ҚАЛА МЕН АУЫЛ АРАСЫ, АУЫЛ МЕН ҚАЛА БАЛАСЫ…
Білім стандарттары біркелкі болғанмен, орта білім алу жолында қала оқушыларына жасалған мүмкіндік ауыл баласында бар деп айта алмаймыз. Австралия мемлекетіндегідей ранчода тұрып-ақ білім ала беретіндей қашықтықтан оқу әдісі де дами қойған жоқ.
Ауыл баласы мен қала баласына ортақ құндылық – білім десек, аталған проблеманы шешуге қаншалықты күш салып жүрміз? Кеңес Одағы тұсында ауыл мен қала баласының біліміндегі алшақтық аса байқалмайтын. Оның сырын мамандар анығырақ білер… Қазіргі билік өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер арасында кешегі жүйемен білім алғандар көп. Десе де, ұлттық мүддеге қатысты мәселе туа қалса, мемлекеттік қызметкерлер арасынан ашық пікір білдіретіндердің көбі ауыл мектебінен білім алғандар. Осы орайда бүгінгі білім жүйесінің ұлттық тәрбие берудегі қауқары қандай деген сауал туындайды.
БАЛА БІЛІМІН ҚАЛАЙ БАҒАЛАП ЖҮРМІЗ?
Оқушы атанған ауыл баласының өмірі «Алпамыс мектепке барады», «Менің атым Қожа» фильмдері арқылы халыққа жақсы таныс. «Алпамыс мектепке барады» фильмінің қанша баланы мектепке ынталандырғаны беймәлім. Десе де, бүтін бір ұрпақ осы фильм арқылы әріп тануға құштар болғаны анық. Адамзаттың білім арқылы жеткізген әр жетістігі, оны ізгілік пен жақсылыққа үндеуі тиіс деген үдеден осы фильм толық шыға білді десек, артық болмас. Осы фильмдегідей құштарлық бүгінгі бала бойынан аса байқалмайды. Білім беруде бұрнағы жылдармен салыстырғанда, әдістемелік құралдар өте көп, методика әлдеқайда жетілді, алайда, оқушылардың білімге құштарлығы аз, ізденуге, үйренуге селқос. Ауылдан келген балалардың ЖОО орындарына тапсыруына, қалаға бейімделуіне қазір көп жағдай жасалған, оқу орындарының барлығы мамандарды қазақ тілінде даярлайды. Мәселе олар алған білімінің сапасына қатысты туындайтындай. Шалғай ауылдан үздік баға алып келген оқушының шын бағасы мұнда «5»-ке тартпай жататыны бар. Өйткені, білім стандарттары бірдей болғанмен, мұғалім оқушының білімін салыстырмалы бағалайды. Бұдан біраз уақыт бұрын ауыл мектебінде жұмыс істейтін мұғалімнің «…Біз балалардың білімін салыстырмалы түрде бағалаймыз, сабақты мүлде оқымайтын оқушыға ылғи «екі» деген баға қоя беруге дәтіміз шыдамаған соң «үш» қоямыз. Оның қасында өзге баланың ең болмағанда аузын ашып, шамасы келгенше дайындалғанын ескеріп «4» деп бағалаймыз. Ал едәуір дайындалып келетіні «5» алады», – дегенін естіп ек. Мұғалімнің бұл сөзі мәселенің тек мектеп пен оқулыққа ғана қатысты емес екенін аңғартқандай. Абайдың әйгілі қара сөздерінің біріндегі «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен», – деген сөздер барлығымызға таныс. Осы ойға сүйенсек, балалардың ынтасы мен талабын, яки жан құмарлығын әлсіретіп алған түріміз бар. Ол құмарлықтың әлсіреуіне ұялы телефондағы ойындар мен интернеттегі қажетсіз ақпараттар көп әсер етуде. Ондағы ақпараттың пайдалысын ғана қолдануды ауыл балалары әзірге игере алмай отыр. Орта топ сыныбына дейін жақсы оқып келген баласының телефон алған соң сабағы күрт нашарлағанын көп ата-ана айтып жүр. Тағы да Абайға сүйеніп айтсақ, «Білімдіден шыққан сөз» көп болғанымен, балалардың «Нұрын, сырын көруге» деген көкірек көзі ашылмай тұр.Білім арқылы жетістікке жететініне сене бермейді. Уақытты тиімді пайдалануды үйрене алмай жүр. Ауыл баласымен салыстырғанда, қала баласы біліммен бәсекеге түсуді аздап меңгеріп қалды. Алайда, олардың көбі қара жұмысқа жоқ, еңбекке икемсіз. Ата-аналардың әлеуметтік жағдайына қарай спорт үйірмелері мен өзге де қосымша сабаққа қатысатындары уақытты тиімді пайдалануға дағдыланып келеді. Патриоттық тәрбие беруде ата-ана көбіне мектепке иек артқанымен, қала балалары сабақтан тыс жұмыстарға, яки қоғамдық жұмыстарға кеткен уақытты аса тиімді деп есептемейді. Жапон мектептерінде тазалықшы (уборщица) штаты жоқ екен. Сынып пен мектеп ішінің тазалығына оқушылар өздері жауапты көрінеді. Жапондар осы арқылы оқушыларды еңбекке баулып, өзі оқитын мектепті таза ұстауға әдеттендіреді. Тәрбие деген – жақсы әдет деген қағиданы басшылыққа алатын олар бастауыш сыныпта балалардың білімінен бұрын этикалық әдеттерін тәрбиелеуге күш салады. Бұл орайда біздің үйренеріміз әлі де көп. Бұл мәселеде қалалық, аудандық білім басқармалары тек айтулы тұлғалардың мерейтойлық шараларымен ғана шектелмей, оқушыларды нақты еңбекке бейімдеу жолын қолға алса игі еді. Әзірге ауылдағы балаларға білімнің маңыздылығын, қала балаларына еңбектің маңыздылығын үйретуден артта қалып келеміз.
МАМАНДАР ЦИФРЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ РЕСУРСТАРЫН МЕҢГЕРСЕ…

Шолпан ШҮЙІНШИНА,
Ы.Алтынсарин атындағы
Ұлттық білім академиясы
орта білім институты
жаратылыстану-математикалық білім
зертханасының меңгерушісі,
п.ғ.к., доцент
Білім беру ұйымдары меншік нысаны мен ведомстволық нысанға, оқыту тіліне қарамастан «Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына» сәйкес білім береді. Демек, оқушыға берілетін білімнің мазмұны ортақ. Мұндағы басты мәселе, ұстаздың іс-тәжірибесі, сабақты оқыту методикасына байланысты. Екіншіден, әр пәннің ерекшелігіне сай оқу кабинеттерінің жабдықталуы. Үшіншіден, мамандардың оқу-әдістемелік құралдарды жетік меңгеруі.
Ауыл мектептеріндегі басты проблема – оқу кабинеттерінің қазіргі заманға сай қамтамасыз етілмей отырғаны. Ақпараттандыру жағдайында пән мұғалім-дері АКТ-құзыреттілігін біліп, қосымша ресурстарды соның ішінде интернет және пән бойынша ақпаратты табу мен өңдеуді жетік меңгергені тиімді.
Ауыл мектебінің проблемасын шешу үшін электрондық оқытудың ақпараттық жүйесі құрылған. Онда білім беру ұйымдарының порталы, Ұлттық білім беру деректер қоры, ішкі корпоративтік қор, электрондық кітапхана, білім беру ұйымын басқару жүйесі бар. Электрондық оқытудың бұл ақпараттық жүйесін https://e.edu.kz сайтынан көруге болады. ЭОАЖ-нің маңызды құрауышы – 7511 цифрлық білім беру ресурстары орналасқан электрондық кітапхана.
Цифрлық білім беру ресурстары – оқу пәнінің нақты тақырыбына әзірленген, ЭОЖ-ге қосылған мектептер цифрлық форматтағы дидактикалық материалдарға онлайн арқылы қол жеткізе алады. Әрбір ЦБР интегративті кешен және пәннің белгілі бір тақырыбы бойынша мультимедиялық түсіндіру, интерактивті тапсырмалар мен тестілеу сұрақтардың элементтерінен тұрады. ЦБР-дің бұл құрылымы электрондық оқыту жүйесінде оқушылардың белсенділігін арттырып, ал мұғалімге сабақтың әрбір түрі немесе кезеңінің, яғни жаңа материалды түсіндіру, материалды бекіту немесе оны меңгеру деңгейін тексеруде берілген ресурстарды қолдануға мүмкіндік береді.
Мұғалімдерге көмек ретінде цифрлық білім беру ресурстарын қолдану бойынша оқу-әдістемелік құралдар әзірленген. Олар ҚР БҒМ порталының (https://e.edu.kz/98) «Педагогтерге арналған басшылық» бөлімінде, сондай-ақ, Ұлттық ақпараттандыру орталығының сайтында: http://nci.kz бар.
Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру деңгейлеріндегі оқу процесіне қатысушыларды кешенді қолдауды Академия сайты қамтамасыз етеді (www.nao.kz).
Кеңес Одағы тұсында ауыл балаларына арналған қосымша білім беру жүйесі жақсы дамыды. Сабақтан тыс жұмыстар мен қосымша білім беру қазір пәндік үйірмелер арқылы жүзеге асады. Бірақ заманға сай қамтамасыз етілмегендіктен балаларды қызықтыру қиын, оқушылардың бос уақыттарын толық қамтамасыз етуге, жекелеген пәндерді терең оқуға мүмкіндік бермейді.
Білім берудің негізгі бағыттарының бірі – тәрбие жұмысы. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Қазақстан халқына Жолдауында» жаңа жүйе құраушы «Мәңгілік Ел» құндылығын жалпыұлттық патриоттық идеясы ретінде ұсынады.
«Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын өмірде іске асырудың іргетасы мектепте қалануы тиіс. Сондықтан пәндерді оқыту арқылы оқушылардың рухани-адамгершілік қасиеттерін және патриоттық сезімдерін, қазақстандық патриотизм мен азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға, ұлттық өзіндік сананы және толеранттылықты дамытуға, зияткерлік құндылықтарды нығайтуға және жастардың лаңкестік пен экстремизм идеяларын саналы түрде қабылдамауын, көпэтникалық Қазақстан жағдайында өзара қатынас жасау білігін қалыптастыруға бағытталуда.
Тәрбие жұмысында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 22 сәуірдегі №227 бұйрығымен бекітілген Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерін басшылыққа алынады.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту бағытындағы «Жалпыға ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында әзірленіп, ҚР Білім және ғылым министрінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі №115 бұйрығымен бекітілген оқу бағдарламалары бойынша «Өлкетану» (7 сынып), «Абайтану» (9-11 сыныптар) таңдау курстарын оқыту ұсынылады.
Вариативті компоненттен 9 сыныптар үшін міндетті түрде «Зайырлылық және дінтану негіздері» курсын оқытуға 1 сағат апталық жүктеме беріледі.
Көшбасшылық қасиеттері бар азамат және патриот қалыптастыру мақсатында білім беру ұйымдарында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге дайындық және «25 жыл: Бір Ел. Бір Тағдыр» патриоттық акциясын өткізу бойынша шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Сыныптан тыс оқу-тәрбие жұмыстары білім алушыларды қоғамдық өмірге бейімдейтін, жұмыс тәжірибесін жинақтайтын, жаңа жағдайдағы қарым-қатынасқа үйрететін, қызығушылықтар мен талаптарды іске асыратын әлеуметтік ортаның бір бөлігі болып табылады.
…БАЛАНЫҢ КӨҢІЛІ ҒАЛАМТОРДА
Лаура ДӘУРЕНБЕКОВА,
Назарбаев университетінің доценті
Алдымен бала білімінің негізін қалайтын педагогикалық мамандықтарды жетілдіру қажет. Мұғалім білім беріп қана қоймай, оқушы қабілетін ескеріп, бағыт бере білгені дұрыс. Педагогикалық мамандықтардың ішінде бастауыш сыныпқа білім беру қиынның қиыны. Ал ол салаға кімдер барады? Мектепті алтын белгіге бітіргендер немесе олимпиада жеңімпаздары, ҰБТ бойынша жоғары балл алғандар педагогикалық колледждерге бармасы анық. Мәселе колледждің затында емес, атында болып тұр. Колледжге жоғары оқу орындарына грантқа іліне алмағандар амалдың жоғынан ата-аналарының шешімімен баратындар көп. Оның үстіне, жоғары оқу орнымен салыстырғанда ақысы арзандау. Бұл жерде біз «колледжде білім жоқ» деуден аулақпыз. Оны жақсы оқып, бітіріп шыққандар да бар. Десек те, бұл салаға бала өз еркімен қызығып, психологиялық дайындықпен барғаны дұрыс. Сонда ғана өзі қалап барған мамандығына қызығушылығы, ізденісі де, талпынысы да жоғары болады. «Бастауыш білім беру мұғалімі» мамандығы колледжде емес, жоғары оқу орындарында факультет болып құрылса, сабақ беріп жүрген мұғалім, колледжден кейін жоғары білім дипломы үшін сырттай оқу іздеп, алаңдамайтын еді. Оның есесіне білім берудің заманауи талаптарын орындау үшін қашықтықтан оқыту технологиясын жетілдіру қажет. Ауыл мектептерінен бірді-екілі мұғалімді қалаға білім жетілдіруге жолдамамен жібермей, жалпыға бірдей балаларды оқытудағы жаңашылдықтар туралы қаладан тікелей семинар-тренингтер онлайн режимінде жиі өткізіліп тұрса, «Болашақ» бағдарламасы бойынша ауыл мұғалімдеріне арнайы орын бөлгізіп, шет елге жіберілсе, қаншама оқушыға пайдалы болар еді.
Қала баласының ауыл баласына қарағанда білім алуға, оның ішінде тіл үйренуде мүмкіндіктері көп. Мектептен бөлек тіл оқыту орталықтарына барады, репетитор жалдайды. Ал репетиторлар кімдер? Ағылшын тілін еркін меңгерген, шет елде білім алған жастар. Ондай мамандарды, мәселен ағылшын тілі мамандығы бойынша үздік диплом алған немесе магистрлік қорғаған бітірушілерді ауылға барғыза алмасымыз анық. Ендеше ауыл баласын қала баласының білімімен қалай теңестіре аламыз? Ол үшін қашықтықтан оқытуды қолға алуымыз қажет сияқты.
Кеңес одағы тұсында мектепте білім алуда бірізділік болды. Сапалы жазылған оқулықтар сыныптан-сыныпқа көшті. Яғни ағасы оқыған оқулықты інісі де оқыды. Оқулық дауы болған жоқ. Себебі, авторлар сұрыптаудан өткізіліп, мектеп оқулықтарымен бір ғана баспа айналысты. Тілі жеңіл, жатық оқылды. Қазіргі кездегідей мұғалімдер, ата-аналар «қай баспаның оқулықтарымен оқытамыз» деп бас қатырмады. Бір пәннің негізінде баланы шатастыратын бес кітаптан тұратын оқу-әдістемелік кешендер болған жоқ. Сондықтан мектеп оқулықтарын тендерге салып, әр баспа жарыса жарияламай, бір ғана баспаға тапсыру керек. Республиканың барлық мектептерінің оқитын оқулықтары, оқытатын жүйе бірдей болғанда ғана ауыл мен қала білімінде тепе-теңдік сақталады. ҰБТ кезінде «біз оқыған оқулықтан тыс сұрақтар болды» деген секілді даулар да болмас еді. Ең бастысы, оқулық сапалы, сауатты болу үшін Кеңес Одағы тұсындағыдай авторға кітап жазуға жағдай жасалынғаны дұрыс. Бүгін авторды тауып, «ертең жазып кел» деп психологиялық тұрғыдан қысым жасалмауы керек. Асығыстық салдарынан оқулықтарымыз сіреспе аудармаға айналып отыр.
Қазіргі билік өкілдерінің көбісі мектеп қабырғасында жүргенде пионер, комсомол болғандар. Ол кезде тәртіптің мықтылығы соншалық, кез келген оқушы пионер, комсомол бола алмайтын. Пионер, комсомолға өту үшін көшбасшы болуға, оқуда озат болуға, мектепішілік қоғамдық шараларға қатысуға тырысатын. Әрине, пионер, комсомолдық жүйеге оралу мақсат емес, тек бүгінгі күнге пайдалы жақтарына назар аударғанымыз дұрыс. Сонымен қатар, ауыл балалары үй, колхоз, совхоз тіршілігіне араласып, еңбектенетін. Қиындығы мен қызығы мол ауыл тұрмысын көріп өскен бала неге патриот болмасқа?! Мұғалімнің айтқаны бала үшін де, ата-ана үшін де заң болатын. «Мұғалім – мәртебелі мамандық» деп мұғалім дәрежесін көтеретін. Бүгінгі күні баланы патриоттыққа тәрбиелеуде ата-аналар да атсалысу керек. Баласының біліміне жауап беретін мұғалімді сыйлаудан бастап елді, жерді бағалауға үйрету керек. Қазіргі кезде баланың оқуына ұялы телефондар кері әсерін тигізіп жатыр. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі соткада» болып тұр. Патриоттық тәрбиені баланы ұялы телефоннан ажыратудан бастау қажет. Мемлекеттік қызметкерлерге шектеу қойылғандай, сабақ үстіне телефон алып кіруге рұқсат берілмеуі тиіс. Сонда ғана мұғалім баланың назарын аудара отырып, сабағын еркін жүргізе алады. Ел мен жерді құрметтеу, тарихымызды танытып, ділімізді қорғауға тәрбиелеу тарих пен әдебиеттің ғана еншісінде емес. Әрбір мұғалім өз пәнінің айналасында әр тақырып астарында қисынын тауып кірістіріп отыруы қажет.
ПІКІРЛЕР4