АЗАТ­тЫҚТЫ ЖЫРЛАҒАН АҚЫН
24.03.2024
146
0

Таңатар Дәрелұлын танығаныма 40 жылға жақындап қалыпты. Сонау Кеңестік кезеңде еліміздің түкпір-түкпіріндегі аудандық, облыстық газет­те жұмыс істейтін сақа журналистер КазГУ-дің журналистика факультетіне келіп, сырт­тай оқитын. 80 жылдары мен өзімнен 10-20 жас үлкен ағаларыма дәріс берген кез­дерім болды. Олар жасы үлкен болса да, әлі күнге мені ұстаз санайды. Журналымды қарасам, 1988 жылы оқуға түсіп, 1993 жылы бітіргендердің тізімі былай еді:
Бақыт Әбдірахманова, Темірлан Әбілдаев, Асылбек Боранбаев, Доқтырбек Байбеков, Таңатар Дәрелов, Рысты Исмағұлова, Сахи Қапаров, Жалғасбай Қойшыбаев, Жандарбек Рашев, Марал Қойшыбекова, Әбдіғап­пар Сәтбаев, Жүргенбай Өмірбаев, Ардақ Әйменова, Кеңес Дүйсенов, Серғазы Әбдібеков, Хасен Қожа-Ахмет, Хайдаралы Шорабеков, Әбдіманап Әблизов, Әлсейіт Әлменов, Сансызбай Бидахметов, Шырынбүбі Жалилова, Полатбек Жанбаев, Нұрғали Қарабеков, Бекбол Махимов, Нұрваням Омарова, Жігер Рахымжанов, Жолдас Сарманов, Жұмагүл Сәтмұхамбетова, Әзімхан Оспанова, Роза Сыздықова, Жылқыбек
Тінәлиев, Қыдырбек Әмренов, Гүлжамал Белқондинова, Қуат Құдайбергенов, Тоқтасын Айтақов, Мұхамет Батырханов, Орынбасар Самалықов, Жәния Тапалова, Қадірхан Құтпанова, Таңатар Төлеуғалиев, Бауыржан Сәтімқұлов, Барат Құлманов, Нәзира Әбішева, Шара Жақанбаева, Бақыт Мұхаметжанова, Шавхат Назаров, Қуат Мыңтұрғанов, Сәуле Ерімбетова, Ізтүрған Ахметов, Нұрияш Қашақбаева, Темірәлі Бақтыгереев, Бақтияр Келімбетов.
Бұл тізімді әдейі келтіріп отырмын. Бір жағы – Таңатар өзінің курстастарын бір есіне алсын деп, екіншіден, осылардың әрқайсысы – түрлі тағдырдың иесі. 1993 жылы КазГУ-дің журналистика факультетін сырт­тай оқып бітіргендер. Бәрі де – менің шәкірт­терім. Кейбірі дүниеден ерте озып кет­ті. Мысалы, композитор Темірәлі Бақтыгереев, атырау­лық Бекбол Махимов, алматылық Барат Құлманов, қарағандылық Серғазы Әбдібеков, тағы біразы қайтыс болғанын білемін. Көбі оқу бітірген соң хабарсыз кет­ті. Бітіргеніне қанша жыл болса да, маған хабарласып тұратын атыраулық екі жігіт­ті ұмытпаймын. Олар – Құрманғазы ауданында көп жыл аудандық газет­тің Бас редакторы болған, ақын, Қазақ­стан Жазушылар одағының мүшесі Таңатар Дәрелов пен Махат ауданының Доссор кентінде тұратын Қуат Мыңтұрғанов. Алматыға келгенде сәлемдесіп, жүз көрісіп тұрамыз.
Таңатар аға-досым биыл 70 жасқа толып отыр екен. «Арыс» баспасынан белгілі баспагер, профессор Ғарифолла Әнес хабарласып, Таңатардың «Аспан керген азат­тық» ат­ты өлеңдер кітабына алғысөз жазып беруімді сұрады. Кітап қолжазбасын қолға алып, оқып шықтым. Жыр жинағы «Ой жүздірген отыз жыл», «Өмір сабағы. Сезім шуағы», «Өткен күннің белгісі», «Тәжтажал күнделігі», «Балалар – бағымыз», «Тағдырластар жайлы толғаныс» ат­ты алты бөлімнен тұрады. Таңатар Атыраудың Құрманғазы ауданында дүниеге келген. Ол жерден атақты ақын Жұмекен Нәжімеденов, қайталанбас сыншы Зейнолла Серікқалиев, талант­ты жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев шыққан. Таңатар да Жұмекен ағамыз туған Қошалақ құмында туып, Жұмекен білім алған Нұржау ауылындағы мектепте оқыған. Алматыға бір келгенінде Жұмекен қабірі басында былайша толғанады:
Армысыз, аға, елден келдім,
Басыңа жеткізді ақыр сергелдең күн.
Көз жасым бар,
сезіммен босап аққан,
Өйткені арғы тегім Қошалақтан.
Ал Рахымжан Отарбаевпен құшағы айқасқан дос болған. Рахымжан елге барғанда осы Таңатардың үйіне түседі екен. Мына бір шумақ соның дәлеліндей:
Қошалақ бұл, ата-баба мекен ғой,
Еске түссең, толқып-толқып
кетем ғой.
Араладың бірге келіп ұлыңмен,
Сол келісің қоштасқаның екен ғой, – деп тебіренеді.
Алматыға келгенде өзінің студент­тік жастық шағын еске алып, төгілтіп өлең жазыпты. Оның кейбір шумақтары былайша төгіледі:
Жастығымды сәбидей құндақтаған,
Біз үшін таң атқанмен, күн батпаған.
Алматы студент­тік жылдарым ол,
Мен үшін жер әлемде қымбат қалам.

Шырқалды жылдарым мен
жарасты әнім,
Нұр жауды төндірген жоқ
қара аспаным.
Таба алмай шығып кеткен пәтерімді,
Есімде түніменен адасқаным.

Жаныма үйірген-ді шуақ қосып,
Тапқанмын бақытымды ұзақ тосып.
Жәнібек, Сансызбайлар қандай еді,
Қалды тек оны білер Қуат досым.

Сынығы сол күндердің бүгін шүкір,
Сеземіз таянарын бір күн тықыр.
Қуат-ау, денсаулыққа не өкпе бар,
Таубайдың сөмкесіндей
сықыр-сықыр…

Алматы – айналайын әппақ қала,
Емемін сағынышымды қақтап қана.
Ассалаумағалейкум, кәрі Алатау,
Ақ тонын сыпырмайтын аптапта да.
Осындағы аты аталған Қуат Мыңтұрғанов досы Доссорда тұрады. Осыдан біраз жыл бұрын Қуат Алматыға мені іздеп келіпті. Сол сапарында ұстазы, профессор Абдул-Хамит Мархабаевтың үйіне барып, сәлем берді. Бұл енді адамгершілік. Тағы бір аты аталған сол курстың ең жасы үлкені шиелілік Таубай Ортаев бұл курстан қалып қойып, ке­йінірек бітірді. Белгілі жазушы Серік Байхонов менімен көрші тұрды. Таубай ағамыз сессия кезінде сол Серіктің үйіне келетін.
Хош, сонымен, әңгіме – аға-дос Таңатар Дәрелұлы туралы. Таңатар Орлы ауылдық округіне қарасты Өлеңті телімінде қарапайым еңбекқорлар отбасында дүниеге келіпті. Ата-анасы Дәрел Тасмұханұлы мен Қанағат Шахантайқызы «Жаңа жол», «Қазақ­стан» колхозында малшы, балықшы, егінші болып зейнетке шыққанға де­йін еңбек еткен. Таңатар Дәрелұлы Нұржау ауылынан мектепті 1971 жылы бітіргеннен ке­йін, 1972-1974 жылдары әскери борышын өтеген. 1974-1977 жылдары қарапайым теміржол күзетшісі болып еңбек еткен. 1977-1980 жылдары – құрылысшы, 1980 жылдан кеңшар комсомол комитетінің хатшысы болып сайланады. 1983-1987 жылдар аралығында аудандық газет­тің арнаулы тілшісі, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, редактордың орынбасары сияқты журналистік қызмет­тің барлық сатысынан өтіп барып, Алматыға оқуға түседі. Менің таныстығым сол кез­ден басталды. Таңатар ақкөңіл, адал азамат екенін дәлелдеп келеді. Таңатар – дос-ағам, әрі шәкіртім! Өмір-бақи атқарған журналистік қызметіңде біртуар профессор Тауман Салықбайұлы Амандосов ағамыздың батасын алып, тіпті сол тұлғаның атындағы атаулы сыйлыққа да ие болды, Қазақ­стан Журналистер одағы сыйлығының бірнеше мәрте лауреаты атанды. Қайраткерлік есеюдің ересен жолынан өт­ті. Ел үшін адал маңдай термен атқарған еңбегін елеп, бүкіл елі алақанына салып отыр!
