АҚИҚАТ АТАУЫ – АЗАТТЫҚ СОҒЫСЫ
Адамзат баласының тарихындағы оқиғалар тізбесінде бірінші орында не тұрады десек, олар – соғыстар мен көтерілістер болса керек. Соғыссыз өткен жыл жоқ шығар, сірә. Сол себепті соғыстың түрі шексіз көп. Мерзіміне қарай бір күннен жүз жылға дейін созылғаны, ауқымы бойынша тайпааралық соғыстан жаһандық соғысқа дейіні белгілі. Мазмұнына қарап, әділетті, әділетсіз соғыс деп жіктейтініміз бар. Осылардың ішінен біздің назарымызды аударғандары – азаматтық және ұлт-азаттық соғыстар.
Википедияның анықтауынша азамат соғысы дегеніміз – мемлекет ішіндегі әлеуметтік қайшылықтарды шешудің ең өткір формасы. Ол ұйымдасқан топтардың ірі ауқымдағы қарулы қарсыласуынан көрінеді. Мақсаты орталық немесе жергілікті билікті басып алуға талпынуға саяды. Басты белгісі – бейбіт халықтың азаматтық соғысқа тартылғаны әрі адам шығынының көп болуы.
Азамат соғысының ұзақтығы әр елде әр қилы. ХХ ғасырдағы Қытайда ол 20 жылға созылса, Қазақстанда 1918-1920 жылдарғы ақ пен қызылдың соғысы екі жылдан аспады. Түптеп келгенде оның Қазақстанға қатысы шамалы. Ресейдегі ымырасыз теке-тірестен туындаған құбылыс болатын. Қазақстандағы нағыз азамат соғысы 1929-1931 жылдарғы халық көтерілістері тұсында жүрді. Олай дейтін себебіміз:
Қарулы қақтығысқа әлеуметтік қауымның барлық топтары қатысты.
Саяси талаптар қойылды.
Ауыл-селолық жерлерде кеңестік билікті құлатқан көтерілісшілер дәстүрлі билік жүйесін (хандық, сарбаздар, билер, молдалар) жариялады.
Таяу-алыс елдермен байланыс орнатуға талпынды.
Кеңестік экономикалық, ұлттық, мәдени, т.б. саясатты мойындамады.
Барлау жұмыстарын жүргізу, әскери құпияны сақтау ұлттық қауіпсіздік негізін құрады.
Кеңестік әскери құрылымдармен, еріктілерден тұратын коммунистік отрядтармен ашық шайқастарға шықты.
Қарулану, әскер ісін үйрену үлкен маңызға ие болды.
От қаруының барлық түрлері дерлік қолданылды.
Азамат соғысына ұрындырған әлеуметтік қайшылықтар Қазақстанда ұлт-азаттық соғысқа ұласты. Большевиктердің дінге, салт-дәстүрге, ұлт мақтаныштарына, тарихи-мәдени мұраға қысымы шектен шыққаны соншалықты, ол ұлт-азаттық соғысы деңгейіне көтерілді. Алдымен біраз көтерілісті, кейін ұлт-азаттық соғысын дін иелері басқарды.
Социалистік жұмаққа кіргізуге уәде берген большевиктер іс жүзінде қоғамдық қатынастардың барлық саласына бітіспес қайшылықтардың алғышарттарын қалапты. Жекеменшік пен нарықтық қатынастарды бекерлеу, бай – жаман, кедей – жақсы дегенге саятын идеологияны басшылыққа алу, жұмысшы табы мен еңбекші шаруадан басқа таптар мен топтарды социализмнің жауы санау, большевиктер партиясының биліктегі монополиясын жойдасыз орталықтандыру әрі күшейту – бәрі шет аймақтардың Кремльмен, қарапайым адамдардың, әсіресе тікелей өндірушілердің жаңа билікпен қарым-қатынасына үйлесім мен тепе-теңдік орнатпады. Көп уақыт өтпей қайшылықтардың Ресейге ежелден таныс бастау-бұлақтары қазақ даласында түпкілікті тамыр жіберді, бірнеше деңгейі анық көрінді.
Біздің ойымызша, олар мынадай:
1. Наразылық – қайшылықтың бастапқы деңгейі. Биліктің саяси-экономикалық, әлеуметтік-рухани, т.б. шектеулері мен шешімдерін азаматтардың қабылдамауы. Мәселен, большевиктік билік алғашқы күннен азаматтардың діни көзқарастарымен санаспады. Алдында азамат соғысын, іле-шала ашаршылықты сылтауратып шіркеулердегі қымбат қазыналарды кәмпескеледі. Байыбына бармастан меншік иелерін қанаушы тап санады. Меншікке, дінге шабуыл бүкіл ел бойынша наразылықты өршітті.
2. Қақтығыс. Наразылық асқынып, өткір сипат ала бастағанының көрінісі. Билік халық үнін, сұранысын тыңдаудан қалғанда, күштік құрылымдар құзіреті асыра пайдаланылғанда адамдардың үлкен бөлігі заң аясынан шығып, қоғамдық қауіпсіздікке, танитын-танымайтын өзі сияқтылардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қадамдарға барудан тайынбайды. Мемлекеттің кез келген аумағында қақтығыс бұрқ ете түседі. Өтпелі дәуірдің «Кімді кім» сұрағы практикалық сипат алады.
3. Көтеріліс. Билік пен азаматтар арасындағы ресми-бейресми келісім өрескел бұзылғанда баррикаданың екі жағындағы күштер шұғыл да төтенше шаралар қолдануымен, қару-жарақтың әлденеше түрін іске қосуымен, мемлекеттік негіздердің шайқалуымен үйреншікті қарым-қатынастардан өзгеше, жағымды немесе жағымсыз өзгерістерге жол ашатын аса күрделі де қатерлі құбылыс. Егер қақтығыс кезінде кісі өлімі төтенше оқиға ретінде қабылданса, көтерілістер жүздеген, тіпті мыңдаған адамдардың өмірін қиып жіберуі бек мүмкін.
4. Ұлт-азаттық соғысы. Отарлық езгіде өмір сүріп жатқан, кезінде жері, мемлекеті болған ұлтты озық ойлы перзенттерінің азаттыққа, мемлекеттік тәуелсіздікке, адам құқықтары мен бостандығын қамтамасыз етуге бағышталған саяси, теориялық, идеологиялық, ұйымдық, шығармашылық, т.б.с.с. ашық және астыртын іс-әрекет кешені. Жеңіске жете қалса, дербес жаңа мемлекет дүниеге келеді.
Большевиктік билік қазақ даласындағы эксперименттері барысындағы теориялық және практикалық қателіктерімен, асыра сілтеулерімен, жаппай жазалауға, қуғын-сүргінге басымдық беруімен социалистік қоғам құру жолындағы азды-көпті табыстарын барша халықтың игілігіне айналдыра алмады. Иә, фабрика-заводтар пайда болды, мал басы өсті, біліми және ғылыми мекемелер ашылды. Бірақ осының бәрі 3-4 ойшылдың қиялымен түзілген, өмірде тексерілмеген жоба шегінде, ең ауыры адам қанын судай ағызумен, ұлттық-тілдік сұранысты белден басумен орындалды. Сталиндік тоталитаризм бар билікті бір адамның қолына шоғырландырды. Ал сол билік кез келген адамды мемлекеттік машинаның кішкентай ғана бұрандасы деп білді. Большевиктердің жер – шаруанікі, фабрика-завод – жұмысшылардікі, халықтар өзін-өзі билеуге құқылы деген уәделері қағаз жүзінде қалды. Ол ұстанымдар Қазақстанда ешқашан, ешбір бөлігінде, бір күн де жұмыс істеген емес. Есесіне Алаш идеялары мен Алашорданың аз ғана уақыт ішінде тындырған істерінің өміршеңдігі анық көрінді. Сөз бен іс арасындағы жер мен көктей алшақтық, меншіктен, құқықтан, еркіндіктен жұрдай болған азаматтардың наразылығын туғызды, оларды қақтығысқа итермеледі, көтеріліске шақырды. Наразылық тұсында жоғары жаққа жолданған арыз-шағымдар легі ұлғайса, қақтығыстар бірінен-бірі үрейлі алыпқашпа әңгімелерді, қосып айтуды, көріпкелдердің болжамын қардай боратты. Көзқарастары мен ұстанымына қарай қоғамның жіктелуі тереңдей түсті. Елдегі қайшылықтар шектен шыққан 20-30-жылдар тоғысында көтерілістер басталды.
Қазақ көтерілістері XVIII-XIX ғасырлардан сабақтастығы үзілмеген ұлт-азаттық идеясы арнасында өрбігеніне қоса, Алаш қозғалысының тағылым-тәжірибесімен суғарылғанын көрсетті. Қазақтар үшін басты орында ұлттық, саяси, мемлекеттік азаттық талаптары тұрса, басқалар көбінесе экономикалық талаптармен көтеріліске шықты. Себебі тап осы жылдары ауыл-селодағы адамдардың, бірінші кезекте қазақ халқының табиғи құқықтары – өмір сүруге, денсаулығын сақтауға, ұрпағын өсіруге, еркін көшіп-қонуға, т.б. асқан қатыгездікпен тапталды. Бұған Кремльдің ұлт аймақтарына өктемдігі, ерекшеліктерін елемеуі, ахуалмен санаспауы қосылып, орталықта қабылданған заң актілері де негіз қалады. Мәселен, 1917 жылға 19 желтоқсанда қабылданған революциялық трибунал жайлы Әділет халық комиссариатының нұсқаулығында айыпталушыны «халық жауы» деп жариялауға рұқсат берілді. Келе-келе «халық жауы» ең қорқынышты сөзге айналды. Заң үстемдігі мүлде қарастырылмаған. Революциялық трибуналдың құзыретіне кіретін бес қылмыс саласы айтылыпты. Бірінші орында жұмысшы-шаруа Үкіметіне қарсы ұйымдастырылған көтерілістер тұр. Жазалау шарасын белгілегенде революциялық трибунал істің мән-жайын және революциялық ар-ожданның қалауын басшылыққа алады делінген. Әрине, мұндай нұсқаулықпен кез келген әрекетті революциялық ар-ожданға, билікке қарсы қадам ретінде қарастыруға болады.
Қылмыс пен жаза арасында сәйкестік сақталмады. Қатыгездік көтеріліске қатысқандарға қарсы кеңінен қолданылды. Көкшетау қалалық архивінен табылған құжатта 1921 жылы көтеріліске қатысқаны үшін атылғандардың тізімі беріліпті, мұнда 232 адамның аты-жөні тізілген.
Жаңадан табылған құжаттар көтерілісшілерді жазалау 20-жылдары-ақ «Үштіктің» шешімімен жүзеге асқанын айғақтайды. 1921 жылғы 16 ақпанда Көкшетау қаласының әскери-революциялық Үштігінің шығарған бұйрығы бойынша көтерілістің басшыларын, отряд командирлерін, соғыс қимылдары үстінде екі рет тұтқынға түскендерді, қару-жарағын өткізу туралы бұйрықты орындамағандарды, темір жол бойына, байланыс жүйесіне зиянын тигізгендерді ату жазасына кесу қарастырылған. Кейбір өңірлерде көтерілісшілерге көмек көрсеткендер де атылды.
Осы науқанның кез келгені Алашорданы күстаналаумен, асығыс әрі асыра сілтеумен жүзеге асты. Бұған идеологиялық, партиялық өктемдік, орыстық шовинизмнің салқыны, болар-болмас кемшіліктен жау іздеу қосылған соң, халық наразылығы қысқа мерзім ішінде өрттей лаулап, жалыны бүкіл республиканы шарпыды, қарулы көтеріліске ұласты. Марқұм профессор Т. Омарбековтің есептеуі бойынша, 1929-1931 жылдары республикада қарулы көтерілістер саны 21-ге жетіпті, ал Жезқазғандық ғалым Т. Алланиязов тағы төртеуін анықтап, 25-ке жеткізді. Қарулы көтерілістер биліктің үрейін ұшырды.
Архив құжаттарынан елдегі берекесіздікті дөп басып тануда, талдауда, тұжырымдама түзуде арнайы қызмет мекемелері партиялық органдардан бір қадам болса да алда тұрғанын аңғарамыз. 1930 жылғы 2 қаңтардағы жабық отырыста партиялық билік жағдайды жете біле бермейтінін Мәскеуден келген, орталық комитет өкілі Гричмановтың өзі де мойындады. Көтерілістер мен қақтығыстар табиғатын байлардың, дін иелерінің, қанаушылардың партиялық-мемлекеттік саясатқа қарсылығы, таптық ұстанымды жүргізудегі қателіктер, аппараттың әлсіздігі деумен жаттанды сөздерді қайталап, өте тар шеңберде ойлайтынын көрсетті. Қазақстандық басшылар Голощекиннің, Құрамысовтың, Жангелдиннің айтқандары Алашордашылар зиянкестігі жайлы ескі идеяны қаперге салды.
Қайта әскери мамандар Евсеев пен Шматов қол қойған 15 беттік баяндаманың пайым-тұжырымдары – әлдеқайда конструктивті әрі ақиқатқа жақын. «Партияның ұлттық саясатын, ұжымдастыру, салық жинау, дін, т.б. салалардағы бұрмалаулар негізінде 1929 жылдың күзінде жаппай қозғалыс басталды», – депті авторлар. Батпаққара мен Созақ көтерілістерін әскер қолданумен басуды қазақ ауылындағы апат ретінде сипаттаған. Қозғалыс басшылары – дін иелері деумен шектелген.
Көтерілістер ауқымын елестету үшін баяндамадағы мына мәліметтерге назар аударуымыз керек: 1929-1930 жылдары Қазақстандағы 12 округтің алтауын, жалғыз облыс – Қарақалпақ автономиялы облысын халық қозғалысы шарпыған екен.
Енді алғашқы көтерлістердің бірі – Батпаққара көтерілісіне тоқтала кетейік. Бұған дейін құпия сақталып келген архив құжаттарының дерегі бойынша көтеріліс 1929 жылғы 2 қарашада басталған. Оның негізінде тікелей өндірушіні адами құқығынан, меншіктен айыру, нақтырақ айтсақ, әр жылдарғы национализация, кәмпеске, зорлықпен ауыл шаруашылығын ұжымдастыру, пікір алуандығын жою, дінге қысым, қызыл террорға жол беру жатыр. Тоталитарлық өктемдікке әрі қарай төзу мүмкін болмағандықтан, 20-30 жылдар межесінде халық наразылығы сыртқа шықты.
«Сары-боз» атауымен құрылған көтерілісшілер әскері Батпаққара ауданының орталығы Батпаққара ауылын басып алып, жергілікті билік басшыларын тұтқындады, түрмеде отырған байларды босатты, кооперацияны талқандап, мемлекеттік мекеме ғимараттарындағы қағаздарды жойды. Іле-шала жиналыс өткізіп, ауылдық кеңес орнына ауылдық ақсақалдар үштігін қояды. Хан сайлау мәселесі қаралды. Тұрақты әскер құру қажеттігі айтылады. Идеологиялық жұмысқа үлкен мән беріліпті. Орталықта және Қазақстанның астанасында Кеңес билігі құлатылды, басшылары қашып кетті, көздері жойылғандары бар, біршамасы жаңа мемлекетті мойындады, осының бәрі империалистік мемлекеттердің көмегімен, мәселен, «Қытайдың араласуымен жүзеге асты» деген қауесет тарады. Ұстанған саяси-экономикалық ұрандары –
«Кеңес өкіметі кетсін! Коммунистер кетсін! Хандық жасасын! Кәмпескеленген мүлік байларға қайтарылсын».
Көтеріліс ұзаққа созылмады. Тағдыранықтағыш белсенді фазасы 2-3 күнді ғана қамтыды. Оған 500-ге жуық адам қатысты. Басым бөлігі большевиктер айтқандай байлар мен қанаушылар емес, кедейлер мен батырақтар еді. 9 қараша күні Батпаққара ауылында кеңестік билік қайта орнады. Есесіне кеңестік жаппай жазалау мен қуғын-сүргін бірнеше жылға созылды. Оқиғаның ізі суымай жатып Қылмыстық кодекстің 128 және 129 баптарына сәйкес 122 адамға қылмыстық іс ашылды. Олар Батпаққара, Торғай, Наурызым ауданының тұрғындары еді. Бірен-сараны Мендіқара, Қарсақпай ауданынан болып шықты.
1929 жылғы 10 желтоқсанда 73 адам «Батпаққара, Наурызым, Торғай көтерілістерінің басшылары және қатысушылары» деген айыппен тұтқынға алынды. Бұлардың арасында Аманқарағай, Атбасар аудандарының, Қостанай қаласының азаматтары кездеседі.
1929 жылғы Батпаққара көтерілісінде үкімет қызметкерлері тарапынан адам шығыны болған жоқ. Соған қарамастан көтерілісшілерге қарсы қуғын-сүргін, жазалау, тұтқындау шұғыл қолға алынды, ұзақ жүрді, асқан қатыгездікпен жүзеге асты. 15 қараша күні Қостанайға Батпаққара көтерілісін соттан тыс қарау үшін Үштік құруға пәрмен берілді.
Шаш ал десе, бас алған тоталитарлық билік «жаптым жала, жақтым күйе» ұстанымынан қылаудай ауытқымай, Батпаққара көтерілісіне мүлде қатысы жоқ жандарды қуғын-сүргінге салды. «Көтерілісті дайындаушы, алашордашыл» деген сылтаумен 27 мамырда Үштіктің шешіміне сәйкес Сұлтанов Құрманқұл, Беспаев Жартыбай, Тәнікенов Дәулетқали, Қаралдин Байқадам, Сатыбалдин Мырза, Алтыбаев Мадиярхан атылып кете барды.
Биліктің үрейін ұшырған ең ірі көтерілістер 1930 жылы Алтайдан кәрі Каспийге дейінгі, Алатаудан Арқаға дейінгі кеңістікті дүбірлетті. Оны тоталитарлық жүйенің аяу дегенді білмейтін қатыгездігі, дінді, ұлттық намысты қорлаған көрсоқырлығы туындатты. Күштік құрылымдар кеңестік зорлыққа қарсы шыққандарды «банды», «шайка», «қарақшы», «кісі өлтіруші», т.б. түрме жаргондарымен теріс қоғамдық пікір қалыптастырды. Осы анықтауыштар КСРО ыдырап, КОКП билігі құлағанша соңдарынан қалмады. Біразын толық ақтауға күні бүгінге дейін кедергісін келтіруде.
Бұл көтерілістер соғыс қимылдарын көз алдымызға әкеледі. Мәселен, Созақ көтерілісі тұсында екі жақтан да барлау, тыңшылық жұмыстарын ұйымдастыру, соғыс іс-қимылдарын алдын ала жоспарлау, тұтқиылдан шабуыл жасау, ашық шайқаста от қаруын қолдану, тұтқын алу, шегіну, күштерді қайта топтастыру – бәрі сол заман үшін айтарлықтай жоғары деңгейде жүзеге асты. Созақта көтерілістің басталған күні бір құжатта 5-ақпан делінсе, келесі құжатта 8-ақпан көрсетілген. Соңғы шайқас 16-ақпанда өтті. Ырғыз көтерілісі 25-ақпаннан 23-наурызға дейін созылды. Ырғыз көтерілісі аяқтала берген шақта, 16-наурызда Қарақұм көтерілісі басталады, ол 3-сәуірге дейін созылды. Ұзаққа созылғаны 1929-1931 жылдары жүрген Адай көтерілісі еді.
Көтерілісшілерге қарсы қолданылған жаза ешбір ақылға сыймайды. Мұндай қатыгездікке дұшпан ғана бара алады. Айталық, Созақтағы қарулы шайқас кезінде құрбан болғандардың негізгі дені – көтерілісшілер. 16-ақпан күні өткен 4 сағаттық шайқаста 300 көтерілісші өліп, 200 адам тұтқынға түсіпті. Жазаланғандары тіптен көп – ОГПУ 150 адамға ату жазасын, 18 адамды соттауға ұсынды. ОГПУ-дың мәлімдеуінше 1930 жылғы 19-қарашада Үштік Қарақұм ісімен 220 адамның қылмысын қараған екен. Бай қатарындағы 88 адам ату жазасына кесіліпті, олардың жартысы – 43 адам, 50 мен 76 жас арасындағылар еді. Ұзын-ырғасы Қарақұм көтерілісі бойынша 118 адам атылып, 109 адам 3 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге сотталыпты.
Қарақұмдағы арпалыс басшыларының бірі Қошбан Жұбановтың тоғыз рудың басын қосқан тобынан шайқас үстінде 37 көтерілісші өліп, 5 адам жараланыпты, 50 адам тұтқынға түсіпті. Қызыл әскерден көз жұмғандар 6 адам екен. Жұмағазы Бәйімбетов тобынан шайқастарда мерт болған адамдар жайлы мәлімет жоқ. Сірә, чекистер жасырған болар. Нағыз қылмыскер өз қылмысын жасыруды да біледі ғой.
Партиялық шешімдерде, тергеу материалдарында Алаш факторын тым әсірелей байланыстырғанына көзіміз жетті. Батпаққара көтерілісін тікелей алашордашылардың антикеңестік, ұлтшылдық қастандығымен күйелесе, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов сынды тұлғалардың Торғайдан екенін алға тартады. Бүйен-Ақсу көтерілісінің алашордашыл бояуын Алаш әскерінде қызмет еткен Әділбай Ахметов деген азаматты жауапқа тартумен қалыңдата түскен. Көтерілісшілер отряды «Кері Алаш» аталғанын бұлтартпас айғақтай жалаулатады. Қазақ тілін білмейтін тергеушінің жазуымен «Кері» анықтауышы қолданылған тәрізді. Орысша мәтінде «Старый Алаш», яғни «Көне Алаш» болуы керек қой.
Әрине, 1929-1931 жылдарғы көтерілістерде Алашорда ізі мүлдем жоқ демейміз. Көтерілісшілер арасында Қазақстан басшылығына С. Сәдуақасов келеді екен, Голощекин республикадан қашып кетіпті деген сөздер кеңінен тарайды. Олар Алашорда ісі мен тарихынан, әйгілі тұлғалар есімі мен мұрасынан хабардар болғаны ақиқат. Дегенмен, 20-жылдар аяғындағы Алаш қозғалысында халықты большевиктік саясат пен билікке қарсы көтеретіндей әлеует қалмап еді. Сондықтан да кейбір көтерілістер барысында тергеушілер тарапынан Алаш факторы мүлде қарастырылмайды. Нақтырақ келсек, Адай көтерілістері, Толстоухов көтерілісі туралы осыны айта аламыз.
Көтерілістердің әлеуметтік базасы өте кең болды. Құжаттардың куәләндіруі бойынша, оған 16-17 жасар бозбаладан 80-дегі қартқа дейін қатысыпты. Бұлар таптық мүддені қуған жоқ. Ұлттық мүдде, әлеуметтік әділдік, саяси, діни еркіндік үшін бастарын өлімге тікті. Әйтпесе «Кеңес өкіметі жоғалсын», «Жасасын дін», «Колхоздар тарқатылсын» ұрандарын көтермес еді. Жер-жерлерде хандар сайланды.
Қысқасы, жұмысшы мен шаруаның елінде билік басындағылардың утопиялық ілімге бас ұрған дүмшелігінен кешегі байлар кедейленді, кедейлер бай мәртебесімен аяусыз қудаланды. Елді үрей жайлады.Көтерілісшілердің әлеуметтік базасын айтқанда, әйелдердің мүлде көрінбейтінін дұрыс түсінуіміз керек. Көтеріліс – ерлердің ісі. Қай елде болмасын қасіретті қақтығыстар әйелдердің жанама түрде қатысуымен өтеді. Тұмар ханымдар, Жанна д Арктар тарихта көп емес.
1929-1931 жылдардағы көтерілістер халқымыздың санасы мен жүрегіндегі Сырым, Исатай мен Махамбет, Кенесары мен Амангелді рухы өлмегенін паш етті. Орталықтың отарлық пиғылын әшкерелеп, социалистік идеяға сенімді шатқаяқтатты.
Көтерілістер барысында пікірталастар, ағымдар, толқулар болып жатты. Билік тарапынан да көзқарас алшақтығы орын алғаны байқалады. Мәселен, Қазақстан басшысы Голощекин, ОГПУ басшыларының бірі Альшанский менмендікпен ардагер коммунист
Ә. Жангелдиннің Қарақұмда Жұмағазы Бәйімбетовпен жүргізген келіссөздерін, бейбіт шешім табуға иліктіргенін бекерлеп, түкке жаратпай тастауын, чекист Саенко Ырғыз көтерілісіне талдау жасағанда «Алашордашылардың, әсіресе Дулатовтың рөлі елеусіз қалған», – деп байбалам салуын берісі тоталитаризмнің зорлықтан басқа баламаны білмейтін әпербақандығы, әрісі қазақ халқының алдындағы қылмысы ретінде ғана бағалауға болады.
1930 жылы 3-сәуірде Қазақстан орталық атқару комитетінің үкіметтік комиссиясын басқарған Ә.Жангелдин мен хатшысы, жазушы Ғ.Мүсірепов Қарақұмда жиналған халықты таратып, қолындағы қару-жарақтарын үкіметке қайтарып беру жұмысында риясыз қызмет еткен Беріш Байбақтыұлын атап өтіпті. Өкінішке қарай екі азаматтың сөзі бағаланбады, жерде қалды. 1930 жылы 10-тамызда Б.Байбақтыұлы атылды. Комиссия сөзіне сенгендер ішінде темір Нарком атанған Т.Жүргеновтің туған бауырлары Досжан мен Қосжан Қараевтар да бар. Олар да қуғын-сүргін құрбандары болды.
Енді ғана ашыла бастаған архив құжаттарын зерделегенде дерек пен дәйек арасындағы қарама-қайшылықты байқадық. Оның мәнісі мынада. Көтеріліске қатысқандардың 80-90 пайызы сауатсыз делінеді. Күмәнді ақпарат. Өйткені көтерілісшілердің қолымен жазылған бағдарламалық құжаттар, мәлімдемелер, тергеу үстінде берген жауаптары олардың саяси мәдениеті биік деңгейде тұрғанын айғақтайды.
1930 жылғы 3 мамырда Қарақұм көтерілісшілері Ә. Жангелдин бастаған Мемлекеттік комиссияға үндеу табыстаған екен. Бұл құжатты зерттеу десе болғандай. Мұнда көтерілістің шығуына тоғыз себеп қадап-қадап көрсетілген.
(1. 1928 жылы кәмпескелеу асыра сілтеумен жүргізілді. 2. Мешіттер мен медресселер күштеп жабылды. 3-7. Астық, жүн дайындау науқанында жергілікті ерекшелік ескерілмеді. 8. Ұжымдастыруда еріктілік сақталмады. 9. Жойдасыз заңсыздық орын алды).
Қойған талаптары да салиқалы:
1. Заңсыз кәмпескеленген мал мен қуғындалған адамдар қайтарылсын.
2. Дінге еркіндік берілсін.
3.Бұдан былай байларды кәмп скелеу жүргізілмесін. Қазақ даласында байлар қалған жоқ.
4. Ұжымдастырудың еріктілігі сақталсын.
5. Ауылда тап күресін жүргізгенде мәселені 4-5 белсенді комсомол емес, көпшілік шешсін.
6. Салық мал-мүлкі барларға салынсын. Астық дайындау науқаны мезгілсіз әрі асығыс жүргізілмесін. 7. Қарақұмда ауыл құруды халықтың өзі шешсін. Үндеу мынадай сөздермен аяқталған: «Біз билікке қарсы жүрмейміз және қарсыласпаймыз да. Адам сияқты өмір сүру құқығын беруді өтінеміз». Бұл ойларды қызылордалық ақын Т.Ізтілеуов өлең жолдарына сыйғызған екен. Ол Қарақұм көтерілісіне қатысты НКВД құжаттары арасынан табылды.
Қазақ көтерілісінің бәрі дерлік жеңіліспен аяқталды. Қайғысы ұрпақтарының санасы мен жүрегінде. Баяны ғылыми, әдеби шығармаларда, ескерткіштер мен көше атауларында. Төгілген қызыл қан мен аққан қара тер зая кеткен жоқ. Ежелден еркіндік аңсаған халқымыз қас пен дос туралы танымын тереңдетті. Алаш қайраткерлерінің Отан, мемлекет, билік, сот, заң, ел қорғау, жер, дін ісі, Ресеймен қарым-қатынас туралы пайым-тұжырымдарының қадіріне көздері жетті. Кеңестік тоталитаризм жылдарындағы ұлттық тарихымыздың мазмұнын халқымыздың жасампаз еңбегі мен қайраты, өктемдік пен әділетсіздікке қарсылығы, жақсыны игерген, жаманнан жиренген құштарлығы мен арылуы құрады. 1991 жылғы жұлдызды ай желтоқсанда бабаларымыздың ғасырларға созылған арманы орындалды – мемлекеттік тәуелсіздігіміз жарияланды.
Пайым: 1929-1931 жылдарғы ұлы даладағы қарулы күрес ұлт тарихына көтеріліс атауымен емес, азаттық соғысы, азамат соғысы атауымен кіруге толық лайық.
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
ҰҒА академигі