АЗАТ ЕЛДІҢ АЗАМАТ АҚЫНЫ
Шөмішбай Сариевті қалың оқырманға таныстырып жату артық болар. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қазақ жырының киелі босағасын имене аттаған Шөмішбай ақын есімін бұл күнде исі қазақ оқырманы біледі. Шөмішбайдың сөзіне жазылған эстрадалық әндердің ел жүрегінен орын алғаны қай заман.
Жырыммен жүрекке дән ексем дедім,
Бақыттың барына да көп сенбедім.
Киелі ел – құдіретті қазағыма,
Өмірде ақын болып өтсем дедім, – дейді ақын биылғы жылы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Поэзия падишасы – лирика» атты жыр жинағында. Шөмішбай, Жарасқан, Кеңшіліктердің өкшесін баса келген біздің толқын да алпыстың жуан ортасына шығыпты. Зуылдап өтіп бара жатқан өмір. Алайда, сол тегеурінді топтың ішінде жүріп Шөмішбай ақын да өз талантын дер кезінде таныта алды. Жастық жалынын, көңіл шуағын, жүрек жылуын парасатты поэзияға арнады. Туған елін, туған жерін, ұлтының үміті мен арманын жырлаудан жаңылмады. Туған әдебиетіне көз майын тауысып қызмет етті. Қаншама сыни мақалалар жазып, қазақ жырының көркемдік қырларының құпия-сырларын ашуға ұйытқы болды. Қазақстан Жазушылар одағында өткен әдеби-мәдени шаралардың барлығына белсене араласты. Диссертация қорғады. Жүйрік ақынның қаламынан әр жылдары туған жыр жинақтарын қалың оқырман жылы қабылдады. Кеңес заманындағы одақтас республикалар арасындағы әдеби байланыстардың жан-жақты дамуына да үлес қосты. Халықаралық жиындарға, фестивальдарға қатысты. Көркем аудармамен де шұғылданды. Шетел ақындарын қазақша сәтті сөйлете білді. Өзінің де қаншама өлеңдері басқа тілге аударылды. Қысқасы, жарты ғасырдан бергі қазақ сөз өнерінің тарихында Шөмішбайдың да ізі сайрап жатыр. Әдетте, тұзы жеңіл, алып-ұшпа көрінетін Шөмішбай ақынның мәртебелі сыйлыққа ұсынылып отырған аталмыш жинағын оқу үстінде оның салмақты да, сабырлы, ойлы да, өрнекті поэзиясына куә болдым. Қалай жырласа да, Шөмішбай өзінше жырлайды, оның өлеңдегі қолтаңбасы өзіне ғана тән. Ақындардың кейде өзін-өзі қайталауға ұрынатын сәттері болады. Ол заңды да. Алайда, өзгені қайталауға, біреу айтқан ойды басқа қырынан айтып, екінші бір ақынның көлеңкесіне айналып кетуден сақтанған жөн. Шөмішбайдың ерекшелігі – ешкімге еліктемеуінде. Өлең өлшемін өзінше пішіп, өзінше өрнектеуге шеберлігінде. Естуімше, Шөмішбаймен қатар, бірқанша авторлар Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған көрінеді. Солардың ішінде арынды ақын Серік Ақсұңқарұлы мен алымды алаштанушы Тұрсын Жұртбайдың іріктеу барысында талқылауға жіберілмей қалуы үлкен қиянат болған. Өкінішті-ақ! Бұл – мемлекеттік комиссия құрамындағылардың таным-талғамына, ар-ұятына сын. Бұл сыйлыққа Шөмішбай да осымен бірнеше рет талап қылып, үміт артып отыр. Үміт артатын жөні де бар. Өйткені, Шөмішбай қазақ жырының ұлы додасына көлденеңнен қосылған көк аттылардың бірі емес, өмірін өлеңге арнаған, бақытын өлеңнен іздеген, шығармашылықтың шытырман жолынан өткен, азап-тозабын басынан кешірген жанкешті ақынның бірі. Рас, өлең өлкесінде бірге өсіп, біте қайнасып келе жатқандықтан оның әдебиеттегі тыныс-тіршілігін, талантқа тән тарпаң мінезін, кейде балқып, кейде шалқып жүретін шабытты шақтарын жақсы білеміз. Сондықтан да ол – Шөмішбай! Нағыз ақын алдымен өзін жырлайды. Өзі арқылы, өзінің жан-дүниесін, ішкі әлемін айнадай жарқыратып ашу арқылы кеңістікке құлаш ұрады. Яғни жалқыдан жалпыға көшеді. Ақындықтың шынайылығы да сонда. Шөмішбай да шынайы ақын. Жалған сөйлемейді, тұнық сезімді, ыстық махаббатты жырлайды. Тақырып аясы кең де шалқар. Нені жырласа да, жеріне жеткізе айтады. Оқырманын ойландырады. Ойландырмаған, толғандырмаған өлеңнің өмірі ұзақ болмайтынын жақсы біледі.
Жайсам деймін мол өркен,
Гүлдей арай жүрегім.
Озбау үшін көлеңкем,
Күнге қарай жүремін, – дейді.
Қандай әдемі айтқан. Жамандықты жақсылықтан, көлеңкені жарықтан оздырмай күнге қарай жүру – тазалықтың, парасаттың, адамдық асыл мұраттың белгісі. Тапқыр тілді, ұшқыр ойлы ақындар ғана осылай қиыннан қиыстыра алады. Мұндай ұтымды жолдар, шұрайлы да шырайлы шумақтарды оның кез келген жинағынан молдап кездестіруге болады. Біздің бұл айтқан ойымызды аузы дуалы М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, Ә.Әлімжанов, С.Қирабаев сынды әдебиетіміздің білгір ақсақалдарының Шөмішбай поэзиясы хақында айтқан бағалы пікірлері бекіте түседі. Жалпы, Шөмішбайдың шығармашылығын сөз еткенде, алдымен оның азаматтық мұратына назар аударамыз. Елдікті, аңсап жеткен азаттықты жырлауға келгенде үнемі белсенділік танытып, ой биігінен көріне білетіндігі ұнайды. Біреулер сияқты тәуелсіздік туралы теріс-қағыс пікірлер айтудан аулақ. Азаттықтың қадірін терең сезініп, оның арайлы сәулесін жас ұрпақтың санасына жырмен сіңіруге құштар.
Ұлы Дала – шөл даланың ұлымын,
Өркеш-өркеш құмнан өрген бұрымын.
Шөліркеген шөл даланың көсемі –
Құмдары аман болса, мен де тірімін, – дейді.
Иә, кез келген ақын туған топырағының, туған елінің бір бөлшегі. Осыны ақын жүрегі терең сезінеді, өлең сайын елжіреп езіледі. Бұл – шынайы ақындарға тән қасиет. Шөмішбайдың жырларынан өзінің туып-өскен Арал теңізінің ерекше лебі еседі. Елге, жерге, Отанға деген ыстық ықыласы, сәулелі сағынышы, ұлы құрметі өлең сайын әдемі өрнек тауып, өріліп отырады. Ел тағдыры мен жер тағдырын ұштастыра жырлауға келгенде Шөмішбайдың қаламы ұшқыр. Арал теңізінің қасіреті өз перзентін бей-жай қалдырмайды. Ұстазы Зейнолла Шүкіровтен кейін Арал тақырыбын толғана жырлаған, терең жырлаған ақын біздің Шөмішбай. Кезінде Әбділда Тәжібаев ағасы: «Шөмішбай деректі көзбен көріп, қолмен ұстарлық, өз сезімімен тікелей сабақтасатын тақырыптарға келгенде айтқыр ақын. Ақын өмір бойы оқуға, өсуге міндетті, біз жетпегенге сен жет дейміз», – деп ақ батасын берген екен. Әбділда абыздың батасы қабыл болды! Шөмішбай бұл күнде көптеген шығармашылық жетістіктерге жеткен, кемеліне келген қаламгер. Көптеген жыр-жинақтарының авторы, оның қаламынан туған ән-өлеңдер небір белгілі әншілердің орындауында тыңдаушыларын тамсандырып келе жатқаны әмбеге аян. Сол үшін де біз оны жақсы көреміз, жырларын сүйсініп оқимыз. «Поэзия падишасы – лирика» кітабында да ақынның жаңа қырынан көрініп, тосын ізденістерге барғаны байқалады. Ақындық шеберлік, төгіле жырлау, егіле жырлау Шөмішбайға тәңір сыйлаған қасиет. Өйткені, ол әлдекімдердей күшеншек өлеңші емес, ақындық сүйегіне біткен.
Лирика – поэзия падишасы,
Тасты тесіп, гүл өскен нәзік өмір, –
деп өзі айтқандай, оның бұл жинағынан көркемдік кеңістікті сезінумен бірге, нәзіктіктің әсем сәулесін де көңіл көзінен өткіздік. Уақыт тынысын, заман келбетін, отаншылдық рухты барынша көсіле жырлаған, ел болашағын, ұлт бақытын шешіле толғаған ақындардың алдыңғы қатарында келе жатқан Шөмішбай жырлары да жұлдызды жырлар. Сондықтан ұлы дүбір бәйгеге батыл қосылып отыр. Мұны өзі де, оқырман да жақсы сезінеді. Әрине, Шөмішбай поэзиясы туралы, оның жыр жолындағы жарты ғасырлық еңбегін жан-жақты айтып, талдауға болады. Алайда, бәйгеге түсіп, бағын сынап отырған мына кітабына көбірек тоқталғымыз келді. Өйткені, бұл жинақтан оның ақындық болмысын, азаматтық биігін айқын танып-білдік. Әсіресе, оның Тәуелсіздіктің алғашқы жыршыларының бірі екендігін қадап айтқымыз келеді:
Тәуелсіз боп артты халқым сенімі,
Мұз боп қатқан қайғы-мұңым еріді.
Ақ шыңдары – тауларымның биіктеп,
Кең тыныстап Ұлы Далам кеңіді.
Жер бетіне қайта шықты алтыны,
Көлдерімде жүзді Аққуы қалқыды.
Толқын атып, дарияларым тасыды,
Тау өзені, ақ бұлақтар шалқыды.
Тәуелсіздік жетті бізге бесінде,
Айым туды, жұлдыз жанған кешімде.
Алматыда атқа қонды Абылай,
Кенесары атқа қонды Есілде!
дей келіп, Тәуелсіздік үнінен «Ақ шыңдары – тауларының биіктеп, кең тыныстап Ұлы Дала кеңіді!» деп, «Күллі әлемдік жүк көтерді нарларым» деп толғана жырлағаны есімізде.
Сондай-ақ, осы кітабында:
Етегінен тауымның шыңдарына дейін,
Жел үйірген құйынды құмдарына дейін,
Менің мемлекетім!
Бір уыс топырағы, әр тасына дейін,
Күңіренген үнсіз жартасына дейін,
Менің мемлекетім!
Нар атан түйенің ноқтасына дейін,
Әрбір қазақ отбасына дейін,
Менің мемлекетім! – деп айналасына қуанышпен жар салады Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған мемлекетшіл ақындарымыздың бірі – Шөмішбай Сариев. Бұлай ағынан жарылып, ақтарыла сөйлеп, заңғар биіктен үн қатуына оның толық қақысы бар. Өйткені, ол азат елдің азамат ақыны. Үлкен ақындар ғана осылай кеңге құлаш сермеп, асқақ сөйлеуге тиіс. Сондықтан да оның бұл кітабы – мәртебелі сыйлыққа лайық деп ойлаймын.