Алпауыттар басып алған жерлер «азат» етіліп жатыр
26.02.2023
252
0

Қай ауданға барсаңыз да, қай әкімнің қабылдауына кірсеңіз де, «мал жайылатын жер жетпейді, егістік алқабы мен шабындық жоқ» деп таусылып жүрген шаруаларды көзіңіз шалады. Жайылымдық жер көлемі бойынша әлемде бесінші орындамыз, ал халық саны 20 миллионға жетеқабыл. Дегенмен бұл мәселе әлі де шешімін табар емес. Бірі заңсыз жолмен жер алды десе, енді бірі аларын алып, қолданбай жатыр деп арызданады. Осы мәселе ауыл әкімдерінен Президентке дейін жетті. Тапсырма берілді. Бірақ биліктің нақты іске көшкені былтыр ғана.

Білесіздер, Amanat партиясының жанынан «Жер аманаты» комиссиясының құрылғаны белгілі, бірақ жұмысы көзге көрінбейтін комиссиялар бұған дейін де болған. Алайда бұл жолы «Жер аманаты» нәтижелі жұмыс істеді. Нәтижелі дейтініміз – бүгінге дейін 5,2 млн гектар пайдаланылмаған жер мемлекет меншігіне өтті. Оның 3 млн-нан астамы осы «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен қайтарылған.
Елімізде бармақ басты, көз қысты әрекеттер көп-ақ. Бәке, Сәкелеп жүріп жерді иемденгендердің заңсыздығынан аяқ алып жүру қиын. Былтыр солардың біразы әшкереленді, тіпті бұрын жерін тартып алу былай тұрсын, оған «алған жерің заңсыз» деуге болмайтын азаматтардың аты аталғанда, біраз шаруа бөркін аспанға атып қуанды. Мысалы, Болат Назарбаевқа тиесілі компанияның Маңғыстау облысындағы 239 мың гектар жері, Жамбыл облысындағы 60 мың гектар жері мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұған дейін Бас прокуротурамен партия бірлесіп жүргізген жұмыста Болат Назарбаевқа жалпы аумағы 244 гектар болатын 59 жер телімі анықталған. Бұл Жаңа Қазақстанның бой көрсеткен тұсы болды. Дәуірі өткен билікке жаңа билік азуын көрсетті. Аmanat партиясының мүшелері латифундистерден жерді тәркілеу процесін бақылауда ұстайтынын айтты. Бұл туралы AMANAT партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров былай деді:
«Әрбір азаматтың еншісі болып табылатын ұлттық байлықты мемлекетке қайтару – АМАNАТ партиясының басты миссиясы деп білеміз! «Бармақ басты, көз қыстымен» жымқырылған халық ырыздығын қайтару жұмысын жүйелі жүргіземіз. Мәртебелі фамилияға, «бұрынғы еңбегіңізге», қалтаңыздың қалыңдығына қарамаймыз. Халықтың меншігіне қол салдыңыз ба? Қайтарасыз. Алмақтың да салмағы бар және ол ауыр».
Бұл жаңа биліктің іске кіріскенін аңғартса керек. Баяғыдан ел байлығын басып жеген аты дардай азаматтардан бөлек, әр аймақта жатып алып, өзінше бір «дөкейге» айналған жергілікті билік өкілдері де шамасы жеткен жеріне дейін жеп қалуға тырысқан. Комиссияның жұмысынан кейін олардың көбі дерлік әшкере болды. Мысалы, бір өңірде әкімнің баласы бір өзі 25 мың гектар жерді иеленген. Ал Жамбылда Жер басқармасы, ХҚКО-да жұмыс істейтін жекелеген азаматтар 7-12 гектар жер телімін өз атына рәсімдеп алған. Тіпті біреуі 4 мың гектар жерді иемденіп кеткен. Мұндай өрескел заң бұзушылық шаш етектен. Мұның салдары қарапайым шаруаларға тиді. Қазір ауыл шаруа­шылығымен айналысамын дегендер жер таппай сандалып жүр.
«Жер аманаты» комиссиясы Бас прокуратураның, Ауыл шаруашылығы министрлігінің тікелей атсалысуымен жерді мемлекет меншігіне қайтарумен айналысты. Мақсаты – ұзақ уақыттан бері пайдаланылмаған және заңсыз сатып алынған ауылшаруашылық жерлерін мемлекет меншігіне қайтарып, халыққа әділ бөліп беру.
Комиссияның тағы бір тындырған ісі – jerkarta.gharysh.kz геосервисі іске қосылды. Бұл интерактивті сервис мемлекет меншігіне қайтарылған жер учаскелеріне мониторинг жүргізуге, оның қайда орналасқанын, контурын анықтауға, сондай-ақ ауданы мен меншік иесі немесе жер пайдалану­шысы туралы мәліметтер алуға мүмкіндік береді.
Алдымен Бас прокуратура, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, заңгерлер, қоғам қайраткерлері, партия мүшелерінен құралған комиссия елдегі барлық өңірдің ауыл тұрғындарымен кездесіп, мәселелерімен танысқан. Нәтижесінде, қысқа уақыт ішінде шаруалардың қолына 10 аймақта 1,6 млн гектардан астам жер қайтарылды. Бір ғана Қарағанды облысында 1 млн гектар жер мемлекет меншігіне өтті. Маңғыстау облысында комиссия 240 мың гектар жерді халыққа қайтарды. Жетісу облысында көшпелі кеңестің қорытындысы бойынша 41 мың гектардан астам жайылым жер мемлекет меншігіне берілген. Ақтөбе облысында 20 мың гектардан астам жайылымдық жер шаруалардың қолына тиді. Ақтөбе қаласында 370 гектар жайылым мемлекет меншігіне өтті. Ал Түркістан облысында комиссия 17 мың гектар жайылымды мемлекеттік меншікке қайтарған. Солтүстік Қазақстан облысында латифундистердің иелігінде болған 18,9 мың гектар жер ауыл тұрғындарына бөліп берілген. Қысқасы, алпауыттар басып алған жерлер «азат» етіліп, ел игілігіне, мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр.
Президент тапсырмасымен 5 млн гектар жерді қайтарамыз деген комиссия жұмыс барысында қосымша істерді де қарауға мәжбүр болған. Бұл дегеніміз – заңсыз және пайдаланылмаған ауылшаруашылық жері ойлағаннан да көп деген сөз. Әр ауылда көтерілген бұл мәселені шешу үшін жедел әрекетке көшу керек еді. Комиссия құрылды және комиссия батыл әрекет етті. Болат Назарбаевтан бастап, ауылдық жерлердегі әкімқаралардың иемденген жерлері қайтарылды. Енді сол мемлекет меншігіне өткен жерлер қайтадан қолында билігі бар азаматтардың қанжығасында кетпесе болғаны.

А.Әбитұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір