АРМАН АТтЫ АТ ҚОСЫП АЛАМАНҒА…
Ұйғыр халқының көрнекті ақыны Иминжан Тохтияровтың /Иман– Ғайип/ Қазақстан Жазушылар одағының 90, ел тәуелсіздігінің 33 жылдығына орай өзінің шығармашылықта шиырлаған жолының 40 жылдығына арналған поэзия кеші өзінің еңбек еткен жері Шелек аулындағы Мәдениет үйінде аталып өтті.
Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы мен Шелек ауылдық округі әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткізілген бұл кештің иесі Құрмет орденінің, Мәдениет саласының үздігі төсбелгісінің иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Еңбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы, белгілі ақын, журналист, аудармашы Иминжан Исмайилұлы 1987 жылдан бастап, бұрынғы Шелек аудандық «Еңбек туы – Әмгәк туғи» газетінде еңбек жолын бастаған еді. Сол кезден-ақ ол, ұйғырдың танымал ақыны Абдумежит Дөләтовті ұстаз тұтып, өлең жазып, көзге түсті. Әл-Фараби (бұрынғы С. М. Киров) атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлегі болған ол, республикалық «Уйғур авази» газетінде қызмет етті. Ақын болуды армандаған Иминжан сол асуды бағындыра білді.
«Арманшыл бір жан келеді,
Қиялға еріп, ойға кетіп.
Сапар сәтін жөн көреді,
Қызықпайды тойға елтіп…
Мақсат артқан жан келеді,
Бәлкім, сол жан мен болармын.
Жолаушы бір жан келеді,
Іздеп шабыт, жыр тұлпарын,
Шарлап-кезіп бар әлемді.
Көкте самғап сыр сұңқары,
Үміті зор жан келеді,
Бәлкім, сол жан мен болармын.
Арманы асқақ жан келеді,
Бақыт құсын ұстап қолға.
Халқы сенген, қам жемейді,
Көңілі тоқ ұққан жанға,
Бәйгеде озған жан келеді,
Бәлкім, сол жан мен болармын!» – деп жырлаған Иминжан ұйғыр поэзиясына жаңа леп, тың серпін алып келген ақын санатына қосылды. Қырықжылдық шығармашылық ізденісінің, бойындағы титтей талантын таудай талабымен ұштастыра білуінің арқасында еліне танымал ақын атанды.
Ақынның «Жүрәк тәвригәндә», «Варислар нахшиси», «Мән сени сеғинғанда», «Долана», «Миң сәвдалар чүшсиму башқа», «Тумарим», жазушы Авут Мәсимовпен бірігіп «Өмүр дастан», « Күзги бағлар», «Унтулған аһаң» атты жыр жинақтарынан басқа, «Асқақ арман» және «Әй, әй, заман» атты екітомдық топтамалар жинағы жарық көрді. Сонымен қатар ұйғырдың танымал композиторы, «Дәрвиштер» тобының жетекшісі Дилмурат Баһаровпен бірге әндерге жазған 200-ден аса мәтіннің де авторы.
Иминжан – кейінгі талантты жастарға ізденіс пен іскерліктің үлгісін көрсеткен бірден-бір талант иесі. Ол өзінің талантының тағы бір қырымен танылып, «Дәрвиштер» тобымен қоян-қолтық араласып, әндерге мәтін жазып, марқұм ұстазы Абдумежит Дөләтовтің ізін жалғастырып, аталмыш топты қолдап келеді.
Иминжан – аудармашы ретінде де танылған жан. Ол Дағыстанның халық ақыны Расул Ғамзатовтың, қазақтың танымал ақындары Қадыр Мырза-Әлінің, Бақыт Беделханның, Қалқаман Сариннің, тағы басқа ақындардың өлеңдерін ұйғыр тілінде «сөйлетті». Сондай-ақ әлемдік әдебиетті дамытуға қосқан арнайы үлесі үшін Франц Кафка атындағы Халықаралық алтын медаль және «Әдебиет» аталымы бойынша тәуелсіз «Платина Тарланы» мен поэзиядағы жетістіктері үшін «Жыл адамы – «Алтын адам» ұлттық сыйлықтарының, бірінші дәрежелі «Барыс», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ руханиятының аса көрнекті өкілі, белгілі ақын Шөмішбай Сариевтің «Дүниені жалт қаратсам деп едім» деген өлеңдер жинағын аударып, ұйғыр халқының назарын өзіне жалт қаратты. Осындай ерен еңбегінің арқасында ел құрметіне бөленді.
Кеш шымылдығын ашқан Қуддус Ғожамияров атындағы Ұйғыр музыкалық-комедия театрының жүргізушісі Абдуманап Махмутжан ақынның өмірбаянымен таныстырған соң, белгілі бір себеппен кешке келе алмаған Ш.Сариевтің жары Жұмагүл апайдың Иминжанға арнаған бейнелі құттықтау сөзіне назар аудартты. Одан кейін ұйғыр балалар жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының кеңесшісі Авут Мәсимов басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің атынан құттықтап, үстіне шапан жапты және Музәппар Зайитов бастауымен құрылған «Сәуле-Қуяш» әдебиет қорының ақшалай сыйлығын тапсырды. Облыстың және ауданның құрметті азаматтары Елеусіз Сұлтанғазиев, Иминжан Юнусов, ауылдық округ ақсақалдары алқасының төрағасы Әбілбек Айтақынов, журналист, ақын, аудармашы Анарбек Бердібаев жерлестеріне жылы лебіздерін білдірді. Ұйғыр ақын-жазушыларының көптеген шығармаларын қазақ тіліне аударумен еленген Анарбек Мөкішұлына алғысын айтып, шапан жапты.
Республикалық ұйғыр этномәдени орталығы Алматы қалалық филиалының төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, Қазақстан және Ресей федерациясы медицина университетінің профессоры, Алматы қалалық №5 аурухананың бөлім меңгерушісі әрі ақынға әрқашанда қолдау көрсетіп жүрген жерлесі Әбәйдуллам Жаппаров пен Алматы облыстық ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халық ассамблеясының Алматы облысы бойынша филиалының мүшесі Әркинжан Жумаев ақынды құттықтап, сый-сияпатын табыстады. Сондай-ақ аудандық ұйғыр этномәдени орталығының төрайымы Нұржамал Асанова, аудандық мәслихат депутаты, мәдениет үйінің директоры Ринат Беков, ақын туып-өскен Байсейіт ауылы тұрғындары атынан ардагер ұстаздар Турсунбүви Барзамова, Гөһарбуби Баратова, тағы басқалар ақынды құттықтап, сый-құрметтерін көрсетті.
Ұйғыр театрының танымал артисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Парһат Давутов өнер театрының директоры Дилмұрат Нұрахметұлының сәлемін жеткізіп, театрдың және «Дәрвиштер» тобының құттықтау папкасын тапсырды. Сондай-ақ Парһат Давутов Иминжан ақынның мәтініне жазылған «Қар ләйлиси» әнін асқақтата шырқап, Абай Құнанбаевтың образына еніп, монолог оқып, көрермендер қошеметіне бөленді.
А.Розыбақиев атындағы мектептің оқушылары ақынның өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқыса, Малыбай ауылдық мәдениет үйінің директоры Валидин Баһамов жетекшілік ететін өнерпаз шәкірттері бірнеше ұлттың биін мың бұрала билеп, көрерменнің көзайымы болды. Кеш соңында «Сәуле-Қуяш» әдебиет қоры Иминжан Тохтияровтың редакторлық етуімен баспадан басып шығарған бірнеше ұйғыр ақын-жазушылардың жаңа кітаптарының тұсау кесер рәсімі өтіп, ол кітаптар кешке келген ардагерлер мен А. Розыбақиев, Т. Кенжебаев, И. Тайыров атындағы мектептердің кітапханасына табыс етілді. Кешті қорытындылап, ақынның өзі сөз сөйлеп, өлеңнен «шашу» шашты.
Қазіргі уақытта Иминжан Исмайилұлы республикалық «Іле өңірі – Или вадиси» газетінде қызмет етеді. Үш баланың әкесі. Мен де әріптес ақынға шығармашылық табыс тілеп, ел құрметіне бөленген, Құрмет орденімен марапатталуымен құттықтап, мына өлеңімді арнаймын:
ИМИНЖАН ТОХТИЯРОВҚА
Арман атты атын қосып аламанға,
Ер намысын ерттеген саналы арға,
Сейіт Қаший ақынның тұяғы едің,
Шаң қаптырдың жеткізбей шабандарға.
Жақсы өлең жаздың сен шамаң барда,
Сөз ертпейтін артыңнан алаңдарға.
Қала берді қаңқылдап жаман қарға,
Сөз қалдырмай айтарға, жамандауға.
Кеудедегі бұлбұлды сайраттырып,
Жеткіздің ғой ойыңды салмақты қып.
Жеңе алмаған сені де бір байқасын,
Көре алмаған жүрсе де бармақ бүгіп.
Алпыс жастан алқынбай әрі асқанда,
Талайлар да талантпен санасқан ба?
Өлең «өрген» ақынды елі көрген,
Қошеметін көрсетті бағы асқанда.
Жалындады шабытың маздап тұрып,
Талайларды тастадың шаң қаптырып.
Озып келді тұлпар жыр аламаннан,
Асқақ арман асуда аздап тынық.
Байқасыншы шамасын шын ақынның,
Жыр бәйгеде дара боп шығатын кім?
Шын жүйрікті келешек көрсетеді,
Әлі де алда жарқ етіп шығатын күн.
Анарбек МӨКІШҰЛЫ
ақын, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі