Азат­тықтың ақ семсер жыршысы
02.06.2023
588
0

Қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалған зұлмат-замана кезінде ел басынан өткен қасіретті сәттер хақында дүниеге келген әйгілі «Елім-ай» атты қаһармандық жырдың иесі Қожаберген Толыбайұлы туралы ел аузында алуан түрлі әңгіме-аңыздар көптеп кездеседі.


«Күрзімен жауды басқа ұрған»

Қожаберген жырау (1663-1763) – мем­ле­кеттің ішкі-сыртқы саясатына араласқан атақты жорықшы жырау, оның болмысына, маңдайына, тағдырына Жаратқан Ие алуан-алуан озық та озат өлшеусіз қабілеттер дарытқан. Ол – Әз Тәукенің  кеңесшісі, әскербасы, тайпа көсемі, саясаткер, баһадүр, би, соғыс өнерінің майталманы. Жастайынан Самарқанд пен Бұхарада мұсылманша терең білім алған, араб-парсы, шағатай тілдерін жақсы білген білімдар, сұңғыла саясаткер, шежіреші, күйші, қобызшы екен. 
Ол – ұлылықтың, даналықтың көзіндей, күмбезіндей ұлт тарихындағы замана шамшырақтары Қазтуған жырау (XV ғ.), Доспамбет жырау (XVI ғ.), Шалкиіз жырау (1465-1560), Жиембет жырау (XVII ғ.), Марғасқа жырау (XVII ғ.), Бұқар жырау (1668-1781), Тәтіқара жырау (XVIII ғ.), Үмбетей жырау (1706-1778) сияқты қадірлі-қасиетті заңғар тұлғалардай айрықшаланған айтулы қайраткер.
Академик Манаш Қозыбаевтың «Дауылпаз баба – Қожаберген» дейтін байыптамасынан Қожаберген жырау қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен әскери қосынына қолбасшылық еткен Орталық Азия деңгейіндегі әскери қайраткер екенін көреміз. 
«XVIII ғасырдағы қазақ тіршілігінің энциклопедиясы» (Сәбит Мұқанов) «көмекей әулие» атанған Бұқар жырау «Қамалды бұзған құлшына» дейтін  толғауында: 
Күрзімен жауды басқа ұрған, 
Қалмақтың ханын састырған, 
Жаралы дұшпан басшысын, 
Ат тұяғына бастырған. 
Осындай игі ісімен, 
Сарқылмас мол күшімен, 
Қожаберген ұстазым – дейді де: 
Ақжолды сардар Қожекең 
Дұшпаннан айыл жимаған. 
Ерлігі көп ұстазды 
Мұсылман түгел сыйлаған. 
Шаңқобызын Қожекең 
Жосаменен сырлаған. 
«Елім-айдай» қиссасын 
Қан майданда жырлаған, – 
деп қазақтың саяси-құқықтық, әскери, өнер, дипломатия, жыраулық өнер тарихындағы Қожаберген жыраудың елшілдік, мемлекетшілдік, қаһармандық істерін тамылжыта, төгілте сипаттайды. Толғауда Қожаберген жыраудың Түркі елінің ортақ перзенті, баһадүр, сардар, ордабасы, қобызшы, емші, әнші, күйші, данагөй, ойға, сөзге телегей екендігі нақышты бедерленген. 
Ұлттық тарихты көркемдік-фило­со­фия­лық тұрғыдан суреткерлікпен зерделеген дәуір жыршысы Әбіш Кекілбаев «Әйтеке би» дейтін тарихи-әдеби еңбегінде (1991) Қожаберген жырауға қатысты сындарлы ой-пікірлер сабақтайды. Бұл орайда хас суреткер Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Даналар» атты жырынан: 
«Өнерге құлаш ұрып бала жастан, 
Тарихын бұл үш жүздің етіп дастан, 
Баласы Толыбай сыншы Қожаберген 
Бой ұрған ерен іске әуел бастан», – 
дейтін шумақты келтіреді. 
Қаламгер Ә.Кекілбаев Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дастанынан айыр тілді Әйтеке бидің ғұмырнамалық бел-белестерін, ұлт тәуелсіздігі, ұлы мақсаты жолындағы берекелі іс-әрекеттеріне, қайраткерлік тұлғасына байланысты ой сарындары мен тарихи деректерді меруерт­тей тізіп көрсетеді. 
Қожаберген жыраудың «Елім-ай» дас­таны – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманының көркем энциклопедиясы. «Елім-ай!» Ұлы Дала тарихында ұлы бабаларымыздың ұлт, халық, мемлекет, жер қорғау қайғысынан туған аяулы, асыл түйдекті лебіз. Тарихи-этнографиялық, тілдік, палеосемантикалық қымбат құндылықтар мен ақпараттарға бай Орхон жазба ескерткіштеріндегі «Елім-ай!», «Туған жерім-ай!», «Бектерім-ай!» (152 мәрте), «Қонысым-ау!» (749 рет), «Қара жерім-ай!», «Жоғарыда Тәңірім-ай!», «Қара орманым-ай!», «Ынтымақ-ай!» және т.с.с. Ұлы Дала жұрты­ның бойтұмарындай киелі, жұлын­ды сөздері «Елім-ай!» дастанын оқығанда тарихи сабақтастық тайға таңба басқандай жалғастық танытады.
«Елім-ай!» дастанында геостратегия­лық жағдай, әскери колонизация, соғыстың тактикасы мен стратегиясы, саяси мақсат пен пиғыл, жаһандық билік мәнісі терең, толық сипатталған.
Деректерді сөйлетсек, Тәуке 1672 жылы Үш жүздің ханы атанған. «Баһадүр» дейтін жоғары әскери лауазымға ие болған.
1681-1685 жылдарда Жоңғар билеушісі Ғалдан-Бошақты хан (1678-1697) Тибет буддизмін орталық Азия өңіріне орнықтыру үшін 7 әскери жорық жасағанда, Тәуке хан басқарған жасақ төтеп берген. Әсіресе 1688 жылы қырғын соғыс, жойқын ұрыс ұйымдастырып, сағын сындырып, тойтарыс берген.
1698-1703, 1708, 1709-1710, 1712 жыл­дардағы сұрапыл соғыстарда Тәуке хан ­ше­шімпаздық танытып, қаһармандық көрсетті.
Ол Түркістан қаласын қорғау мақса­тында 80 мың атты жасақ ұстаған. Мемле­кет территориясын басқыншылардан қор­ғау – Тәуке ханның басты ұстанымы еді. Бұл­ орайда орыс тарихшысы А.И.Левшиннің оны көне Спартаның дарабоз заңгері Ликургпен теңегені ақиқат шынайы шындық. Және де Ұлы Даланың негізгі қағидаттары «Жеті Жарғы» – Әз Тәуке даналығының нақты мысалы.
1690 жылдары Ойрат хандығының аумағы Есіл, Ертіс, Қызылжар, Ақмола, Жаңа-Сібір, Еділде – Қалмақ хандығын қамтиды.
Орыс-жоңғар қатынасы 1607 жылы басталған. 1745 жылы Тарбағатайда Ғалдан-Серен ұрпақтары мыс зауытын ашқан. ХVІІІ ғасырдың басында орыс слесары Зеленовский Цеван-Рабданмен бірігіп, мылтық жасауды жолға қойған. («Памятники Сибирской истории ХVІІІ в. СПБ., 1882.кн. 1, с.525)
Осындай тарихи деректер, саяси ахуалдар, әлеуметтік сарындар Қожаберген жыраудың «Елім-ай!» дастанында нақтылы көрініс береді.
1) Қалмақты Ресей патшасы
қабыл алған,
Мылтық пен жауыздарды жабдықтаған.
Қалмақтың әр тайпасының тұқымы бар,
Отыз мың үй тағы есін жиып алған.
Мылтық атуды үйретіп қалмақтарға,
Ресей мақсұтына пайдаланған.

2) Жерінен мұсылманды қуу үшін,
Ноғайға қалмақтарды айдап салған.
3) Орыстың көмегімен кәпір қалмақ,
Еділде Алшын жерін иемденген.

4) Орыстың қолтығына кіріп алды,
Солардың мылтығымен қаруланды.

5) Бұл заман, қай-қай заман, азған заман,
Ел-жұртым апат келіп, тозған заман.
Көрші екі ел мылтық беріп есірткен соң,
Үш Жүзден сасық қалмақ озған заман.

«Жасымнан ғаскер ерттім, сардар болып»

Әнет баба мен Әз Тәукеден бата алған Қожаберген жырау замананың «қағын­ға­нын», қызылкөздердің «жолбарыстай» ша­бынғанын, ұлы жұртымыздың қансырап абдырағанын, тоздырғанын, албастылардың, қанқұмарлардың, нақұрыс әзәзілдердің ойрандағанын Ресейдің қамал-бекіністер салып «масайрағанын», Сыр бойы, Қаратау, Сайрам, Тараз, Созақ (көне аты Аяз қала), Түркістан, Еділ-Жайық жері астан-кестен, быт-шыт болғанын, Ресей, Қытай, Жоңғария Ұлы Даланы бөліп алғысы келгенін, «қорғасын оқты бұршақша жаудырғанын», «Зерафшан­ға ел кеткенін, естілерден ес кеткенін», бы­тырап үріккенін, күңіренгенін, ылаң салғанын, зауал төндіргенін зарлатып-сарнатып толғайды.
Қожаберген жыраудың ұран сөзіндей ұлы тілегі «Елім-ай!» дастанының бастапқы жолында-ақ нақты көрініс тапқан. Айталық:
Жаратқан алсын өзі панасына,
Дұшпанның қол жеткізсін жағасына.
Сөйтіп, дауылпаз дабысты жыршы Ұлы Даласын тұтастай оятып, сілкіндіріп, жалпы халқына, қайратты сардарларына, дегдарларына, сарбаздарына, маңғаздарына, сырбаздарына, дария қария-даналарына, аймақ билеушісі шораларына, би-бектеріне, көшелі көсемдеріне сөзін арнап, ел қорғау жолына қамшылап, қолдап-демеп, тұлпар мініп, «бөрілі жасыл байрақ» ту ұстап, жаудан қорғану керектігін мәлімдейді.
Жыраудың өзі де текті. Ағасы Қарабас ер Әз Тәукенің уәзірі екен. Қожаберген жыраудың тұлғасы мына бір шумағынан-ақ байқалады:
Жасымнан ғаскер ерттім, сардар болып,
Сырт жаудан ел қорғадым, жасап жорық.
Салдық пен қолбасылық арқасында,
Қазақтың жер жағдайын білдім толық.
Бұл тұста оның Қазақ жерінің иек-шекарасы, географиясы турасындағы тұжырымды пікірлері өте-мөте көкейкесті. Мәселен, Батыс Сібір, («Қайран, Керей елім-ай, Көк шалғын, Сібір жерім-ай!»), Омбы, Байкөл, Кемер, Алаш тауы, Алтайдың шығыс беті, Алаш өзені, Ұста қыстақ (Новокузнецкий). Ол Сібірді мекендеген түрік ру-тайпаларын түгелдей тізбелейді.
Не деген тарихи зерделілік! Үздік білгірлік! Озат отаншылдық!
Қожаберген жыраудың шығармашылық өмірбаяны да «Елім-ай!» дастанында шебер сомдалған:
Жұртыма шал да болсам едім қорған,
Қарғыттым тұлпарымды терең ордан.
«Апат күннің шежіресін жырлаған» қазыналы жырау мағыналы тарихи сөзін былайша сөйлетеді:
Мен сонда қобыз алып, ойға баттым,
Аздан соң «Елім-ай!» деп,
күйді тарттым.
Халайық көздеріне жас алғанда,
«Елім-ай!» әнін шырқап,
жырын айт­тым.
Дәуір мәліметтерін, халық қасіретін арқау еткен жыр – күйге, ән-күй – жырға айнал­ған. Бұл көркем куәлік – «Ақтабан шұ­бырынды, Алқакөл сұлама» заманының мыңжылдықтар бойы тозбайтын асыл мүлгі.
Мұның бір мысалы ретінде Екінші дүние­жүзілік соғыс жылдарында Брест қамалын қорғаған, фашистердің тұтқынына түскен, Түркістан легионының құрамында болған атақты дарабоз скрипкашы, әлемдік классикалық шығармалардың шебер, мінсіз орындаушысы Айткеш Толғанбаев (1924-1995) Фрайбургте соғыс тұтқындарының концертінде «Елім-ай!» әнімен сахна төріне шыққан. Жат жұрттықтар алдында қалайша өнер көрсеткенін Айткеш Толғанбаев былайша еске түсіреді: «…Ендігі жерде өзім скрипкаға арнап өңдеген қазақтың халық әні «Елім-айды» орындадым. Тыңда, Еуропа! Тыңда, Германия! Барлығың да тыңдаңдар! Менің бәрінен артық көретін елімді тыңда. Туған жерге деген жүрегімнің сағынышы мен шер-мұңымды тыңда! Қазақтың халық әні «Елім-айды» тыңда! Ақырғы қайырмасын қайталап тартарда, залға көз салып едім, көпшіліктің маған аянышпен қарап, мені түсініп, жанашырлық танытып отырғандарын сезінгендей болдым».
Бұл поэмада жоңғарлықтарға Ресей мен Қытайдың мылтық бергендігі де айтылған.
Мылтығын Ресей, Қытай қалмаққа
сатты,
Айдап сап малғұндарды қоқаңдатты.
Қырғызып қазақтарды қалмақтарға,
Орыстар қамалдарын салып жатты.

«Елім-ай!» жыры – әскери дастан»

Негізінде, «Елім-ай!» дастаны ел арасына ауызша да, қолжазба күйінде де тараған. Жазбаша нұсқасын сақтаған – Қожаберген жыраудың ағасы Қарабастың ұрпағы Шақшақ батыр Көшекұлы. Одан Сегіз сері көшіріп, одан  соң Ер Есенейдің жиені Тәштит Тәбейұлы Барлыбаевтан Шыңғыс Уәлиханов,  Зілғара шешен баласы Мұса үйренген. Ең ақырында Қожахмет Дәрібайұлы (1891-1978) насихаттаған. 
«Керей Қожаберген жыраудай бұрын­ғы-соңды өмір сүрген қазақ ақындарының бірде-біреуі қазақ жұрты жерінің көлемін, шекарасын айқындап берген емес. Ол кісінің «Елім-ай!» жыры – әскери дастан. Жас бала кезімде оны әншілердің аузынан талай рет естіп едім. Шіркін, сол әскери дастан қайда бар  екен?..» – деп жазыпты Бауыржан Момышұлы. («Жас Қазақ» газеті, 2013 жыл, 7 наурыз). 
Қожаберген жыраудың тарихи дастанында Ресей, Қытай, Қалмақ хандығы «жүз құлпырған, қызықтырған» қазақ жерін ту-талақай етіп бөліп иемденбекші екендігін: 
Жолығып көп мылтықты дүлей күшке, 
Айналды жақсы тұрмыс көрген түске. 
Ресей, Қытай, Қалмақ ақылдасып, 
Алмақшы қазақ жерін бөліп үшке, –  
деп, ел басына үйірілген қасірет-тақсіретті, қырғын-сүргінді нақпа-нақ көрсетеді. 
Жырау ұлт трагедиясын: 
Бұл заман, қай-қай заман, құйын заман, 
Шіріткен тамам жұрттың миын
жаман. 
Бұл заман, қай-қай заман, қасқыр
заман, 
Көрші ел жоқ қазақтарға
қас қылмаған, –  
деп гөй-гөйлетеді. Бұл шумақтың әлеуметтік, саяси, тарихи, фәлсафалық, көркемдік мән-мағынасы, сыр-сипаты өзгеше.
Қожаберген өзінің көпшілікке кеңінен белгілі «Жақсылық пен жамандық жайындағы хикаятында» сақилық пен сараңдықты салыстырып, мырзалықты, адамшылықты, жанашырлықты дәріптейді. Өнеге-ғибрат ретінде ұсынады. Ал «Ақсауыт», «Насихат өлеңдері», «Бес қару», «Білерсің» атты жыр-толғауларында қазақтың абыз ақсақал тұлғаларына тән небір даналық ой-пікірлер туындатқан. 
Академик Салық Зиманов Қожаберген жыраудың «Жеті Жарғы» дейтін  
дастан жазғанын айтады. Және де: 
Шығайдан соң орнына Тәуке қалды, 
Кезінде Әз Тәуке деп атақ алды. 
Қазыбек, Төле, Әйтеке ақылшы боп, 
Дейтұғын «Жеті Жарғы» заң шығарды, – деген жолдарды мысалға алады. 
Задында, «Елім-ай!» дастанында семсердей сес сөзі де, қамал бұзар айбар сөзі де, өнегелі тарихи сөз де, ар-намысты қайрайтын ұран сөз де бар.
Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының қаһарманы, дариядай шалқыған даңғайыр жыраулық өнердің осынау дүрі де, пірі де деуге тұрарлық Қожаберген жырау «Елім-ай» дастанында: 
Қазағым дәулеті мол, қарқынды еді, 
Жүздері ерлерімнің жарқын еді. 
Құс төресі аққу құс секілденген 
Жұртымның қыз-келіні алтын еді, – 
деген ел-жұртының интеллектуалдық құндылықтарына, асыл қасиеттеріне, асқақ рухына бөленген бақ тірегіндей ақ тілеуі, лала лебізі ғасырлар төрінен дауылпаздың даусындай саңқылдап естіледі. 
«Екі көз ақыретте тозақта күймейді. Алладан қорқып оңашада жылаған көз және Алла жолында елін күзеткен көз». (Хадис). Ендеше өзі қолбасшылық өнерімен қан майданда ерлік көрсетіп әрі дәуірнамалық «Елім-ай!» дастанын дүниеге келтіріп, мәңгілік ел мұрасына қалдырған қаһарман жырау Қожабергеннің көзіндей асыл сөзі – ұлт айбары мен игілігі, халық мерейі, мемлекет рәмізі.

Серік НЕГИМОВ,
Қазақ­станның еңбек
сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір