Ежелгі қала
22.12.2023
1329
0

 Алматының тарихы жайлы түрлі пікір айтылады. Кейбір тарихшылар қала тарихын 1854 жылы салынған Верный әскери бекінісінен бастағысы келсе, енді бірі Моғолстанның тағына таласқан Мансұр хан мен ағайынды Халел, Саид сұлтандар арасындағы соғыс өткен жер Алматы қаласының маңы деп шаһар тарихын 16-шы ғасырға жақындатады. Алайда қала тарихының тым тереңде екенін археолог ғалымдар дәлелдеп шықты. Қаланың бұрынғы Шекарашылар училищесі орналасқан аумақтан табылған екі монета Алматы тарихына қатысты ғылыми тұжырымды жаңа арнаға бұрды.
Табылған екі теңге де бір-біріне ұқсас. Бірінші монетада ортан белінен сызылған сызық бар. Бұл – ақша реформасы жүргізілген 670-1269 жылдар аралығындағы орталық азиялық және шығыс түркістандық теңгелерде кеңінен қолданған таңба. Екі монетаның да жазулары анық емес. Алайда ғалымдар бұл ақшалар осы Жетісу қалаларына тиесілі деген қорытынды шығарды.
Бірнеше жылдан соң нумизматтар қолына екі күміс теңге түседі. Бұл теңгелер де алдыңғы ақшалар табылған Шекарашылар училищесі маңынан қазып алынған. Бірінші күміс теңгеде ақша шығарылған сарайдың орны өшіп кетіпті. Бірақ датасы анық. 1271-1272 жылдар деп көрсетілген. Ал екінші күміс дирхемде арабша «Алматы» деп нақты ақша соғылған сарай көрсетілген. Араб тілі мамандарының қорытындысы бойынша күміс теңгедегі «Алматы» деген жазуға күдік келтіру мүмкін емес.
Осылайша мың жасаған шаһардың тарихы кемі 10-11-ші ғасырға тиесілі екендігі тарихи жәдігерлермен анықталды.

Аңыздар мекені

Ел ішінде ару қала – Алматы жайлы аңыз көп. Солардың басында «Алматыда күнде жер сілкініп, қала үнемі тербеліп тұрады екен» деген үрейлі аңыз тұр. Мың бояулы қаланың сейсмикалық аймақта орналасқандығы рас. Күніне 2-3 мәрте «бұлқынып» қоятындығы да жасырын емес. Алайда табиғаттың бұл тосын мінезі қала өміріне еш әсер етпейді. Өйткені қауіптілігі төмен жер сілкінісі жалғыз Алматыда ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде қайталатын тұратын құбылыс.
Келесі бір аңыз – Алматыдағы таудың басында үлкен көл бар екен, бір күні көл кемерінен асса шаһарды су шайып кетеді-мыс. Алматының желкесіндегі Іле Алатауының төбесінде №6 Мәншүк Мәметова атындағы көл бар. Мұздықтардың еруінен пайда болатын көл қазіргі таңда жерасты мореналарына сіңіп кетіп жатыр. Дегенмен де, салаға жауапты мамандар көлді ұдайы бақылауда ұстап отыр.
«Алматының құбылмалы ауа-райындай» деген тіркес соңғы кездері мінезі шәлкем-шалыс жандарға қаратып қолданылатын болып жүр. Тау баурайында орналасқан әсем шаһардың ауа райы сағат санап өзгеріп тұратыны жасырын емес. Түске дейін үздіксіз жауын жауса, түстен кейін күн шақырайып, ми қайнатар аптапқа ұласады. Ал кеште қар жауып кетсе де алматылықтар таңырқай қоймайды.
«Алматыда құпия туннельдер көп екен», «Алматыда түнде жұлдыз көру мүмкін емес дейді», «Көшесінің бәрінде апорт өсіп тұрады екен» деген секілді Алматыға тән аңыздар ел аузында жиі айтылады. Осы тақылеттес жауабы жоқ жұмбақтар, көше кезген аңыздар миллиондаған тағдыр тоғысқан шаһардың бәсін арттырып, өзіне ынтықтырып тұратын шығар…

Алманың отаны

Қазақстан, оның ішінде дәл осы Алматы әлемге таралған барлық алманың арғы атасы – Сиверс алмасының отаны саналады. 50 миллион жыл бұрын дәл осы өңірден жабайы алманың дәнегі жан-жаққа таралған деседі ғалымдар. Қазақ жерінде өсетін ғажайып алма жайлы қытайлар 1240 жылы алғаш дерек қалдырған екен.
Ресейлік ғалым Николай Вавилов 1929 жылы алғаш Алматыға жасаған сапарында «Жабайы алма жоталардың бәріне созыла тарағаны қаланың айналасынан анық байқалады. Осы бір көркем мекеннің ауыл шаруашылығына бейімделген алманың отаны екенін өз көзіңізбен көре аласыз» деп жазған екен.

АЛМАТЫМ, ӘНІМ-ТАҒДЫРЫМ

Өлеңін жазған:
Қасымхан Бегманов
Әнін жазған:
Қалдыбек Құрманәлі

Аяулым менің жаны ізгі,

Айтуға сырын жасқанған.

Көзімнің жасы тәрізді,

Жұлдыздар ақты аспаннан.

Қайырмасы:
Алматым әнге айналған,

Жүзімді жуды жаңбырың,

Өзіңе ғана байланған,

Тағдырым, менің тағдырым.

Алматым құшақ жаяды,

Жылдарды өткен сезбестен.

Қия алмай жүрмін баяғы,

Көшеңді біздер кездескен.

Қайырмасы:

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір