БАСЫ ТОЛҒАН ҚАЗАҚЫ ДҮНИЕ
Шындығында, нақ жүз жыл бұрын ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ деген болған. Ұлан-ғайыр қазақ даласын ерекше жер-су атауларымен атап, түгелдей иеленіп жатқан ақшаңқан киіз үйлі ауылдар ассоциациясы елдік құрған болатын. Бұл деген өз байлығымен, өз шеберлігімен, өз дүниетанымымен жасап алған ешкімге еліктемеген төл баспана еді.
Сахара табиғатына сәйкестірілген әдемі киініс үлгісі.Төрт мезгілге сай үйлестірілген тұрмыс мәдениеті. Өмір сүру қажеттігіне сай келген байырғы шаруашылық. Осы шаруашылыққа тікелей байланысты қалыптасқан салт-дәстүр үрдісі мен кәсіби кемелділік. Шаруашылық пен тұрмысқа зәру қажеттілік тұрғысында атадан балаға жалғасып отырған жер мен көктің құпияларын игерген Халықтық білім жүйесі. (Ай, жұлдыз есебі, ауа райы болжамы, шөп судың қасиетін тану, мал хайуанның бағым қағымы…т.т.).
Жалғыз сенім, бір дін, өздері ғана сөйлейтін бөтендер келіп үйренетін шешен тіл, шырқау шегіне дейін жетілген көркем өнер, ән күй, ат жалында ойнаған дәстүрлі спорт… Жат елден ештеңе алмайтын едік, сырттан келген саяхатшы кезбелер басқа әлемге келгендей таңданыста қалатын… Иә, байырғы Қазақ қоғамының ең қысқаша мазмұны міне, осындай еді.
Он алтыншы жылғы атақты Ұлт-азаттық көтерілісті суреттейтін Асқар Сүлейменовтің әйгілі «Бесатар» тарихи хикаяты қазақ қоғамының соңғы өмір сүруі екен. Содан, қырық жыл жалғасқан қызыл қырғын қазақ қоғамын толығымен жойып тынғанын Қазақ Совет тарихында сексен жыл бойы жасырып келдік. Енді, тәуелсіз ел болғалы соны жабыла жоқтаудамыз, жоғалған қайта келе ме, өткен шақ орала ма!?
Жоғарыда айтылған аз әңгіме, осы сұрақтың жауабын іздеушілердің бірі Болат Бопаймен болған өзара кеңестің түйіні. Яғни қазақтың белгілі этнограф ғалымы Болат Бопай Жотағажы жоғарыдағы аталған әрбір сөйлемді бір-бір кітапқа айналдырып өткен өмірді рухани тұрғыда қайта тірілткен азамат. Жиырма жылға жалғасқан осы жанкешті еңбекті қолдаушылар аз болды. Ал бағалаушы бірегейлер көп болды. Соның бірі, қазақтың әдебиет абызы Әуезовтен кейінгі ақсақалы Зейнолла Қабдолов: «Болат, біз орташа жазғандарды қолпаштап мақтаймыз. Нашар жазғандарды елемейміз. Мықты жазғандар болса үндемейміз» депті. Әдебиет ақсақалының өрнек ойынан-ақ Болаттың бағасы көрініп тұр.
Ал біз журналист ретінде, этнограф замандасымыздың бүкіл рухани болмысын бір сөйлемге сыйғызып «Басы толған қазақы дүние» дедік те, соны дәлелдеу тұрғысында осы жазбаны қолға алдық. Және сәл әзіл араластырып «Басының іші толған қазақы дүние, ал сырты ше?» деп, әңгімемізді бастайық.
Иә, сыртқы келбет тұрқын көріп қалған адам бұл этнограф әріптесімізді Корейдің яки Жапонның бір дөкей министрі деп қалуы әбден мүмкін. Қайқайта тараған қалың қара шаш, көсіліп жатқан кең маңдай, жылыұшырай әрі зерделей қараған көзі – кәнігі шенеуніктердің образына келеді. Ал енді бетпе-бет келіп, сөйлеп кеп кетсе, әлгі еуропалық қара костюм киіп тұрған адам табан астында, көз алдыңызда Жиренше шешен заманынан келіп тұрған айыр қалпақ киген, қаптал шапанды, саума сақалды қазақтың хас абыздарының бейнесін көз алдыңызға елестері күмәнсіз.
Мәселен: «Бүгінгі күні естен кетпейтін есті сөз азайды. Тоқтау судай жаттанды сөз молайды. Бастау көзі жоқ тоқтау су қаншаға барады!?
Алыстағы жаудың дүбірінен қорықпа, жаныңдағы жақынның күбірінен қорық. Көкіректегі иман көзі бітелген соң, маңдайдағы сумаң көздің көргеніне сенетін болдық.
Ері тұлпардың үстінде аруақтанған, аруы аруананың қомында салтанат құрып сайын даланы дүбірлеткен халық едік. Бүгін, жігіті джиптің ішінде, келіншегі хамердің ішінде көшеде қамалған халге түстік. Баяғыда абыз жырауларды тыңдайтын ел едік, енді жасанды «жұлдыздарды» бұлдайтын болып кеттік…». Аузынан шыққан әр сөзі осылай төгіліп, егіліп кете береді.
Болат Бопай осындай қазақы да шешен төгілме сөйлеу мәнерін қайдан үйренді? Өскен ортасы шешендер мен көсемдердің даласы еді. Қазақы қоғам қазақ даласынан қанша қудаланса да шығысқа қарай жылжи көшкен Абақ Керейлердің көшімен Алтай, Тарбағатай тауларын екі ғасырдан астам дербес мекен еткен қазақтар ортасында қаймағы бұзылмай сақталды. Абақ Керейдің атақты төрт биі, қазақтың ұлы Үш биінің үрдісін жалғастырды. Отаршылардың басқыншылығына намысын таптатпаған Бөке батыр, Зуқа батыр, Елісхан батыр, Қасым батыр, Ақтеке батыр… байырғы батыр қазақтың соңғы асыл тұяқтары еді.
Ол өлкеде Көгедай хан бастаған хан билігі әйгілі Оспан батырдың ұлт-азаттық көтерілісіне дейін өз негізін сақтады. Ислам ғұламасы Ақыт қажы бүкіл шығыс қазағының рухани ұстазы болып дүйім елді Хақ діннің жолында бастай білді.
Міне, осы тарихи өлкенің киелі бесігі саналатын Қу Ертіс өзенінің сағасындағы Көктоғайда Болат Бопай туып-өсті. Бүкіл ел-жұрты осындай асылдардың көзін көрген шетінен іске көсем, сөзге шешен болса, өз отбасында әкесі ақылдың кеніші, шешесі мінездің серісі болғаны Бокеңнің ата-анасын еске алған естелік әңгімелерінен байқалып тұрады. Туған ауылының өзінде ауыздыға сөз бермейтін сөз сәйгүліктері Имамағзам, Нұрғали, Тұрахандар болса, әйелдерден Қамария, Алшын, Алтын апалар ел есінде қалған асыл адамдар. Болаттың өз әкесі Бопай да бір сөздің тоқсан тоғыз түрін теріп айтатын туабітті этимолог, шешесі Нұрбәтіш те әр сөзін мақалдап, мақаммен сөйлейтін мерген тілді ана екен.
Сөйтіп, болашақ этнограф ғалым Болат Бопай қарашадайынан қалыптасқан хас қабілетімен, көзін ашса көретін, құлағын салса еститін, қолын созса ұстайтын… дайын этнографиялық ауылдың отбасынан басталған дала академиясын бітіргенін өзі де білмей қалған, басына бір институттың білімін жинағанын, кітаптарды шұбыртып жаза бастағанда ғана біз байқап отырмыз.
Атап айтсақ: «Қазақ кәдесі», «Қазақы түс жору», «Бастаудан бақиға дейін», «Қазақ ырымдары», «Қазақы жұлдыз жорамал», «Салт дәстүр сөйлейді» (Отбасы оқулығы), «Қазақтың алғыстары мен қарғыстары», «Қазақ мінезі», «Қазақ кәдесі», «Қазақ наурызнамасы және Шығыс Түркістанда» төте әріптермен басылған ондаған кітаптарының әрбірі қазақ дүниетанымынан сыр шертеді. Мысалы, «Қазақ кәдесі» атты кітапта, тек дастархан мәзірінің өзі қайталанбас мәдениет қалыптастырған. Арнайы қонаққа табақ тартудың өзі Бас табақ, Сый табақ, Құда табақ, Құдағи табақ, Күйеу табақ… деп он сегіз түрлі табақтың атын атап, әр табақта қандай мәзір, арнайы ас салынатынын селкеусіз суреттеп шығады.
Сонымен, салқар қазақ сахарасында салтанат құрған ДАЛА ӨРКЕНИЕТІ өткен ғасыр еншісінде қалды десек те, алып теңіздің өзі кетсе де көлшік-көлшік көздері шетте әлі де сақталып қалғанын, Болат Бопай бауырымыз өз кітаптары арқылы дәлелдеп, ғылыми айналысқа да енгізіп үлгерді.
Ал расында ғасырдан қалмай жасаған дала өркениеті әлі де өмірде бар екенін, қытайлық әуесқой режиссер екі мыңыншы жылдардың басында Алтай өлкесіндегі малшы қазақтың өмірін жазғытұрғы мал төлдеуден бастап түсіріп, күзеуге қайтқанға дейінгі тіршілік тынысынан деректі фильм дайындап, бүкіл Қытай еліне танымал болған еді.
Тағы да, тоқсаныншы жылдардың аяғына таман Қазақстан Мәдениет институтынан жасақталған экспедиция алты ай бойы Моңғолиядағы Баян Өлке қазақтарының қыр өмірінен аса қызықты мағлұматтар жинап, ғылыми ортаға ұсынған болатын.
Алайда, мұның бәрі қағаз бетінде қала бергенше Қазақ Елінде нақты іске асатын кез келген секілді…
«Қазақстанда қазақтың этнографиялық ауылдарын жасақтайтын бүкіл мүмкіндік туды» дейді, Болат Бопай.
Біз де бұл пікірді қолпаштап кеттік: Иә, дәл байырғы ауылдың тіршілігін қаз-қалпында жасай алатын қыр қазақтарынан ауқымды бір аймақ жасайтын болсақ, бұл деген Қазақстан үшін, ең бергісі таптырмайтын туризмнің ерекше бір көзі болатыны анық. Және анау жазылған кітаптардағы қыруар білімді дәл сол ауылдардың өзінде қайта жандандырып өмірге әкелсе, қазақтың мың жылғы дүниетанымы қайта қалпына келіп, қазіргі жоқтап жатқан тіл де, діл де, шетелдіктердің бренд тауар деп қабылдайтын қазақтың ұлттық өнімдері де өз-өзінен жолға қойылатын болады.
Міне, мұны рухани тұрғыда қолдайтын Қазақтың Ұлттық әдет-ғұрып академиясы да бар және осы салада аса білгір саналатын жеке тұлғалар да жеткілікті. Марат Тоқашбай ағамыз, Советхан Ғаббасов ағамыз және Бекболат Тілеухан бауырымыз, Бекен Қайрат пен Досымбек Қатыран інілеріміз, тағы қаншама қазақтың танымал қолөнер шеберлері мен нағыз қазақы ортадан келген қазақи төл тіршіліктің майталмандары мыңдаған оралман жерлестерімізді атай берсек, бұл толғағы жетіп, кезегін күтіп тұрған игілікті іс екені күмәнсіз, иншаллаһ.
АБАЙ ХАМЗА,
жазушы-журналист.
ПІКІРЛЕР2