Ал ақындығы өз алдына құм басқан меңіреу шөлдерде туған тума талантынан деп білемін. Өзі ізін жалғастырған ұлы ақын Жұмекен Нәжімеденов туған Қошалақ құмында кіндігі кесіліп, Жұмекен ағай мен Нәсіп апай оқыған Нұржау мектебін бітірген. Кешегі өткен дәуренде біртуар ұлы сыншы сарабдал сөз зергері, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Серікқалиевтің, Абыз ақын Хамаңмен (Хамит Ерғалиев­пен) бірлесіп, «Құрманғазы» драма -дастанын жазған, айтулы ақын, филология ғылымдарының кандидаты, театртанушы доцент, публицист, журналист Марат Ысқақовтардың ізгілікті іздерін жалғастырып келеді. Дарабоз драматург, жасын ғұмырлы жазушы Рахымжан Отарбаевтың жан досы болды. Таңатар дос он жас үлкендігіне қарамастан, баяғы КазГУ-дегідей сыйласып, хабарласып тұрады. Маған арнауларың өз алдына – бір бөлек, ал қазақтың айтулы күйшісі «Абылдың күйі – Абыл, орындайтын – Шәміл», – деп секіріп, сергіп, кекіріп, кергіп өз соңынан дү­йім жұрт­тың делебесін қоздырып, түгел ерте қол соққызатын Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері (әсілі, Қазақ­станның халық артисі) Шәміл Әбілтаев туралы жазған ақта-төк дастандарыңды да оқығаным бар еді. Бар бол, нар бол, Алла өзіңе жар болсын!
70 жылдығы қарсаңында шығарып отырған «Аспан керген азат­тық» ат­ты жыр кітабында ақын тәуелсіздікті жеріне жеткізе жырлайды, туған жерінің әр төбесі, әр ауылын өлеңге қосады, сол жерде туып-өскен тұлғалы азамат­тарды өз жырына арқау етеді, тіпті өз кіндігінен өрбіген балалары мен немерелеріне де жыр шумақтарын арнайды. Бәрі де табиғи, бір тыныспен төгіліп түскен ойлар. Кітап басында: «Тәуелсіздіктің қазаққа бергенін еш нәрсемен теңестіруге келмейді. Оның жасампаз көріністері әр адамның басында, әр ауылдың бейнесінде бар», – деп толғанады.
Қанша көрсін тас түрмеде тепкіні,
Қазағына ұран болып жет­ті үні.
Күйлерінде бөлек айбар, бұлқыныс,
Осы күнгі Тәуелсіздік екпіні.

Дүр сілкініп салтанат­ты сарайлар,
Амал қалмай жан-жағына қарайлар.
«Сарыарқа» мен сарнағанда «Адайы»,
Орынынан ұшып тұрған талайлар,– деп Құрманғазы бабасының күйлері мен азат­тық пернелерін басқандай Таңатардың өлеңдері шынайылығымен ұнайды. Жаңа кітабың, 70 жылдық мерейлі тойың құт­ты болсын дейміз, дос-аға Таңатар Дәрелұлына!

Бауыржан ЖАҚЫП,
ақын, филология
ғылымдарының докторы,
профессор,
ҚР ҰҒА корр.– мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір