НАРЫННЫҢ НАРКЕСКЕН АҚЫНЫ
23.08.2024
250
0

Ақындық

өлеңді үйіп-төгіп жазумен ғана айқындалмайтын қасиет қой. Аз да болса саз жазып, алашының жүрегіне асыл сөзі анық қонақтаған адамдарды ғана халық өзі бағалап, «ақын» деп атайды. Артында айта қаларлық асыл мұра қалдырған «Нарынның наркескені» – Нұралы Әжіғалиев те сөз түренін салған ғажайып ақын еді.
Ақын өскен Нарын өлкесі – ән мен күйге, жырға бөккен өлке. Шалкиіз, Қазтуған, Доспанбет, Жиембет, Махамбет жыр теңіздерінің толқынына халық қиялының қанатын малған өлке. Бұл аймақ – құмы мен бұйырғын-жусанының арасында күйшілік пен ақындықтың дәні шашылған аймақ. Кіндігі мен тұсауы жырмен кесілген, бесігі жырмен тербетіліп, сәби шағынан құлағына сіңген, сайын даласының әр бұтасы жыр төккен Нарында Нұралының ақын болмауы да мүмкін емес еді.
Нұралы Әжіғалиев 1939 жылы 23 қыркүйекте Нарын құмындағы Сүйекті елді мекенінде дүниеге келген. Әкесі соғыстан оралмаған жалғыз ұлын анасы Рапыш колхоздың қара жұмысын бел шешпей атқара жүріп өсірген. Сөзге шешен, ойға жүйрік анасы баласының бойында қазақтың қара өлеңіне деген сүйіспеншілігін оята алды. Жастайынан алғыр, зерек бала қатарының алды болды, озат оқушы атанды.
«Ол сабақ үстінде дискуссия, талас тудырып отыратын. Нұралының мұғалімге кенет­тен қойылатын сұрағы мұғалімді де, бізді де елең еткізетін. Содан соң-ақ әркім әртүрлі пікірін айтып, мәре-сәре болатын. Бұл Нұралының ой ұшқырлығы, фантазиясы жоғары екенін байқатушы еді», – дейтін сыныптасы, айтулы ел азаматы Жанай Берқалиев.
1956–1960 жылдар аралығында Нұралы Әжіғалиев Гурьев педагогикалық институтының «қазақ тілі мен әдебиеті және орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқуға түсіп, бітіріп шықты. Поэзия патшайымы Фариза Оңғарсыновамен бірге оқып, бір-біріне ыстық ықыласта болған қос ақын өмірлерінің соңғы күндеріне де­йін үлкен достық, өзара сыйластығын сақтап, бір-бірін қадірлеп өт­ті.
2003 жылы Атырауда Махамбет поэзиясы күндері өткенде Астана, Алматыдан Әбіш, Тұманбай, Фаризалар бастаған қазақтың бір топ біртуар ақын-жазушылары келді. Жоспарлы іс-шара ретінде «Арыс» баспасынан шыққан Нұралының «Таңдамалы» өлеңдер жинағының тұсаукесері солардың қатысуымен өтіп жатқанда Фариза Оңғарсынова: «Біз де аспаннан ақын болып түскен ештеңеміз жоқ. Қадам бастық, қарайластық, қаз тұрдық. Шынымды айтсам, өлең жазуды өзгеден емес, осы Нұралыдан үйрендік», – дегені Нұралы ақынның өлең өлкесіндегі алтын тағын одан әрі биіктетіп жіберген еді.
Гурьев педагогикалық институтын бітіргеннен ке­йінгі жұмысы — Жылыой ауданы мектептерінде орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі, осы аудан комсомол комитетінің хатшылығы болды. Мұнда жүргенде Нұралы актерлік өнерімен де көрінді. Жылыой аудандық халық театрында спектакльдердің басты рөлдерінде ойнап, Алматыда аудан драма үйірмесінің «халық театры» деген атаққа ие болуына күш салды. Мектепте сабақ бергенде орыс әдебиетінің небір дүлдүлдерінің жырларын жатқа оқып, оқушыларын таңғалдырса, театрда көрерменнің қошеметіне бөленді.

Алпысыншы
жылдары…

жергілікті және орталық баспасөзде жалынды жырларымен жарқ етіп танылған жас ақын ке­йін тас қалыптағы заманының өлшеміне сыймай, өзінше «еркін» өмір сүрді. Тірлікте бәріміз қаншама теңбіз десек те, ғұмырдың аламан додасында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар ойқастап шығады ғой. Өкініштісі сол, ел бағы үшін жарқырап туған жұлдызды талант­тың бәрі көкжиек асып, көкке өрмелеп жатқан жоқ. Көзіміз көрген кешегі күн, міне, бүгін де «саналыға абақты болған» бұл ғұмыр диірменінен өткен де бар, ұнтақталып кеткен де бар.
…Құдайым маған тап қылды
талай пендені,
Жолыққан жолда жандар да
жақсы кем бе еді?!
Уысында болсам ұйытқыған
талай заманның,
Басымнан мына кешпеді дейсің
мен нені?
Желкендей болып желпіндім кейде
жел керген,
Белімді шешпей ат­тадым
талай белдерден.
Бәрін де кештім ел кешкен
бастан бақыт­тың,
Бәрін де көрдім қасірет­тің де ел көрген.

Жасалып жатар атымен
ұлы шындықтың,
Жер асып жүріп түр-түрін
көрдім сұмдықтың.
Үмітім талай үлбіреп тұрған үзілді,
Арманым талай түбіне кет­ті ындықтың, – дейді өз өлеңінде өзі жайлы ақын. Сол жылдары жазылған бір чемодан өлеңдері мен дастандарын алыстағы Алматыға апарып баспаға беремін деп ұзақ жолға шыққанда, желпілдеп жүріп жоғалтып алғанын ол өкінішпен еске алып отыратын…
Өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап таңдаған тағдыры, өмірі – өлеңге, өлеңі – өмірге айналған ақын республикалық ақындар айтысына да қатысып, танымал атана бастады. Оның білекті сыбанып, дендеп өлең жазғаны сексенінші, тоқсаныншы жылдары ғана.

Тұңғыш жыр кітабы

1993 жылы «Жаңғырығы жанымның» деген атпен жарық көрсе, 2001 жылы «Өлке» баспасынан «Беу, дүние» жинағы, 2003 жылы «Жазушы» баспасынан «Таңдамалысы» басылып шықты. 2014 жылы «Ағатай» баспасынан жарық көрген Нұралы Әжіғалиевтің «Есіңде мәңгі қалғалы келгем» ат­ты жыр жинағы оқырман қолында. Махамбет атындағы сыйлықтың тұңғыш лауреат­тарының бірі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Исатай ауданының, Атырау облысының Құрмет­ті азаматы атанды.
Ол 1980–2004 жылдар аралығында Исатай аудандық «Нарын таңы» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, Аққыстау орта мектебінде мұғалім, Атырау облыстық тарихи өлкетану музе­йінде қызметкер, «Атырау» газетінде тілші болып еңбек ет­ті. Өзі айтқандай, тарлан тартқан шағында өрге аққан шын жүйрік ақын 2004 жылы 11 қазанда ауыр жол апатының салдарынан өмірден озды.
Н.Әжіғалиевті көзі тірісінде-ақ туған жерінің халқы «Наркескен ақын – Нұралы» деп төбесіне көтерсе, өмірден озғанына жиырма жыл уақыт өткенімен, жырларын жатқа айтып, есімін ардақтап келеді. Нағыз ақын бақыты деген осы болса керек.

Періштелік пен пенделік

ақын атаулының қос қанатындай ажырамас ұғымдар секілді. Нұралы ақын да өлеңге деген тазалықты адал сақтағанымен, мынау қисыны көп өмірге деген аңғал көзқарастан арыла алмай, алдауына түсіп, арбауына көнген еді. Өмірдің не бір қиын-қыстаулы өткелдерінен өт­ті. Осылардың бәрінен де ол поэзияның ақбоз пырағына мініп, аман шықты. Қандай жағдайда да оған халқының арнаған сыйы таусылмады. Жеткіншек кезінен бастап, егде жасына де­йін елдің «бір Нұрекеңі» атанды. Бұл да бір ақынға оңай келген бедел емес еді. Бұл оның шын мәніндегі халық ақыны болғанының нағыз айқын белгісі болса керек. Ақынның артында ұшан-теңіз мол мұра да қалған жоқ. Бірақ оның әрбір өлеңі сом алтындай салмақты, жүрегіңе тым жақын, ардақты туындылар болып енгені хақ. Өлеңдерінен ақынның қайтпас-қайсар бөлек мінезі айқын аңғарылып тұрар еді:
Бағым баспай ілгері, тоқтап қалған,
Тағдырыма қатыгез, тоқпақталған.
Кездерімде мендегі қайсарлықты,
Сендерсіңдер, жырларым, сақтап қалған, – дейді ақын.
Ақын тағдыры – қиын да күрделі. Кейде өмірдің көлеңкелі тұстарына кезігіп, жанардан мөлдір шық аунатады, енді бірде орны толмас қателікке ұрынып көкірегін жалын қариды. Дидарынан ақ нұр саулаған әлемге тоймас іңкәрлікпен ғашық болып қуаныш-қайғысымен өліп-өшіп құшатын да – ақындар.
Өр мінезді өлең деген тақсырдың,
Жиғанымды жағасына жапсырдым.
Өзге бәрін шаруамның пенделік,
Аманат қып тағдырыма тапсырдым, – деген ақын өлең өнеріндегі өз орнын айқындайды.
Нұралы – өзіндік табиғаты бар ақын. Нұралы ақындығы – табиғат сыйлаған дарындылық, табиғат дарытқан қасиет. Бұл қасиет жас кезінен тәрбиеленбесе, бапталмаса, өз-өзінен өшіп қалған болар еді. Нұралы өз бойындағы сөз құдіретіне деген құштарлықты ерте сезіп, үнемі жетілдірумен болған. Сондықтан да өлеңдерінде ой мен сезім қыранның қос қанатындай бірі – артық, бірі – кем сермелмей, қыран-жырды оқырманның шың іспет­тес жүрек биігіне жеткізді. Оның өлеңдерінен біреулер әлдеқашан айтып кеткен ой да, тіркес те таба алмайсыз. Бәрі өзінікі, әр шумақ «мен Нұралы жырымын» деп атой салып тұрады. Әрдайым тапқыр сөз, тың ойға кенелесіз. Нұралы өлеңінің шынайылығы, пәктігі, сонылығы, ыстығы, екпіні жүрегіңізді дүрс-дүрс соқтырып, сезіміңізді сілкілейді:
…Ұқсасам деп шыңына бір өрілген,
Тауға қарап кездерім көп керілген.
Шың боп шырқау кете алмадым бірақ мен,
Биіктігім шығар өлшеп берілген.
«Ұшар болсаң, – дейді өмір, – озып ұш»,
Озбақ түгіл, қалмаудың да өзі – күш.
Болмайын деп болмайды емес әр адам,
Жоқ болады жазмыштан озмыш…
Ал ақын «Өрліктің мәні осындай» деп аталатын өлеңінде ерлік пен өрлік тәрізді қасиет­терді қыран тағдырымен сабақтастырып, терең философиялық ой айтады. Биік арман мен мақсат­ты мұрат тұтқан шайыр намыс пен өжет­тілікті, сын сағат­тағы сертке берік адалдықты қыран ғұмырымен егіздеп өрнектеген. Бұл өлеңдегі қыран символы – өрлік символы.
Сенбейтіндерің сеңгірлі таудан
сұраңдар,
Тауларда жатыр қатпарлы нендей
сыр аңдар.
Әл кеткен шақта көк тасқа соғып
кеудесін,
Дүниемен жарық қоштасады екен
қырандар.

Сұраңдар, айтсын құба түздер мен көк
жондар,
Әрлі де берлі айқыштап жатқан көп
жолдар.
Бірінің-бірі жеп кетеді өлігін,
Көлденең көзге көрсетпеу үшін
көкжалдар.

Қайтпекші енді тағдыры солай
қарысқан,
Бітіспес жауды аңдымау керек
алыстан.
Сондықтан оны алаңда, ашық айқаста
Мерт қылып, иә мерт болады екен
арыстан.

Қалпында сол бір жұлдыздай аққан
жарқырап,
Қатерлі тұстан қуатын сарқа қарғып ап,
Дарадан – дара арқанды қиып керілген,
Құлайды екен алдында көптің арғымақ.

Жоғалар болсаң, жалт ет те жоғал
жасындай,
Езілмей еңсең, ешкімге кеудең басылмай!
Тірлікте мынау бәкінің келте басындай,
Ерліктің және өрліктің мәні осындай!

Неткен тәкаппар ұлылық! Осыны жүректі тітіркендіре жеткізген ақын шеберлігіне қалай тәнті болмайсыз? Өлең психологиялық параллелизмге құрылған. Сондай-ақ сеңгірлі тау, қатпарлы сыр, көк тас, жарық дүние деген эпитет­тер ақын тілінің мол бояуын аңғартады.

«Нарынның наркескені» атануы

Нұралының ақындығы әрі өлеңінің халықтың ойына жақындығы. Көкірегіне қонымды, өзің айта алмаған ойыңды, мейірінді қандыра, сыздағаныңды басып, жараңды жазып, өшкеніңді жандырып, өзегіңді талдырып, жылағанды жұбатып, оқығанды құлатып жаза білуінде. Өлеңдерінің әр жолын оқысаң – нақыл, ойыңа тоқысаң – ақыл болып келеді. Өмір оны еркелеткен жоқ, бірде алдын, бірде артын тосты, иығынан басты, аяғынан шалды. Сол өзінің әрі өр, әрі өжет қайсарлығымен қиындықтардан аман қалды. Осылардың барлығын өзінің де, өзгенің де көзіне тура қарап бүкпесіз жазды:
Шырылдап шындық үшін бас тігемін,
Түршігем түрін көрсем жасандының.
Қуансам, налысам да жас төгемін,
Бар сондай бойға біткен осалдығым.

Шығармын аяқ жетер қырларыма,
Барымды аз ба, көп пе алар халқым.
…Ұқсатуға ұмтылмаймын жырларыма,
Жырларым маған ұқсас болар, бәлкім,– дейді ақын.
Оның ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі – өз өлеңдерін еш уақыт­та қағаздан оқымайтын, тек жатқа айтатын болғаны. Соның өзі аруақ қонған ерекше қасиеті, ерекше құбылыс еді.
Ақын шығармаларына негізінен өмір, адам, туған жер, ұрпақ, Ұлы Отан соғысы мен Жеңіс, алты алаштың арыстары, замана өзгерістері кеңінен арқау болады. Нұралы ақынның туған жерін емірене құшып, тебірене жырлауы да атамекеніне деген перзент­тік сүйіспеншілігінде болса керек. Нұралы өлеңдерінің құдірет­тілігі сол – ол осы әлеумет­тік өмір қатпарларын, тіршілік түйткілдерін көкірек көзімен көре білуі, өзі өнген құм мекен – Нарынды жалпақ әлемге жариялауы, дөп басып жырлай алуы еді. Өзі өскен топырақтың ырыздық, құнарын, оның алтындай ажарын, сынаптай сусыған тазалығын ертелі-кеш Нұралыдай етіп ешкім сурет­тей алмаған шығар. Оның өлеңдері дәлдіктен тұрады. Семсердей сөзімен дәл көздейді, дәл тигізеді. Сол атылған жебелерін көктен іздеп таппайсың, сол киелі топырақтан табасың.
Қазақ «Әркімнің туған жері – өзі үшін Мысыр шаһары» дейді. Нұралы ақын да өзінің кіндік қаны тамған Ақ Нарынын шексіз сүйіп, қадірледі. Сонау Махамбет­тен, кешегі Насихат Сүгірұлынан ке­йін Нарынды жырға көбірек арқау еткен Нұралы ақын екен. Сол қасиет­ті топырақта ақынның балалық шағы өт­ті. Нарынның мақпал құмында тұңғыш рет еңбектеді, алғаш рет қара жерге табанын басты, ақ шағылына аунады, өз ырыздығын теріп, туған жерінен бірде алыстады, бірде жақындады.
«Нарын» өлеңін оқығанда адамның жаны нұрға толып, көкірегі күймен күмбірлеп жүре бергендей болады. Өн бойынан сағыныш ескен бұл өлең ақынның туған жерге, кіндік кескен топырағына деген перзент­тік махаббатынан хабар бергендей.

ӨЛЕҢ –
адам сезімінің хабаршысы. Нұралы Әжіғалиев өлеңдерінде дала бейнесі ерекше сезіммен нақышталған. Оның даласы мүлдем бөлек, өзгеше.
Жымиясың жайсаң далам,
Боз жусаны бойшаң далам.
Құба қырдан шұрқырайды,
Құлыншағың майсаңдаған.
Боз жусан деген эпитет­тің арқалап тұрған жүгі ауыр. Ұлт­тық поэзияда боз деген сөз мұңнан, наладан хабар береді. Мысалы, боз дала, боз інген. Нұралы ақынның даласы – қазақтың кеңдігінің, жомарт та жайсаңдығының символы. Ақын өз көңіл күйін табиғатпен тұтастықта алады. Бұдан ғажап бір ортақ үндестік байқалады.
«Жымиясың жайсаң далам, боз жусанды бойшаң далам, дана далам, дархан далам, бұрқан-тарқан далам, сылқым далам, момақан марқа далам, омырауы алқа далам, жүкті далам, ырысқа күпті далам, жұмбақ далам, мықты далам» деп ерекше тебіреніп жырлайды. Атырау өлкесінің Даласы ерекше – жұмбақ. Аптап ыстығы, қытымыр қыс-ақпанымен жұмбақ. Қазақтың Ұлы Даласы қандай кең болса, халқының мейірімі де, құшағы да сондай кең!
Киелі Нарын топырағының ыстығында табаны күйіп, туған жерінің қамын ғана ойлаған Қызғыш құсы саналатын, кестелі жырдың хас шебері Нұралы ақынның қай өлеңін алып қарасаңыз да, өн бойына тартылған алтын арқау, күміс желі – туған жер, сонда өмір сүріп жатқан «таңдаған тағдырлары ортақ» қарапайым жандардың тіршілік нақыштары, автордың жалқыны айта тұрса да, жалпыға бағыт­таған сезім иірімдері, көңіл күй толғаныстары. Ақын шығармашылығының ең басты құндылығы мынада: оның өлеңдерін оқи отырып, одан өзіңді көресің, өзіңмен бірге ғұмыр кешіп жатқан замандастарыңды танисың, ақынмен қатар отырып аруақтанасың, арқаланасың.
Нұралы – өз мінезін өлеңге көшірген ақын. Үлкен әдеби мектептің сабағын қан тамырына дарытқан. Ол – халық поэзиясының мектебі, Махамбет поэзиясының мектебі, ол – Қасым мектебі, ол – Хамит мектебі. Өзге ешкімге ұқсамайтын, өзімен табиғат­тас мектеп ерекшелігін бойына сіңірген Нұралының өз ақындық мектебі де шәкірт­теріне есігін айқара ашып тастады. Қазақтың көрнекті әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиев: «…егер шын дарынның өзегін жарып шықса, тегіне тартпайтын тіршілік түйнегі бола ма, әйтеуір шумақ құрастыру машығымен несібесін айырып жүрген ең танымал, көрнекі біраз замандастарымыздан қалай десеңіз де, Н.Әжіғалиевтің жұлдыз шырағы жарқырап анағұрлым қуат­тырақ шалынады; ақындық генетикалық коды жаратылысынан жаңылмас мықтылығымен әр көрінісінде әсте сүйсіндірмей қоймайды», – деп бағалап кеткен болатын.
Біреу қарт, біреу мүлде жас шағында,
Ат­танып кетіп жатыр қас-қағымда.
Кеудесі күмбірлеген көп жандардың,
Сұр тас тұр үнсіз-түнсіз бас жағында,– деп өзі айтқандай, Нұралы ақын бұл күнде арамызда жоқ. Бірақ ортамызда оның өшпес ізі – өлмес өлеңі бар. Ардақты ақынымыз өмірден өткелі жиырма жылдың жүзі болыпты, сол жылдардың ішінде туған жерінде Нарынның наркескен ақыны Нұралының өлеңдерінсіз той, жиын, мерекелік іс-шаралар өтпепті. Өнер уақытқа бағынбайды да, бас иіп, мойындамайды да. Себебі өнер халықпен бірге болашаққа ат­танады. Ғасырлар бойы солай болған және осылай жалғаса бермек. Ендеше өнер адамы, соның ішінде ақын уақытқа тәуелді емес. Ақын жырларының төрешісі – тек қана уақыт. Қоғам мен замана желі бірде олай ұйытқып, бірде бұлай соғып, адамдарды бағыт-бағдарынан адастыруы мүмкін. Бірақ ақынға әлі жетпейді. Оның құдіреті де осында.

Қорлығайын ДҮСІПҚЫЗЫ,
ақын жары
Атырау

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір