АЛМАТЫ – Арман қала
21.01.2026
186
5

Жуырда Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Алматы – арман қала» атты әдеби-сазды кеш өткен болатын. Халқымыздың көптеген классик қаламгерінің шығармашылық жолы қалыптасқан әсем шаһардың рухани келбетін айшықтаған осы кеште «Алматы – арман қала» республикалық жыр мүшәйрасының қорытындысы жарияланып, үздік деп танылған ақындар марапатталды. Бүгін жыр мүшәйрасы жүлдегерлерінің өлеңдер топтамасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Бауыржан ЖАҚЫП

АҚЫНДАРДЫҢ ҚАЛАСЫ
Алматым менің, Алматым,
Кеудемде жанған отым сен.
Құдіретің сенің, жәннатым,
Шарықтап, шалқып, лепірсем.

Өмірдің төгіп шәрбатын,
Күн сайын алуан түрге ендің.
Айтшы өзің, асқақ Алматым,
Тұсауын кестің кімдердің?!

Өмірдің жаққан шырағын
Көгілдір қалам, көк қалам.
Музаның жегіп пырағын,
Ақындар келіп тоқтаған.

Қазақтың қызыл сұңқары –
Сәкен де ұшқан дабылдап.
Құйылған жырдың шырқауы –
Ілияс құшқан арындап.

Айырбастамай басқаға,
Сырбайың жүрді сыймастан.
Бұйырмаса да баспана,
Қасымың қалды қимастан.

Өзгеге бермей есеңді,
Семсерін жырдың серметіп,
Жұбандай көрдің көсемді,
Қадаған сөзін төрге тік.

Ғалидай көрдің шешенді,
Өлеңін көкке өрлетіп.
Ғафуың жүрді көшеңді
Сәнді етіп, бірде әндетіп.

Қайнекей нөсер­ жыр күтіп,
Найзағай шабыт сермеген.
Даусымен бұлтты үркітіп,
Оқыған Тайыр сенде өлең.

Жырлары керуен­-керуен боп,
Төлеужаның мен Тоқашың.
Серілік құрды серуендеп,
Ертіп ап бір топ ботасын.

Өбектеп өлең­ сәбиін,
Бесік қып саған бөлеген.
Бозторғай болып Сағиың,
Қаршыға болып Төлеген.

Хантәңірінен ұшып кеп,
Мұқағалиың мұң кешкен.
Қоңырқай кешті құшып көп,
Жұмекен жыры үндескен.

Өзіңді ғана таңдады
Жыр болып өткен тағдырда.
Ғұмырын саған арнады
Кешегі өткен Әбділда.

Ерекше шабыт керек қып,
Алматым, сенде туады ән.
Өзіңде жазды өрекпіп,
Махаббат жырын Тұмағам.

Алма төсіңнен от алып,
Аттанды сенен бата алып.
Шығардың бәрін биікке,
Алатауыңа апарып.

Шырқаттың сөйтіп аспанға,
Ақындар жырын шашқанда.
Айналып кеттің өзің де
Өшпейтін ғажап дастанға.

Күлманат Әуелхан

БЕУ, АЛМАТЫМ

Бар сырын жүрегіне құндақтаған,
Өзіңді жатқан сынды жырлап ғалам.
Алматы арудайсың сырлы, сұлу,
Жанарын жас, жамалын мұң қаптаған.

Алматы сырыңды ұқсын, өзіңдей кім,
Күйіңді тыңдап тынған сезімдеймін.
Үмітпен арман қуып, келгем саған,
Өксимін кей түндерде көз ілмеймін.

Жұмақтың айқара ашқан есігіндей,
Тәубеге берген Құдай кешірімдей.
Тербеткен сан ғашықты ән салдырып,
Алматы – махаббаттың бесігіндей.

Достыққа құшақтарын айқара ашқан,
Сен жайлы ақиқатын, айтады аспан.
Адасып қанша тағдыр жүр өзіңде,
Бақ пен сор, ақ пен қара тайталасқан.

Тағдырдың мың сынына шыдап тұрып,
Басамын алға қадам, құлап, тұрып.
Алматы ғұмыр кешіп келемін мен,
Сенің кең құшағыңда жылап, күліп.

Күн шықты бұлт астына жасырынбай,
Тәңірдің берген бізге асылындай.
Алматы ақ лағылға оранып тұр,
Айбарлы Алатаудың ғашығындай…

***
Алдарқатып көңілді күн күледі,
Сүйрелейді тереңге мұң түнегі.
Аярлығын көргенде дүниенің,
Көкіректе көп шындық іркіледі.

Байыз таппай кей шақта, жаным мүлде,
Сіңіп бара жатамын сағым күнге.
Мынау тірлік тырбаңы қажытқанда,
Қалмағанын сеземін сабыр мүлде.

Жақсы көрем, біреуді жек көремін,
Жүрек мына іздеген көктен емін.
Ізгіліктің жалғыз тал дәнін тауып,
Жанымның бақшасына еккен едім.

Сағынышқа батырып санамызды,
Қоңыр күймен тербетер дала бізді.
Қарлығаш қанатындай қайран өмір,
Ала берме қырыңа қара қызды…

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

АЛМАТЫ МЕТРОСЫ. ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Дүние-ай, табармысың жанға тыным,
Аялдап, дамыл тапқан бар ма күнің?
Жаныққан жер бетінде жүргіншілер,
Алдыңда метросы Алматының.
Кіресің. Қалың нөпір қос өкпеңде,
Бәрі де асығулы… бос өткен бе?
Тоқтайды жүрдек пойыз жүйткіп келіп,
Зулайды бекеттерден бекеттерге.

Жер асты. Кеш батпайды,
таң атпайды,
Сырғиды самайыңнан санап қайғы.
Отырған қарсы алдыңда орыс кемпір,
Кітапты «Рай» деген парақтайды.

Өзгені мұңды демен, мұңсыз демен,
Кім, сірә, күнін ойлап күрсінбеген?
Түндігін туннель жұтқан рельстер,
Жүректей түн ішінде дүрсілдеген.

Торыққан, қалжыраған, маужыраған,
Томсарған топ ішінде жалғыз адам.
Жұбатып жалғыздығын, жұбана алмай,
Ішінде иірімнің жан жылаған.
Қара туннель – Кеңістік… мүсіндеген,
Бармын ба Уақыттың ішінде мен?!
Бір рет болса-дағы, пенде бар ма,
Қиялын қылуетке түсірмеген?..

Қылует…
Кім бар ішке үңілмеген,
Бітер ме қияметің бүгінменен?
Көпшілік ұзын-сонар – керуен-көш,
Тоқтаусыз сопылардай күбірлеген.

Көп тобыр: артыңда адам, алдыңда адам,
Қуырған апшысында тағдыр-ғалам.
Еске алар азан дауысын бұлар, бәлкім,
Немесе қоңырау үнін қаңғырлаған.

Белгісіз келістің бе, керістің бе,
Майданы жеңілістің, жеңістің де.
Ойлаймыз өлім жайлы жер астында,
Ойламай өмір жайлы жер үстінде…

Өрекписің, өксисің, өкінесің,
Ынтығасың тірлікке – бекім осы.
Көңілсіз көшелердің шуын жұтып,
Жүйткиді Алматының метросы.

Өрт көшер өз-өзінен өзегіңнен,
Соңғы бекет… қалмайсың кезегіңнен.
Метроға бір кіріп шыққан жанның,
Бұрынғы ол емесін сеземін мен…

Динара Мәлік

Көктемінен үй жасадым көрікті…

Алыс шалғай, бір баурайда ержетіп,
Жел тілімен жүрегімді емдетіп.
Жұлдыз біткен жиылатын түндікке,
«Алматы» деп сыбырлайтын әндетіп.

Қала жақтан қарағандай арманым,
Есеюге соншар құмар болғаным…
Жолдың бәрі жылы емесін кеш ұқтым,
Балалығым құмда сіңіп қалғанын.

Жарты жолда, бұрылуға тепсініп,
Сүлейлердей сөйлеп тұрсам от шығып!
Қобыз үні естілер деп жырымнан,
Бара жаттым, артқы күнді жатсынып!

Жетімдердің анасы деп сезіндім,
Буланатын сүрткім келді көзін-мұң.
Құйттай ғана жүрегімде кенеттен,
Көтерілген тауды көріп көз ілдім!

Ұйықтамайтын, шаршамайтын қаланың,
Гүлін иіскеп, түнін сүйді табаным.
Тау басынан қарды көрдім, кіршіксіз,
Мен де ол кез қарға ұқсас «баламын».

Көшелерде жүз адастым жаңылып,
Тірімін ғой, аялады әр үміт.
Ұзын жолдар әжем сүрген ғұмырдай,
Жүргім келді бір адамды сағынып…

Қайыңдары мінезіндей халқының,
Сыр білдірмей сызылады, жарқыным.
Жауын болып жауа салар бір демде,
Аспанынан алғым келді жарты-мұң.

Көктемінен үй жасадым көрікті,
Арманымды әу бастан-ақ ұғыпты!
Менің жаным, дәл қай жылы белгісіз,
Сөйлегеннен осында өмір сүріпті!

Қара жерде ашқандай бір құшағын,
Бөпемді де кеудеме мың қысамын.
Көгершін де жатсынбайды бұл жақта,
Құстарын да жауратпаған құса-мұң.

Жүздерінен гүл көрінген қанаты,
Өмір деген, өлең деген бар аты.
Құстар – біздің айта
алмайтын үніміз,
Соғылғанша жарық дүние сағаты.
Талмен, таумен дос болам деп ұшқаным,
Күннің өзін алақанда ұстадым.
Гүлдің өзін өссін дедім жайқалып,
Қардың өзін жібігенше баспадым.

Дәл осылай Жерге мейір төккенім,
Дәл осылай тап-таза боп өпкенім!
Болды ма деп, қалдым ба деп жазалы…
Оным үшін Алматыны сөкпедім!

Құшқанымнан, сүйгенімнен, қоштасып,
Алатауға қайғым кетті астасып.
Астанаға көз тікпеймін мен қазір,
Кеңсай жақпен кеттім биыл достасып.

Ұлым жатқан мазарында өлеңім,
Ұлым жүрген жолды сүйіп келемін.
Дәл сол үшін Алматыны сөкпедім,
Алматы да білмей қалды… өлерін!

Әлия Іңкәрбек

АЛМАТЫ
Алматы деген — ар ма екен,
Алматы деген қар ма екен?
Жоқ іздеп жүрген рухтардың
Жанының табы бар ма екен?

Тұманы мұңдай арбаған,
Шытырман жолды таңдаған,
Алматы — ақын жүрегі,
Алматы — бәлкім, арман ән?!

Баурына басса тау-ғалам,
Жауардай болып жаумаған,
Секілді жаңбыр Алматы,
Тамшысы жырдан аумаған!

Ішінде сан мың тармақтың,
Ұйқасың болып қалмақпын.
Алматы дедім Аспанды,
Алматым менің, ардақтым…

Маңдайда бағы бар мекен,
Қанша арман сенде қалды екен,
Жастығымбысың, Алматы?
Алматы демек, алда екен!

Нарқұлан Райханұлы

АЛМАТЫ ТОЛҒАУЫ
Шекер жырым Алматы шерлі өмірді сүйгіздің,
Тағдыр дейтін тақсырға басымды сан игіздің.
Құшағыңа сәбидей бастың кейде ынтығып,
Сүріндіріп тағымнан көкірегімді күйгіздің.

Тұлпар арман мініп ап шабыт
бердің шапқанда,
Маңдайымнан сипадың түспеші деп қақпанға.
Көркемдігің түйреген сағыныштың жебесі,
Пейілің мен көңілің ұқсаушы еді ақ қарға.

Сұлулық бар өзгеше жылулығың бар тағы,
Сенен бақыт іздеумен атты өмірдің әр таңы.
Түйілмесін қабағың, түңілмесін көңілім,
Алматы әйтеу, білмеймін мені өзіне тартады.

Сенде өткен әр күнім сырлы сондай сиқырлы,
Қасіретім көп тіптен қашыратын ұйқымды.
Ақша бұлттан аумаған қиялымды ап ұшқан,
Рухың биік Алматы құдіреттісің біртүрлі…

Ғажайыптың бәрі бар дуға толы түнгі аспан,
Жарықтарың жымыңдап
жұлдыздармен ымдасқан.
Қан көшеңде нөпір көп қарасы оның
көз жетпес,
Адам, көлік асығыс шуылдарға үн қосқан…

Өзгермеген өмірдің суретін дәл салған кім,
Даңғазасы көп орта дақпыртына алдандым.
Ит тірлікті көп сүрдім құладым
һәм жығылдым,
Тәкаппарлау Алматы тағдырыма таңғалдың.
Көрдей суық көңілдің ақ-қарасы дей берем,
Жар басына құласам, көрдің небір бейнемен,
Сүрінгенде шың-құздан тағдыр оғы дәл тиіп,
Өзіңді рас Алматы жек көремін кейде мен.

Кір ғаламның кірлеген жамамас ең жыртығын,
Алып шаһар қарбалас алмай-тұғын бір тыным.
Көңілімді көлеңке басқан сайын қайғы ішем,
Мұздатады жанымды кейде қатал құлқының…

Қызғын өмір бар сенде қызыл шеке тірлік күн,
Тіршіліктің қамы үшін
талай-талай у жұттым.
Жабықтырып жанымды еттің кейде ішқұса,
Жаңбырыңдай жанардан
көз жасымды сырғыттым.

Құлай жаздап кей күні қайта
тұрдым қош көңіл,
Зулап жатыр жаңа күн өтті солай ескі өмір.
Тасқа соққан маңдайым күрсінеді тым ауыр,
Көңілімді жұбатты құмға өскен сексеуіл.

Тағдырымнан із қалған паң қалада бөлекше үн,
Қайсарлыққа жол бастап
бейнесіндей белестің.
Онан ары асудан асырмасаң саған серт,
Талқандамай тағдырды сен Алматы емессің.

Сүрінбесем айтпас ем, Алматыны көрдім деп,
Құламасам айтпас ем, жығылмайтын
болдым деп.
Жараланған сәттерде кеудемді
ұлы кек кернеп,
Қаһарыңа жолықсам, тұратын-ды өлгім кеп.

Шөліркеген сәттерде
шөл қанбайтын Алматы,
Дау-дамайға нетүрлі толғанбайтын Алматы.
Адамдардың тағдырын ойланбайтын Алматы,
Таң мен кеште жүретін жол қалмайтын
Алматы!

О, Алматы киелі, тарихың бар сан ғасыр,
Адырнадан атылған мынау ғасыр қай ғасыр.
Еркесі едің табиғат сұлулықты сыйлаған,
Ағыл-тегіл төкші бір Алатаудай тауға сыр…

Ақсаңдаған тас көше көне көзден аумайсың,
Ұлылардан із қалған сен бақытты жандайсың.
Тірі тарих сыр бүккен сонау ескі жылдардан,
Алматының аспанын еркін кезіп самғайсың,

Құлазиды көңілім толқын шайған іргесін,
Жоғалтқандай күйдемін
адамдықтың жүлгесін.
Өтіріктің еңсесі сенде Алматы бүр жарып,
Ақ қанатты ақиқат отқа
өртеніп күймесін.

Жан-жарамды мүжіген қайрап
жатыр өткірлік,
Ережесі ғұмырдың оқтай түзу от тірлік.
Алаңсыз бір шат күнді аңсап-аңсап ақыры,
Сенде Алматы тауысар өмірімді боқ тірлік.
Күмән толы кеудемде күнәсы көп паң қала,
Күллі ғалам қарайды кейде рас таңдана.
Өмір-өлім арасы өтіп жатыр алмасып,
Біреу үшін бақ болған, біреу үшін сор қала!

Күмән толы кеудемде кінәсы көп нән қала,
Жарық таңға апарар сенде жатыр жол жаңа.
Сүрінейін, құлайын, мейлі сенде өлейін,
Қардай аппақ көңілмен сүйем сені мен ғана…

Беу, Алматы сұлусың құт-берекем киелім,
Алатауым айбыным әз басымды иемін.
Біреу үшін бақ бол сен, біреу үшін сор бол сен,
Алып шаһар Алматы мәңгі сені сүйемін,
Көк Тәңірге аманат қалсын сенде сүйегім!

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

Ақындар тіккен ордамдай

Қос табаныма шарқ қып киіп көшеңді,
Қайтара алмай уақытқа кеткен есемді.
Қайтадан артқа қайырылмастай қабарып,
Алматы саған «қош енді, дегем, қош енді».

Жауар да жаумай аспаның тұрған түнеріп,
Жайқала алмай булығып тұрған, гүл, өрік.
«Кім келіп маған, кім кетпес әлі» дейтіндей,
Алатау бағзы қалпында қалған шіреніп.

Ақындар елі жөңкіліп көшкен сағымдай,
Базарлы күннен баз кешіп кеткен қауымдай.
Біреуі шықты шарпыған көкті жалындай,
Біреуі кетті бір қамау тері алынбай.

Керілген сымға тізіліп қонған құстардай,
Дүр етіп қонып, дүр етіп бірге ұшқандай.
Шаттанушы едік өзгеше, жаңа жыр туса,
Қызғаныш, қулық жоқ еді онда мысқалдай.

Асаулар кілең бірінен-бірі арындай,
Ұйтқытып өлең оқиды-ай келіп дауылдай.
Масаңдау жүріп Маралтайлармен жолықтық,
Қай бір көшеңде Ботпанов кеткен табылмай.
«Ауылда туып, Алматыда өлсе ақындар,
Менің де мұнда өлуге толық хақым бар».
Әмірхан әмір қарқылдап тұрып соны айтып,
«Сол үшін бір тост алыңдар, дейтін батырлар»

Жыр оқымадық алдынан күтіп кімдерді,
Мойындатқымыз келеді кілең дүрлерді.
Одақтың алды, ұмыту сірә, мүмкін бе,
Есенғалиға жыр оқып берген күндерді.

Өлеңмен ғана, өлеңмен бірге ас, дәмі,
Аманхан ағам сөз етпеуші еді басқаны.
«Уақытым жоқ» деп Қадір ақынның «қашқаны»,
Жәркен шайырдың жайылып құшақ ашқаны.

Темірхан ақын жырыңнан терең сыр аңдай,
Отырады үнсіз алыстан көзін бір алмай.
«Бәйгеге шауып көрдің бе», –
дейтін Қажытай,
«Шуақты өлең жазыңдар», – дейтін Тұманбай.

Жырымен тербеп, шулатып даңқын ормандай,
Алматы – осы ақындар тіккен ордамдай.
Жазатын әлі, оқитын әлі біреуге,
Елеңдеп тұрам бір өлең қалып қойғандай.

Арнайды саған ешкім де сөзін бұлдамай,
Қазақта ақын жоқ шығар кеткен жырламай.
Шатынап кейде аязда сынған ағаштай,
Қаһарланасың бектерің қойса тыңдамай.

Мөлдірлік сенде қайнатқан ғасыр тұмбадай,
Сұлулық сенде беретін ән мен жырға арай.
Мінез де сенде бір бүріп алар, Алматы,
Желтоқсан, қаңтар жараған ақбас бурадай!

Айбат та сенде тамырда тулар қаны – күш,
Қайрақ та сенде жігерін жастың жанығыш.
Алматы мәңгі қартаймайды екен, өйткені,
Қартаймайды екен, ортаймайды сағыныш!

Манарбек ҚАРЕКЕНОВ

Сені жырлап өтермін…

Ғалым толған, бақыт қонған,
ақын қылған Алматы,
Сенің анау Алатауың қарт абыздай салмақты.
Қазағымның өркениет ордасына айналған,
Алты алашқа орның бөлек сұлу қала, ардақты!

Сенің асау өзендерің мөлдіреген жанды су,
Өткен өмір – өзіңдегі бақыт құшу, сән құшу.
Шәрбат жырдың тұңғиығын
жүрегіңе құйып ап,
Ойнақтаған шабытыңның толқынымен алысу.

Сұлу шаһар тең келмейтін өзге мекен елдегі,
Орны бөлек, жасыл-желек асқақ қала жердегі.
Құшағыңда махаббаттың жылулығы сезілер,
Аққу-қаз да қимай ұшар күз келгенде көлдегі.

Ойды толғай, сырды мүжіп тұрар биік асқары,
Өткен ғасыр сырын шертер
шатқалдары, тастары.
Сырласқанда ғалым,
ақын түнде жұлдыз, айыңмен,
Ғылымдағы, өнердегі жаңалықтың бастауы.

Дарытқандай аналардың мейірімін, ыстықсың,
Жердің күнді айналғандай бір өзіңе ынтықпын.
Әсем қала, ел жастарын
бауырына тартатын,
Ордасына айналғандай
сенің көшең шаттықтың.

Аман шықтың желтоқсандай
сен кешегі сынақтан,
Баса алмай ҚАЗАҚ рухын,
ұлын-қызын жылатқан.
Қанды оқиға жақсылықтың
бастауына айналып,
Куәгері өзің болдың тәуелсіздік таңы атқан.

Егемендік ғасырлардың арманы еді аңсатқан,
Алынбайтын белестей боп,
қайсар елді шаршатқан.
Ең алғашқы астанасы өзің болдың, Алматы,
Сондай бақты бұйырыпты бір өзіңе,
Жаратқан!

Алматы – сен байлығысың,
мақтанышы ұлтымның,
Рухани ордасына айналғансың жұртымның.
Көшеңдегі тал-терекпен,
гүлдеріңмен сырласып,
Сен туралы өлең жазсам деп
қаламға ұмтылдым…
Ұзақ қарап тұрамын мен қайталанбас пішінге,
Көшеңдегі батырлар мен ақын толған мүсінге.
Таңғалу мен тамсануды
сыйғыза алмай жүрекке,
Мен ақын боп жаралдым-ау,
сені жырлау үшін де!

Роза СЕЙІЛХАН

АЛМАТЫМ
Бұл қаланың жаңбырын да сүйемін,
Тарихын да, тағдырын да сүйемін.
Бауларын да, тауларын да ғаламат,
Гүлдерін де кестелеген жиегін.

Бұл қаланың арманын да ұнатам,
Мұнда атады сәулеленіп бұла таң.
Енді қайтіп мұңаймайды бұл шаһар,
Себебі оны жақсы көрем, жұбатам.

Алматы деп аталады бұл мекен,
Тіпті мұнда айтылады, сыр бөтен.
Өзіне-өзі сыймай кеткен шайырлар,
Алматыға қалай ғана сыйды екен…

Өйткені бұл төрі емес пе,
жұмақтың,
Неге өзіңді қайта-қайта сынаттың.
Алматым-ай, аңғалым-ай, сені мен,
Дәл осылай, тап осылай ұнаттым.

Тұрған анау, Тәңір тауы емес пе,
«Жібек жолы» сол бір ұлы жол есте.
Кеше тарих жайып салды шындығын,
Ал, жақсылар
Кетіп қалды келмеске.

Жылжиды алға дөңгелегі көшіңнің,
Жанарымда тұрды кілкіп
тосын мұң.
Желтоқсанның ызғырығын
сезіндім,
Айтар сөзден, айтар ойдан
тосылдым.

Кешір мені,
Кешіре гөр, Алматым!
Салмақ салып жібердім бе, арға тым.
Шын сүюді үйреткен де өзің ең,
Арман қалам, елің үшін арда атың.

Таусылмайды бақша толы жемісің,
Сен жайлы аңыз тебірентер ел ішін.
Өзің барда жалғасады үзілмей,
Татулық пен тұрақтылық, келісім.

Талайларды тамсандырды алмаң да,
Апортыңа қызықпаған жан бар ма?
Алматым-ай жастық жайлы ой кешем,
Өзіңде өткен күнімді еске алғанда.

Ынтық қылған тәп-тәтті арман,
Ұлы үміт,
Сенде есейдік, сол үмітке жылынып.
Алматының көшелерін кезіп жүр,
Өмір мұңы, дымқыл ауа, жылымық…

Төлеген Меллат

Алматы дәптерінен

Гоголь көшесі.
Вознесенский храмы.
Бір диуана қуарып,
Сипалақтап қызылкүрең құлағын,
Күмбезіне күн сап қарап тұр әлі.
Өлкесінің исі сіңген шығарды ол,
Сөмкесінен «алтайские травын».

«Інішегім, тиер мұның күнде емі,
Мох, грибы, хна, плющ бұл» деді.
Жусан, изен, рауғаш, тас па білем мен,
Туған жерің, туған жерім бір дедім.
Крестке қонақтаған қара құс,
Ұшып келіп қонды қадам ілгері.

Шәрпісінің жаспен дымдап етегін,
«Алтай…» деді ол жөткірініп, жөтеліп.
«Алтай, – деді, – сағынышым түсінсең,
Жүрмін оны иығыма көтеріп».

Создым қолды, жақынбыз һәм бөтенбіз,
Қабағын бір қағып қалды сетер күз.
Қара құсқа қарай бердік жалтақтап,
Сағынышты сатып алып екеуміз.

ПІКІРЛЕР5
Аноним 21.01.2026 | 14:53

Алматы астана болып қала беруі керек еді.

Аноним 22.01.2026 | 13:31

Арман қалаңның аспаны қашан айығады уды жұтып болдық қой

Аноним 23.01.2026 | 00:34

Төлеген Меллат пен Таңжарықтың өлеңі ұнады….

Аноним 23.01.2026 | 21:18

Тұшынып оқыдым. Әйбат жырлар екен.

Аноним 27.01.2026 | 17:32

Ұйқас қуған тақпақтар. Осылар да жүлде алғандар ма? Тоба…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір