ыстық шай құйып отырып.
– Қазақшылығымызды қоңқайшылдық жеңе алмас, – деп сенімді раймен сөзін сабақтады Нұрлыбек.
– Біз Қоңқай болсақ, мына тікшиген Бағланға марқаның етін мысқалдап сататын едік қой, – деп Төрегелді әзілқойлығына басып, әпкесіне сыбыр етті. Өз сөзіне өзі мәз бола, екі иығы дірілдей күлкіге булыққан інісін Көркем басынан нұқып қалды. Мұнысы – еркелеткені.
– Бағлан, дәм алмадың ғой. – Айман кірпияз әйелге қонақжайлылық көрсетіп еді, ол қабағын ашпады.
– Мен бүгін вегетарианмын, – деді де, өзі қалап құйдырған қара шайына ернін тигізді.
– Бағлан, қабырғасы майдан жіңішкеріп кеткен қойдың етін жеу үшін де жүрек керек, – деп әріптесіне қалжыңдаған Баубек әйелдің алдындағы мүжілмеген қабырғаға қол созды.
– Қойдың етінен қорқатын ретіңіз жоқ. Есіміңіз де қоймен байланысты, Бағлан әпке, – деп Көркем кешкі ас бойы алғаш рет әңгімеге араласты. Оның сөзіне үлкендер жағы күлісіп басылды. Жүзі шытынай қалған Бағланды Нұрлыбек жадыратуға кірісті.
– Ерте туған қозыны бағлан дейді. Қызымның «қоймен байланысты» деп қойып қалғаны содан ғой, – деп ештеңені көңіліне алмайтын, ақ жарқын мінезімен әңгіме ауанын өзгертіп жіберді.
– Әкем толық айтпады. Шындығында ерте туған семіз қозыны бағлан деп атайды. – Төрегелдінің бұл жолғы сыбырына Көркем басын шайқады да қойды. Әзілкеш інісінің әр сөзіне күле берсе, ендігі езуі теріс айналып кетер еді ғой.
– Қоңқайшылдық демекші, масқара болғанда ондайлар ел ішінде біртіндеп пайда болып келе жатыр. Әрі жыл сайын қатары артып, өздерін «жаңашыл қоғамға тым бейімделген сұңғыла жандармыз» дейтін көрінеді. Бір үйдің моншасының жөндеуі ұзаққа созылып, көршісіне өтініш етсе, әлгі Қоңқай кісі басына пәленше теңге сұрапты. Соны айтып, ел жағасын ұстап жүр. – Нұрлыбектің сөзіне қалалықтар тіксіне қоймады. Тек Бағлан ғана:
– Қоңқай деген кім? – деп қабағын керді.
– Қоңқайдың кім екенін білу үшін Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» хикаятын оқу керек, – деді де, Көркем дастарханды жаңалау қамына кірісті. Бағлан иығын қиқаң еткізіп, төргі бөлмеге қалдырған фотоаппаратын мойнына асынып, далаға шығып кетті. «Көркеуде оқыса да түсінбес» деп ойлаған Көркемнің көзі қарсы алдындағы Баубекке түсті. Ол әлденені есіне түсіре алмағандай маңдайын тыржитып, аз-кем отырды да, ақыры сұрағын ортаға тастады.
– Сол Қоңқай аязды түнде адасып, үйіне тап болған үш жігіттен жамбасақысына неше сомнан талап етіп еді? – деп маңайын шола қарады. Бұл жолы емен-жарқын ақтарылған күлкіні суық қабақпен сейілткен ешкім болмады. Астан соң Төрегелді қос жігітті ертіп, алау жақпақ болып, отын сарайға беттеді. Ауыл балаларының әдетімен қасына ерген жігіттерге арсалаңдап алдынан шыққан күшігін мақтай жөнелді.
– Бұл – бөрібасардың тұқымы. Шешесі асыл тұқымды төбет еді. Өткен қыста қасқырға жем болды, – деп өзіне секірген күшігін тұмсығынан сипап өтті.
– Қасқырға желінсе, нашар төбет болғаны ғой, – деді дәмді етке тойған Ұлан салқын ауаны кеудесін толтыра жұтып тұрып.
– Жоқ, нашарлығынан емес, көзсіз батырлығынан кетті. Қасқырлар қамап алыпты. Көпке жалғыз шамасы келсін бе, тулақтай тартыпты, – деп Төрегелді жетім күшігін тағы бір еркелетіп, отын сарайдан бір құшақ қу отын алып шықты.
Алау тез-ақ жағылды. Үлкендер жағы әңгіме-дүкен құрып, үйде қалып қойды. Отты айнала отырған ауылдықтар мен қалалықтар сөзді не деп жұптарын білмей, біраз дағдарды. Ортақ тақырып таба алмай отырған түрлері. Ақыры ас үйдегі шаруасын тиянақтап келген Көркем ортаға бір ұсыныс тастады.
– Ежелгі қазақтар секілді отты айнала отырыппыз. Енді сол ата-бабамызға бір еліктеп, өлең-жыр айтайық! – Бір қызығы қыздың ұсынысын бәрі қостай кетті.
– Мен бастайын, – деген Бағлан орысша жыр оқыды. Баубек бір өлеңнен үзінді айтып құтылды. Ұлан тақпақ қана білетінін, оны бала кезінде Аяз атаға арнап жаттағанын айтып сырғақтады. Төрегелді «әпке тұрып, іні сөйлемейді» деп тауып кетті. Көркем қалада жүргенде өзі жаттаған өлеңінің шығу тарихын қысқаша баян қылды:
– Бұл – шығыстан шыққан Ғалым Қалибекұлы деген ақын ағамыздың Оралхан Бөкейге арнап жазған өлеңі. «Мұзтаудың мұзбалағы оралмады» деп аталады. Қыздың қоңыр даусы кешкі тымық ауада сыр мен мұңға көмкеріле, әдемі естілді.
Жырдың әр тармағынан көзден кеткен, алайда көңілден бір өшпеген кемеңгерге деген сағыныш пен аңсау самалы аңқып тұрды. От жалыны тыңдаушылардың жүзінде ойнап, тыныштық күйін асыра түсті. Көркем жырын жалғастыра берді.
…Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді,
Сұр мерген атып алды киігіңді,
Тағдырдың салғанына шара бар ма?
Шыңғыстай, кім басады күйігіңді?
Күншілдер мұз жалады, тұз жалады,
Отыз қыз одан бетер қызғанады,
Жиырма жыл өтсе-дағы оралмады,
Алтайдың ақиығы – мұзбалағы…
Өлең оқылып бітсе де, тыныштық тарқамады. Әркім өз ойымен отқа қарап үнсіз қалған.
– Мұңайтып тастадың ғой бәрімізді. Бағланның неге томсарып қалғанын білмеймін. Өйткені ол тек орысша ғана оқиды. Ұланның үндемегені – ұйқысының келгені. – Баубектің тыныштықты бұзғанын ұнатпағандай, өзгелері жапа-тармағай жауаптаса жөнелді.
– Иә, мен тек орысша кітаптар оқимын. Онда тұрған не бар? – Бағлан шырт етті.
Жаңағы мүлгіген тыныштықтың ізі де қалмады.
– Көп ретте әдебиет туралы пікір таластыра алмаймын, бірақ соған қарап мені мүлде меңіреу көрме. Мұзбалақтың – Оралханның оралмағаны расында да өкінішті. Мұңды өлең ой туғызады. Ол ойды біздің Баубек бұзады – деді Ұлан.
– Ұлан, саған Көркемнің беріле оқыған жыры қатты әсер етіпті. Қызу пікірсайыстың шаласын тұтаттың, – деп Баубек әріптес құрдасына тағы қалжыңдады.
– Әпке, сен өзің «әдебиет» деген отты тұтатып қойып, тасада тып-тыныш отырсың. Бұл жарамайды, – деген Төрегелді үйінен домбыра алып шығып, әнге басты. Жеткіншектің жігерлі даусы түнгі ауаны тербетіп, ғашығына қосыла алмаған мұңлықтың зарын төкті. Домбыраның қос ішегінен төгілген шерлі әуенге түн мүлгіп, Ай өнерліні жарық еткісі келгендей, нақ төбеге ойысты. Көркемнің аяғын құша еркелей жатқан күшігі Төрегелді ән бастағанда, кеудесін көтеріп отырып алды. Иесінің әнін тыңдауы алғаш рет емес тәрізді.
– Өздерің шеттеріңнен романтик екенсіңдер. Тіпті иттерің де лирик тәрізді, – деп Баубек Көркемге күшікті меңзеді. Қыз күлімдеп басын изеді. Інісінің әнін бұзғысы келмей, сөзден қашқан сыңайы бар.
Ән қос ішектегі әуенге ілесе тынғанда, алқа-қотан отырғандар қол соқты. Күшік үріп-үріп жіберді. «Әдемі әннен соң неге сартылдатып шапалақ ұрасыңдар?» дегендей кәдімгідей екілене үрді. Көркем тек осы сәтте ғана Баубектің сөзіне жауап берді.
– Иә, біз романтикпіз. Аққұлақ та лирик. Өйткені біз Алтайдың төрінде тұрамыз. Мынау сұлу табиғат бізді ақынға, жыршыға, әншіге айналдырып жіберген.
– Иә, рас, жан-жағың сыңсыған орман, аңғар ертегідегі сиқырлы алаңқай тәрізді. Нөсерден соң ғажайып кемпірқосақ көрінеді. Ай қол созымда тұр. Жұлдыздар қаладағыдай ноқат емес, баданадай болып көзге ұрады. –Баубек алау маңындағы дала өнерінен кәдімгідей әсерленіп, көсіле сөйлеп кетті.
– Қазір домбыраны үйінің төріне сувинер есебінде ілетіндер көбейіп кетті ғой. Сендерде бәрі тірі, бәрі жанды екен, – деп Ұлан да пікір қосты. Бағлан толған айды суретке түсірмек болып, оқшаулау шығып кетті.
– Біз жақта, яғни ауылда ондай жансыз домбыра жинайтындар аз секілді. Әр қазақтың үйінде домбыра тарта білетін кем дегенде бір жан болады, – деп Көркем ашық мақтанды.
– Ұйқым келмейді, от ұрлады ұйқымды. Кірпігім ілінбейді, айқаспайды бұл түні. – Отты үстемелеп салған Баубек әндете сөйледі.
– Міне, Алтайға келгелі небары екі күн, Баубек те жыршы болып барады, – деп Ұлан енді досын өзі әзілге шақырды.
– «Ұйқым келмейді» деген шығармасы бар Оралхан жазушының. Рас, шынымен де ұйқысыз ғұмыры мәңгілікке ұласты. Кім айтады Оралхан ұйқыда деп? – Көркем от жалынына қадала қарап, қиялдана сөйлеп отыр. Қала тірлігінен шаршап келген қыздың туған ауылынан сая, жанына рахат тапқан қалпы байқалады. Ұшқыр қиялы оны от ішіне алып кіріп, билете жөнелді. Күйдірмейді, алас ұрғызып алқындырмайды. Жеңіл мұң әуенімен жып-жылы, жұп-жұмсақ жерді сызып, толқи билейді. Әр қимылында алапат сағыныш лебі бар. Қолын сермесе, сол сағыныш әуені отты билетіп, құбылмалы қимылмен шырқ үйіреді.
– Қар қызы От қызына айналып кеткен бе? Бұл таңғажайып өлкеден қол үзу маған қиынға соғайын деп тұр. – Баубектің саңқылдаған даусы Көркемді елестер әлемінен суырып алды.
– Баубек аға, сіз Оралхан Бөкейдің кітаптарын көп оқығансыз-ау, сірә? – деп Төрегелді қонағына сүйсіне қарап қалыпты.
– Бағлан көрінбей кетті. Аю алып кетпесін. – Ұлан орнынан тұрып, Бағлан кеткен тұсты бағытқа алып жылжи берді.
От жалынына жүздерін шомдырып үшеу қалды. Баубек енді салмақты раймен, қалжыңнан ада байсалды жүзбен сөз бастады.
– Иә, кітап оқимын. Санап емес, талғап оқимын. Жұмыс шаршатқанда, қаланың ырду-дырдуынан бой тасалағым келген кездерде жаныма жақын Оралхан кітаптарын қолыма аламын. Ауылды сағынғанда, сырлы да мұңды кітапты құшағыма аламын. Ол мені ой мен сезімнің, қым-қиғаш пәлсапаның шырмауына алады. Нағыз махаббатты аңсағанда, кітап оқимын. Кітаптан оны тауып аларыма сеніп оқимын. Қар қызын жолықтыруды арман етемін. Күншілдіктің құрбаны болған қасқа құлынды таба алсам ғой деп өрекпимін.
– Түу, қандай ғажап жан едің! Сендейлердің соңғы ұрпағы ортамыздан әлдеқашан өтіп кетті ме деп жүрсем. «Қасқыр ұлыған түнде» бойжеткенге қорған болуға да ұмтылатын шығарсың? – Көркем Баубектің ұзақ сөзін бөлмей тыңдап, ол тоқтағанда барып, ойға ой қосты.
– Ал Қоңқайды көрсеңіз не істер едіңіз? – Төрегелді де қызынып алыпты, отқа жақындай түсіп, сауал қойды. Баубек жауап беруге ыңғайлана беріп еді, ту сыртынан Айманның дауысы естілді.
– Балалар, тоңбадыңдар ма? Бөлмелерің дайын. Ұйқыларың келсе, тыныға беріңдер.
– Ұйқым келмейді. – Қос бауыр жарыса тіл қатты. Оған өздері мәз болып қалды. «Жандары егіз құлындарым» деп іштей еміренген Айман үйіне қарай беттеді.
Қонақтар далаға шығып, дабырласып аз жүрді де, содан соң үйге кіріп, көзден ғайып болды. Бағлан түсірген фотоларын ғаламторда бөлісуге байланыс жоқ, дымы құрып ұйқыға кетті. Ұлан да өзіне әзірленген төсекке қисайды. Сыртта үшеу әлі отыр. От сөнуге таяу. Оған қу қарағай салған жан болмады. Аққұлақ та арпалысып, әр дыбысқа бір құлақ түргенін қойған. Алдыңғы аяғына тұмсығын қойып, мүлгіп жатыр.
– Ғажап тыныштық! – деді Баубек орнынан көтеріле бере аспанға тамсана қарап.
– Біз күнде осы тыныштықтың құшағында бірге ұйимыз, – деді Төрегелді домбырасын бауырына қыса. – Маужыраған мына күй арманды ойға жан бітіреді. Мен арманымда Алтайды әлемге аян туристік өлкеге айналдырып, құжынаған халықтың көз қуанышы етемін.
– Арманыңа жет, бауырым! Менің арманым да Алтай жарықтықпен байланысты. Қанша зерттелді дегенмен, ел арасын аруақтай кезіп жүрген аңыздар жетерлік. Сол аңыздарды ел аузынан жазып алып, Алтайдың жер-су атауларына қатысты кітап шығарар едім, – Көркем де өз арманын паш етті.
– Ал мен нені арман етеді дейсіңдер ғой? Келесі жылы демалыста тағы да Алтайға келіп, сұлулығына көз тояттатуды жаным қалайды. – Баубек әшекейлі аспаннан назарын аударып, жанындағы әпкелі-інілі екеуге таңырқай қарады. Әдетте жастар ауылдан ұзап кетуге құмартып тұрады. Ал бұл екеуі оқып-тоқып, туған жерге оралмақшы.
– Арманыңның орындалуы қиын емес екен. Мен де Алматыдамын ғой. Егер Алтайға келем десең, әке-шешеме айтамын, ауданнан күтіп алады. Көркемнің сөзін Төрегелді қостай бас изеді.
– Ертең Берел қорығына жолға шығамыз. Күн ашық болса жарар еді. – Баубек өзін ауылына қонаққа шақырған қызға риза бола, ертеңгі бағыттарын жария етті.
– Ол жерге барсаң, тарихымызды бастан кешкендей боласың. Жолай Солдатқұлаған шатқалынан өтесіңдер. – Төрегелді өз өлкесін бес саусағындай білетінін аңғартып, тәптіштеп түсіндіре жөнелді.
– Неге Солдатқұлаған атанған?
– Әпкем майын тамызып жақсы әңгімелейді. Інісінің сілтеуіне әпкесі келісе қоймады. Ертеңгі тірлік қауырт екенін айтып, түн тыныштығын тілеп, үйіне кіріп кетті.
– Онда сен айт. Білетін көрінесің тарихын. Баубек бозбалаға өтініп еді, ол қысқа ғана мәлімет берді.
– Ертеде әскерилер мәшинемен өтіп бара жатыпты деседі. Сонда көлік жолдан тайып кетіп, шатқалға аударылған көрінеді. Солдаттар тегіс қаза тапқаны даусыз. Содан бері халық арасында Солдатқұлаған шатқалы деп атанып кетіпті.
– Қап, құлағандары қандай өкінішті.
– Қазір жол жақсы, сайрап жатыр. Зымырап отырып, Берелге тез-ақ жетесіздер.
– Жақсы онда. Ұйқымыз келмесе де, кірпік іліндірейік. Екеуі бөлмелеріндегі дайын орындарға жайғасып, жастыққа бас қойысты.
Тауда ататын таңның өз сұлулығы бар. Жазық даладағыдай мұнда Күн-ана бүкіл атырапты нұрымен бірден бөктіріп ала жөнелмейді. Алдымен ұшар басы көкке жетердей болып тұрған тау шыңдарына там-тұм шуағымен шабарман жібереді. Нұрлы сәлемді қабыл алып, жаңғырық үн қайтарған шыңдардан амандығына риза болып, тау етегін алтын шапағымен аймалайды. Шөп басындағы шықты кептірмей, тұяқтының сүйсініп жейтін шөбінің дәмін кетірмей, жер бетін жарқыраған нұрымен аялайды. Түнде тамылжып тыныштық құшағында қалған табиғатты біртіндеп оятып, өмір әнін салдырады. Ормандағы құс біткен Күн-анаға мадақ жыр арнап, оятқан жаңа таңын шаттыққа балап, шуылдасып қалады.
Бүгін де солай Алтайдың аппақ таңы тәкаппар шыңдарды да ұмыт қалдырмай, етектегі шалғынға дейін сүйіп-өбіп оятып алды. Таңмен таласа тұрған қорықшы отбасы бірден тірлік қамына кірісті. Әке мен ұлы түздің ісін тындыруға кетті. Ана мен қызы қонақтардың дастарханын жайнатып, аспаздық шеберліктеріне басты. Өзін «ерте тұрдым» деп ойлаған Баубек бар тірлікті тиянақтап, бұлардың оянуын күтіп отырған үй иелері мен Жәнібектерді көріп таңданып қалды.
– Қайырлы таң! – деп аулада тұрған Нұрлыбекке жақын келіп амандасты.
– Қайырымен бастайық. Достарыңды оятсаң жарар еді. Дастархан күтіп қалды. – Нұрлыбектің сөзінен соң қонақтар тегіс үстел басына жиналды.
– Таудың кербез таңын тамашалайық деп біз күннен де ерте ояндық. Жастар, бұл ұйқыларыңа жол болсын! – Жәнібек қонақтардың соңы болып дастарханға отырған жігіттерді әзілмен бір түйреді.
– Жол соқты болып қалыппыз. Әрі суретке түсіп үлгереміз ғой, – дескен жігіттер тамақтануға кірісті. Қалада таптырмайтын сары май мен кілегей, таңдайыңда еритін ежігей құрт, тәтті ірімшік – осының бәрі дәмімен арбап, дастарханнан жуық арада тұрғыза қоймады. Әрі Айман мен Көркемнің жік-жапар болуымен шай тіптен қоюланып, дәмі тіл үйіруге айналған. Жалғыз Бағлан ғана қаланың қара шайын аңсайтын тәрізді, әр дәмді бір шұқығаны болмаса, аузына жарытып дән салмады.
Таңғы шайдан соң далада қысқа кеңес құрған қонақтар көліктеріне отырып, кетуге ыңғайланды. Ендігі беталыстары – Берел тұс. Сарт-сұрт суретке түсіп, есте сақтар сәттерін сағым жұтып кетпес қамдарын жасап жүр. Баубек бір ретін тауып, Көркемді ортаға алып, Төрегелдіге домбырасын ұстатып суретке түсіп үлгерді. Қыздан рұқсат сұрап, оны жеке суретке де түсірді. Суретші жігіттің бұл әрекетін әбес санаған үлкендер жағы көрінбеді.
– Әр сурет сенің шығармаң десек, оның атауы болуы шарт, – деді Көркем өз суретіне сынай қарап. Кадрда күн сәулесіне көмкерілген, бойы ортадан сәл жоғары қалақтай қара торы қыздың бейнесі күлімдеп тұрды.
– Әрине, атын қойып та қойдым. «Қаракемердегі Қар қызы» деп атадым. – Баубектің бұл сөзіне Көркем абдырап қалды. Ішкі толқынысын жанары жасыра алмай, жан толқыны атойлап көз шарасына жиналды.
– Қар қызы емес, бәлкім, От қызы дерсің.
– Жоқ, От ішінде билесе де, еріп кетпейтін Қар қызысың! – Жігіттің өз картинасына қойған атауына сенімділігі сонша, оны өзгерту тіпті де ойында жоқ көрінді.
– Жарайды, солай-ақ болсын! – Көркем от басындағы елес-биінен өзінің сыр алдырып алғанын түсініп, жылы жымиды. Өзгелері бір-біріне алғысын жаудырып, шу-шұрқан болып жатқанда ойламаған жерден күшігіне көзі түскен Көркем оның көлікке отыруға ыңғайланған қонақтарға алдыңғы екі аяғын созып, тағзым еткендей қимыл көрсеткеніне сүйсініп, күліп жіберді.
– Біздің Аққұлақ мәдениетті лирик қой, – деп інісіне күшігін нұсқады. Баубек енді фотоаппаратын ерке күшікке бағыттап, оның қоштасу тағзымын кадрына жазып алды.
– «Жақындықты ит пен бала сезеді» деген сөз бар, – деп жымиды Баубек күшікті нұсқап.
– Біздің қонақжайлылығымыз итімізге де жұққан сыңайлы, – деп Төрегелді Аққұлақты еркелете басынан сипады.
Баубек үй иелеріне алғысын жаудырып, Алтайда тағы да жолыққысы келетінін айтып жүріп, көлікке мінерінде Көркемге көз қиығын тастады. Бойжеткеннің жанары расымен де От қызындай болып, ерекше нұрға толып тұрды.
– Алтай асып, Алатау келші,
Жүрекке мына бір үміт берші!
Жігіттің жанарынан жолданған бұл сырға Көркемнің жауабы даяр еді.
– Жұлдыз жауған түндерде келем,
Қар қызы болып елес берем!
Қыз жауабына көңілі қанаттанған суретші жігіт көлікке шапшаң мініп, алыстай берді. Есік алдында үйіріліп тұрған қонақжай таулықтарға бұлар да көліктен қол бұлғасты. Мәшинеде келе жатқан Бағлан көзіне шалынғанның бәрін қармап қалмақ қомағай ниетпен фотоаппаратының түймешесін асығыс-үсігіс шартылдатумен отыр. «Суретшіміз дейміз-ау. Көргенімізді ғана көрініс етеміз. Оның астарындағы тұңғиыққа бойлау үшін сұлулыққа ғашық жүрек керек екен» деген ойға қалды Баубек. Осы сәт жүйткіген көлік Солдатқұлаған шатқалына тұмсық іліндіріп қалған еді.
Айзат Рақыш